ЖЕМНЕН ҰШҚАН ЖЫРШЫ ҚҰС

Тұсаукесер
Құмсағаттан құм емес, қада-қабат ғұмыр да жатыр ағып. Қыр асып кеткен қоңыраулы шақ – қайран жастығымды, жас күнімді ойласам, әкеден жастай айырылған менің қияға талпынғанда қолтығымнан демеп, қиялыма қанат бітіріп, арманымның айдынында желкенімді тіктеген ағалардың аялы алақаны мен ықылас-пейілін жиі есіме аламын.

Жасынан жазу-сызуды жаны сүйетін жастың арманынан асқақ не бар?! Сөз киесі тартты ма, әлде тағдырымның таңдауы осы болды ма, білмеймін, бір мың тоғыз жүз жетпіс үшінші жылы мамыр айында Белоруссияның әскери Әуе күштері қатарында азаматтық борышымды өтеп келгенімде, өзіме беймәлім еркімнен тыс бір күш аудандық «Ембі» («Кең Жылой») газетіне жетелеп әкелген еді. Сол сәтте редактордың міндетін атқарушы, жанам деген жүрекке от беретіндей жылышырай танытып, жөпілдемеде жұмысқа қабылдап жіберген, соңыра туған бауырдай – аға мен іні болып кететін Қаржаубай Сұлтанғалиев еді. Содан бері ол – ұстаз, мен – шәкірт.
Орда бұзар отыз жаста екен-ау, сонда Қаржекең. Ерте есейген есті жандай ересек көрінуші еді. Уақыт неткен ұшқыр, жылдар қандай жүйрік! Алғашқы таныс-білістігімізден бері де, міне, аттай қырық жыл өткен екен.

Оқытушылықты оқып,
қаламгерлікті қалады

Ол сонау бір ғасырға жуық ғұмыр кешіп, «Қоғалы көлдер, қом сулар, кімдерге қоныс болмаған, саздауға біткен қара ағаш, кімдерге сайғақ болмаған… мынау жалған дүние, кімдерден кейін қалмаған!!!» деп көсілетін Шалкиіз Тіленшіұлы шайырдың кіндік қаны тамған, «Анау көлденең жатқан Жем еді, жетімдерді жебеді, қайырлы қоныс жер еді» деп жырлаған Доспамбет жырау өткен өңірде дүниеге келіп еді. Сұрапыл соғыста ауыр жараланып, әупіріммен жаны қалғанда көрген тұңғыш ұлын Сұлтанғали әке «Бес жасқа дейін патшадай сыйлап, он беске дейін құлдай жұмсап, он бесінен кейін досындай сырласқан» жайы бар. Азамат елдің баласы, азулы туса, арымас. Ел еңсе көтере қоймаған ауыр кезеңде есі кірді.  Өзегі талып өссе де, өндір жастың өмірде жолы болғанға ұқсайды. Жайланып отырса жыр-толғау, шерленсе шежіре төгетін Жанаш Нұрмахандай жаратылысы бөлек жанның мектептегі шәкірті болса, Атырау пединститутында Қабиболла Сыдиықұлы ағасындай білімпаз әдебиетші-ғалымнан дәріс алып, өзі әлем әдебиетінің білгірі санайтын Ермек Өтебаевтың сыр бөліскен рухани інісі болуға жараса, құбақан үйі жас буын талапкерлерден бір босамайтын Меңдекештің маздақ жырларынан мархабат тауып, рухтанып үлгерсе, көкірек көзі ашылып, қиялына қанат біткені емес пе?! Ақырында арман тауын бетке алып, руханият әлеміне еркін самғап енбегенде, қайтеді!

Тіл-әдебиет пен журналистика бір-бірімен бұтақтас, салалас екенін түйсінген Қаржекең оқытушылығын аудандық газеттің әдеби қызметкерлігіне айырбастап, тыңнан түрен салып жіберді. Бұл алпысыншы жылдардың аяқ шені болатын. Тілшілік міндетіне тиянақты, өзі де, сөзі де орнықты жігерлі жастың қабілет-қарымын танып, жыл толмай жатып бөлім меңгерушілігіне тағайындаған редактор Ғилымғали Сайханов ғибраты мол жан еді. Өмірден ертерек өтіп кеткені өкінішті болды. Көп ұзамай жоғары білімді журналист, Жылыой аупарткомының үгіт-насихат, одан кейін ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинақтаған Мұңал Далбаев басшылық қызметке келді де, төңірегіне ойдан-қырдан ой қуған, талабы таудай шығармашылық топты ұйыстырып, басылымды шын мәніндегі бұқараның үні мен құлағы дейтіндей деңгейге көтеріп әкетті. Бұл 1971 жыл еді. Келесі жылы «Ембі» газеті бұқаралық жұмысты жолға қоюдағы шығармашылық жетістіктері үшін М.И.Ульянова атындағы Бүкілодақтық сыйлыққа ие болды.

Ақпарат айдынындағы алымдылығы мен шалымдылығы айқұлақтанып алдыға шыға беретін Қаржаубай Сұлтанғалиұлы айналдырған бес жылдың ішінде жауапты хатшы, одан кейін редактордың орынбасары дәрежесіне көтеріліп, ауданның қоғамдық өмірінің бел ортасында жүрді.

Кезінде пединститут жанында шығып тұрған «Әдебиетші» қабырға газеті мен «Жас қанат» альманахында Ф.Оңғарсынова бастап, А.Ершуов, С.Еділханов, Қ.Қосжанов, К.Әміров, Т.Жаңабаев сынды ақындар мен әдебиетшілер қатарында қаламын ұштағаны мұндайда оңды болар ма, Қаржекең көркем көсемсөз, ойлы очерк, өткір проблемаларға жиі бой ұратын. Қай тақырыпты қозғаса да, терең зерттеп барып, жеріне жеткізе жазу –  оның машық-әдібі. Мәселен, «Опындырған отырмақ», «Қыз не дейді, ол не дейді?», «Безбүйрек Бәтима, тайқақтаған Тәждәулет» секілді сыни және фельетон жанрындағы материалдары әлі күнге есімізде. Оның қаламынан туған әрбір мақала тілінің шұрайлы, ойының оралымдылығымен тартымды. Сезімге берілсе сыршылдығы, мұңға батса жан қайғысы білініп тұрады.

Журналистік кәсіптің барлық сатысынан абыроймен өткен ол баспасөз қызметіне деген ерекше ынтасын, жазу-сызуға құштарлығын әсте бәсеңсіткен емес. Алматы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде өнеркәсіп және көлік бөлімінің, кейінірек хат бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары қызметін атқарды.

Арадағы бес жылда (1983-1988 жж.)  Мақат аудандық «Мұнайшы» газетінің редакторы лауазымдық міндетін атқара жүріп, аудан айнасының ақпарат кеңістігіндегі беделін көтере білді, Қажымұқан Елемесов, Қуаныш Мұханбетқалиев сияқты қалам иелерімен бай тәжірибесін бөлісті, оларды шыңдады.

Шығармашылығы да шырайлы

Қаламгер атаулының қай-қайсысы да көркем әдебиет ауылына ат басын бұрмас бұрын, әуелі журналистиканың ұңғыл-шұңғылы мол үйірімді, иірімді жолдарынан өтіп, рухани азығының тайқазанында әбден пісіп-жетілгеннен кейін барып киіп-жарып келе бастайтынын тәжірибе көрсетіп жүр. Өмірінің ширек ғасырын аудан және облыс баспасөзінің өсу, өркен жаю жолына арнап, өзгеге ұқсамайтын өзіндік стиль-машығымен, тәлімді тәжірибесімен ерекшеленетін Қаржаубай Сұлтанғалиұлы әдеби туындылар жазуға біржола бет бұрарда Теңдік Жауыровтың «Аудан ақиқаты және жұмысшы-село тілшілері», одан кейін Берік Қорқытов пен Қилыбай Қуанышбаевтың Облыстық «Атырау» газетіндегі» қаламгерлік қарымы мен дарыны турасында өз бағасын алып үлгерген еді. Әріптесі Мұқан Көптілеуовтің ол елуге толғанда «Журналиссің қаламы бар қарымды, журналиссің сөздері бар жалынды, осы неге кітап жаза бермейсің, ойға сақтап жүргеніңше барыңды» деп сенім артуының өзі неге тұрады?! Соңғы он бес жыл бедерінде оның қаламынан туындаған «Балғымбай әулеті», «Біздің Мақаш», «Ғибратты ғұмыр», «Жүректегі жазулар», «Тұғырынан таймаған тұйғын», «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясымен жарық көрген «Мақаш Балғымбаев», «Қуаныш Құдабаев», «Есен Тасқынбаев», «Мұхамбет Қоныспаев әулеті», бұдан басқа да көптеген кітаптарын жанкешті еңбектің жемісі демеске бола ма?! Бұл шығармаларда да Қаржекеңе тән стиль-әдіп, кестелі тіл, бейнелі сөздер алдыңнан андыздап шығады. Автор өз кейіпкерлерінің жан дүниесіне терең үңіле білген.

Қ.Сұлтанғалиұлының көркем очерктері мен эсселерінің өзі бір төбе. Бұл жазба туындылары «Алтын бұлақ», «Мен сендермен біргемін», «Асыл сөздің жоқшысы», «Сөнбейді Жеңіс алауы», «Өмір-дәурен», «Аруана жүрек аңсары», «Еменнің иір бұтағы» жинақтарынан орын алған.

Бүгінде ол есімі елге белгілі мұнайшы Қ.Қилыбаев және бұрғышы Н.Сисеналиев туралы ғұмырнамалық шығармалар жазу үстінде.

Еңбекқор ағамыздың «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында және Қазақстан мұнай энциклопедиясында бірқатар танымдық материалдары енгенін біреу білсе, біреу білмес. Ағамыз «Жыр-аманат», «Мұнайшы арулар еңбегі – ерлік ескерткіш», «Бітімі бөлек, беделі биік азамат», «Баршаға бақыт тілеп жатайын мен» сияқты кітаптарды құрастыруға да уақыт табады.

Шығармашылықпен шындап айналыса жүріп, қаламгердің саяси өмірден де тыс қала алмағанын байқайсың. Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болған екі жылдың, халық депутаттары облыстық Кеңесінің ұйымдастыру-кеңес жұмыстары және тұрақты комиссиялар бөлімінің референті, одан кейін облыстық партия комитеті идеология бөлімінің саяси ұйымдастырушысы қызметтерін атқар- ған кезеңдер текке кетпей, оның кәсіби біліктілігін, көшбасшылық қырын ұштай түскені кәміл.

Аудармашының түсіне ана тілі кіреді

Еліміз тәуелсіздігін алған елең-алаң шақта Қаржаубай Сұлтанғалиұлы Атырау мұнай өңдеу зауытына аудармашылық қызметке ауысып, соңғы жиырма жылдан бері туған тілдің көсегесін көгерту ісіне қал-қадірінше атсалысып келе жатқан жайы бар. Заманауи жетілдірілген күрделі технология және химиялық түзіліс тұнған өндірістік атаулардың қазақы баламасын табу әсте оңай шаруа емес. Дегенмен, мұның алдында облыстық Кеңестің аударма және редакция секторының аға референті болып жұмыс істегенінің пайдасы тиер ме?! Кәсіпорында қазақ тілін оқып, үйренуде және іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуде ұлтжанды азамат ретінде қосып отырған өзіндік үлесі мол.

Алғаш мұнай өңдеуге қатысты терминологиялық сөздік қорын молайтуды көздеп, бір игілікті істі қолға алған, ол бертін келе «Мұнай өңдеуде жиі қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің орысша-қазақша сөздігі» тақырыбымен өз алдына кітапша болып шықты. Бүгінде облыстағы бірқатар мұнай кәсіпорындарының уақыт талабына сәйкес қажетін өтейтін осы сөздік әлдеқашаннан қолданыста жүрген көрінеді. «Әр нәрсенің өз өлшемі бар, егемен елдің рухани өлшемі, әрине, тілі. Ол өндірістік буындардағы технологиялық терминдер атауларына ұлттық тіл сипатын беруге де тікелей қатысты» дейді ол аудармашы маман ретінде.

Тобықтай түйін

Адам Алла берген жасты жасайды. Жеті қыр асып, жеті асудың биігіне абыроймен көтерілген асыл ағамыздың дін амандығына шүкіршілік!  Дулат Бабатайұлы айтқандай, ұнатпай тұрсаң да, жетпістің қарасы көрінді енді. Тәубә! Базарлы шағын өткеріп, бақида жаны мәңгілік тыныш тапқан Сұлтанғали қарт өмірінің өнегелі жалғасы болған тұңғышының өзіне және оның жеті бірдей немере сыйлағанын сезіне риза боп, ендігі орнынан бір аунап түскен шығар, жарықтық!

Біз де Қаржаубай Сұлтанғалиұлының өмірлік ұстанымын түсініп қалдық, ол: адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, ұлтын сүю – парыз. Оның әр жылдары Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымы, сондай-ақ, Атырау  облыстық атқарушы және заң шығарушы органдары тарапынан алған Құрмет грамоталары өзі өскен өңірде мәртебе-мерейге бөленгені, ал «ҚР Мәдениет қайраткері» атануы еліне еленгені деп білеміз.

Қаржау Оразбаев,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз