Жеңісіңмен, Қазақ елі!

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында төрткүл дүниені дүркіреткен дүбірлі дода – XXXI Жазғы олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан атынан қа-тысқан ұлттық құрама ел үмітін ақтап, 200-ден астам мемлекет ішінен жалпы есепте 22-орынға ие болды. Қазақстан қоржынында 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль бар.
ӘР МЕДАЛЬ – ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ!
Рио төрінде Қазақстан қоржынына ең алғашқы медальді дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах салған болатын. Оның ізін ала дзюдошы Елдос Сметов ел қоржынын күміс медальмен толықтырды.
Олимпиада ойындарында ауыр атлеттерімізге ерекше назар аударылғаны анық. Қазақстанның саңлақтары Илья Ильин, Жасұлан Қыдырбаев, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло мен Светлана Подобедовалар допинг дауы салдарынан олимпиада жарыстарынан шеттетілгеннен кейін спорттың осы түрі ойсырап қалғандай күй кешкен едік. Дегенмен, бұл жолы да Алексей Ни жетекшілік ететін ұлттық құрама еңсемізді түсірген жоқ. Рио олимпиадасында зілтемір көтеруден 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 23 жастағы Ниджат Рахимов – алтын, 22 жастағы Жазира Жаппарқұл (69 келіге дейінгі салмақ) – күміс, 23 жастағы Карина Горичева (63 келіге дейінгі салмақ), 25 жастағы Фархад Харки (62 келіге дейінгі салмақ), Александр Зайчиковтар (105 келіге дейінгі салмақ) қола медаль алған болатын. Сондай-ақ, 24 жастағы Маргарита Елисеева (48 келі) бесінші, 24 жастағы Чонтей Арли (56 келі) төртінші орындарға қол жеткізді.
Тағы бір ауыр атлетіміз Жазира Жаппарқұл Рио олимпиадасында күміс жүлдегер атанды. Күміс жүлдегер атанып қана қоймай, қазақ қыздары ішінде ауыр атлетикадан олимпиадада жүлде алған тұңғыш спортшы болып тарихта қалды. Жазира енді алдағы Токио олимпиадасында чемпион атануға күш салатындығын жеткізді.
Бұл спорт түрінде қола медаль алған Фархад Харки, Александр Зайчиков пен Карина Горичевалар да елдің үмітін ақтады деп толық сеніммен айта аламыз.
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Алексей Ни журналистерге берген сұхбатында Қазақстан құрама командасының Рио олимпиадасындағы өнеріне жоғары баға берді.

БОКСШЫЛАР ҮМІТТІ АҚТАДЫ

Бірден барлық салмақта олимпиада жолдамасын алған әлемдегі үш құраманың бірі Қазақстан болды. Боксшылар ел намысын абыроймен қорғап, 1 алтын, 2 күміс пен 2 қола медаль олжалады. Бокста жалпы есепте Қазақстан құрамасы Өзбекстан және Кубадан кейін үшінші орынды иеленді. Айта кетейік, біздің құрамада Данияр Елеусінов 69 келіде алтын алса, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов пен 91 келіде өнер көрсеткен Василий Левит күміс еншіледі. Тағы екі боксшымыз жартылай финалда сүрініп, үшінші орынға табан тіреді. Олар – аса ауыр салмақтағы Иван Дычко мен 75 келіге дейінгі салмақтағы Дариға Шәкімова.
Данияр Елеусінов – Тәуел-сіздіктен бергі алты олимпиадада қазақ боксшыларынан шыққан жетінші чемпион.
Жерлесіміз осыған дейін 2013 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, ол – 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының жеңімпазы, халықаралық санаттағы спорт шебері. Данияр Батыс Қазақстан облысының тумасы, қазіргі уақытта Астанада әкесі Марат Елеусіновте жаттығады.

БАЛАНДИН – ОЛИМПИАДА ЖАҢАЛЫҒЫ!
Жүзуші Дмитрий Баландин Рио-2016 жарысында алтын еншілеп, таңданыс туғызды. Небәрі 21 жастағы Дмитрий – бұның алдында тек құрлықтық жарыстарда жүлде алып келген балғын спортшы. Дегенмен, ол АҚШ пен Ресей спортшыларын артта қалдырып, нағыз сенсация жасады. Бұл жеңіске о баста Дмитрийдің өзі де сенбепті.

ҚЫЗДАР ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ
Еркін күресте ерлерден гөрі қыздарымыз елге үлкен олжамен оралды. Бір күміс, екі қола алып берген палуан қыздарымыздың арқасында Қазақстан күрестен жалпы есепте 11 орынға ие болды. Әйелдер күресінен Гюзель Манюрова күміс жүлдегер атанды.
Ал, 63 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Екатерина Ларионова қола жүлде үшін тартыста АҚШ спортшысы Елена Пирожкованы жеңіп, Қазақстан қоржынына кезекті қола медальді салды. Бұл спортта қола медальді тағы бір палуан қызымыз Элмира Сыздықова жеңіп алған болатын.
Бұрын ел аузында болмаған жас спортшылар толағай жетіс-тіктерге қол жеткізіп, ағалар ізін жалғастырып кетті. Дмитрий Баландин, Жазира Жаппарқұл, Александр Зайчиков, Карина Горичева, Екатерина Ларионова, Элмира Сыздықова, Қайрат Ералиев, Абылайхан Жүсіпов, Дариға Шәкімова сынды жас өскін спортшылар үлкен қарым-қабілеттерін көрсетіп, әлемде Қазақстан спорт державаларының қатарындағы ел екендігін дәлелдеп берді. Төрт жылдың ішінде олардың тәжірибесі толысып, күш-қуаттары арта түсетіні анық. Алдымызда 2020 жылы болатын Токио олимпиадасында осы жас спортшылардан зор үміт күтеміз!
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз