Жарнама
Қоғам

Жазатайым оқиға азаймай тұр

Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – жұмысшы-қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі, олардың өміріне қауіп төндіретін өндірістегі жазатайым оқиғалардың, төтенше жағдайлардың алдын алу және сақтандыру болып табылады. Бұл бағыттағы іс-шаралар Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2024–2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы» және кәсіпорындарда өндірістік жарақаттарды төмендету туралы 2024–2026 жылдарға арналған жұмыс жоспары негізінде жүзеге асырылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің өкілі Сабырджан Төлегеновтің айтуынша, биылғы он бір айда облыс аумағындағы кәсіпорындарда 51 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, соның салдарынан 44 жұмысшы ауыр дене жарақаттарына ұшырап, 7 адам қаза тапқан. Оқиғалар бойынша жүргізілген тергеп-тексеру құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданып, 28 қылмыстық іс қозғалған.

Есепті мерзімде өндірісте орын алған бақытсыздық оқиғасының 13-і толықтай, 20-сы 55–95% жұмыс берушінің кінәсінен, 3-еуі 100%, 8-і 50/50% тең дәрежеде және 7-еуі 55–95% жұмыскердің кінәсінен болғаны анықталған. Бір мәлімет — жазатайым оқиғалардың басым бөлігі құрылыс, мұнай-газ өнеркәсібі және қызмет көрсету нысандарына тиесілі.

– Жоғарыда баяндалғандай, соңы өкінішті жағдайға әкеліп соғатын жазатайым оқиғалардың орын алуына бірнеше жайт себеп болатыны анықталды. Олар: бірінші кезекте жұмыс берушінің кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын тиісті деңгейде ұйымдастырмауы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне ішкі бақылаудың жеткіліксіздігі, жұмыскерлердің міндетті сақтандыру құралдарымен қамтылмауы, зардап шегушінің абайсыздығы мен бейқамдығы, жұмыс орнындағы қауіпсіздік қағидалары мен ережелерін, нұсқаулық талаптарын сақтауға салғырт қарауы және т.б. Алынған шараларға қарамастан, өндірістегі жазатайым оқиғалар қайталанып, саны азаймай отыр, – деді департаменттің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Сабыржан Төлегенов.

Хабардар болғанымыздай, жыл басынан бері өңірде 223 өндірістік нысан еңбек жағдайлары бойынша мемлекеттік аттестациялаудан өткізіліп, олардың басым көпшілігінде қауіпсіздік бойынша заңнама талаптарының сақталмайтыны анықталған. Облыстағы құрылыс және өнеркәсіп орындарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбектің қорғалуына жауапты 828 техникалық инспектор жұмыс істейді. Мәселені талқылап, бірлесіп шешу мақсатында 473 кәсіпорында өндірістік кеңес құрылған.

Биылғы 11 айда департамент мамандары жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасау жөнінде 5 семинар-кеңес, жұмыс берушілер өкілдерімен 4 кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Одан бөлек, «Caspi news» телеарнасы аудандарға шығып, жергілікті кәсіпорындар мен мекемелердегі кәсіподақ ұйымдары өкілдерінің қатысуымен қабылдаулар ұйымдастырылған. Кодекс талаптары сақталмағаны үшін, яғни міндетті жазатайым оқиғадан сақтандыру шартын жасамаған 30 жұмыс берушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 9,4 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет: gov.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button