«ЖАТ АҒЫМНАН САҚТАН, ЖАС ҰРПАҚ!»

Мемлекет пен онда өмір сүріп жатқан адамдар арасындағы қайшылықтар діни сауатсыздықтан туындайтыны белгілі. Ал, тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жастарды кереғар діни ұйымдардың ықпалынан сақтандыру, діни сауаттылықты арттыру – бүгінгі басты талап. Осы мақсатта Атырау қаласында облыстық дін істері басқармасы «Ақпараттық-талдау орталығының» арнайы тапсырысымен «Дәулетов Н.А.» жеке кәсіпкерлігі бірқатар шараларды қолға алып келеді. Ұйымдастырылған әр шара апта сайын облыс жұртшылығына ұсынылуда.

 

Соның бірі Атырау қаласы Вокзал маңындағы «Арбат» алаңында Атырау жастары арасында «Қазақстан – бейбітшілік Отаны», «Жат ағымнан сақтан, жас ұрпақ!» тақырыбында акциялар өтті.

Шараны  «Дәулетов Н.А.» жеке кәсіпкерлігінің директоры Нұрберген Дәулетов ашып, жастардың теріс діни ағымдардың жетегіне еріп кетуіне жол берілмеуі қажеттігін айтты. Ал, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мергенғали Бейісқалиев облыс бойынша дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жасалып жатқан іс-шараларға тоқталды.

Акцияға Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі, Атырау индустриалды колледжі және Атырау инженерлік-гуманитарлық институты колледжі студенттері мен №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары қатынасты. Акция барысында Атырау индустриалды колледжінен Қонысбек Оқапов «Алға, Қазақстан!», «Астана», Нұрдәулет Әміров «Отан-ана», Нұрболат Жұмабаев «Елім менің» әндерін шырқады.

Патриоттық әндер шырқалған бұл акцияда  Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенттері Нұрайым Азидолла «Қазақстаным», Әсем Қоныскерей «Тек алға!», Аңсарбек Жарекин «Қазақ жігіттері» әндерін әуелетті.

Одан әрі колледж студенттері мен №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары арасында қазақтың ұлттық ойыны «Арқан тартыс» ұйымдастырылды. Нәтижесінде спорт мектебінің балалары жеңіске жетті.

Сондай-ақ, спорттық ойынның  бір түрі – кір тасын көтеруде 10 килолық кір тасын 107 рет көтеріп,  Атырау аграрлы-техникалық колледжінің студенті Әбу Сүндет бірінші орынды жеңіп алса, аталмыш спорт мектебінің оқушысы Мақым Ерболат 159 рет көтергенімен, техникалық ережелерді сақтамауына байланысты екінші орынды иеленді. Ал, үшінші орын кір тасын 50 рет көтерген Атырау индустриалды колледжінің студенті Нұрболат Жұмабаевқа бұйырды.

Әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласып, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты колледжінің студенттері Самат Мизамғали «Көк тудың желбірегені», Болатбек Есенжанов «Қайда, қайда», Айдын Болат «Қазақ жастары» әнін шырқап, қала тұрғындарының көңілін көтерді.

Сондай-ақ, мұндай шара Атырау қаласы жастарының қатысуымен «Жеңіс» саябағында да жалғасып, «Бейбітшілік мекені – Қазақстан!» тақырыбында акция ұйымдастырылды. Оған Атырау медициналық колледжі, Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық колледжі, Көлік және коммуникация колледжі, Сервис колледжі, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі студенттері қатынасты. Қала тұрғындарымен бірге бұл акцияны №19, №30 орта мектеп оқушылары тамашалады. Акцияға қатысушыларға «Ақпараттық талдау орталығы» дайындаған брошюралар таратылды.      

Бұдан басқа «Қазақстан жастары лаңкестікке қарсы!» ұранымен веломарафон ұйымдастырылса, 150-ге жуық жастың басын қосқан «Біз терроризмге қарсымыз!» атты жүгіруден жарыс өткізілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз