ЖАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН ЖОБАЛАР

Облысымызда 10-16 тамыз аралығында жастар  апталығы өтті. Өткен демалыс күндері апталық өз мәресіне жетіп, белсенді жастар тобы жүлделі сыйлықтармен марапатталды. Тағылым мен тартысқа толы шараларға куә болған қалың көрермендердің қатарында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова да болды.

«Мен  отбасымды іздеймін…»

Осындай тақырыпта Жайық жағалауында көшпелі фотокөрме ұйымдастырылды. Көрменің басты кейіпкерлері – балалар үйінің тәрбиеленушілері. Қырықтан астам баланың фотопортреті қала тұрғындарының назарына ұсынылды. 

Жаңа жоба қолға алынбас бұрын, алдымен «Сенің бастамаң» атты әлеуметтік жобалар байқауы жарияланған екен. Оған  облыстық жастар мәселесі басқармасы мен қалалық жастар ресурстық орталығы демеушілік танытқан. Сөйтіп, «Zhasatyrau» жастар порталының жетекшісі Дина Ізтілеуова ерекше жобаны жүзеге асыруда. Айтуынша, мобильдік фотокөрме қамкөңіл балаларға жаңа отбасын тауып беруге көмектеспек.

Ерекше ұсынысты жас фотосуретші Ержан Нұрпейісов қабыл алды. Ол былтыр өзінің жеке фотостудиясын да ашып үлгеріпті. Қаладағы №16 мектептің түлегі Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінде салық ісі бойынша білімін шыңдаған. Кейін Атырау мемлекеттік университетінде қаржы мамандығын тәмамдаған. Тіпті, шаштараз кәсібін де үйреніп алған. Бұл – оның алғашқы көрмесі және әлеуметтік жобасы.  

Этноауылда – «бастаңғы  алаңы»!

Жастар апталығында дене шынықтыру және сауықтыру кешені маңынан жаңадан «Бастаңғы алаңы» ұйымдастырылды. Онда аптасына үш рет жастар бас қосып, тоғызқұмалақ, асық ату, күй-жарыс бойынша өзара бақ сынасады. Игі бастама жастар күнінде де көрініс тапты. Мұнайшылар мәдениет үйінің жанынан «Этноауыл» қала тұрғындарына өз есігін айқара ашты. Өнерлі жастардың бір тобы бұл күні қазақы дастархан үстінен табылды.

Бұл – «домбыра-пати» деп аталатын жастар жобасының жалғасы. Мұнда кішілері үлкендерге төрден орын беріп, ақтан дәм татқызды. Бірі домбырамен күй шертсе, екіншісі халық әніне салды. Ал, үшіншісі ақындық, шешендік өнерлерін паш етіп жатты. Оларды көрген жұрт айналып өте алар ма, жандарына барып, әнге қосылды, домбыра шертті. Ал, жүргізушілер тұрғындар арасында түрлі ойындар ұйымдастырып, жеңімпаздарға кішігірім сыйлықтар ұсынды. 

Көше  биі  – кеш  сәні

Ал, орталық көпір мен кардиологиялық аурухана маңында нағыз би алаңы жастар мерекесінің көркін қыздырды. Мұнда «Step up battle» атты заманауи көше билерінің облыстық фестивалі өтті.

Шараны ұйымдастырған «Рауан» жастар қорының төрағасы Ерболат Рыспаев жастар арасында би сайыстарын өткізу облыс орталығында дәстүрге айналғандығын айтады. Би жарысына кез келген қала тұрғыны қатысуға мүмкіндік алды. Сөйтіп, 45-тен аса кәсіби бишілер мен брейк, хип-хоп билерінің әуесқойлары өнерлерін ортаға салды. Оған атыраулық белгілі «Super sonic» би тобының бишілері баға берді.

Кешқұрым Қ.Смағұлов атындағы бульварда қала тұрғындары арасында «Karaoke Buttle» караоке әндерінің кеші ұйымдастырылды. Алғашқы іріктеу кезеңінде кез келген өтініш беруші өз таңдауы бойынша ән шырқады. Екінші кезеңге өткен 12 қатысушы екі әннен орындады. Біреуі әділқазылар тізімі бойынша таңдалды. Ақтық кезеңде қатысушыларға бір ретро, бір қазақ немесе шетел әнін орындау міндеттеліп, үшінші әнді таңдау қатысушылардың еркіне берілді. 

«Мүмкіндіктер жәрмеңкесі»

Атаулы мереке одан әрі облыстық жастар саясаты мәселелері, облыстық «Жас Отан» жастар қанаты, қалалық жастар ресурстық орталығы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының ұйымдастыруымен Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» мәдени-спорт кешенінде өткен «Мүмкіндіктер жәрмеңкесіне» ұласты.  

Жәрмеңкеге жиналған жастар назарына бос жұмыс орындары ұсынылды. Сонымен қатар, «Қолжетімді баспана», «Жас отау», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары жөнінде құнды мәліметтер берілді. Жас кәсіпкерлерге арналған бизнес жобалар туралы да кеңірек айтылды. Ал, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының арнайы комиссиясы мүшелері талапкерлерге тегін кеңестерін ұсынды.

Содан соң қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Жас интеллектуал» жастар ұйымы «Мен өмірге ғашықпын» атты музыкалық-поэзиялық кеш қойды. Оған «Жастар театры» мен «Күлкі сыйла» еріктілер тобы қатысты. Қала әкімдігінің қолдауымен әкімдік жанындағы амфитеатрда өткен шараға да тұрғындар көп жиналды. 

Жайық жағасында өткен тағы бір әдемі шара – жас суретшілер көрмесі. «Қолымнан шыққан төл туындыларымды көрмеге арнайы әкелдім. Сурет өнеріне жаңа қадам басқан жастар алдыңғы толқыннан тәжірибе жинақтайды емес пе? Ал, бұл көрмеге суреттің сан түрі  қойылған. Өнер мен білімнің қай түрі болмасын, жалпыға бірдей қолжетімді болса, қоғамның іргетасы беки түспек. Сондықтан, сурет көрмелерін ашық аспан астында өткізу өте орынды» дейді суретші Мәди Төлепов.

 

«Жасыл  елмен» біргеміз

Жастар апталығына «Жасыл ел» еңбек жасақтары өз үлесін қосты. Олар күн ертесімен Жайық өзенінің жағалауы мен Ақжар, Алмалы поселкелерін қоқыстан тазартып, сенбілік жұмыстарын жүргізді.

– «Таза жағалау» акциясы тек мереке күндері ғана өткізілмейді. Бұл «жасылелдіктердің» әр күн сайынғы жоспарына енгізілген. Шаһар тазалығына алдымен тұрғындардың өздері жауапты. Өкінішке орай, суы азайып бара жатқан Жайық өзені жағасына демалыс ұйымдастырушылар қоршаған орта тазалығына немқұрайлы қарайды, – дейді «жасыл елдің» сарбазы Анар Мұңғатова.

Шаралар легі одан әрі Тұрғындар қалашығында аула клубтары арасындағы минифутболмен жалғасын тапты. Мерекелік аптаның соңы «Рояль» кафесінде өткен «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойынымен және «Малибу» жағажайындағы «Open Air Party» би кешімен қорытындыланды.  

Амандық АБДОЛ.

Суретті түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз