Жарнама
Қоғам

Жастар жанжалға неге бейім?

«Жастық шақ алдымен аспанға, содан кейін жерге қарайды» дейді дана халқымыз. Шынында да, әр жасөспірімнің арманы биік, қиялы ұшқыр. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда жастардың топтасып төбелесуі, заң бұзушылықтарға баруы сол асқақ арманнан алыстатып отырғаны ащы шындық.

Бала тәрбиесі әуелі отбасының, сосын мектептің басты міндеті. Ал қоғамның қамқорлығы мен құқық қорғау органдарының жүйелі қолдауы оның болашағын айқындайды. Жастарды дұрыс жолға бағыттау – баршаның ортақ парызы. Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген емес пе?!

SOS!!! Қарулы қақтығыс

Жуырда жастар арасында болған жанжалдың соңы адам өліміне душар етті. Химиктер кентінде 23 жастағы жігітті «мәселе шешуге» шақырып, кикілжіңнің салдары қарулы төбелеске ұласқан. Жас жігіт оққа ұшып, мезгілсіз қаза болды.

Ресми емес деректерге сүйенсек, төбелеске қатысқандардың көпшілігі бұрыннан құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Ал кейбір күдіктілердің дер кезінде қамауға алынбауы қоғам арасында күдік пен наразылық туғызды. Дегенмен полиция департаменті «қазір күдіктілер ұсталып, қамауға алынды, іс «адам өлтіру» бабымен тергеліп жатыр» деген ресми ақпарат таратты.

Бұл жай ғана тұрмыстық жанжал емес, жастар арасындағы тәртіпсіздіктің тамыры тереңге кеткенін айқын көрсетеді. «Сыздауық жараның беті жазылғанымен, іріңі іште қалады» демекші, мұндай келеңсіздіктер қоғамның тыныштығын бұзып, болашағына сызат түсіреді. Сондықтан мәселенің түп-төркінін ашып, алдын алу құзырлы органдардың басты міндеті болмақ.

Тұрақтылықтың тірегі

Халық арасында «Әділ заң – елдің қорғаны» деген қағида бар. Заңға бағынған қоғам ғана қауіпсіздік пен тұрақтылыққа жете алады. Сондықтан әрбір заң бұзушы әділ жазасын алуы шарт. Жыл басында Президент Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Заң талаптары мүлтіксіз орындалуы тиіс. Заңды бұзған адам жазасыз қалмауы керек» деп нақты тапсырма берген еді.

Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов та жастар арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себебін ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбиенің әлсіреуінен көреді.

– Бала жақсыны да, жаманды да ең алдымен отбасынан үйренеді. Қазақы тәрбиеде үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу басты қағида болған. Өкінішке қарай, соңғы жылдары осы дәстүрлі құндылықтардан алшақтап барамыз. Қазір 2025-2030 жылдарға арналған заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы жүзеге асуда. Соңғы бес жылда жалпы қылмыс азайғанымен, жастар арасындағы құқық бұзушылық әлі де алаңдатып отыр. Бүгінге дейін 4 мыңнан астам жас қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның 386-сы кәмелетке толмағандар. Мыңнан астамы ауыр қылмыс жасаған, 151-і аса ауыр қылмыстарға қатысқан, — деп прокурор сандарды тізбектеді.

Бұл – жай ғана статистика емес, қоғамға төніп тұрған нақты қауіптің көрінісі. Жастар арасындағы ымырасыздық, өшпенділік, көшедегі мәдениетсіздік, ұлттық тәрбиенің әлсіреуі – осының бәрі бір-бірімен тікелей байланысты. Мұны шешу үшін тек құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Оған мемлекет, отбасы, мектеп пен қоғамдық ұйымдардың бәрі бірлесіп жұмылуы тиіс.

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолы оларды спортқа, өнерге, шығармашылыққа тарту керек. Ал, ұлттық тәрбиені жаңғырту, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді дәріптеу арқылы қоғамның рухани иммунитетін күшейтуге болады. Жастардың бойындағы ізгі қасиеттерді дер кезінде байқап, қолдау – оларды жаман жолдан сақтайтын ең сенімді құрал.

Жастар жаманға үйірсек

Жуырда облыста заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, осы тақырып жан-жақты талқыланды. Кеңес барысында жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған нақты шаралар қабылданды. Әуелі ойын-сауық орындарының жұмыс уақыты қайта қаралып, алкоголь өнімдерін сату қатаң бақылауға алынды. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық топтарды ыдырату, интернеттегі деструктивті контентті бұғаттау, сондай-ақ алкоголизм, нашақорлық, ойынқұмарлық секілді тәуелділіктерге қарсы күрес күшейтілді.

Бүгінде педагогтер, құқық қорғаушылар және мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен жастарға жан-жақты тәлімгерлік жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл – тәрбие мен бақылауды қатар ұштастыратын жаңа үлгі.

Облыс прокуроры кеңесте «Біздің басты мақсатымыз – өзінің және елінің болашағы үшін жауапкершілік алатын өскелең ұрпақты қалыптастыру» деп атап өткен еді. Өйткені, прокуратураның ресми деректері жас-тар арасындағы қылмыстың қаншалықты ушығып кеткенін дәлелдейді. Былтырдың өзінде кәмелетке толмаған 93 жасөспірім құқық бұзған, олардың 48-і топтық қылмысқа қатысқан. Ал биыл бұл көрсеткіш өсіп, қылмыс жасаған жасөспірімнің саны 123-ке жетіпті. Оның 52-сі топтасқан қылмысқа қатысып, 77-сі ауыр, 2-еуі аса ауыр қылмысқа барған.

Жастар арасындағы жағдайдың мәз емес екені осыдан-ақ аңғарылады. Былтыр қылмыс жасаған 1038 жастың 164-і топтық қылмысқа қатысып, 242-сі ауыр, 32-сі аса ауыр қылмыстарға барған. Биыл бұл көрсеткіш азайғанымен, бәрібір алаңдатарлық деңгейде – 621 жас қылмыс жасаған. Олардың 90-ы топтық қылмысқа қатысып, 132-сі ауыр, 9-ы аса ауыр қылмысқа барған. Бұл статистика жастар арасындағы қылмыстың күрделіленіп қана қоймай, көбінесе топтық сипат алып бара жатқанын айқын көрсетеді. Осындай ахуалдан шығу үшін кешенді іс-шаралар қажет. Мемлекеттік органдар, білім беру жүйесі, мәдениет саласы мен қоғамдық ұйымдар үйлесімді әрекет еткенде ғана нақты нәтиже шығады. Жастарға тек білім беріп қана қою жеткіліксіз. Олардың бойына рухани құндылықтар мен адамгершілікті, жауапкершілік пен патриоттық сезімді сіңіру – тәрбие жұмысының басты қағидасы болуы тиіс.

Әл-Фараби ғұлама «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген еді. Бүгінгі жастар арасындағы жағдай – осы сөздің айқын дәлелі. Жалаң білімді жаттап алғанымен, жүрегінде ізгілік пен имандылық болмаса, ол қоғамға пайда емес, қауіп әкелуі мүмкін. Сондықтан ата-ана да, ұстаз да жас өскінді тек «білімді» ғана емес, ең алдымен рухани бай, жауапкершілігі мол тұлға етіп тәрбиелеуді басты міндет санауы тиіс.

Рейд кезінде қылмыс көп

Қазір облыста жастар арасындағы құқық бұзушылық тек қалада ғана емес, ауылдық жерде өткір сипат алып отыр. Әсіресе, Қызылқоға ауданының Сағыз және Мұқыр ауылдарындағы топтасып төбелесу, қатыгездікпен жасалған қылмыстар қоғамды алаңдатып, елді мекендердегі қоғамдық қауіпсіздікті бұзып келеді.

Ауыл тұрғындары өз балаларының амандығы үшін алаңдап, құқық қорғау органдарынан жағдайды қатаң бақылауға алып, нақты әрі пәрменді шаралар қабылдауды талап етуде. Өйткені, бастапқыда қарапайым тұрмыстық жанжалдан туындаған қақтығыстардың бүгінде қару қолдануға дейін ұласуы құқықтық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да қоғамға зор қауіп төндіре бастады. Соңғы айларда Сағыз бен Мұқыр ауыр қылмыстың «қызыл аймағына» айналды: әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдар мен үш жас жігіттің оққа ұшуы сынды қайғылы оқиғалар жұртшылықты дүр сілкіндірді.

Осыған орай аудандық прокуратураның бастамасымен кеңейтілген жиын ұйымдастырылды. Оған аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали, аудан прокуроры Досбол Бағытжанов, полиция бөлімінің бастығы Ертас Бисенғалиев, сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Биыл қаңтар-мамыр айларында ауданда қылмыс саны былтырғыдан 18,1 пайызға төмендегенімен, аса ауыр қылмыс пен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық екі есеге артқан. Әсіресе, адам өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, бұзақылық және есірткіге қатысты қылмыстардың көбеюі ахуалдың қауіпті екенін көрсетеді.

Соңғы кездері жастар арасындағы жанжалдың жай ғана төбелеспен шектелмей, қару қолдануға дейін ұласуы – мәселенің ушыққанына дәлел. Мәселен, 27 мамыр күні Сағыз ауылында бірнеше тұрғын бытырадан жарақат алып, жергілікті амбулаторияға жеткізілді. Тексеру барысында олардың 2021 жылы да осындай жарақатпен ауруханаға түскені анықталған. Демек Сағызда қарумен атысу кездейсоқ емес, жүйелі сипат алған. Ұсталған төрт күдіктіні тергеу барысында ауылда бейресми түрде «Совхоз» және «Шанхай» деп аталатын екі топтың жастары қарулы қақтығысқа қатысқаны белгілі болды. Бұған қатысты Қылмыстық кодекстің 24-бабының 2-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігінің 1,7,9-тармақтары негізінде «кісі өлтіруге оқталу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Арада көп уақыт өткен жоқ, 2 маусым күні көршілес Мұқыр ауылында да шулы оқиға тіркелді. 6-ауылдың жастары көшеде бір адамды шынжырмен және ағашпен жабыла соғып кеткен. Қатыгездікпен жасалған бұл әрекет бейнежазба арқылы әлеуметтік желілерге тарап, қоғамның ашу-ызасын туғызды. Қазір қамауға алынған үш күдіктіге Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі («бұзақылық») бойынша тергеу амалдары басталды.

Аудан прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, 2009-2025 жылдар аралығында Қызылқоға ауданында тіркелген 17 кісі өлтіру қылмысының 9-ы Сағызда болыпты. Бұған қоса, жап-жас келіншектің өз шаранасын өзі өлтіруі, кәмелетке толмаған жасөспірімнің мотоцикл апатынан қаза табуы секілді жантүршіктірерлік жағдайлардың да осы ауылда болуы құқықтық ахуалдың тым күрделі екенін дәлелдейді.

Биыл алғашқы жарты жылда кәмелетке толмағандар жасаған 4 құқық бұзушылықтың 3-еуі Мұқырда тіркелген. Мұндай статистика құқықтық профилактика шараларының әлсіздігін және олардың формалды сипатқа ие болып отырғанын айқын көрсетеді.

– Қоғамды елең еткізген осындай оқиғалардың орын алуы Қоғамдық кеңестің, ардагерлер мен депутаттардың, жергілікті әкімдік пен полиция органдарының өзара үйлесімді жұмысы жеткіліксіз екенін көрсетіп тұр. Полиция қызметінің барлығын жоққа шығармаймыз, алайда қабылданып жатқан шаралардың пәрменсіздігі айқын сезілуде. Ең бастысы, қылмыс неге дәл профилактикалық іс-шаралар өтіп жатқанда орын алады? Керісінше, мұндай уақытта тәртіп күшеюі тиіс емес пе?! Мысалы, «Жасөспірім» акциясы кезінде мектеп оқушысы құқық бұзса, екіншісінде жасөспірім үй аралап ақша ұрлаған. Бұл нені білдіреді? Демек, профилактика – аты бар да, заты жоқ формалдылыққа айналып отыр, — деп аудан прокуроры Досбол Бағытжанов полиция жұмысын сынға алды.

Тек полицияның жұмысы ма?!

Ауданда өткен кеңейтілген жиын барысында аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Аслан Түсіпқалиев қоғамда жиі талқыланып жүрген маңызды мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алуды тек полиция органдарының жұмысы ретінде қарастыру – үлкен қателік.

– Бұл оқиғалар бәрімізді ойландыруы тиіс. Дегенмен, «полиция мүлде жұмыс істемейді» деген пікір шындыққа жанаспайды. Биылдың өзінде 10-нан астам профилактикалық шара өткізілді, хаттамалар саны да былтырғыдан көп. Соған қарамастан ауыр қылмыстардың көбеюі біздің жұмысымыздың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ мәселе. Өкінішке қарай, ұйымдастырылған іс-шараларға негізінен мұғалімдер ғана қатысады. Ал ел ішінде беделі бар қариялар, ардагерлер мен қоғам белсенділерінің бұл іске араласпай отырғаны өкінішті. Егер олар жастармен ашық әңгімелесіп, бағыт-бағдар беруге белсене араласса, құқық бұзушылық деңгейі де айтарлықтай төмендер еді, — деді ол.

Бұл пікірден шығатын қорытынды – қылмыстың алдын алу шаралары формалды сипаттан шығып, кең ауқымды бұқаралық іс-қимылға айналуы тиіс. Өйткені жасөспірім мен жастардың тәрбие алатын ортасы тек мектеппен шектелмейді. Тұлғаның қалыптасуына әуелі отбасы ықпал етеді, сосын ауылдағы қариялар, әжелер сынды бейресми институттардың тәрбиелік ықпалы ерекше. Сондықтан жастармен жұмыс тек педагогтер мен құқық қорғау органдарының мойнында қалмауы тиіс. Ел ішіндегі беделді азаматтардың өнегелі сөзі, ақыл-кеңесі мен жанашырлығы жас буынға тікелей әсер ететіні анық.

Қоғамдық сенім, әлеуметтік байланыстар мен бейресми көшбасшылардың ықпалы құқық бұзушылықтың алдын алуда ресми институттардан кем түспейді. Демек, құқықтық мәдениетті қалыптастыру тек заңды механизмдер арқылы емес, әлеуметтік-мәдени тетіктер арқылы да жүзеге асуы қажет.

Тұрақты «кәсіпке» айналған

Жиын барысында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың тамырына тереңірек үңілгенде, мәселенің бетінде емес, түбінде жатқан шынайы себептер ашыла түсті. Қоғамдық резонанс туғызған Сағыз бен Мұқырдағы қақтығыстардың көпшілігі қарапайым тұрмыстық жанжалдан емес, мердігер мекемелерге қысым көрсетіп, ақша бопсалау, жұмысқа мәжбүрлеп қабылдату сияқты заңсыз әрекеттерден басталатыны белгілі болды.

Аудан прокуроры Досбол Бақытжановтың айтуынша, мұндай жағдайлар соңғы жылдары қауіпті әлеуметтік үрдіске айналыпты.

– Бір кәсіпкер ойын алаңын салуға Мұқырға келген. Ауылдың кейбір жастары оған келіп «Бізді күзетші қылып ал, сұраған ақшамызды беріп тұр» деген талап қойған. Кәсіпкер келіспеген соң, сол түні оның 8 тонна цементі өртеніп кетіпті. Кінәлілер табылған жоқ, себебі олар «біз тек жұмыс сұрадық» деп ақталған, — деді прокурор.

Бұл дерек – жалқы мысал емес, ауыл жастарының арасында қалыптасып келе жатқан қауіпті құбылыстың көрінісі. Қолына қару ұстамай-ақ, қорқытып, үркітіп, заңсыз табыс табуды әдетке айналдыру – қылмыстық сананың қоғамда тамыр жаюының айқын белгісі. Егер бұл үрдіс тоқтамаса, ол қоғамдық қатынастарды улайтын «әлеуметтік дертке» айналары сөзсіз.

Қазір жастардың арасында жиі қолданылатын қылмыстық сленг – «объектіні өзіміз аламыз», «бұл біздің территория», «ақша бер, болмаса өкінесің» сөздері жай ғана тіркестер емес, қоғамдағы рухани тоқыраудың көрінісі. Мұның артында тәрбие жүйесінен ажыраған буын, формалды профилактика және құқықтық мәдениеттің әлсіздігі жатыр.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Толқын Бейісқали да бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді.

– Бұрын ауыл-ауыл болып төбелессе, қазір ақша мен объект үшін соғысады. Тіпті төрт жыл бұрынғы адам өлімі де осы тақырып төңірегінде болды деген күдік бар. Бұл жүйелі мәселе. Оған жүйелі шешім қажет, — деді ол.

Тағы бір күрделі мәселе – жәбірленушілердің өздері арызданудан бас тартуы. Қоғам ішінде «арыз жазу – западло» деген ұғым кең тараған. Бұл қылмыскерді «сату» ретінде бағаланатын бейресми ереже жазасыздыққа жол ашып, құқық қорғау жүйесін әлсіретеді. Ал жәбірленуші шағымданбаса, құқық қорғау органдарының күдіктіні жауапқа тартуы да қиындайды.

Алайда аудан прокуроры Д.Бағытжанов бұл мәселеге нақты түсініктеме берді.

– Қылмыстық іс тіркелген факті бойынша қозғалады. Жәбірленуші арызданбаса да, қоғамға қауіпті қылмыс орын алған жағдайда заң өз күшімен әрекет етеді. Ешкім жазадан сытылып кетпейді, — деді ол сенімді түрде.

Сағыз бен Мұқырдағы атыс пен төбелестерді талдай келе, астарында шексіз әлеуметтік және құқықтық проблема жатқанын аңғаруға болады. Бұл оқиғалар жекелеген жанжал емес, қалыптасқан жүйелі тәртіпсіздіктің белгісі болып отыр. Мұндай ахуал тек Қызылқоғада ғана емес, облыстың екінші қиырындағы Құрманғазы ауданында да қайталанып жүр. Ауыл арасындағы төбелес кезінде бір адам мерт болып, ондаған адам ауруханаға түсті.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұның бәрі тек жастардың «ермегі» емес. Қырық жасқа жақындаған, бұрыннан белгілі адамдар да қақтығыстарға қатысып жүр. Егер олар қатаң жазаға тартылмаса, жағдайдың кек алуға ұласуы әбден мүмкін. Бұл – қоғам үшін аса қауіпті сценарий.

«Дәстүрге» айналған жауласу

Сорақысы сол, жасөспірімдер ересектердің теріс қылығын «дәстүрге» айналдыруға бейім. Бір ауыл екіншісімен жауласады, ал мұндай қақтығыс қоғамның құндылықтан айырылып, рухани құлдырауға бет алғанының айқын көрінісі. Бүгін 14-15 жасар балалар бір-біріне жұдырық ала жүгірсе, ертең дәл сол балалар суық қаруға жүгінуден де тайынбасы анық.

Балаларына алаңдаған ауыл тұрғындары «Бұл бірінші рет емес. Бір апта тыныш өтсе, келесі аптада төбелес қайта шығады. Полиция келеді, хаттама толтырады. Сосын бәрі сол күйі қалады. Ай өтпей, тағы қайталанады» деп безектейді.

Бұл пікір қалың бұқараның құқық қорғау жүйесіне деген сенімсіздігін көрсетеді. Тұрғындар бірнеше рет кісі өлімі тіркелгенін, балаларын кешке далаға жіберуге қорқатынын жасырмайды. Егер жүйесіздікке тосқауыл қойылмаса, әр ауыл өзінің жазылмаған «заңымен» өмір сүретін қауіпті ахуал қалыптасуы ықтимал. Ал ол – мемлекеттің тұтастығына сызат түсіретін қатер.

Кез келген әлеуметтік дерттің шегі болады. Соңғы оқиғалар «жай төбелестің» қару қолдануға ұласқанын, соңы өлімге душар еткен қауіпті жағдайға айналғанын дәлелдеп отыр.

Облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, бүгінгі қоғамда заң мен тәртіпке деген талап күшеюі тиіс. Оның пікірінше, тұрғындардың заңға бағынуы – олардың қауіпсіздігінің ең басты кепілі.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, вандализмге, бұзақылыққа мүлде төзбеушілік қағидаты орнығуы керек. Ал жастар заңдылықты нығайту жолында бірігіп әрекет етсе, қоғамда әділдік орнайды, — деді ол.

Тәрбие – талбесіктен

Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Венера Мүтағалиқызы жастар арасындағы тәртіпсіздіктердің түп-төркінін олардың ішкі психологиялық қажеттіліктерімен байланыстырады.

– Бүгінгі жасөспірім өзін ересек сезінуге тырысады. Өз ортасына бейімделіп, проблеманы жұдырықпен шешуге бейім. Еркін уақыты көп, бақылауы аз. Соңы – бұзақылық пен қылмыс. Бұл мінез кейін қоғамға қарсы әрекетке ұласады. Себебі балада «мен бәрін шешемін» деген қисық сенім қалыптасады. Жасөспірімдердің тәртібіне ата-ананың ықпалы зор. Бірақ, өкінішке қарай, кейбір ата-ана баласының бұрыс әрекетін тоқтатудың орнына қолдап, одан сайын еркінсітіп жібереді. Бір бала басқа баламен төбелессе, ата-анасы оны тоқтатпай, «өзін қорғай білу керек» деген желеумен күш көрсетуді ақтайды, — дейді маман.

Шын мәнінде, қоғамдағы бақылау тетіктерінің әлсіреуі, ата-ананың жұмысбастылығы, мектеп пен қоғамдық институттардың баланың ішкі жан дүниесіне жеткілікті мән бермеуі секілді факторлар қатарласа келіп, әлеуметтік мәселені шиеленістіре түсуде.

Сондықтан мектеп психологтарының жұмысы формалды түрде ғана емес, нақты нәтижеге бағытталуы қажет. Әр оқушының агрессивті мінез-құлқын, өзін-өзі шектей алмауын, қатарластарымен қарым-қатынастағы қиындықтарын жеке-жеке зерттеу керек. Өйткені, бала бойындағы шешілмеген психологиялық түйін ертең қоғам үшін үлкен әлеуметтік дертке айналуы ықтимал.

Қазір қоғамда жастарды тек «жаман» деп кінәлай беруге де болмайды. Өйткені жас ұрпақ – ата-ананың айнасы, мектептің жемісі, қоғамның көрінісі. Егер бала тәртіпке емес, төбелеске бейім, пікірталасқа емес, жұдырыққа сенетін тұлға болып өссе, болашақ қоғамның бейнесі қандай болмақ?! Бұл  тек бір отбасының емес, тұтас ұлттың тағдырына тікелей әсер ететін сауал. Сондықтан тәрбие тек үйде емес, мектепте, көшеде, қоғамдық ортада да үздіксіз жүруі қажет. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың бір себебі де отбасындағы тәлім-тәрбиенің әлсіздігі мен әлеуметтік ортаның ықпалынан туындайды.

Қазір Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейінің артып бара жатқаны қоғамды алаңдатып отыр. Бұқара мұны «біреуден есесін қайтару», «заңды білмеу» сияқты үстірт түсініктермен байланыстырады. Алайда, психологтардың пайымынша, мәселе әлдеқайда тереңде жатыр.

Психолог Венера Мүтағалиқызы жасөспірімдердің қылмысқа бейімделуінің басты себептерінің бірі отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі екенін атап өтеді. Яғни ата-ананың баласына жеткілікті көңіл бөлмеуі, оның қайда, кіммен жүргенін бақыламауы – аса қауіпті фактор. Мұндай жағдайда жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге еркін қол жеткізуі де қосымша қауіп тудырады. Өйткені тәжірибесі аз, аңғалдықпен әрекет ететін жас буын виртуалды ортадағы жалған құндылықтардың ықпалына тез беріледі.

Тәжірибеге сүйенсек, баланың психикасы үш жасқа келгенде алғашқы өтпелі кезеңнен өтеді. Бұл шақта ол тыйымдарға қарсы шығып, «жоқ» дегенді қабылдағысы келмейді. Осындай сәтте ата-ананың дұрыс тәрбие әдістерін қолдануы, баланың эмоциясын түсініп, оны оң бағытқа бұра білген абзал.

Алайда тәртіп пен бақылаудың тым қатал болуы да кері әсерін тигізуі мүмкін. Баланың еркіндігін шектеп, тұлғалық дамуын тежейді. Сондықтан ата-аналар мен тәрбиешілер арада теңдік пен түсіністік орнатып, баламен сенімді қарым-қатынас құруға тиіс. Ең бастысы, эмпатияны, яғни өзгенің көңіл-күйін сезініп, түсіну қабілетін мектепке дейінгі жастан қалыптастыру қажет. Бұл  болашақта қоғамға бейім, парасатты, жауапкершілікті тұлға өсірудің басты алғышарты.

Психолог Венера Мүтағалиқызының айтуынша, жасөспірімдермен түсіністікке жетудің бірден-бір жолы – олардың тілімен сөйлеу. «Кейде ата-аналар баламен тым ресми, үлкендерше сөйлеседі. Бұл көбінесе нәтиже бермейді. Ал жастардың өз тілімен сөйлесу – олардың ой-санасына жетіп, өмірге көзқарасын өзгертуге әсер етеді» дейді маман.

Балам – үйде, қылығы – түзде

Психологтардың зерттеулері көрсеткендей, баланың саналы, қоғамға пайдалы болып қалыптасуында негізгі ролді отбасы мен мектеп атқарады. Дегенмен, бүгінде кейбір ата-ананың ұстанымы жауапкершілікті едәуір әлсіретіп отыр. «Баланы киіндіріп, тамақтандырдым, ал тәрбиесін мектеп пен балабақшаға тапсырдым» деген түсініктің қоғамда жиі айтылуы – ата-аналық борышты сыртқа ысырып, жауапкершілікті өзінен бөлуге тырысады.

Қазақта «ұстаз – екінші ана» деген қағида бар. Бұл ұстазға зор сеніммен қатар, орасан міндет те жүктейді. Мектепте кәсіби психологтар қызмет атқарғанымен, олардың жұмысы әр оқушыға бірдей әсер етпеуі мүмкін. Сондықтан мектеп пен отбасы арасындағы өзара сенім мен байланыс үздіксіз нығайып отырмаса, баланың мінез-құлқын қалыптастыруда олқылық туындайды.

Мектеп пен ата-ананың үйлесімді жұмысы баланың дұрыс бағыт алуына, мінез-құлқындағы ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай әріптестік болмаса, құқық бұзушылық тәуекелі артады. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы қылмыс тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі екені айқын.

Облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Орынгүл Көшқалиева жасөспірімдерге қатысты қылмыстың себептерін талдап, алдын алу шараларының жүйелі жүргізілуін ерекше маңызды деп санайды. Оның айтуынша, тәуекел тобына кіретін балалармен жеке жұмыс ұйымдастыру, психологиялық қолдау көрсету – басты басымдықтардың бірі.

– Облыстағы криминогендік жағдайды бақылау нәтижесінде жасөспірімдердің топтасып төбелесуі, қару қолдануы және түнгі уақытта заңсыз жүріп-тұруы анықталды. Биыл алғашқы алты айда кәмелетке толмағандардың қару қолданып жасаған қылмыстары тіркелген жоқ. Алайда бұзақылық фактілері бойынша 14 топқа жататын 35 балаға қатысты іс қозғалса, оның алтауы биыл болған. Сонымен қатар, заңсыз түнгі серуендерге шыққан жасөспірімдер саны да жоғары. Әсіресе, Атырау қаласы мен Жылыой ауданында мұндай деректер жиі тіркеліп отыр, — деді ол.

Жасөспірімдердің құқық бұзушылықтарына олардың әлеуметтік жағдайы, отбасындағы ахуал, білім деңгейі және құрбы-құрдастарының ықпалы айтарлықтай әсер етеді. Осы себепті әрбір құқық бұзған балаға жеке психоәлеуметтік «портрет» жасалып, ол деректер білім беру басқармасына жіберіледі.

– Мысалы, алты ай ішінде қылмыс жасаған 110 баланың 89-ы толық отбасынан шыққан. Олардың көпшілігі мектеп пен колледж оқушысы болса, кейбірі тіпті жоғары оқу орындарының студенттері. Ал 10 жасөспірім еш жерде оқымайды. Қылмыстың алдын алу үшін облыс бойынша 700-ден астам рейдтік іс-шара өткізіліп, осы кезеңде 6000-ға жуық жасөспірім полиция бөліміне әкелінген. Сонымен қатар, 5000-нан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Білім беру мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдарында құқықтық түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілді, — деп толықтырды Орынгүл Жанғалиқызы.

Сонымен бірге, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия мәжілістерінде 110 құжат қаралып, бірқатар ата-ананың ата-аналық құқығын шектеу мәселесі де көтерілген. Мінез-құлқы қиын жасөспірімдер арнайы мектеп-интернаттарға және бейімдеу орталықтарына жіберілді.

Ресми деректер бойынша, облыста былтырдан бері жасөспірімдер тарапынан жасалған ауыр және аса ауыр қылмыстардың көрсеткіші салыстырмалы түрде төмендеген. Мәселен, биыл алғашқы алты айда 33 ауыр қылмыс тіркеліп, аса ауыр қылмыстар болмапты. Ал жасөспірімдерден құралған топтардың қылмысы 16 фактіге жетті.

Бұл мәліметтер жасөспірімдер қылмысының алдын алуда кешенді әрі жүйелі тәсілдің қажеттігін дәлелдейді. Құқық қорғау органдарының қызметі тек қылмысты анықтап, кінәлілерді жазалаумен шектелмей, сонымен қатар әлеуметтік себептерді зерттеу, алдын алу шараларын ұйымдастыру арқылы нәтижелі болуы тиіс. Жергілікті билік, ата-аналар, педагогтер мен қоғамдық ұйымдар бірігіп әрекет еткенде ғана құқық бұзушылықтың тамырына үңілуге мүмкіндік бар.

Мемлекеттік бағдарламалардың, үкіметтік емес ұйымдардың да белсенді араласуы баланың жан-жақты дамуы мен қауіпсіз қоғам қалыптастыруға ықпал етеді. Уақыт талабына сай жастармен жұмыс барысында дәстүрлі тәрбиелік әдістермен қатар, жаңа заманға бейімделген тың тәсілдерді қолдану керек.

Түйін

Жастар тәрбиесі – қоғам дамуының негізгі кепілі. Сондықтан қазір жастарға бағытталған тәрбие жұмыстары мен мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарау – уақыт талабы. Бұл орайда білім беру, спорт, мәдениет салаларындағы мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың белсенді қызметі ерекше маңызға ие. Сонымен қатар жергілікті депутаттар, азаматтық қоғам өкілдері, мәдениет пен спорт саласындағы танымал тұлғалар, теологтар және ақсақалдармен бірлескен іс-қимыл жастарға оң ықпал етудің тиімді жолы болмақ.

Ауылдарда ақсақалдардың беделі мен өмірлік тәжірибесі жастарға бағыт-бағдар беруде үлкен роль атқарады. Сондықтан олардың қолдауымен түрлі мәдени-рухани және тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру қажет. Бұл ретте қысқа мерзімді акциялардан гөрі ұзақ мерзімді әрі нәтижеге бағытталған бағдарламаларға басымдық берген жөн. Мәселен, спорттық секциялар, мәдени үйірмелер мен ғылыми жобалар жастардың әлеуетін ашуға және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Мектеп пен колледж оқушылары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізудің де қажеттілігі зор. Мұндай зерттеулер жастардың өмірлік ұстанымдарын, болашаққа көзқарасын, құндылықтық бағдарын анықтауға мүмкіндік береді. Жиналған мәліметтер негізінде нақты әрі жүйелі шаралар әзірлеу тиімді болмақ.

Қорытындылай айтқанда, жастарға арналған қолдау жүйесін жаңарту, тәрбие мен білім беру ісін кешенді түрде ұйымдастыру – қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық мәдениеттің кепілі. Жастар арасындағы құқық бұзушылық пен топтық төбелес тек заң бұзушылықтың емес, рухани кемшіліктің көрінісі. Алайда бұл – шешімін табатын мәселе. Егер біз жас буынға уақытылы назар аударып, олардың жан дүниесін тыңдай білсек, құқықтық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірсек, онда қоғам шынайы тыныштық пен тұрақтылыққа қол жеткізеді.

Майра ЕРҒАЛИ

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button