ЖАСТАР ЕРТЕ ҮЙЛЕНУГЕ НЕГЕ ҚҰМАР?

Қазір біздің қоғамда ерте жастан неке құру фактілері жиілеп кетті. Ал, толыққанды отбасын құру – оңай шаруа емес. Сондықтан, жас шаңырақ алдындағы жауапкершілікті қазірден қалыптастыра білу қажет. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының бастамасымен Атырау медицина колледжінде өткен семинар-кеңесте жан-жақты сөз болды.

 

Жиында аталмыш басқарма басшысының орынбасары Зылиха Дүйсекенова «Қыз тәрбиесіне қатысты мәселе – барлығымыз үшін өзекті» деген тақырыпта баяндама жасады.

– Республика бойынша жарияланған «Ұлттық құндылығымыздың ұйытқысы – тәрбиелі қыз» жобасы Атырауда қалай жүзеге асырылып жатыр? Міне, осыған көз жеткізу үшін қала және аудандар бойынша мониторинг жүргізіп көрдік. (Оның қорытындысы арнайы инфографика арқылы көрсетілген. Автор.) Сондай-ақ, колледждер бойынша да зерттеу жүргізілді, нәтижелері көңіл көншітпейді. Колледжде оқитын бір қыз бала өз-өзіне қол жұмсаса, алтауы соған ұмтылыс жасаған. Ал, жиырма шақтысы дін жолын ұстанады. Оқу орындары мен денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, 39 жасөспірім қыз ерте жастан жүкті болған. Ал, осындай жайлардың алдын алу мақсатында барлығы елуге жуық шара өткізілді.

Жалпы, еліміздің әр азаматы еркін таңдау құқығына ие. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдерге қатысты кемсітушіліктердің барлық түрлерін жою туралы» және «Бала құқықтары туралы» конвенцияларын бекітті. Ендеше, халықаралық құқықтық нормалар еліміздегі әйелдер мен қыз балаларды жан-жақты қолдауға, оларды кемсітушілік, зорлық-зомбылық пен заңсыздықтардан қорғауға кепілдік береді. Жас қыздар болашақ әйел және ана ретінде өмірлік жолын еркін таңдап, білім алуға, табысты мансапқа жетіп, бақытты отбасын құруға, толыққанды және қауіпсіз өмір сүруге құқылы.

Келесі болып сөз алған облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшылығының меңгерушісі Зәмзәгүл Қиданқызы «бәріміз – біріміз үшін, ал біріміз – бәріміз үшін» қағидатын ұсынды. Оның айтуынша, еліміздің түрлі аймақтарында кәмелетке толмаған қыздар мәжбүрлікке, зорлық-зомбылық пен сексуалдық қанаушылыққа жиі ұрынуда. Өз кезегінде бұл жарымжан психикаға, денсаулықтың нашарлауына және әлеуметтік оқшаулануға әкеліп соқтырады. Ал, әлеуметтік оқшаулану дегеніміз – білім алудан, жұмыс істеуден, мемлекеттік қолдаудан шет қалу. Мектеп қабырғасында оқып жүрген қыз баланы күштеп ұзату немесе «қыз алып қашу» оқиғалары әлі де кездеседі. Мұның өзі жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмыс екендігіне ата-аналар көз жұма қарайды.

Осы ретте «жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы қалай?» деген сұрақ туындайды. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-сауықтыру бөлімінің бас гинекологы Гүлмира Қайралиева жауап берді.

– Биологиялық режімі бұзылған жастардың денсаулығы күрт нашарлап кетеді. Сондықтан, біз тозығы жеткен әдет-ғұрыптарды өткен күннің еншісіне қалдырып, балалардың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек. Тіпті, қыз алып қашу үрдісі шариғат ережелеріне де қарсы келеді. Себебі, шариғатқа сәйкес, неке қию үшін қыздың келісімін алу қажет. Жәбір көрген жас қыздар жергілікті құқық қорғау органдарына жүгінуден қорықпағаны жөн. Өйткені, кәмелетке толмағандарға қатысты бірде-бір зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу оқиғалары назардан тыс қалмауы тиіс, – деді ол.

Қазақстан Республикасының заңнамасы, біріншіден, қыз алып қашуға тыйым салады және оны адам ұрлауға қатысты қылмыстың бір түрі ретінде қарастырады. Екіншіден, егер ерекше жағдайларға байланысты болмаса, кәмелет жасына толмағандармен неке қиюға рұқсат етілмейді. Үшіншіден, ҚР Қылмыстық Кодексінің 132-бабы бойынша, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені үшін мүлкін тәркілей отырып, бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Отбасын жоспарлау мәселелері төңірегінде облыстағы «Аналар үйінің» басшысы Гүлфайруз Ғұбашева айтып берді. Ал, «отбасылық кикілжіңдер қайдан шығады, олардың алдын алуға бола ма?» деген сауалға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің бөлім басшысы Зияш Дүйсенғалиева жауап берді.

Семинар қорытындысында бірқатар нақты ұсыныстар айтылды:

Біріншіден, ата-аналарды мектеп өміріне тарту мақсатында «Ашық есік» күндерін өткізу керек. Яғни, мектеп ұжымы аптаның бір күнін ата-аналарға арнағаны жөн.

Екіншіден, әр оқу тоқсанына бір рет 5-8 және 9-11 сыныптарды бөлек-бөлек жинап, мектепте қыздар жиналысын өткізу қажет.

Үшіншіден, бір кезде беделі жоғары болған «Қыздар кеңестерінің» жұмысы жандандырылса, тәрбие бағытындағы олқылықтардың алдын алуға болар еді.

Балалар мен жастардың қаперіне

сенім телефондарын бергіміз келеді:

150 –тәулік бойы және тегін жұмыс істейтін анонимді сенім телефоны;

8 (7172) 742-528 – ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитеті;

8 (727) 313-14-57(67) – «Әйелдердің шығармашылық бастамалары Лигасы» қоғамдық бірлестігі (ақпараттық, заңдық және психологиялық кеңес береді);

8 (727) 396-19-38 – «Родник» қоғамдық қорының кеңес орталығы;

8 (7122) 270-910 – облыстық білім беру басқармасы;

8 (7122) 306-795 – облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының «Отбасын қолдау қызметі».

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз