«ЖАС ОТАУ» ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Ағымдағы жылдан бастап бұған дейін қолданыста болған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы күшін жойды. Мұны естіген «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жылдап қаражат жинаған салымшылар абдырап та қалған еді. Үкімет пен банк басшылығы аталған

бағдарламаның аты өзгергенмен, міндеті мен талабы сол күйінде қалатынын айтты. Сонымен... 

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Атырау филиалының директоры Нұрбол Құрманның айтуынша, тұрғын үй жинағы арқылы қолжетімді баспана құрылысы мен алу механизмі толықтай сақталған. Банк жас отбасыларға және халықтың барлық категорияларына арналған екі бағытты да жүзеге асыруын жалғастырады. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынатын үйлер саны мен құрылысы ауқымы өзгеріссіз қалады. Елімізде биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісімен «тұрғындардың барлық санаты бойынша» 326 мың шаршы метр, «Жас отбасы» бағытымен 213 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2020 жылға дейін 2 миллион 806 мың шаршы метр үй  тұрғызылмақ. 

Банк филиалы директоры біздің аймақта да бағдарламаның өзгермейтініне сендірді. Егер салымшылар тарапынан сұрақтар туындай қалған жағдайда банк есігі әрдайым ашық екенін, сонымен қатар, облыстың бас басылымының www.atr.kzсайтына жолданған сауалға жауап беруге әрдайым дайын екендігін де атап айтты.  

Үйлер қашан пайдалануға беріледі?

Республикалық қаражат есебінен жас жанұяларға арнап салынатын пәтерлерден бөлек, мұнайлы өлкеде «Жас отау» жобасы қолға алынған болатын.  Мұндай бастама 2006 жылы Батыс Қазақстан облысында жүзеге асқан еді. Елбасы көрші аймаққа сапары барысында жас отбасыларға жеңілдікпен пәтер салу жайын қолдап, өзге өңірлерде де бағдарламаны дамытуға ұсыныс берген. Осылайша, облыс әкімінің тапсырмасымен «Жас отау» бізде де бастауын алды. Жағымды жаңалықты ести салысымен жастар құжаттарын жинауға асықты. «Нұрсая» ықшамауданынан 90 пәтерлік үйдің құрылысы басталып кетті. Жоспарға сай қоныс тойы былтыр тойлануы тиіс еді. Алайда, белгілі себептермен пәтер тапсыру мерзімі кешіктіріліп отыр. Біз мәселенің мән-жайын білмек мақсатта «Атырау-Жас отау» ЖШС директоры Нұрлан Сәрекеновке хабарластық.

– Нұрлан Ізтілеуұлы, алдымен жобаның жас отбасылар үшін тиімділігіне тоқталып өтесіз бе?

Бірден айта кетейін, «Жас отаудың» жас буын өкілдеріне тиімді тұстары көп-ақ. Ең алдымен, жастар отбасылы болуы, сосын жұмыс жасауы тиіс. Табысы – 92-98 мың теңгенің шамасында болғаны жөн. Өйткені, жоба бойынша салынып жатқан үйдің бір шаршы метрінің бағасы Мемлекет басшысының жас отбасыларға арнап салынатын үйлердің құнынан аспайды.

Аймақ басшысының тапсырмасымен облыстық бюджеттен қаражат бөлінген соң құрылысты мердігер компания – «Арал» ЖШС бастап кетті. Күні бүгінде бұл жұмыстардың 95 пайызы аяқталды. Тек ауа райына байланысты жасалатын көгалдандыру, абаттандыру шаруалары ғана қалды. Белгіленген мерзімде жас отбасылардан құжаттар қабылданды. Осынау науқан кезінде «Атырау-Жас отау» ЖШС-не мыңнан астам жас жанұя мүшелерінен құжат түссе, соның 711-і бекітілген критерийлерге сай келетіндіктен қабылданды.

90 пәтердің 60-ы бір бөлмелік (көлемі – 40-45 шаршы метр) болса, қалған 30-ы – екі бөлмелік (аумағы 60-65 шаршы метр). Осы арада ескерте кетейік, бұл үйдің қабырғалары кірпіштен қалан-ған, терезелері үш дәрежелі әйнектен құралған. Жаңа пәтерлер сапалы бола тұра, оның құны да нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Мысалы, үй пайдалануға берілгеннен кейін пәтер иелері кооперативі емес, біздің ЖШС-нің балансында қалады. Біз әр шаршы метрді 360 теңгеге жалға береміз. Сонда бір бөлмелі пәтерге айына шамамен 12-13 мың теңге көлемінде төлейді. Бұдан соң «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барып, оның өздеріне тиімдірек болатын «Бастау» немесе «Өркен» бағдарламалары бойынша белгілі мерзімде ақша жинайды. Кейін қаражаты болса, үйді толықтай сатып алады. Жастар бір орында тұрақтап қалмайды ғой, мүмкін осы жылдар ішінде қызметі өсіп, қаражатын көбірек төлеп, тезірек үй иесі атануына мүмкіндігі бар. Артықшылығы сол, жас отбасы алдын ала төлем жасамайды. Бүгінде бағдарламаның шарттары мейлінше жастардың мүдделеріне бағытталған, соны уақытылы пайдалана білуі керек.  

-Осы арада сөзіңізді бөлейінші, редакциямызға шалынған телефон қоңыраулары толастар емес. Газет сайтындағы сұрақтардың дені «Жас отау» жобасы жайында болып отыр. Айтыңызшы, неліктен пәтерлерді пайдалануға беру кезеңі кешігіп қалды?

Сұрауларыңыз орынды. Жобаның жоспарына сәйкес тұрғын үйдің құрылысы аяқталуына екі ай уақыт қалғанда алдын ала құрылған облыстық комиссия мүшелері қабылданған жеті жүзден астам құжатты сұрыптап, пәтер иелерін анықтауы тиіс еді. Дегенмен, тұрғызылған үйге инженерлік жүйе жүргізілмегендіктен, әлі күнге дейін комиссия отырысы болған жоқ. Барлық қиындық та осы тұста болып отыр. Себебі, суы, газы, жылуы жоқ пәтерді біз пайдалануға бере алмаймыз. Ол біріншіден, заңға қайшы, екіншіден, ешқандай инфрақұрылым тартылмаған үйде қоныстанудың өзі ойға қонымсыз. Негізі, жаңа ықшамауданға инженерлік жүйе жүргізу – қалалық әкімдіктің құзырында. Бүгінгі таңда сол аумақта отыздан астам нысан бой көтерген. Бірақ, бәрі де осының салдарынан игілікке берілмей отырған жайы бар. Бұл мәселе де біртіндеп оң шешімін таба бастады. Ағымдағы жылдың сәуір айында пәтерлерді иелеріне тапсыруға уәде береміз. 

Санатқа қалай бөлінеді?

– Бір сөзіңізде жас отбасыларды іріктеу санат бойынша бөлінеді деп айтып қалып едіңіз…

– Иә. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін арнайы құрылған облыстық комиссия жастарды санатқа бөледі. Сөйтіп, сегіз квота бойынша жас жанұялар іріктеледі. 1) Көп балалы немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған жас отбасыларға; 2) ерлі-зайыптылардың бірі мәдениет, спорт, ғылым және тағы да басқа қоғамның салаларында жеңімпаз атанған белсенділерге; 3) жанұя мүшесінің бірі балалар үйінің тәрбиеленушісі болса; 4)мемлекеттік қызмет немесе бюджеттік сала маманына; 5) отбасы мүшелерінің бірі әскери қызметші болса; 6) облыстық әкімдіктің шақыртуымен басқа облыстан келген жас жанұяларға; 7) ерлі-зайыптылардың бірі жартылай мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндерге; 8) жоғарыда аталғандардан бөлек басқа салада еңбек етіп жатқан жалпы жас отбасыларға беріледі. Сонымен қатар, жоба облыстық деңгейде болғандықтан, ауданда тіркелген, бірақ, қалада жұмыс істейтін жастарға да пәтер алуға мүмкіндік берілген. Бұл жолы қабылданған құжат бойынша  тоқсан арызды ауыл жастары тапсырып отыр.

 Биыл да осы жоба жалғасын табатыны айтылған болатын…

-Ағымдағы жылға да жоспарларымыз көп. Аймақ басшысының тапсырмасымен 150 отбасына арналған 120 пәтерлік жатақхана салынады. Әрине, пәтер көлемі сәл кішірек болуы мүмкін. Мәселен, бір бөлмелісі – 30 шаршы метр, екі бөлмелісі 42-43 шаршы метр шамасында болады деп есептеп отырмыз. Сондай-ақ, тағы да «Жас отау» жобасымен 120 пәтерлік үйдің құрылысы басталады. Ол үшін бастапқы қаражат бөлінді, жері де дайын. Ақпан айында мердігер компанияға тендер жариялаймыз. Мұнда бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер салынады. Байқағанымыздай, кейбір 29 жасқа дейінгі жастар арасында төрт баласы бар жас жанұялар бар. Соларды ескере отырып, үш бөлмелі пәтерлер қоспақ ойымыз бар.

 

Әзірлеген

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз