Жапырықтағы жалғыз үй

90060c09 b8e0 424c 9aa9 f2fe4921f2f6 1 Рухани жаңғыру

Жаңа жыл қарсаңында редакция тапсырмасымен жолға шыққан болатынбыз. Құрманғазы ауданының орталығынан бізбен сапарластар табыла кетті. Олар да Атырау қаласынан келеді екен. Туған жерде жаңа жылды қарсы алу мақсатында жолға шыққан Сәкен Төлеуішов, Қайролла Қабекешов есімді азаматтар мен олардың отбасылары бұрынғы Дәшін, қазіргі Хиуаз Доспанова атындағы ауылға, сыныптастарымен кездесуге асығып келеді. Біздің мақсатымыз – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жерге туың тік» айдарына ұлттық құндылықтарды ұлықтап, атакәсіппен айналысып жүрген жеке шаруа иелерінің қысқы тірлігін жұртшылыққа таныстыру.

90060c09-b8e0-424c-9aa9-f2fe4921f2f6 (1)

Адасу

Кештетіп Хиуаз ауылына жеттік. Беталысымыз  – Ақкөлдің маңындағы малшы ауыл.  Айнала ақ қар басқан, шеті мен шегі жоқ қарлы дала. Жолбастаушы жігіттер де туған ауылға көптен келмегендерін айтып, ауылдың қысының ғажайып келбетіне сүйсініп келеді. Ақ қар бетіне жаңа түскен көлік ізімен тартып келеміз. Қыстың қысқа күні ұясына батып барады. Көп болса 30 минутта жетіп қалармыз деп шыққан біз әңгімемен отырып, бір сағаттың өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Алғашында алаңдай қоймадық. Елді мекенді жер ғой, бір ауылға бас тірерміз деген ой болды. Алайда, ауыл жеткізетін болмады. Алдымызда – белгісіз жаққа әкететін тарам-тарам жол. Енді шынымен іштей уайымдай бастағанымыз да рас.

Бірімен-бірі құйрық тістесіп келе жатқан екі жол талғамайтын шетелдік көлік те алқына бастағандай көрінді. Машинадан түсіп, телефондағы жол көрсететін картаға (GPS) сүйенуге тура келді. Әрі-бері жүріп, оңға қарай жүретін жолға түсіп, өзенге тап келдік. Өзен суы енді ғана қатқан тәрізді. Жігіттер көліктен түсіп, мұзды байқап көріп, өзеннен өтуға тәуекел жасады. Мұзды сатыр-күтір еткізіп екі көлік жарқабаққа ырғып шықты.

Жағада өскен қалың қамысты жарып өткенде, алдан көмескілеу бір жарық көрінді. Қыстың көзі қырауда елсізде қалып қоямыз ба деп іштей уайымдап келе жатыр едік, қуанысып қалдық. Жақындап барғанда ғана аңғардық, кәдуілгі екі үйлік етіп салынған кеңес өкіметі кезіндегі  ұжымшарлардың шопандары  отыратын екі пәтерлік қыстау  болып шықты. Жанымызға жақын, қазір ұмытылып бара жатқан көрініс жүректі шым еткізді…

Көліктердің алдынан қазақы дүрегей төбеттер арсылдап қарсы алды. Дегенмен, адамға зияны жоқ екен. Ауада жаңа ғана жағылған пештің тұрбасынан шыққан түтін иісі мұрын қытықтайды. Екі машинадан сау етіп түсе қалған жолаушылар «Ассалаумағалейкум» деп кіріп бардық. Үй иелері қарапайым ғана еңбек адамдары ойда-жоқта сау ете түскен қонаққа таңырқаған жоқ. Қайта қуанысып, төрге көрпелерін жайып, «жоғары шығыңыздар» деп бәйек болысуда. Бір қызығы, жолбасшы жігіттердің барамыз деп шыққан үйі осы үй екен. Көптен көрмеген сыныптастар шұрқырай амандасып, бір-бірінің жағдайларын сұрасуда. Дала суық болғанымен, үйдің іші ұядай, жып-жылы екен. Тап-тұйнақтай, шаруаға ықтиятты адамдардың мекені екені  сырт көзге бірден байқалатыны анық.

f0eb957e-5972-44b1-b9f0-0bccc8ac73d9

Жомарт жанды қазақтар

Отағасы – Дүйсенбай Құспанов, шаруа қожалығының иесі болып шықты. Ресми түрде Жыланды округі Қызыл Оба ауылының шығысында орналасқан Төлеуішов пункті, ел аузында «Жапырық» деп аталатын жерде атакәсіппен айналысып отыр.

– Пешке жақындап отырыңыздар. Біздің жаққа газ келген жоқ, оған аса ынталы да емеспіз. Кәдімгі қи, жыңғыл, көмір жағамыз. Аталарымыздың ісін жалғастырып, осы жерде отырмыз, – деп қауқылдаған үй иесіне қарап, кәдімгі жомарт жанды мәрт қазақты танығандай болдық. «Табиғаттың бел баласындай болып өмір сүрген ата-бабалардың ізі жоғалмапты-ау» деген ой көкірегімізді жылытқандай болды. Аты-жөніңді сұрамай-ақ, адасып келген құдайы қонақты құдайындай қабылдап, ыстық ықыласына бөлеген үй иелері ендігі сәтте аппақ сүлгілерді ұсынып, қолға су құюға кірісті. Арқамызды пешке тіреп алып, жиырма бірінші ғасырдың кереметі – интернет ұстамайтын, ұялы телефонмен үй төбесіне шығып қана сөйлесуге мүмкіндік бар жерде маужырап отырмыз. Иісі аңқып, ортаға үйме табақ сүр ет келді.

– Ал, малды ауылға қош келдіңіздер! Астан ала отырыңыздар, бәрі де өз өнімдеріміз, – деген үй иесі жаңа жыл қарсаңында келіп отырған қонақтарды тап бір Қыдырындай көріп, қуанып отыр.

– Бұл жерді негізі «Жапырық» деп атайды. Біз Қызыл Оба ауылы мен Ақкөлдің ортасында отырмыз. Қызыл Обадан алты шақырым, Ақкөлден жеті-сегіз шақырым қашықта орналасқан ауыл. Жаңағы өтіп шыққан өзен «Шайка» деп аталады. Ол – Қиғаш өзенінің бір саласы. Шора өзеніне барып құяды. Хиуаз ауылы мен Қамал дейтін елді мекеннің ортасында «Ақ мост» деп аталатын көпір бар. Аудан орталығына, округке сол арқылы қатынаймыз. Қыста өздеріңіз көрген өзеннің жақын тұсынан өте береміз, – дейді Дүйсенбай әңгімесін одан әрі жалғастырып.

– Қыс түгілі жазда адасу деген оңай емес. Әрине, елді-күнді жер ғой, қоналқаға бір ауылға барарсыздар-ау. Бірақ, бензин таусылса немесе көлік бұзылса өте қиын ғой, – дейді кеш келген қонақтарға ет асып, дастархан жайып, жүгіріп жүрген Дүйсенбайдың зайыбы Қарлығаш.

IMG_5255-14-01-19-03-32

Саумал  ауа, аппақ  қар

Ас желініп болғаннан кейін сыртқа шықтық. Қорада түйелер күйіс қайырып тұр, тәкаппарлана көкжиектен көз айырмайды. Ойсылқара түлігіне қарап тұрғанымызды көрген үй иесі 2018 жылғы желтоқсан айының ортасына дейін қыстың жайлы болғанын сөз етті.

– Жеддінің соңғы онкүндігінде мұздақ жауып, қар түскесін малды қораға ұстауға тура келді, әйтпесе, далада жүрген болатын. Малды да күтіп, баптамасаң болмайды. Тура бір өз балаңдай көру керек. Нәсібіміз де, кәсібіміз де осы төрт түлік болған соң,  қорасын жылы етіп, жаздай жөндеп, жем-шөбін дайындап дегендей, бір мігір таппаймыз. «Қыстың қамын жазда ойла» деген бабалардың сөзі қалай дәл айтылған десеңізші! Қазіргі таңда отызға тарта сиыр, елуге тарта қой, оншақты түйе малы бар. Бәрін бас-басына танып, таңертең мал шаруалауға шыққанда сөйлесіп жүремін. Олар да біз сияқты жан иелері ғой. Мені танып, бастарын сілкілеп мәз болады. Қойларым маңырап қарсы алады. Өзім осы кәсіпті жанымдай сүйемін. Қалаға барсам, тынысым тарылып кетеді. Кейде шаруамызбен  орталыққа барғанда, бауырларымыздың үйіне соқпастан, асығып келеміз, – дейді шаруа баққан қарапайым қазақ Дүйсенбай Құспанов.

Тұрбадан түзу шыққан түтінге қарап, ертеңгі күннің аязды, тымық болатынын болжадық. Бағанадан байқамаппыз, аяз кәдімгідей қойны-қонышымызға кіріп алыпты. Баяғы бала кездеріміздей үйге кіруге асықтық. Үйге бір құшақ салқынды өзімізбен бірге ала кірген бізді Қарлығаш күлімсірей шәйға шақырды…

P.S. Жылынып, ас жеп, шәй ішіп алған соң жолды анықтап алып, үй иелерінен рұқсат сұрап, баратын елді мекенімізге бет алдық. Соңымызда екі итінің басынан сипап, Қарлығашы жанында Дүйсенбай қалып барады. Олармен бірге кеудемізге еніп алған бағанағы бір түтіннің иісі, саумал ауа, ұшы-қиыры жоқ даладағы жалғыз үй қалып барады. «Ата қазақтың кәсібін жалғаған осындай азаматтар аман жүргей!» деген тілек тіл ұшында тұрды…

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз