
Жаңа саяси мәдениет – әрбір адамның жауапкершілігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік маңызы бар кез келген мәселе бойынша шешуші сөзді азаматтарымыз айтуға тиіс» деген сөзі – елімізде халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатының шынайы іске асып жатқанын көрсетеді.
Бұл – демократиялық құндылықтардың терең тамыр жаюы, халықтың ел тағдырындағы рөлінің күшеюі, азаматтық жауапкершіліктің артуы деген сөз. Президенттің осы ұстанымы – жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына жол ашқан тарихи кезеңнің айқын белгісі.
Соңғы жылдары елімізде қабылданған маңызды шешімдер – Конституцияға енгізілген түзетулер, референдумдар мен қоғамдық талқылаулар – барлығы да халықтың пікірін ескеруге негізделген жаңа тәсілдің көрінісі. Бұл өзгерістердің өзегі – әр азаматтың ел өміріне араласуы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде енді кез келген маңызды мәселе бойынша шешімді халықтың өзі айтады. Бұл – демократияның ең жоғары көрінісі.
Халық өз ойын ашық айтып, ұсынысын білдіріп, ел дамуына үлес қосса, мемлекет те соғұрлым сенімді әрі тұрақты дамиды.
Біз, “AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар рухы” жастар қанаты, осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған нақты бастамаларды жүзеге асырып келеміз.
Мысалы, еліміздің өңірлерінде экологиялық акциялар, қоғамдық тыңдаулар, жастар форумдары, волонтерлік жобалар өткізіліп жатыр.
Нағыз патриотизм үлкен сөздермен емес, нақты істермен көрінеді. Президент айтқандай, әрбір азамат өз ауласын таза ұстап, айналасын көгалдандырып, қоғамдағы тәртіпке атсалысса – ол ел дамуына қосқан зор үлес.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде осындай жасампаз жастар көбейіп келеді. Олар туған жерін көркейтуге, халыққа пайдасын тигізуге ұмтылады.
Мұндай бастамалар – ұлттық рухты күшейтіп, жастардың бойына жауапкершілік пен еңбексүйгіштік қасиетін дарытады. Бұл – шынайы патриотизмнің айғағы.
Еліміздің келешегі – өз пікірін еркін білдіретін, ел ісіне араласатын, әділетті қоғамды қалыптастыруға дайын жас буынның қолында.
Сондықтан әрбір жас өз орнында қоғамға үлгі болып, айналасына игі ықпалын тигізсе, мемлекетіміздің іргесі одан әрі беки түспек.
Біз, жастар, ел болашағына бейжай қарамайтын, өз тағдырына жауапкершілікпен қарайтын халықтың ұрпағымыз. Мемлекет басшысы айтқандай, әрқайсымыз өз орнымызда пайдалы іс атқарсақ – ол еліміздің үлкен жетістігіне айналады.
Жаңа саяси мәдениет – тек билік пен қоғам арасындағы диалог емес, әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі. Біз осы жауапкершілікті сезініп, ел игілігі жолында бірлесе еңбек етуге дайынбыз!
Абылай ҚҰРМЕТҰЛЫ,
“AMANAT” партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы “Жастар рухы” жастар қанатының төрағасы


