ЖАМАҒАТ АРАСЫНДАҒЫ ЖАРЫС

«Мұнайшы» стадионында мешіт жамағаттары арасында өткен  кіші футболдан қалалық турнирі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Оның ашылу салтанатына Қызылорда облысынан келген білікті теолог маман Батырбек Убаев, Атырау облысы дін істері басқармасы «Ақпараттық талдау орталығының» бөлім басшысы Сабыржан Төлегеновтер қатысты.  

 

Шара мақсаты – турнир өткізу арқылы жамағаттар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, нығайту. Қазақтың ұлттық құндылықтарын және салауатты өмір салтын насихаттау.

Атырау облысы дін істері басқармасының «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-нің және Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, «Жас Отан» Жастар қанатының облыстық филиалы мен «Ақсұңқар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен турнирде  «Әт-Тәқуа», «Иманғали», «Құспан молла», «Мәулімберген», Қ.Мұңайтпасов атындағы мешіттер және «Ақпараттық талдау орталығының» командалары бақ сынап, қызықты ойын өрнегін көрсетті.

Турнир қорытындысымен «Құспан молла» мешіті І орынды иеленіп, кубокты қанжығаларына байлады. Әдемі ойын өрнегін көрсеткен «Иманғали» мешіті мен «Ақпараттық талдау орталығы» командалары ІІ орынға табан тіресе, ІІІ орынды «Мәулімберген» мешіті иеленді. Сонымен қатар, «Иманғали» мешітінің шабуылшысы Сәбит Шунгулов «Үздік шабуылшы» атанса, «Құспан молла» мешітінің капитаны Наурыз Батыров «Үздік ойыншы», ал «Әт-Тәқуа» мешітінің қақпашысы  Мұрат Досаналиев «Үздік қақпашы» номинациясына лайықты деп танылды. Қатысқан барлық командаларға арнайы сыйлықтар тапсырылып, дипломдармен марапатталды.

 

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз