ЖАЙЫҚТЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫ – БЕРГІ ЖАҒЫ

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріковтің поэзиядағы тұсауын кезінде қазақ өлеңінің классигі Қадыр Мырзалиев кескен болатын. Содан бергі жылдар ішінде қаламгердің жиырмаға жуық кітабы жарық көріп, қалың елге танылды. Орал мен Атырауға бірдей төлтума-телтума ақынның өлеңдер топтамасын оқырмандар назарына  ұсынып  отырмыз.

Дендер

Қай Дендер, мына Дендер, Дендер, Дендер,

Алдыңнан құба бел боп көлденеңдер.

Жайықтан ат суарып, бір желпінді-ау,

Жорықтан жауды жеңіп келген ерлер.

 

Қай Дендер, мына Дендер, Дендер, Дендер,

Сөз айтшы шемен болған дертімді емдер.

Үстіңнен қалай ғана жүріп өтті,

Ақынды бұғып барып өлтіргендер?!

 

Қай Дендер, мына Дендер, Дендер, Дендер,

Әнімен Бала Ораздың тербелген жер.

Сарғайып сағыныштан келгенімде,

Азайып қалған екен көзкөргендер.

 

Қай Дендер, мына Дендер, Дендер, Дендер,

«Дендердей бола алмайды кез келген жер»,

Табылжан осылай деп жиі айтатын,

Сау жүрсін туған жерге дем бергендер.

 

Қай Дендер, мына Дендер, Дендер, Дендер,

Дендерден тұрақ таппас «өзгергендер…»

Мәңгілік Махамбеттің мекені бұл,

Дендерді Сарайшықтан кем көрмеңдер!

 

Қимас көңіл

Дарынды дәрігер, дәулескер күйші болған индерлік досым

Сағынгерей Әбілхайыровтың рухына бағыштаймын.

 

Өзіңді жүруші едім таудай көріп,

Жатырсың, қайран досым, нардай шөгіп.

Жолыңа қансонар боп төселсемші,

Пейілді қаңтардағы қардай төгіп.

 

Дер шағың қалып қойды-ау кеше күнде,

Бұл күнде сол өтімді, есе кімде…

Сездіріп соның бәрін жатыр кейпің,

Айта алмай, дөңбекшисің төсегіңде.

 

Фәнидің қызығында ісі қалмай,

Ретің жоқ еді ғой қысылардай.

Бір нәрсе айтқың келіп ұмсынасың,

Отырмын сөздеріңді түсіне алмай.

 

Көрдім де сартап ауру қаусатқанын,

Ішімнен тағдырыңа дау сақтадым.

Бұтақтай күнге күйген арса-арса,

Жүйіткіген домбырада саусақтарың.

 

О, жалған, тарылмашы, тарылмашы,

Бейнетпен өтер жанның жарым жасы.

Бейнеттің зейнеті де болмай ма екен,

Бақыттың қонақтап бір қарлығашы.

 

Бұл дүние тар екен ғой, кең деп едім,

Теріс боп шыға келер, жөн дегенің.

Талайдың жанын сақтап қалғаныңда,

Өзіңізді өзің неге емдемедің?

 

Шақырып жастық шақтың жасыл бағы,

Жандарға шуақ төктің қасыңдағы.

Болған жоқ бір күнгідей, кетті-ау өтіп,

Бұл жалған мейірімсіз тасырдағы.

 

Ұрпағы ең Бесқасқадай тектілердің,

Ауруға дес берместей өткір едің.

…Үйіңнен таңмен талас аттанарда,

«Жаратқан, жар бола гөр» деп тіледім!

 

…Жаратқан жар болмады, сақтамады,

Бәрінен басым түсті хақ талабы.

Үміттің нәзік отын кетті таптап,

Ажалдың арқыраған ақтабаны.

 

Жан-жақтан жататынбыз жамырап бір,

Жүректің түпкірінен әмір ап кіл.

Шын достар сырларының куәсі еді,

Өз бөлмең енді қазір қаңырап тұр.

 

Тағдырдың жолы тура сызылмайды,

Тәртібі фәни – бақи бұзылмайды.

Сездіріп мұңды арманын, тұл қалғанын,

Домбыраң өз-өзінен ызыңдайды.

 

Құдаға құрмет

Аты алысқа кеткен ауыл Сүйіндік,

Бүгін мұнда бас қосыпты дүйім жұрт.

Арада өскен азаматын ардақтап,

Жатыр екен бір тамаша жиын қып.

 

Елу жасқа әркім келер әрқалай,

Біреу келер, желік жыны тарқамай.

Ей, Рысеке, атағыңыз аспандап,

Сіз келдіңіз ел алғысын арқалай.

 

Баршылықта әркім мырза болады,

Төңірекке құптаушылар толады…

Мансап қумай, елде жүрген сіздей жан,

Таршылықта көмек қолын созады.

 

Ағымынан қалмай мына заманның,

Мүмкіндігін ашып барлық адамның,

Осы ауылға бала, әрі ағасыз,

Өзіңізді әмбебапқа баладым.

 

Тарқамасын бұл өмірдің базары,

Ел сыйлайды жүрек, жаны тазаны.

Отбасы мен бар әулеті аман боп,

Ашық болсын азаматтық ажары!

 

Құрманғазы мен Қашаған

Аңыз деген шындықтың дәні ме еді,         

Соларды естіп сан сырға қанып едім.

Бір қарт күйші толғаған мына әңгіме,

Көңілімді тербейді әлі менің.

 

Қараулармен  қас болып Құрманғазы,

Маңқыстау кеп, сауықты құрған жазы:

Қақ ортада қасқайып жүрген екен,

Күйшілерді жинап aп бұл маңдағы.

 

Заман ғой ол бай балқып, кедей күйген,

Жалшы-малшы не күтсін өгей күннен.

Тесік өкпе, күс табан бұқараны,

Күйін тартып, Құрекең жебей білген.

 

Күн артынан осылай озған күн көп,

(Өнер сүйген елге қол созған міндет).

…Toй үстінде бір үлкен Былшықкөз бай,

Құрекеңді тілдепті «бозқаңғыр» деп.

 

«Жазған жерім жоқ еді Жасағанға,

Сауық құрдым еліңде тасаланбай,

«Басын жұлып мына иттің алайын» деп,

Құрманғазы қарапты Қашағанға.

 

Қашаннан-ақ Қашаған дүлдүл ақын,

Тергеп кетсе, бір сөзді мыңға ұратын.

«Тоқта, аға, сазайын мен берем» деп,

Сөз айтыпты бай сағын сындыратын.

 

He сөз айтты – бұл жерде ол маңызды емес,

Болса керек құрылған нағыз «кеңес…»

Желдей есіп Қашекең жөнелгенде,

Үй ішінде билепті жалынды елес.

 

Қашаған да тоқтапты, сөйлеп келіп,

Әрбір сөзі мың батпан ой бөктеріп.

Отырған жұрт қараса Былшықкөзге,

Киіліпті қызыл от көйлек болып.

 

«Қызыл жалын үстімді орап алған,

Көрмедім-ау бір қайыр тола малдан.

Құтқар мені, Қашаған, отыңнан»деп,

Былшықкөз бай жылайды сонадайдан.

 

«Ойын-тойда күй – көрік, өлең – серік,

Өнерімді халқыма келем беріп.

Қашағанжан, мен саған ырзамын ғой,

Өліп кетер мына ит, бөгелмелік».

 

Деп Құрекең бастапты «топан» күйін,

Есіне алып Нарынын – отан, үйін,

Жиналған жұрт күйге елтіп отырғанмен,

Былшықкөздің жағдайы өте қиын.

 

Домбырадан бір дауыл ұйтқығандай,

Көңілінде күйшінің түйткіл қалмай.

Былшықкөздің үстінде от көйлегі,

Лaп бергісі әп-сәтте кеп тұрғандай.

 

Адал болсаң әрқашан көңіл сыйлы,

Көкірегі пасықтың көңірсиді.

Қызыл жалын кеудесін қарығандай,

Былшықкөз бай дөңбекшіп, ыңырсиды.

 

Қызыл оттың ішіне салып тұрып,

Қылған ісін бетіне салық қылып.

Жыр жүйрігі Қашаған жерлеп еді,

Былшықкөз бай жылады, халық күліп.

 

Аумайтындай басында тұрған бағы,

Кеше ғана Былшықкөз – қыр маңғазы.

Енді бүгін қыңсылап бұралқы иттей,

Айтпақ қазір үкімін Құрманғазы.

 

«Бастым біраз ашуды тұмшалаған,

Сасық байдың айтқанын мұң санаман»,

Деп Құрекең қараса төңірегіне,

Тынып қапты сілтідей мұншама адам.

 

Сосын тағы күйден ол бас бұрмапты,

Қарт тыңдапты бұл күйді, жас тыңдапты.

…Отырған жұрт шу етіп қалды кенет,

Керегеден құйылып тасқын қатты.

 

«Не ғаламат! Жаңбыр жоқ, аспан ашық»,

Деп үй иесі түндікті тастады ашып.

Өзгелерге ұрынбай жардай толқын

Былшықкөзге құйылды, бастан асып.

 

Көр кеудесін қуырып от көйлегі,

Шыдамы да шегіне  жеткен  еді.

Суық суға малшынып Былшықкөз бай,

Рахаттанып ұйқыға кеткен еді.

 

Өш алатын мес қарын, тacқұлақтан,

Өнер қару! Ез емес басты баққан.

Қашағанның жырынан жалын шарпып,

Құрманғазы күйінен тасқын аққан.

 

Жетті бізге осы аңыз көне күннен,

Өтті қанша уақыт елегінен.

Құдіретіне өнердің шек болмайды,

Бұл  аңызға сондықтан сенемін мен!!!

 

Егіздер

Текті ғана тартып туар негізге,

Жұбан-Жайық! Ұқсатам мен егізге.

Жұбан жырын санамызға сіңірсек,

Жайық барып құйып жатыр теңізге.

 

Орал таудан басын алса Жайығым,

Жұбан ақын өрге салды қайығын.

Жұбан-Жайық! Кіндігі бір алыптар,

Алып  деген  екеуіне  сай ұғым!

 

Шымырлайды ұлы арнаның айдыны,

Секілденіп дауылпаз жыр айбыны.

Жұбанынан – сыңарынан айрылып,

Жайық көптен, Жайық көптен қайғылы.

 

Жайық суы аға берер мәңгілік,

Жердің шөлін, елдің шөлін қандырып.

Жұбан жыры болашаққа барады,

Жүректерде намыс отын жандырып!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз