Жайық бойын жайлаған ауыл

ертеңгі күнге зорсеніммен қарап отыр

Облыстық «Атырау» газеті осыдан үш жыл бұрын бастаған «Атамекен» экспедициясын қайтадан жалғастыруды қолға алды. Бұл жолғы елді мекендерді аралап, ауыл тынысын білуге мүмкіндік беретін сапарымызды Махамбет ауданының Есбол ауылдық округіне қарасты Ортақшыл ауылынан бастадық.

Ортақшылда бәрі бар

Екі мың жарымға жуық тұрғыны бар ауылдың негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Бүгінгі таңда мұнда қызмет етіп жатқан 30 жеке шаруашылықтың басым көпшілігі төрт түлік малды өсіріп, оның өнімдерін халыққа жеткізіп отыр.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын ауылдық округке қарасты үш ауыл – Ортақшыл, Есбол және Еңбекшілде проблемалар жетіп артылатын. Бірер жылда ғана облыс басшыларының қолдауымен бұлардың барлығы дерлік шешімін тауып, халық жайлы тұрмысқа қол жеткізе бастапты.

– Өткен жылы облыс орталығына қатынайтын тас жолмен қатар, үш елді мекенге кірмежолдар салынды. Ауылдардың көшелері де асфальтталды. Округте мектеп, мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтті. «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес Есбол мен Еңбекшіл ауылдарына таза ауыз су құбыры жүргізіліп, биыл Ортақшылдың тұрғындары да бұл игілікке қол жеткізбек. Табиғи газ да әр үйге жетіп тұр. Міне, мұның барлығы – тәуелсіздігіміздің жемісі, жарқын көрінісі», – дейді бізді ақжарқын көңілмен қарсы алған округ әкімі Мереке Әділғалиев.

Амбулатория бар, бас дәрігер жоқ

Ауыл көшесімен жүріп келеміз. Көшелерге ұзыннан төселген асфальттар күн көзімен шағылысып, айнадай жарқырайды. Жасыл желекке оранған ауыл шетіндегі өрісте малдар жайылып жүр. Қарап тұрсаң, мамыражай тіршілік. Айнала тап-таза. Ал, ертеңгілік саф ауа көкірегіңді ашады. Алайда, ауыл тұрғындарын толғандырар мәселе де жоқ емес. Соның бірі – жұмыссыздық. 

– Жол азабын қырық жылдан астам уақыт бойы көріп келгенбіз. Кезінде Атыраудан Индерге бағытталған тас жол ұзақ уақыт бойы жөнделмегесін әбден тозды, қара жермен жүретінбіз. Жол салынғасын халықтың «көзі ашылды» деуге болады. Өйткені, адамның қолайлы өмір сүруіне инфрақұрылымдық жүйелердің толық жүргізілуі маңызды. Жағдайымыз түзелді. Бұрын жаңбырлы күндері бір көшеден екіншісіне өту үшін балшыққа «батып» баратынбыз. Ал, қазір балшық дегенді ұмыта бастадық. Үш сағатта шаң-шаң болып, әрең жететін Атырауға да қазір бір сағатқа жетпейтін уақытта зулап барамыз. Ендігі шешімін күткен мәселе – ауыл тұрғындарының жұмыссыздығы. Әсіресе, әйел адамдардың көпшілігі үйде отыр. Ер азаматтар көбіне вахталық негізде жұмыс жасайды. Сонымен қатар, округтегі ауылдық амбулаторияда он медбике қызмет атқарады, бірақ, бас дәрігер жоқ. Аудан орталығынан аптасына бір-екі рет арнайы дәрігерлер келіп, науқастарды қарап кетеді. Сонда да, бас ауырып, балтырымыз сыздаған сәтте дәрігердің қасымызда болғанын қалаймыз. Әсіресе, ауыл үлкендеріне бұл мәселе қиындық әкелуде, – дейді округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Айса Салтанов.

Орыс тілі пәні мұғалімдері тапшы

Екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен сексен жылдық тарихы бар   Қосарал орта мектебі оқу жылын жақсы табыстармен аяқтап отыр. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша мектептің білім сапасының көрсеткіші 47,7 пайыз болса, биыл 51,4 пайызды құрап отыр. Білім ордасының директоры Гүлнәр Жайлашеваның айтуынша, білім сапасының артуына бастауыш сыныптар да үлесін қосқан.

– Алты жүз жиырма төрт орынға негізделген мектепте бүгінгі күні 253 бала оқуда. Сондықтан, қазіргі таңдағы басты мәселе – оқушы санын арттыру. Соңғы екі жылда бала санының өсімі байқалады. Биыл 18 шәкіртімізді мектеп қабырғасынан ұшырып отырмыз, соның 15-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірді. Екі «Алтын белгіге» және екі «Үздік аттестатқа» үміткеріміз бар. Тағы толғандырарлық мәселе – орыс тілі пәні мұғалімдерінің жетіспеуі. Бұл проблема тек ауылда ғана емес, аудан, облыс бойынша да көрініс табуда, – дейді мектеп басшысы.

Мектеп ұжымы балалардың жазғы демалыстарының сәтті өтуін де ойластырып қойған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан 85 бала мектеп жанындағы лагерьлермен қамтылмақшы. Ал, жеті оқушы денсаулығына байланысты Есбол ауылындағы «Балауса» сауықтыру лагеріне, екі шәкірт Көкшетаудағы «Балдәуренге» барады. Сонымен қатар, «Тұлпар», «Арай» лагерьлерінде де балалар демалмақ. Бір сөзбен айтқанда, мектеп оқушыларының 93 пайызы жазғы демалыс лагерьлерімен қамтылады деп жоспарланған.

Көпір құрылысы қашан аяқталады?

Жайық өзені жағасындағы елді мекендер тұрғындары үшін аудан орталығы Махамбетке барып-келу азапқа айналған. Жергілікті халық күні бүгінге дейін паром арқылы қатынап келген болатын. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда өмірлерін қатерге тігіп, қайықпен қатынайды. Енді мемлекеттік бағдарлама аясында бұл қиындықтың түйіні шешілетін болды. Өйткені, қазіргі таңда Жайық өзенінің екі жағын жалғайтын жаңа көпір құрылысы жүріп жатыр.

Бұл нысанды халықаралық маңызға ие деп толық айтуға болады. Себебі, «Атырау-Орал» жолының бойында орналасқандықтан болашақта «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» тас жолындағы көлік қатынасын да біршама жеңілдетпек. Айта кетсек, бұған дейін Жайық өзенінің екі жағына орналасқан 50 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда бірде-бір өткел болмаған еді. Сондықтан, бұл көпірдің халық-аралық тасымалмен айналысушылар үшін де, аудан халқы үшін де маңызы зор.

Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, көпірдің ұзындығы – 720 метр, ені – 12,8 метр. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан – «Атырауинжқұрылыс» мекемесі. Бүгінгі таңда құрылыс басында 130-дай адам еңбек етуде, соның ішінде 80 жұмысшы – жергілікті азаматтар.

– Көпір өткелінің іргетасы құйылып, 12 тірек тұрғызылды. Енді аралық құрылымдарды бетондау, монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның ерекшелігі тек монолитті құрылыс болғандығында ғана емес. Мұның ортаңғы бөліктерінде ешбір қосымша бағаналар жоқ. Көпірдің жобасы өңірдің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып арнайы жасалғандықтан, Жайық өзенінің ластанбауына мүмкіндік береді, – дейді облыстық және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Әсет Оразғалиев.

Бұл көпір тек қана жеңіл машиналар емес, жүк көліктерінің де екі жақты алмасуына үлкен мүмкіндік жасайды.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз