ЖАЙДАРЫ МІНЕЗДІ ӘПКЕ ЕДІ

Аққаным апаймен мектепте, аудан орталығында өткізілген кездесу шараларына әлденеше рет қатысқан едім. Ол өзінің еңбек жолы, комбинат ұжымының жетістіктері, өндіріс озаттары, сондай-ақ, жастардың еңбек ете жүріп қалаған мамандықтарын алып шығуларына мүмкіндіктері барын әңгімелейтін-ді. Осы бір кездесулердің әсерінен мен орта мектепті бітірген соң еңбек жолымды Гурьев балық консерві комбинатының өндіріс цехында бастадым.

Ал, 1978 жылы Аққаным әпкемен комбинаттың кадрлар бөлімінде бірге еңбек ету бұйырды. Әпке сырттай жоғары білім алса, мен орта арнаулы оқу орнын тәмамдап, комбинат басшылығының қолдауымен біріміз балық өңдеушіден кадрлар жөніндегі инженерлігіне, ал, екіншіміз кадрлар инспекторлығы қызметіне ауыстық.

 Аққаным әпке болса кадрлар жөніндегі сан алуан айлық, тоқсандық, жылдық есептермен бірге жоғарғы жаққа берілетін ақпарларды сауатты, дер мезгілінде орындап отырды. Әрі сол жылдары Мәскеу қаласында кадрлар саласындағы білімін жетілдірді.

1987 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысына және КСРО Балық шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес қызметкерлердің жас мөлшері және жынысы, еңбек өтілі, демалысы мен еңбек аптасының ұзақтығы бойынша есеп жүргізілді. Осы есепті «Гурьеврыбпром» бірлестігінің кадрлар бөлімі бірінші болып тапсырып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Бұл маңызды шарада Аққанымның да еңбегі зор болды.

Айтпағым, тиісті орындар елі үшін елеулі еңбек сіңірген Аққаным Байдоллақызының есімін ескерусіз қалдырмаса екен деймін.

Бәтима ТАТАЙҚЫЗЫ,
еңбек ардагері, комбинаттың бұрынғы қызметкері
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз