«ЖАҢАРУ» – ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖАУЫ

Газетіміздің ілгергі сандарының бірінде айтылғанындай, елімізде сенатор Оралбай Әбдікәрімовтің бастамасымен «Жаңару» республикалық жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық іс-әрекет қозғалысы» бірлестігі құрылды. Елбасының саяси сахнадағы сенімді серігі, тәуелсіздік туын бірге көтеріскен үзеңгілесі жетекшілік ететін құрылымның мақсаты – қоғамның қауіпті дертіне айналып, оны жегіқұрттай жеп жатқан жемқорлық кеселіне қарсы күреске жұртшылықты жұмылдыру. Жақында Астанада оның алғашқы отырысы өтті. Соған қатысып келген аталмыш қозғалыстың Атырау облыстық филиалының төрағасы, агротехникалық колледж директоры Болат Қожиев әріптестерімен дидарласты.

…Жарты жылға жуық ұлтарақтай жер теліміне қол жеткізе алмаған кәсіпкер кімге шағынарын білмей, тығырыққа тірелді. Алты айда ашпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмады. Қолында азды-көпті билігі барлар бірінен екіншісіне сілтеп, әбден әуреге салды. Заман талабына сай бизнесін бастап, өзін де, өзгені де жарылқауға ұмтылған жан ақыры қолын бір-ақ сілтеп, байырғы томаға тұйық тірлігіне қайта оралды. 

Таныс көрініс пе? Басыңыздан осындай оқиға өтті ме, оқырман? Өзіңізге заң бойынша тиесілі нәрсені алу үшін қосқабат есіктің ар жағындағы басшының қабылдау бөлмесінде сағаттап отырған күндеріңіз жадыңызда шығар. Ақыры араға ағайын салып, танысты тықпалап немесе ақша ұсынып шаруаңызды тындырдыңыз емес пе? Мүмкін, «бара бергенше – пара бер» деген сиқырлы сөз осыдан шыққан шығар?
Міне, жемқорлық дегеніміз осы? Елбасы елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікке кедергі келтіретін нәрсенің бәрін жоюға шақырып жатқанда бәзбіреулер бұра тартып, кері сүйрейді. Ендеше, солармен қалай күресуге болады?
Осындай жандардың сүйеніші болатын, оларды қорғайтын құрылым – «Жаңару» республикалық жалпыұлттық қозғалысы. Оның облыстық филиалының жұмыс жасай бастағанына да көп уақыт өткен жоқ. Соның өзінде арызданып келушілер, жәрдем сұраушылар жеткілікті.
Жалпы, жасыратыны жоқ, көбіміздің құқықтық сауатымыз тым төмен. Күнделікті тірлікте қарапайым нәрседен сүрініп жатамыз. Мәселен, тағы да кәсіпкерлікті сөз етелікші. Бүгінде мемлекеттен қажетті қаражат беріліп жатыр. Соны ұқсатушы екінші деңгейдегі банкілер бизнес иелерін сергелдеңге салып қояды. Бүгін бір құжатты сұраса, ертең екіншісін талап етеді. Кепіл мүлкіңді алмай қоятын қырсықтығы тағы бар. Ал, соларға заң тілімен төтеп бере аламыз ба? Міне, «Жаңару» облыстық филиалы кеңесінің құрамында заңгердің болуы бұл мәселенің оң шешілуіне септігін тигізеді.
Құрамы дегеннен шығады, кеңес мүшелігіне кез келген адам өте алады. Оларға қойылатын бір ғана талап бар, ол – адалдық. Бұған дейін мемлекеттік құрылымдар қызметкерлеріне тыйым салынып еді, енді оларға да рұқсат етілді. Тек кейін өзінің жемқорлық әрекеті әшкереленіп, қолына кісен салынып жүрмесін. Онда ол өзі тұтылып қана қоймайды, жұмыс жасайтын мекемесін де ұятқа қалдырады. Демек, кеңес құрамына өзіне сенгендер ғана келе алады.
Бүгінде оның сапында өңірге танымал кәсіпкерлер, заңгерлер, ірі кәсіпорындар қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен журналистер, т.б. бар. Оларға қосымша қаржы да төленбейді. Мұндағылардың бәрі өзінің жалақылы жұмысынан сәл уақыт тауып, бұл істі қоғамдық негізде атқарады. Сондықтан, қор да қаралмаған. Жалпы, шаралар көп қаржыны да талап етпейді. Өйткені, әркім, қайталап айтқанда, жүрек қалауымен ғана атқарады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз