ЖАҢА ЖЫЛҒА – АРЗАН АЗЫҚ-ТҮЛІК

Қоғам

Тұтастай алғанда, ол 25 желтоқсан – 5 қаңтар аралығын қатиды. Осылайша, сәрсенбінің сәтінде басталған сауда-саттық мерекесі он күнге созылмақшы. Бірден айта кетеріміз, бұл күндері жәрмеңкеге шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдері мен күнделікті тұтынылымдағы азық-түлік тауарларының 30-дан астам түрі базар нарқына қарағанда 10-15 пайызға дейін төмендетілген бағамен босатылмақшы. Мұнда жалпы саны 70-тей көтерме сауда нүктелерінің иелері, он шаруа қожалығы, сондай-ақ, көршілес Ресей елінің Астрахан қаласынан келген бірнеше жеке кәсіпкер өз базарлықтарын келушілердің назарына ұсынбақшы.
Соның ішінде, негізінен жергілікті тауар өндірушілерінің де өнімдерін, қарапайым халыққа арзандатылған бағамен босатуы қамтамасыз етіледі. Мәселен, алғашқы күннен-ақ жәрмеңкеге қатысып отырған «Дастан», «Бисен», «Камалов», «Бахтыгүл» қожалықтары ет өнімдерін (мүйізді ірі қара) 800-850, балық шаруашылығымен шұғылданатын «Тілекші» ШҚ, «Жамбыл» және «Інжу-Маржан» өндірістік кооперативтері ауланған су маржандарының келісін 350-500, ал, исатайлық «Торы агроөндірістік кооперативі» ЖШС өздерінде дайындалған шұжық өнімдерін 800-1200 теңгеден сатпақшы.
Сол секілді «Атырау-Сауда» ЖШС-не (Жылыой ауданы, Құлсары қаласы) «Бақайқұс» фабрикасы, «Жарасов», «Гасанов» жеке кәсіпкерліктері, Астрахан қаласындағы «Владимирская», «Степная» шағын кәсіпорындары өздерінде өндірілетін құс жүмыртқасының бағасын 18-21 теңгеден асырмауға келіскен. Мұның сыртында, Махамбет ауданындағы «Раушан» ШҚ, Жылыойдағы «Балжігітов» ЖК, Атырау қаласы аумағындағы «Жарасқан», «Мұрат» (Кеңөзек с/о), «Арай», «Шаданова», «Мұратшин» (Қайыршақты) шаруалықтары, сол сияқты жекелеген кәсіпкерлер мал өнімдерін (ет, сүт, қаймақ, шұбат, айран), көкөніс-бақша дақылдарын, басқа да тауарларын жәрмеңкеге келген жұртшылықтың назарына ұсынуға бел буған. Орташа есеппен, жәрмеңке күндерінде сиыр еті 800, құс еті 450, сазан балығының келісі 300, қаймақ 1400, картоп 75 және жұмыртқаның бір данасы 22 теңгеден сатылатын болып ұйғарылған. Және бір білгеніміз, бір жолға ғана емес, жалпы жыл бойына тұрғындар қажетіне жарайтын көкөніс өнімдерінің қоры жасақталып, арнаулы қоймаларда сақталған. Осы тұрғыда жылыжай шаруашылықтарының да өзіндік үлестерінің барлығы алға тартылды.
Бұл туралы бейсенбіде «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналып өткізілген брифингте мәлімделді. Жаңа жыл қарсаңында қолға алынып, ұйымдастырылып отырған игілікті шара төңірегінде брифингке қатысушы қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары Қадырғали Тұрғанов пен Сәден Лұқпанов, «Атырау» ӘӘК-не қарасты «Атырауагросервис» ЖШС директоры Асқар Бисенов жан-жақты түсінік беріп, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар қайтарды.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған