ЖҰМБАҚ ІЗДЕГЕН ЖОҚШЫ

немесе,  дүние  құпиясын  шешуге 

ділгер Дүйсәлі  қария  қандай  адам?


Тылсым дүние тынысы

Бағзы бабаларымыздан қалған бір тәмсіл бар. Данагөйден сұрапты:
– Өмір дегеніміз не?
– Жұмбақ, – депті ол.
– Адам ше?
– Сол жұмбақтың шешуін іздеп өтетін жоқшы.

 Біз әңгімелеп отырған Дүйсәлі Қалдыбайұлы әлгі айтқан жоқшылардың ең алдыңғы сапында айқұлақтанып көрінер еді десек, әсте асылық айтқандығымыз емес. Дөңгеленген дүние жұмбағын шешуге, іздене отырып, рухани жағынан өсе түсуге бейіл, өмірлік ұстанымы берік, ойлаған мақсатының өрісіне шығуға, оның қалайда жемісін көруге ділгер жан ол. Бұған бәлкім, бір кездері он төрт жыл бойы облыстық арнаулы кітапхананың меңгерушісі бола жүріп, рухани қазынаның қайнарынан армансыз сусындағаны, күнделікті оқу-тоқуына үлкен мүмкіндік беретін Брайль жүйесін толық меңгергені де елеулі ықпалын тигізген болар. Оның уақытында марксизм-ленинизм университетін (УМЛ)  қызыл дипломмен бітіргенін де, айналасы болмаса, көпшілік біле бермесе керек. Әйтеуір, Дүйсәлі атамыз – өте бір талғампаз,  төрткүл дүниенің жүрек лүпіліне құлақ түріп отыратын көкірегі ояу, тең құрбыларынан мойны озық көрінетін зерек адам. Бұнымызды Дүйсекеңе тонның ішкі бауындай болып кеткен Қазақ елі ақпарат әлемінің бірқатар буындарындағы, теледидар һәм радио болсын, олардың хабарлама аудиториясындағы тележүргізушілер қауымы бірауыздан мақұлдайтынына еш күмәніміз жоқ. Сенбесеңіз, өзі талай-талай сөзжұмбақтарын шешіп, жүлде алған қазақ радиосының «Көңілашар», оның бел баласы «Шалқардың» сазды ойыны, Астана радиосының «Мен – қазақпын», ұлттық арнаның «Таңшолпан», Қазақстан-Атырау телеарнасының «Армысың, Атырау!» немесе Ақтөбе телерадиокомпаниясының «Қайырлы таң, Ақтөбе»!» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламаларына жүгініңіз.

Жүлде алған дегеннен шығады, оның сый-сияпат көріп, алған әдеби туындылардың өзі ендігі шағын кітапхана құрапты. Одан Пушкин, Есенин, Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов, тағы басқа заманымыздың заңғар жазушылары мен ақындарының жауһар шығармаларын табуға болады.   «Абылай хан» кітабы да солардың қатарынан орын алыпты.  Біз бұл жерде ағамыздың Луи Брайльдің құрметіне ұйымдастырылған «Брайль жүйесімен жылдам әрі мәнерлеп оқу» немесе көркемсөз оқудан облыстық сайыстарда оза шапқанын, шахмат, дойбы, домино жарысында жүлделі орындарға ие болғанын айтып отырған жоқпыз, бұл тақырыптарға ат шалдырсақ, ұзаққа кетер едік.

Тағдыр тәлкегі

Жалғанда сана-сезімі сайрап тұрған адамның зағиптық кеселдің зардабын тартқаны қандай ауыр десеңші. Өзінің айтуынша, екі айлығында қызылша сырқатына шалдығып, қос жанарынан бірдей айырылған екен. Келесі жылы Қазақ соқырлар қоғамына мүше болғанына алпыс жыл толады. Тағдырдың қатал сыны, заманның зауалды шағы жөргектен шықпай жатып-ақ сәбидің бағын байласа не амалың бар?! Сол амалсыздықтан, өзі өмірге келген қаһарлы қырық бірінші жылы әкесі Қалдыбай майданға аттанып, содан хабар-ошарсыз, із-түзсіз кетіп, туған топырағы бұйырмады. Құдай көпсінбесін, анасы Салтанат бір ғасырға жуық ғұмыр кешіп, немере-шөберелерін қызықтап, тоқсан сегіз жасында өмірден өтті. Жасы келген шақта бірінші топтағы көз мүгедегі еді. Отан соғысы жауынгерінің жесірі ретінде мемлекет тарапынан тиісті жәрдемақы алып отырғанының өзіне шүкіршілік ететін. Ал, зайыбы Үрия Әбиқызы – бала кезінен зағип, он жеті жасынан суқараңғы. Талайлы тірлік теперішінде тоғысқан тағдырлар жан-жүрегі тебіреніп, «Жанарым – жарық дүнием еді» десе, онысын сәтте бір сызат болып түсетін саңылау сәулеге, нұрлы әлемді бір көруге деген сағыныш, іңкәр сезімдері деп түсінуге болады. Екеуі де жастайынан өнерге, ән айтуға бейім еді, сазды әлемнің сиқырын жандарына өмірлік серік етті. Содан да болар, олардың үш перзентінің есімдері әйгілі ән-би корифейлері ныспысын еске түсіреді. Үлкен қызы Бибігүл, ұлы Ермек, кәнігі қобызшы Гүлнафис Баязитовамен аттас ортаншы қызы – бәрі де өз алдына отбасын құрып, өмірден өз орындарын тауып отыр. Немерелері Ізбасар мен Іңкәрдің тәтті қылықтары мен қызықтарының өзі неге тұрады?!

 «Жақсы адам – жанымның ырысы»

Дүйсәлі қарт осылай десе, кісілік пен кішілік, қайырымдылықты мұрат тұтқан жақсылардың шапағатын көп көргені-ау дейсің. Ал, өзі: «1954 жылы ағайыным, ауылдық кеңестің хатшысы болған Әбдір Биманов соқырлар қоғамының Гурьев облыстық басқармасының сол кездегі басшысы Жақия Отаралиевқа, одан кейін әйгілі ұстаз, облыстық білім басқармасының бастығы лауазымындағы Қатира Дүтбаеваға жолығып, мені оқуға қабылдау жөнінде мақсатты әңгіме қозғар ма?! Тиісті орындарға хат жолданып, мәселе үш ай мерзімде шешімін тапты» дейді. Содан ол Қарағанды қаласындағы «Соқырларға арналған мектеп-интернат» оқу орнының бірінші сыныбына қабылданады. Бұл кезде он үш жастағы жасөспірім еді, жасының асып кетуіне байланысты үш жылдан артық оқуына мүмкіндік болмайды. Осы күнге дейін өзіне ұстаздық еткен ҚазМУ-дің түлегі Озереденко Иван Лукичке деген алғысы шексіз. Онысын «Ол заманда өмір сүру үшін орыс тілінің рөлі зор еді, ал бұл кісі бізді ешкімнен кем қылмай, тіл үйретті, бір ғұмырымызға азық боларлық білім берді» деп түсіндіреді.

Дүйсәлі Қалдыбайұлы 1958 жылдың сәуір айында Гурьев оқу-өндірістік кәсіпорнына жұмысшы болып орналасады. Арқан есіп, матрац тігеді, макарон салатын әртүрлі жәшіктер жасайды. Әйтеуір, күрделі жұмыстар иінтіресіп, легімен келіп жататын. Бұл он жеті жастағы жеткіншек үшін қисынсыз һәм ауыр, қабілетіне сай келмейтін тұрлаусыз тірлік еді. Осындайда қайырымды жандар – Есенғали Әжімқұлов зайыбы Мәдинамен, Жақия Отаралиев зайыбы Жамалмен қол  ұшын созып, аяушылық танытып, оң пейілдерімен ақыл-кеңестерін беріп жататын. «Ал, әкемдей болған кәсіпорын басшысы Франц Корнеевичті, анамдай мейірімін төккен оның зайыбы Анастасия Васильеваны қалайша ұмытайын, Петропавлдағы көз мүгедектеріне арналған музыка мектебіне түсіп, оқуыма жағдай жасаған осылар-тұғын. Ф.К.Тевс  – Брайль жүйесін алғашқы болып меңгерген және оны өзгелердің де тез игеруіне жағдай жасаған, қоғамымызда тігін өндірісі негізін қалап, жүзеге асырған бесаспап маман» дейді ол.

Өнерге әркімнің де бар таласы

Дүйсәлі қарттың оқу-өндірістік кәсіпорны қоғамдық жұмыстарының  бел ортасында жүргенін қызықты, қызулы шақтарын қуана еске алғанда аңғармай қалуың мүмкін емес. Оқу-өндірістік кәсіпорны кәсіподақ комитетінің, сондай-ақ еңбек ұжымы Кеңесінің және интеллектуалды еңбек қызметкерлері Кеңесінің төрағасы жауапты қызметтерін атқарған. Соқырлар қауымына Брайль жүйесін үйрететін жетекші ұстаз еді. Әсіресе, ұзақ жылдар бойы зағиптар әулетінде бас әнші-солист, хор жетекшісі, баяншы болғанын көзкөргендер қошеметпен айтып отырады. Бұл ретте Петропавлдағы соқырларға арналған музыка мектебінің түлегі марқұм Павел Федорович Шерстянкинге деген алғысы шексіз. «Сенің қабілетің күшті, осы мектепте қалайда оқуың керек» дейді екен ол.

Жақсылар сілтеген жол даңғыл. 1966 жылы аталған оқу орнын «қызыл дипломмен» тәмамдап, «Хор үйірмесінің жетекшісі және баяншы-орындаушы» мамандығының иесі атанады. Таңдандыратыны сол, оған пәндер бойынша дәріс бергендердің барлығы да бірінші топтағы көз мүгедектері екен.  Тарихшы Василий Алексеевич Юрьев, баяншы Михаил Тимофеевич Прилюк, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Людмила Ивановна Мазур есімдерін осы күнге дейін ұмытпағаны жадының мықтылығын айғақтаса керек. Тарих пәні мұғалімі жарты сағат бойы оқып айтқан сабақ мәтінін ертесіне дәл сол күйінде қайталап айтып беретінін еске алып қояды ағамыз. 

Дүйсәлі Қалдыбайұлы бұдан кейін Гурьев оқу-өндірістік кәсіпорнында соқырларға Брайль жүйесін үйретумен екі жыл бойы айналысады. Ұжымда көркемөнерпаздар үйірмесі, хор үйірмесі жұмысына кең өріс ашып, өзі баяншылар дуэтінде және үрлемелі аспаптар оркестрінде «тенор» аспабында ойнайды. Сөйтіп жүргенде Қазақ соқырлар қоғамының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры Харес Әмруллинмен жақын таныса қалар ма?! Дүйсәлінің музыкалық және ұйымдастырушылық қабілетін таныған ол өзі басқаратын кәсіпорын жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекші болуды ұсынып, қызметке шақырады. Ағамыздың берген келісімі алдағы өміріне үлкен бетбұрыс болған екен. Өйткені, осы кәсіпорынға отыз жеті жыл ғұмырын арнайды. Жарық дүние – жанарынан айырылғандарды Брайль жүйесіне оқытады, орта арнаулы музыкалық білімі болса да, жоғары білікті кәсібі, өмірлік тәжірибесімен  оларды өнердің әр саласына баулиды.

Егер Дүйсәлі қарттың жадына жүгінсек, жеті жыл көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі, он жыл бастауыш партия ұйым төрағасы, алты жыл соқырларға Брайль жүйесін үйрететін ұстаз болған екен.

Зерек жаратылған жанның зердесі неткен мықты! Дүйсәлі аға Қызылорда облыстық «Айтбай» бас мешіті жанындағы екі жылдық діни сауат ашу курсын үш айда тәмамдапты. Комиссия төрағасы, Түркия елінен келген діни уәкіл Осман Өзтүріктің өзінен емтихан қабылдағанын да ұмытпапты. «Халық молдасы» деген куәлігі бар. Сол кезде Біріккен Араб Әмірлігінің (БАӘ) Қазақстандағы Елшісі болған Ибрагим Мусли дыбысталған Құрани-Кәрімді диктофонымен діни сауат ашу курсын табысты аяқтауына байланысты оған сыйға тартқан екен. Демек, имани, адамгершілік жағынан да ағамыздың ұпайы түгел, обал, сауапты оралып өтпейтін нағыз тақуалардың сойынан деп біліп қой!

Иман нұры жанарыңызға шуақ болсын, ізгі жүректі, ірі болмысты инабатты аға!

Қаржау Оразбаев,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз