ЫНТЫМАҚҚА БАСТАҒАН ҚАДАМ

Бейбітшілік пен келісімді, халқымыздың тұрақтылығын сақтау – маңызды мәселелердің бірі. Еліміздегі бірден-бір қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы басты мақсат осы саясатты жүзеге асыру еді. Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында «Береке басы – бірлікте» тақырыбымен өткен «дөңгелек үстел» басына  жиналғандар да елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жайында сөз қозғады.

Институт жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ұйымдастырумен өткен шараға оқу орнының профессор ғалымдары мен оқытушылары,  этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Басқосуда саяси ғылымдардың докторы, профессор Киікбай Жаулин жаһандану жағдайында бейбітшілік пен келісімді сақтаудың аса маңызды екендігін атап өтті. «Кез-келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Халық үшін бейбіт заманда өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан, татулық пен тұрақтылыққа тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. 1995 жылдың наурыз айында Президент жанынан консультативті-кеңестік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құрал болып табылады. Жиырма жылдық тарихында аталған құрылымның қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы институтқа айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр», – деген ол Ассамблеяның бүгінде көпұлтты қазақстандықтардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырған татулықтың темірқазығына айналып отырғандығына тоқталды.

– Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағалап келген. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Береке басы – бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақ» деген секілді көптеген мақал-мәтелдер соның айқын дәлелі. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстанған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көп ұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше», – деді профессор К.Жаулин.

«Новруз» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльдар Ахмедов атыраулық әзірбайжандардың дені мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлейтіндігін айтты. Және тілі, діні, мәдениеті біте қайнасқан екі ұлттың елдегі мақсат-мүддесі де бір екендігін сөз етті. «Қазақстан мен Әзірбайжан елдері арасында экономикалық,  мәдени-гуманитарлық байланыс берік орнады. Осының нәтижесінде достық, ағайындық қарым-қатынас жылдан-жылға нығайып  келе жатыр» деді ол.

Ел бірлігін баянды етіп, ұлттар арасындағы өзара түсінікті арттыру бағытында өткен жиында өз ойын жеткізген Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының аға оқытушысы Гулфайруз Бозахаева тәуелсіз еліміздің тарихындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының алар рөлі айрықша екендігін атап айтты.

Халқымыздың бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамды жетілдірудегі Ассамблеяның маңызы зор. Біз тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ біртұтас халықпыз. Атырау жерінде де тыныштық, бірлестік және келісім орнап, Отанымызды көркейту жолында бірнеше ұлттар мен ұлыстар еркін өмір сүріп, еңбек көрігін қыздыруда. Облыс өмірінің қай саласына көз жүгіртсек те, тың бастамалар мен өркенді өзгерістерді көреміз. Мұның барлығы – бірлігіміздің айқын нәтижесі. Еліміз жүргізіп отырған ұлт саясаты өзінің бағыт-бағдары бойынша демократиялық және ауызбіршілік, прогрессивті және жасампаздық сипатымен ерекшеленіп келеді, – деді ол.

Елдегі тұрақтылық, бірлік тақырыбына арналған басқосуда педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жәмила Хасанова, педагогика ғылымдарының докторы Жайлы Өмірбекова, институттағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті, Ассамблея ардагері Жаннат Асабаева, филология ғылымдарының кандидаты Мафруза Матжанова, экономика магистрі Алтынай Түгелбаевалар да сөз алып, тақырып төңірегінде өз ойларын ортаға салды.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз