ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚОЛЫНАН БӘРІ КЕЛЕДІ

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген аналар қауымының бүгінгі қоғамдағы рөлі ерекше. Соның ішінде әйелдер саясатқа да, кәсіпке де араласып, ерлермен тең дәрежеде жұмыс жасауда. Әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін одан әрі арттыру мақсатында Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде «Әйелдің қоғамдағы әлеуметтік жаңғыру жағдайы: тең мүмкіндіктер» тақырыбында мәжіліс өтті.

Атырау облысы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен өткен жиынды колледж директоры Айжан Қарабаева ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде қазір әйелдерге қатысты көптеген мәселелер оңтайлы шешімін тауып жатқанын айтып, гендерлік теңдікті дамыту бағытында жұмыстар үздіксіз жалғаса беретінін жеткізді. 
Жиынға қатысқан Іскер әйелдер қауымдастығы Атырау облысы филиалының төрайымы, «Саясаткер» әйелдер клубының жетекшісі Нұрлы Әйтиева әйелдер істерін дамытуда облыс көлемінде жасалып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. – Облысымызда өз еңбегімен, дарыны мен білімі арқасында жетістіктерге жетіп, өзгеге үлгі болып жүрген талай нәзік жандылар бар. Олардың үлесі мемлекеттік қызметте де артып келеді. Қыз-келіншектеріміз өздерінің бизнеске қатысу белсенділігін арттырып, ел экономикасына да, демографияға да үлес қосуда, – деген ол ағымдағы жылы бизнес сыныптары бойынша қала әйелдері курста оқытылғанын жеткізді. Оның айтуынша, ағымдағы жылы курстан өткен 80 әйелдің отызы шағын болса да кәсіп ашып, өз істерін бастауда.
Сондай-ақ, ол зейнет жасы жөнінде де ой бөлісті. «Қазір арамызда зейнет жасына жақындаған бірнеше ардагер ұстазымыз бар. Оларды жасы келді екен деп зейнетке шығарып жібермей, қайта орнында қалуға жағдай жасаған жөн. Себебі, мұндай тәжірибелі, білікті ұстаздар, мамандар біздің болашақ ұрпақ үшін қашанда қажет. Жастар сол кісілерден үлгі алып, тәжірибе жинақтағанша, ардагер ұстаздардың берері зор» деді ол.
Мемлекет басшысы жыл сайын Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдағы ана мен бала мәселесі жөнінде сан мәрте айтып келеді. Әйелдердің қоғамда өзіндік орны бар. Дейтұрғанмен, олардың отбасындағы, бала тәрбиесіндегі орнын назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл мәселе турасында Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Зәмзәгүл Жалмурзина мәлімдеді. «Бүгінгі күні біздің облысымыздың өркендеуіне өзіндік үлес қосып, саясатқа араласып жүрген барлығы 134 депутат болса, оның 20-сы әйел. Соның ішінде жеті әйел аймақтағы селолық округтерден болып отыр. Қазіргі уақытта депутаттардың 15 пайызын әйелдер құрайды. Елбасының сөзімен айтсақ, 2030 жылға дейін әйелдердің билікке араласу деңгейін отыз пайызға дейін жеткізу керек» деген ол осы көрсеткішке жету үшін нақты қандай жұмыстар жасалу керектігін түсіндірді.
Жоғарыда айтқан саясатқа араласып жүрген әйелдердің негізі – педагог ұстаздар. Мұғалім депутат та, әкім де, тәрбиеші де бола алады. Сондықтан талай шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздардың еңбегін бағалап, қаламыздағы оқу орындары жанынан көшбасшылық мектебін ұйымдастыру керектігін айтты. Бұл өсіп келе жатқан қыздарымызды көшбасшылыққа баулуда маңызы зор. Мұндай іс біздің облыста әлі жүзеге аспай жатқаны рас.
Жиын үстінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де сөз болып, бұл істі қолға алуда «Дағдарыс» орталығы жұмыс жасап жатқаны айтылды. Бұл тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларында кездесетін зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған орталық. Осы орайда колледждің психология пәнінің оқытушысы Ғайни Сұлтанова бүгінгі күні өмірге енді ғана бейімделіп келе жатқан отбасылы студенттер психологиялық көмекті қажет ететінін айтып, «колледж жанынан оларға да көмек көрсететін психологиялық орталық ашылса» деген ұсыныс білдірді. «Қазір жастар ерте отбасын құрып, кейін отбасындағы әр нәрсеге шыдамсыздық танытып, ажырасып жатады. Осы орайда оларға психологиялық кеңес жетіспейтіні шындық. Сондықтан түрлі курстарда мемлекет қаржысынан білімін шыңдап келген психологтар сол білімін аяқсыз қалдырмай, оны іске асыруда жастардың пайдасына жаратсақ игі» дейді ол. Бұл пікірді жиынға қатысқан ардагер ұстаздар да қолдады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз