Жарнама
Қоғам

Ұстаз туралы толғау

Бүгінгі әңгіме – өмірінің соңғы сәттеріне дейін, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған, ұлағатты ұстаз болған өз ата-анам – Байденов Халел мен Сапиева Марфуға жайында.           

Әкем Халел мен анам Марфуға Забурын елді мекенінде ұзақ жылдар бойына ұстаздық қызмет атқарған. Әкем Халел – математик болса, анам – бастауыш сынып мұғалімі болған. Олар – сан жылдар бойына саналы да, білімді ұрпақтар тәрбиелеген жандар. Әкем мен анам отбасында Амантай, Нұрлан, Айдарбай есімді ұлдар мен Роза есімдi қыз тәрбиелеп өсірді.

Әкем – білімді, тік мінезді, жолдасқа жомарт, өте әділ, адам болған. Ал, анам болса – өте жылы жүзді, шәкірттеріне «айналайыннан» басқа  сөз айтпайтын мейірімді еді.

Олар жұмыс жасаған жылдарында талай мақтау қағаздары мен сыйлықтарға ие болды.

Әке жолын қуған ұлы Нұрлан жоғарғы санатты математик болып, одан директорлық дәрежеге дейін көтерілді. Бұл – әке тәрбиесінің зор ықпалы болса керек.

Ал, анам – мектепке тарыдай болып кірген бүлдіршіндердің қолына алғаш қалам ұстатып, білім нәрімен сусындатқан. Әрбір сабағының өзі ашық сабақ іспетті, үнтаспаға жазып, үйде күнде дайындалатыны әлі есімде.

Сол анамның үйдегі малы, бала-шағасы бар, ас-суын әзірлеу, келген қонақты күту, соған қарамастан мектептегі жұмысына қалай үлгеретініне таңым бар.

Бір жылдары Новинск аралын су басып, соның жұмыстарымен азулы деген азаматтар, ел ағалары соларға көмек қолын созғалы бәрі сол жаққа жиі қатысып тұрды. Сол кезде біздің үйіміз жатақханаға (қазіргі тілмен айтқанда «қонақ үйге») айналды десем артық айтпаған болармын.

Азулы, ел қамын ойлайтын азаматтар  біздің үйдің төрінде қонақ болды: Серік Жаниязов, Әбіш Кекілбаев , т.б. секілді.

Бұл – анамның қонақжайлығына бір ғана мысал.

Ал, шәкірттеріне келетін болсақ, талай шәкірттері – ұстаз, білікті дәрігер, жоғары оқу орындарының ұстаздары, білімді техник, әкім болып кеткен.

«Білім негізі – бастауышта» деп тегін айтылмаған. Үлкен білімнің бастауы, білімге деген құштарлық – бастауыш сыныпта қаланады. Оқушылардың әдемі жазуы мен оқу техникасына өте қатты көңіл бөлетін. Сонда анамның сыныбында оқыған, тіпті,  ер балалардың өздерінің жазуы маржандай тізіліп тұратыны әлі көз алдымызда.

Алғашқы шәкірттері: Қайрекен, Сайын, Нұржан, Қайырлы, Өсилалардың сабаққа деген ынтасы, олардың жазу каллиграфиясы мені таң қалдыратын.

Қазір – барлығы жоғары білімді мамандар. Солардың бірі – Қайрекен Ниғметов. Ол – жоғары дәрежедегі мақтаулы дәрігер. Одан көп шәкірттер тәжірибеден өтеді. Шәкірттерінің жеткен жетістіктеріне анам әрдайым марқайып отыратын.

Сонымен қатар, анам – он саусағынан өнер тамған: кесте төгу, тақиялар мен қазақтың ұлттық киімдерін тігуде алдына жан салмаған. Сыныптағы оқушыларына ұлттық киімдерді өз қолымен тігуші еді. Тәрбие сағаттарын өте қызықты етіп өткізетін. Оқушыларға бірде-бір жекіп көрмеген адам екен. Оны анамды еске алу кезінде талай шәкірттері айтты.

Анамның 40 күндік қадесінде Зайдуллин Әнуар ағайдың мына бір сөздері анамды маған тағы да бір жаңа қырынан танытқандай болды:

– Айналайындар, сендердің аналарың ұстаздардың  ұстазы болған адам. Ұстаз болу түрлі, ал ұстаздардың ұстазы бола білу бақыты – кез-келген адамға бұйырмаған. Ол – өзін танытып кеткен адам.

Құшағындағы 40 күндік құшақтаулы нәрестесін бауырына қысып, білімін жоғарылату кімнің қолынан келеді?!

Қиындықтарға қарамай, өз білімін әрі қарай жетілдіріп, қарапайым ұстаздан оқу ісінің меңгерушісі деңгейіне дейін көтеріліп, ерлермен үзеңгілес жұмыс жасады. Оны ана ретінде, тәжірибелі ұстаз ретінде, ел анасы ретінде бүкіл ел сыйлайды.

Аналарыңның қадірін біле жүріңдер, айналайындар, қоғамға көп үлес қосқан асыл адам ретінде».

Ұстаздар мерекесіне орай, ата-анамды еске ала отырып, барша ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаймын!

Дендеріңіз сау болып, білімді ұрпақтар тәрбиелеуде еңбектеріңіз жана берсін!

Роза ХАЛЕЛҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button