Ұлттық сана сілкінісі қалай жасалады?

1418296333 l Қоғам

Қазақстан әлеуметтік, экономикалық, сонымен бірге рухани жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басты.

Қоғамдық резонанс тудырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлтымыздың бағыт түзейтін темірқазығына айналды.

Генетикалық код

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» дейді Елбасы. Рухани жаңғырудың мәні неде? Оны неден және қалай бастанымыз жөн? Саралап көрелік.

Біріншіден, өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру маңызды. Ол үшін, ең маңыздысы ұлттық кодты сақтай білу. Ұлттық код дегеніміз не? Ұлтымыздың тарихи, рухани болмысы, мәдениеті, өзіне тән ерекшелігі. Біз ұлт ретінде, жаңғыру атаулыны ұлттық дәстүрлерден бөліп қарамауға ұмтылуымыз қажет. ​ Демек, отбасы институтын әжелер, аталар мектебі арқылы нығайтуға, жанұяның қоғамдағы рөлін күшейтуге назар аударатын кез келді. Ертегі айтатын әжелер, ұста, шеберлік өнерлерден дәріс беретін, саятшылықтың мәні мен маңызы, жыр-дастандардың рухани ролі туралы әңгімелейтін, бата беретін аталар мектебі қалыптасса, отбасындағы әке мен ананың орны өздігінен реттеледі.

Ғылым – мәңгілік инвестиция

Екіншіден, Елбасы бәсекеге қабілеттілік тақырыбына тоқталады. «Бәсекеге қабілеттілік дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы» деп, анықтама берген Елбасы, адами капиталға айрықша назар аударудың маңызына тоқталады. Расымен де, ХХІ ғасырдың ең қуатты инвестициясы – білім және ғылым, яғни, адами ресурсты дамытуға бағытталған капитал болып табылады.​ «Болашақ» бағдарламасын тәуелсіздік жылдарындағы ең табысты жоба ретінде атап жүруіміздің сыры да осында. Бірақ, бұл «қазақстандық жастардың барлығы тегістей шетелде ғана ілім алсын» дегенді білдірмесе керек. Біз, бәсекеге қабілетті ортаны өз ішімізде, яғни өз елімізде қалыптастыруға ұмтылуға тиіспіз.

​ ІТ технологияны қоғамның әр саласына енгізу, үш тілді меңгеру, өнертапқыштыққа ұмтылу, қайтарымы мол инновациялық жаңалықтарды өндіріске әкелу. Міне, біздің жастарымыз осы бағытқа икемделуі керек. Демек, Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін қарапайым оқу білім ошақтарына кеңінен таратуды қолға алсақ, талап колледж, институт, университет, кейін жұмыс орындарында күшейетін болса, Қазақстан қуатты, өркениетті елдердің қатарына кіріге алады.

Тарихты кімдер жасайды?

Елбасы мақаласындағы негізгі тақырыптардың бірі – «100 жаңа есім» жобасы. «…ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауы тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын» дейді Елбасы. Жөн сөз. Өткенін ұмытпай, тарихтың маржандарын, даналығын бүгінгі күнмен жалғастырып, болашаққа табыстай білген ел ғана, мәңгілікке жол бастай алады. Тәуелсіздікпен бірге, жаңа тұлғаларымыз да өмірге келді. Керей мен Жәнібек хандар, Исатай мен Махамбет батыр, Сыпыра, Бұқар жыраулар, Еуропаға жол ашқан Шоқан Уәлиханов, данышпан Абай, ұлт ұстаздары Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтар қазақ халқының болмысын, келбетін қалыптастырса, бүгінгінің батырлары жаңа Қазақстанның бейнесін айқындай түсті.

Қазақты әлемге танытқан бірден бір тұлға – ол тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың​ өзі. Саяси реформатор ретінде Президент еліміздің ішкі, сыртқы саясаттағы ролін айқындады, тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолын даралады. Көп векторлы саясат, әлем елдерімен әріптестік, бейбіт дипломатиялық қатынас орнатуға алып келді.

Геннадий Головкин. Әлемдік деңгейдегі даңқты боксшы Қазақстанның мәртебесін асқақтатып жіберді. Жаһандық спортты бағындырған Геннадий Головкинмен бүгінде еліміз мақтанады.

Сол секілді, Димаш Құдайбергеннің есімі әлемді аралап кетті. Диапазоны кең жас әнші мұхит артындағы елдерді мойындатты. Тіпті, кей туристердің халықаралық ЕХРО-2017 ​ көрмесіне, Геннадийдің кездесуі мен Димаштың жеке концерті үшін билет алып жатқандығының өзі, еліміз үшін үлкен мәртебе емес пе? Ендеше, осындай тұлғаларымызды жүздікке жинақтап, олардың табыс тарихын насихаттаудан неге тартынуымыз керек? Сайып келгенде, бұл ұлттық тәрбие ғой. Міне, осы жағынан келгенде, Мемлекет басшысының «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды ұсынуы да, уақыт талабынан туындап отырған жағдай.

​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ P.S.

Мәңгіліктің саяси тұғыры не? Ұлттың генетикалық коды болып табылатын мәдениетіміз бен дәстүрімізді қалай дамытамыз? Ұлттық ерекшеліктерімізді қалай үлгі етеміз? Осы сұрақтарға жауап іздейтін Елбасы мақаласынан туындайтын бұлжымас қағида бар. Бүгінде текті елдер мемлекеттігімен бірге, туған тілін көздің қарашығындай сақтап, оны әлемдік деңгейге көтеріп отыр. Тектіліктің қайнар көзі тарихи сана. Демек, қандай дамуға бет алсақ та, ұлттық тамырдан ажырамауға тиіспіз. Талқыға салынып отырған бас мақаланың мәні де осында…

Ысқақ Егембердиев

Сіз не дейсіз?

Алдан СМАЙЫЛ,

мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы:

«Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі тиіс»

Біріншіден, латын қарпіне талпыныс елімізде алғаш рет 1993 жылы жасалды. Осы жылы Анкарада Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркіменстан және Түркия елдерінің ғалымдары бас қосып, түркі жұртына ортақ 34 әріптен тұратын үлгі қабылдады. Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2007 жылы Білім және ғылым министрлігінде арнайы комиссия құрылды. Комиссия өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы латын қарпіне көшу тарихын зерттеді. Осы реформаны игеріп әкеткен Әзербайжан, Өзбекстан мен Түркіменстанның тәжірибесі талданды.

Басты міндет – еліміз 2025 жылы латын қарпіне толық көшкенше, осыған дейін жазылған және жасалған әдеби, ғылыми мұраларды кириллицадан жаңа әліпбиге түсіріп үлгеру болып отыр. Бұлар жасалмаған күнде, ұрпақтар арасындағы дәстүрлі, рухани, мәдени сабақтастық белгісіз мерзімге үзіледі. Ал, мұны сәтті жүзеге асыру үшін, біз түбегейлі қолданатын латын қарпіндегі графиканы мүмкіндігінше қысқа уақытта қабылдауға тиіспіз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз