
Ұлттық біртұтастық – тұрақтылық кепілі
Президент Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің цифрлық егемендігін қамтамасыз ету мен жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы киберқауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бағыты ретінде атап, осы салада заманауи технологиялар мен жоғары білікті кадрлар даярлаудың маңызын атап өтті.
Киберқауіпсіздік – барынша күрделі әрі кешенді мәселе. Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде кибершабуылдардың сипаты мен жиілігі артып келеді. Қазақстан үшін бұл тек техникалық немесе IT саласының мәселесі емес, ол ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың негізгі тетігіне айналды. Әсіресе мұнай-газ, энергетика және қаржы сияқты стратегиялық секторларда киберқауіпсіздік жүйесін күшейту – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Жасанды интеллект технологиялары бұл бағытта жаңа мүмкіндіктер ұсынады: зиянды әрекеттерді ерте анықтау, шабуылдарды болжау және ақпараттық жүйелердің қорғанысын автоматтандыру. Дегенмен, бұл технологиялармен бірге жаңа қатерлер де туындайды — мысалы, жасанды интеллектінің өзіне бағытталған adversarial шабуылдар мен алгоритмдердің сенімділігіне қатысты мәселелер.
Киберқауіпсіздік саласында нақты нәтижеге жету үшін бірнеше негізгі бағыттарды ұстану қажет. Біріншіден, зерттеу мен кадр дайындауға басымдық беру керек: университеттер мен ғылыми орталықтарда криптография, жасанды интеллект және этикалық хакеринг бағытында мамандар даярлау маңызды. Екіншіден, қорғаныс жүйелеріне жасанды интеллект құралдарын енгізу қажет — бұл шабуылдарды болжау мен мониторингті жеделдетеді. Үшіншіден, инфрақұрылымды жаңарту және көпдеңгейлі қауіпсіздік архитектурасын (мысалы, Zero Trust стратегиясын) енгізу аса маңызды. Сонымен қатар, заңнаманы жетілдіру мен халықаралық ынтымақтастықты арттыру – заманауи киберқылмыстарға тиімді қарсы тұрудың алғышарты.
Артық мән беруге тиісті аспектілердің бірі – жасанды интеллект жүйелеріне бағытталған adversarial шабуылдарға дайындық. Мұндай шабуылдарда өте ұсақ өзгерістердің өзі алгоритмді шатастырып, қате шешім қабылдатуы мүмкін. Сондықтан қорғаныс жүйелері мұндай қауіптерді алдын ала болжай алуы тиіс. Сондай-ақ ЖИ жүйелерінің ашықтығы мен сенімділігі қамтамасыз етілуі қажет, себебі «қара жәшік» типті алгоритмдер ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қауіпті. Өндірістік және инфрақұрылымдық желілердің біріктірілген табиғатын ескере отырып, көп деңгейлі бақылау және оқшаулау жүйелерін орнату қажет. Ақырында, киберқауіпсіздік шаралары адам құқықтары мен жеке мәліметтерді қорғау қағидаттарымен үндес болуы тиіс.
Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні қолдана отырып киберқорғанысты күшейту жөніндегі бастамасы – уақыт талабына сай шешім. Киберқауіпсіздік тек қорғаныс емес, бұл – сенім мен тұрақтылықтың іргетасы.
Дарын ШӘБДІРОВ,
физика-математика ғылымдарының кандидаты, АтМГУ-ң Ақпараттық технологиялар факультетінің профессоры

