
Ұлт тұтастығының негізі
18 қазан – Рухани келісім күніне орай облыстық дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен Абай орталығында «Бір шаңырақ астында – дәстүр мен келісім» тақырыбында этномәдени бірлестіктер мен конфессиялар форумы өтті. Бұл басқосу ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімді нығайтуды мақсат етті. Сол мақсат үдесінен шығып, құндылықтарды ұлықтаған форум болды.

Ауқымды жиынға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Парасат» орденінің иегері, танымал композитор Төлеген Мұхамеджанов, мемлекеттік мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, қала және аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшілері, мешіт имамдары, дін мамандары мен студент жастар қатысты.
Форум аясында ұйымдастырушылар қонақтарға ұлттық қолөнер бұйымдарынан құралған көрме ұсынды. Қазақы болмысты паш еткен жәдігерлер мен этностардың тұрмыстық дүниелері келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Форумның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов:
– Рухани келісім күні – елдің басты байлығы саналатын татулық пен бейбітшілікті ұлықтайтын маңызды дата. Әртүрлі этнос пен конфессия өкілдері бір шаңырақ астында бас қосып, ортақ құндылықтарды ардақтап отырғаны – Қазақстандағы тұрақтылықтың нақты көрінісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, этносаралық татулық пен конфессияаралық келісім – мемлекеттік саясаттың өзегі. Біз бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жобалармен жалғастырып келеміз, – деп атап өтті.
Ал Рухани келісім күнін алғашқылардың бірі болып ұсынған ел ағасы, композитор Төлеген Мұхамеджанов бұл күннің маңызына тоқталды.
– Бұл күн – өмір сүру салтымыздың айнасы. Осыдан бірнеше онжылдық бұрын мен бұл мерекені ұсынғанда елдің рухани тұтастығы мен мәдени әртүрлілігін сақтау басты мақсатым еді. Бүгін сол идеяның нақты жүзеге асып жатқанына куә болу – үлкен бақыт. Қазақстан – жүзден астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан ел. Бұл, қарап отырсаңыз, адамгершілік пен парасаттылықтың нәтижесі. Әр ұлт пен діннің өз болмысы мен құндылықтары бар, бірақ бәрімізді біріктіретін ортақ қасиет – елімізге деген сүйіспеншілік. Осындай форумдар халықтар арасындағы сенім мен өзара құрметті арттыра түсетініне сенемін. Әрқайсымыз бір-бірімізді түсініп, тыңдай білсек рухани келісім мәңгі жасайды, – деді.

Форум барысында орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мустафаев пен «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Короблев дінаралық келісімге бағытталған жобалар бойынша баяндамалар жасап, бірлік пен ынтымақты сақтау жолындағы өз ұсыныстарын ортаға салды.
Мәселен, наиб имам Мұрат Мұстафаевтың пайымдауынша, дінаралық келісім тек сөз жүзінде емес, нақты істер арқылы көрінетін ұғым. Қоғамда адамгершілік пен өзара құрмет салтанат құрғанда ғана тұрақтылық орнайды. Ал этномәдени бірлестік өкілі Андрей Короблев «Қазақстан – барлық ұлттарға тең мүмкіндік берген ел. Біз осы бірлікті күнделікті тірлігімізде, іс-шараларда, балаларымыздың тәрбиесінде көрсетуіміз керек, — деп ой бөлісті.

Шара аясында өңірде дінаралық және ұлтаралық келісімді нығайтуда елеулі еңбек етіп жүрген сала мамандарына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің, облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың алғыс хаттары табысталды
Форум соңында түрлі этностардың ән-билерінен құралған концерттік бағдарлама ұсынылды. Ұлттық құндылықтар мен рухани келісімді бейнелейтін сахналық көріністер көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ


