
«Ұят» дегенді ұмытып барамыз!..
Ұлттық құндылық – ұлттың жаны, рухани өзегі. Оған тіліміз, дініміз, дәстүріміз, салтымыз, мәдениетіміз, тіпті мінез-құлқымыз да кіреді. Біз сол құндылықтардың арқасында ғасырлар бойы ұлт ретінде сақталып келеміз. Алайда бүгінде қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттарды көргенде «ұлттық құндылығымыз қайда қалды?» деген еріксіз ойға қаламыз. «Неге осыншама күйге түстік? Ата-бабадан мирас болған, қазақ халқына ғана тән әдеп, иба, ұят пен ізет секілді игі қасиеттер неге өміршеңдігінен айырылып барады?» деген орынды сауалдардың туындайтыны рас.
Көкейдегі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп, білім саласының ардагері, Мақат ауданының Құрметті азаматы, облыстық билер және әжелер алқасының мүшесі Дәмен Алтаевамен сұхбаттасқан едік.
– Дәмен Биханқызы, соңғы уақытта қоғамда «ұлттық құндылықтар әлсіреп барады» деген пікір жиі айтылады. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бұл – жай айтылған пікір емес, нағыз шындықтың өзі. Қазір ақпарат ағыны шексіз, шетелдік мәдениет пен көзқарас күн сайын санаға ықпал етіп отыр. Соның әсерінен кейбір жастарымыз өз тілін менсінбей, шетел әндерін тыңдап, батыстық өмір салтына еліктеуді сәнге айналдырып алды. Ал мұның түбі – ұлттық рухтың әлсіреуіне, болмыстың бұзылуына алып келеді. Біз тілімізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді сақтамасақ, ұлт ретінде жойылып кетудің қаупі бар. Сондықтан мен «ұлттық құндылық – ата-баба аманаты» деген сөзі жиі айтамын. Аманатқа қиянат жасау – өткенімізге де, болашағымызға да опасыздық болар еді.
– Сіздің ойыңызша, ұлттық құндылықтардың өзегі неде?
– Ұлттық құндылықтардың түп тамыры – тіл мен тәрбие. Қазақ халқы қай заманда да ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөздің астарында терең ой жатыр. Егер бала ана тілінде еркін сөйлеп, қазақы тәрбиенің нәрін бойына сіңірсе, ол қандай жағдайда да өз тегін ұмытпайды. Ал тіл мен тәрбие ажырап қалса, ұлттың жібі де үзіледі. Қазір бізге ең қажет нәрсе – осы екі бағытты, яғни тіл мен ұлттық тәрбиені барынша күшейту маңызды.
– Ұлттық тәрбиені жүйелі түрде жүргізу үшін не істеу керек?
– Ең алдымен оқу бағдарламасына халық педагогикасының элементтерін, салт-дәстүрге негізделген тәрбиелік пәндерді енгізу қажет. 1993 жылдары «Атамекен» және «Кәусар бұлақ» атты халық педагогикасы негізінде жасалған бағдарламалар болған. Сол кезде мектептерде «Әдеп» сабағы жүргізілді. Бұл пәннің әсері ерекше еді.
Мұғалімдер мен оқушылар осы сабақты жақсы көретін. Себебі ол жерде адамгершілік, ізгілік, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, инабаттылық секілді қазаққа тән асыл қасиеттер дәріптелді. Әдетте сабақты себепсіз бос жіберетін кей оқушылардың өзі «Әдеп» сабағын асыға күтетін. Өйткені бұл – жай сабақ емес, өмір сабағы болатын.
Өкінішке қарай кейіннен бұл пән оқу бағдарламасынан алынып тасталды. Неге екенін сол кезде ешкім түсіндірмеді де. Оның себебін мен кейінірек Зейнеп Ахметова апамыздың «Теңбіл тіршілік» кітабындағы «Кәусар бұлақ» атты естелігінен білдім. Ол кісі де бұл пәннің жастар тәрбиесіндегі маңызын ерекше атап өткен еді.
– Бұл құндылықтарды өміршең етіп, қалай жаңғыртуға болады?
– Уақыт өзгереді, бірақ тәрбиенің негізі өзгермеуі керек. Ұлттық тәрбиені жаңғырту дегеніміз – оның мазмұнын заман талабына сай түрлендіре отырып, мәнін жоғалтпау. Рас, бүгінгі балалардың өмір сүру ортасы басқа: технология, интернет, әлеуметтік желі. Сол себепті біз ұлттық құндылықтарды осы құралдар арқылы жеткізе білуіміз қажет. Мысалы, мультфильмдер, подкастар, әлеуметтік роликтер, интерактивті сабақтар арқылы ұлттық болмысты, салт-дәстүрді жан-жақты таныстыруға болады. Балаға ұлттық құндылықты күштеп емес, қызықты етіп үйрету керек. Сонда ол санаға өте жеңіл сіңеді.
– Ұлттық тәрбиеде отбасының рөлі қандай?
– Отбасы – ең алғашқы мектеп. Егер үйде ұлттық рух болмаса, мектептің ең мықты бағдарламасы да нәтиже бермейді. Бала ата-анасының іс-әрекетіне қарап бой түзеп, өседі. Егер ата-ана үлкенді сыйлап, салт-дәстүрін ұстанып, қазақы болмысты сақтаса, бала да соны бойына сіңіреді. Сондықтан мен үнемі «Тәрбие тек мектептің емес, ең алдымен – отбасының ісі» деп айтамын. Қазір кейбір ата-аналар баласын шетелге жіберіп қойып, «заман талабына сай болсын» деген ойда болады. Бірақ ең бастысы – баланың рухани өзегі мықты болуына маңыз бермейді.
– Жуырда көшеде белгілі бір оқу орнының студенттері төбелесіп, бір-біріне тас лақтырып жатқан сұмдық көрініске тап болдық. Көрген жұрт «қойыңдар! Бұларың не?» деп оларды сабырға шақырғанымен, ешқайсысы көпшіліктің үніне құлақ аспады. Осындай жағдайлар жастардың тәрбиесінің әлсірегенін байқатпай ма? Сіздің бұл тұрғыдағы ойыңыз қандай?
–Жас ұрпақтың мұндай әрекеттерге баруының өзіндік себебі бар. Қазір заман басқа, ақпарат ағыны шексіз. Телефон мен интернет – балалардың серігіне айналды. Ал сол кеңістікте не көріп, не тыңдап жатқанын ата-ана көбіне біле бермейді.
Бұрын бала үлкеннің көзінше тізесін құшақтап отырмайтын. Қателік жасаса, «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен-ақ тежелетін. Жасыратыны жоқ, қазір «ұят» ұғымының салмағы әбден жеңілдеп кетті. Осынау құнды ұғымды ұмытып бара жатқандаймыз. Бұл – отбасындағы ата-ана мен баланың арасындағы рухани байланыстың әлсіреуінен болса керек.
Интернетте зорлық-зомбылық, дөрекі тіл, бір-біріне айқайлап, бейәдеп сөздер айтып, сөйлейтін контенттер көп. Осындай дүниелерді күн сайын көріп өскен баланың бойында қайырым мен ізгілік емес, керісінше агрессия қалыптасады. Соның салдарынан жастар теріс әрекеттерге барып, қоғамда түрлі оқиғалардың пайда болуы мүмкін.
Сондықтан бүгінгі ата-аналар баласына материалдық жағдай жасап қана қоймай, рухани азық беруі тиіс. Кешке бірге отырып әңгімелесу, бірге кітап оқу, күнделікті өмір жайлы пікірлесу – осылардың бәрі баланың жақсы адам болып қалыптасуына ықпал етеді. Осы тұста тәрбиенің өзегі – сөзде емес, үлгіде екенін тағы да атап айтқым келеді. Егер ата-ана өз іс-әрекетімен үлгі болса, бала да соны қайталайды.
– Ұлдарды айтпағанда, соңғы кезде қыздардың арасындағы төбелес те жиілеп кетті. Қыз баланың бойындағы инабаттылық, иба, ұяңдық сияқты қасиеттердің көмескіленіп бара жатқаны алаңдатады. «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұлағатты қағиданың мәні қайда қалды?
– Иә, ұлдардың төбелесі өз алдына, соңғы кезде қыздардың да бір-біріне қол көтеруі – жүрекке ауыр тиетін жағдай. Қазақ қызын қашан да инабат пен ұяттың үлгісі деп білген. «Қызға қырық үйден тыйым» дегеннің астарында қыздың жүріс-тұрысын, сөйлеген сөзін, киім киісін, жалпы болмысын әдепке баулу жатыр.
Ал қазір қоғамда «еркіндік» пен «заманға сай болу» деген ұғымды тым кең түсініп жүрген қыздар көбейді. Бірақ еркіндік деген – бетімен кету емес. Еркіндік – жауапкершілік. Нағыз заманауи қыз – өзінің қадірін білетін, ата-анасының еңбегін бағалайтын, тәрбиесі мен талғамы бар жан. Сондықтан «қырық үйден тыйым» ұғымын қайта жаңғыртуымыз керек. Бұл – шектеу емес, қорғау.
Қыз баланы ұят пен инабат арқылы қорғау – ұлттың өзін сақтау деген сөз. Мұнда отбасының ғана емес, мектеп пен қоғамның да рөлі зор. Мұғалім мен ата-ана ортақ мақсатқа бірлесе ұмтылмаса ешқандай нәтиже болмайды. Мектепте ұлттық тәрбие сағаттары көбірек өтіп, қыздармен жеке кездесулер ұйымдастырылуы тиіс. Ал бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қыз баланың сұлулығын емес, парасат пен тәрбиесін насихаттайтын дүниелер жариялануы қажет.
Қыз – елдің айнасы. Қыздың мінезі түзелсе, қоғам да түзеледі. Өйткені бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Ал ананың тәрбиесі тұтас ұлттың тағдыры екенін ұмытпасақ игі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА


