Жарнама
Қоғам

Түтінге тұншыққан бала

Адамзат баласы дамудың биік шыңына көтерілген сайын рухани және әлеуметтік сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Солардың ең қауіптілерінің бірі – нашақорлық. Бұл жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың, елдің болашағына төнген қатер. Бүгінгі таңда есірткіге тәуелділердің қатары азаймақ түгілі, жыл сайын көбейіп келеді. Ең өкініштісі – бұл дерттің жасарып бара жатқаны.

Бүгінгі қоғамның ең ауыр дертіне айналған есірткі мен электронды темекі тұтыну мәселесі күннен-күнге ушығып барады. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы осы пәлекеттерге тәуелділіктің белең алуы ел ертеңіне төнген үлкен қауіп пе дерсің?!

Темекі сатуға тыйым болса?

Нашақорлықтың «ғасыр дерті» екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Тіпті ешқандай себеппен ақтап алуға да келмейтін бұл әдеттің соңғы жылдары тамырын тереңге жайып бара жатқаны алаңдатады. Мемлекет басшысының қоғамды алаңдатып отырған синтетикалық есірткі мәселесіне маңыз беруі де тектен-тек емес.

«Мен синтетикалық есірткі мәселесіне ерекше назар аударғым келеді. Өкінішке қарай адам психикасына әсер ететін заттар тез таралып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Оның ішінде балалар да бар. Бұл – біз білетін мәлімет қана. Осы ретте Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап етемін. Біз бүкіл қоғам болып бұл кеселге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз» деді  Президент.

Әлі ақылы тола қоймаған балалардың «вейп» секілді шылымға жаппай әуестенуі, айналамызда есірткі қолданушылардың көбеюі бүгінгі әр саналы азаматты ойландыруы тиіс. Өйткені бұл әуестенушіліктің арты жақсылыққа апармасы анық. Егер сұрастырып көрер болсаңыз, «вейп» атауын білмейтін бала аз.

Қаланың бұрыш-бұрышында топтасып алып, электронды темекінің буын бұрқыратып тұратын оқушылардың қарасы көбейгенін мамандар да растап отыр. Темекінің бұл түрі жасөспірімдер арасында сәнге айналған десек, артық айтпаған болар едік. Хош иісті тартқанда түтін емес, бу шығатын болған соң оқушылар оны ашықтан-ашық қолданып жүр. Бұл өнімді шығарушылардың негізгі мақсаты – аталған тауардың нарықтағы саудасын қыздыру екені анық. Ал әлі ағзасы толық жетіліп болмаған балалардың никотинмен уланып жатқаны оларды алаңдата қояр ма екен? Қорқыныштысы, оның  жүрек қан тамырлары мен өкпе, бауыр, бүйректі зақымдап, жүйке жүйесіне кері әсері бары да анықталған. Ал ең қауіптісі, электронды темекі дүкендерде, интернет, әлеуметтік желілер арқылы әлі де болсын жарнамаланып, ашықтан-ашық сатылуда.

Бақпаса, бала кетеді

Бұдан бұрын білім ұяларында ұйымдастырылған арнайы апталықтар ата-ана мен баланың, мұғалімнің арасын біраз жақындатып, тәрбие жұмыстарын  нығайтуға септігін тигізген еді. Бұдан соң «осы бастаманы жалғастырып, неге әр оқу тоқсаны сайын ата-аналар апталығын ұйымдастырмасқа?» деген ойдың да туындағаны рас.

Байқасаңыз, «Бақпаса, бала кетеді», «Бала тәрбиесі құрсақтан басталады» деген халқымыз бүгінде тәрбие ноқтасын босаңсытып алғандай. Баланың тәрбиелі болуы оның отбасына, яки ата-анасына байланысты екендігі белгілі. Қоғамның, білім алып жатқан мектептің де маңызды роль атқаратынын уақыт дәлелдеген. Алайда жұмысбасты әке мен ана, қағазбасты мұғалімнен басы артық не сұрай аласыз?

Уақыты жетпейтін ата-ана «уақытымды бөлдім» дегенімен үнемі бақылауда ұстап, баланың жүріс-тұрысын қадағаламаған соң жақсы тәрбие бере ала ма? Ал қағазбасты мұғалімнің қанша күш салғанымен алдындағы 20 балаға тәрбие мен білімді толық меңгертуге мүмкіндігі бар ма? «Қиын бала» туралы себебін сұрай қалсаңыз, психолог мамандардың да айтары осы: «Ата-ананың баласына көп көңіл бөлмегендіктен», «отбасындағы әке тәрбиесінің әлсіреуінен», «үлкендер бос уақытының басым көпшілігін балаға емес телефонға арнағаннан»…

Ең қиыны – есепке алу

Біз тәрбие мәселесін жайдан-жай қозғап отырғанымыз жоқ. Мемлекет басшысы мән берген синтетикалық есірткі тұтынушылардың көбеюі міне, осы тәрбиенің осалдығынан. Аталған мәселе төңірегінде біз барып, арнайы жолыққан «Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы»  ШЖҚ басшысының орынбасары Жеңіс Мухлисов та мұны жоққа шығармады. 

– Біздің орталыққа есірткі тұтынғандарды көпшілік жағдайда полиция қызметкерлері әкеледі. Себебі осы жерден сараптама жасалады. Десек те қан құрамында есірткі анықталса да, біз бәрін бірдей есепке ала алмаймыз. Денсаулық сақтау министрлігінің №203 бұйрығының екінші қосымшасына сәйкес, «науқастың» өзінің келісімі қажет. Клиникалық деректер бойынша, «эпизодты» түрде қолданатын адамдар  да бара-бара есірткі тәуелділікке айналады. Ал олар есепке алуға келісімдерін бермейді. Бұл – біздегі басты қиыншылық. Есірткілік заттар тұтынған жасөспірім балаларды ата-аналары есепке қойғыздырмайды. «Ауруын жасырған өледі» демекші, мұның соңы үлкен мәселеге айналатынын ойлап та жатпайды, — деген нарколог-дәрігер кәмелетке толмағандармен жұмыстардың да тек профилактикалық іс-шаралармен шектеліп отырғанын жасырмады.

Белгілі болғандай, ел арасында есірткі шегіп, емін-еркін жүргендерді іздеп табу бұл мекеменің құзыреттілігіне кірмейді. Құқық бұзып, қылмыс жасаған жағдайда ғана полиция арқылы орталық мамандарының қолдарына түседі. Онда да өз келісімдерін бергендер ғана. Қылмыс демекші, аталған орталық басшысының орынбасары ащы суға салынғандарда аз да болса түйсік болса, яғни мас кездерінде салқын су мен шапалаққа естерін жиятындай күйде болатын болса, есірткі тұтынған адамның қауіптілігі соншалықты, оларда түйсіктің мүлде болмайтынын, қылмысты да күліп отыра жасайтынын айтты.

Нашақорлардың көбеюі өзінің отбасына ғана емес, бүкіл қоғамға қаупі жоғары екенін осыдан-ақ білуге болар. Ал олардың қашан қылмыс жасайтынын күтіп отыру ақымақтық. Сондықтан бұл жүйеге де жаңашылдықтың қажеттігін, қазіргі ахуалға сай әрекет ету керектігін сөзсіз ұғынып қайттық.

Қазір полицияның өзін алдап соғатын әккілер «құнды» заттарын жасырын сатуда небір әдістерді пайдаланып, әбден машықтанып алған. Әсіресе жастар еліктіргіштің осы түрін кеңінен қолданады-мыс. Әдеттегі есірткіге тәуелді болған адамдарды дәрігерлер емдей алса, қорқыныштысы синтетикалық есірткіге үйреніп алғандарға медицинаның қауқары жете бермейді.

Түйін:

«Мектеп ішінде балалар шылым секілді бір нәрсені қолданып жүр, кім екенін біле алмай әлекпін. Осыдан ұстап алайын…» деп таныс мұғалім өзара әңгіме барысында ренішін білдіргендей болды. Балаға тек білім берумен шектелмей, олардың жүріс-тұрысын да қадағалап отыратын осындай қырағы ұстаздарды көргенде іштей қуанып қаласың. Алайда бала тәрбиесіне алдымен ата-анасы, отбасы жауапты екенін естен шығармаған абзал.

Ата-анасы баласының күнделікті іс-әрекетін қадағалайтын болса, мұндай теріс әдеттерден бойын аулақ ұстар еді.  Бәлкім,  адамды ақыл-есінен айырып, ессіз күйге енгізіп, қылмысқа итермелейтін «ғасыр дертіне» айналған  нашақорлықтан да ада болар ма едік? Осындайда жаһандану үдерісіне «жұтылып» бара жатқан қазақы отбасы құндылығының қадірін ұғынасың. Өйткені біздің дәстүрімізде баланың бас ұстазы – ата анасы…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Жыл басынан бергі 8 айда участкелік дәрігер-наркологтыңқабылдауында 5942 науқас болды. Жыл басынан бері есірткіге сараптамадан 2384 адам өткізілді. Динамикалық бақылауда тұрғандар саны – 516. Шын мәнінде есірткі қолданатындар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Оның ішінде есірткілік заттарды үнемі емес, «эпизодты» түрде қолданатындар бар.

Орталыққа барғанымызда бір топ ем алушыны көзіміз шалып қалды. Түрлері суық, шаршаңқы. Келбеттері қартайып, ерте солып бара жатқан бейнедей. Соған қарамастан бір-біріне ыржалаңдай күле «бухаем?» деп қояды. Оларда ар-ұят, намыс деген ұғымның болмағандығынан ба, әлде ол адами қасиеттерін арақ пен есірткіге алмастырғандарынан ба, әйтеуір көзіме ақыл-есі кем адамдай көрінеді. Олар бәлкім біреудің әкесі, біреудің атасы болар. Бірақ одан не қайыр?! Иә, өз өмірін өзі қор қылған адамдардан көргенде оларға емес, жақындарына жаның ашиды екен…    

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button