
Тұрғындарды толғандырар жайлар көп
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық комитеттің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев Махамбет ауданында жалғасқан жұмыс сапарында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевпен бірге жергілікті тұрғындарымен кездесті.

Ауылдықтармен болған кездесуде қол жеткен жетістіктермен қатар кейбір кемшін тұстар, шешімін күткен проблемалар да әңгіме арқауына айналды. Тұрғындарды білім саласындағы кадр тапшылығы, ауылдық жерлерге білікті мамандарды тарту үшін оларға бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту, сондай-ақ апатты тұрғын үйлердің орнына жаңа баспана салу сияқты мәселелер толғантатыны байқалды. Бұдан бөлек, жергілікті жердегі әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру жайы да қозғалды.

Халық қалаулысы осы айтылғандардың бәрін қаперіне алып, қай мәселенің де аяқсыз қалмай, оң шешімін табуы үшін жұмыс жасалатынын атап айтты. Бұдан өңір өмірі, ауылдың тыныс-тіршілігі «Ауыл» партиясының ұдайы назарында екенін аңғардық.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

