Жарнама
Қоғам

   Тіл – ең асыл құндылық

      Тіл — ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға мұра боп келе жатқан халық даналығының, өткен өмірі мен бүгінгі тұрмыс-тіршілігінің айнасы, баға жетпес рухани қазынасы. Әр халық үшін тіл маңызды құндылық. Кез келген ұлт тілі сол ұлттың жан дүниесінің тереңін танытып, табиғатын сездіреді, мәдени-рухани дүниесінен ақпарат береді.

Мұхтар Әуезов: «Ұлттың тілі-сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» деп тіл мен ұлттың арасындағы байланыстың күштілігін көрсетеді.

     Тіл — қай елде, қай ұлтта болсын, қастерлі, қасиетті, құдіретті. Әрбір халықтың өзіндік болмысы мен ұлттық бірегейлігін анықтайтын басты құралдарының бірі – оның тілі.Тіл – адам баласының әлемді тану жолындағы түсінігінің, ойының, сезімінің, идеясының, дүниетанымының  көрінісі. Тіл – ұлттың жады. Тіл бар жерде ғана ұлт бар, ұлттық мінез бен ұлттық болмысты сақтайтын басты нәрсе де осы – ана тілі.

      Алаш қайраткері, ұлт ұстаз Ахмет Байтұр­сын­ұлы: «Қазақтың атадан балаға мұра етіп қалдыратын екі қазынасы бар. Оның біріншісі – байтақ жері, екін­шісі – бай тілі»,-деген екен.  Тіл дегеніміз — ұлтымыздың тарихы мен тағдыры, салты мен дәстүрі, тәлімі мен тәрбиесі, қатынас құралы, елдігіміз бен бірлігіміздің туы, ата бабамыздан қалған киелі дүниеміз, рухани байлығымыз. Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі таза әрі бай тіл болып есептеледі. Қазақ тілі —  қазақ халқының ана тілі, шұрайлы, көркем, Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған тіл. Біздің тіліміз өзіндік ерекшелігі мол, мағынасы көп, синонимдік тіркеске бай, орамды, өрісі кең тіл. Сондықтан, ғасырлар бойы жалғасқан ұрпақтар сабақтастығында үзілмеуі қажет бір құдірет болса, ол – тілге деген құрмет болады. Ана тіліміз Ата заңымыздың қамқорлығына алынғанымен, оның көсегесін көгертіп, мәртебесін өсіру, баянды ету  сіз бен бізге байланысты болмақ.

       Біз бүгін тәуелсіз Қазақстанда өмір сүрудеміз, өз кең байтақ жеріміз, мемлекеттік тіл статусына ие ана тіліміз бар. Бұл – ел ынтымағы мен бірлігінің үлкен жемісі.  Бүгінгі ұрпаққа  жүктелер міндет асыл қазынамыз — ана тілімізді көздің қарашығындай сақтау, дамыту, әрі оны келешекке аманат ету деп білемін.

      Әр тілдің өзіне тән ішкі қуаты, күші болады. Көп тілді білу – заман талабы. «Қанша тіл білсең, сонша рет сен адамсың»,- деп А.П.Чехов бекер айтпаса керек. Сондықтан, қазіргі жаһандану дәуіріндегі даму жолында көп тіл білу кез келген адамға бәсекеге қабілетті болуға, жаңа мүмкіндіктер мен тың өмірге бастайтын жол  болып есептелінеді. Тілдің көмегімен өнер, білім, ғылымды игереміз, өткен-кеткенді саралап, сабақ аламыз. Біз өз тілімізді құрметтей отырып, дініміз бен салт дәстүрімізге, тарихымызға терең үңілетін болсақ және оны өзіміз танып қана қоймай, сол асыл қазынамызды әлемге танытсақ келешек ұрпақ үшін үлкен еңбек болары сөзсіз.  Адам көп тіл білгеннен зиян көрмейді, керісінше оның талабы да, талғамы да артады.

      Осы орайда, мемлекеттік тілді дамыту, сындарлы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру,  тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өз үлесін қосып жүрген «Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметіне қысқаша тоқталып өтсем деймін. «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басты мақсаты бірыңғай мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында өңіріміздің ересек тұрғындарының тілдік құзіреттіліктерін арттыру үшін тегін түрде мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерін оқыту курстарын, біліктілік арттыру  семинарларын ұйымдастырып және түрлі іс-шаралар өткізу болып табылады.

Орталықта тыңдаушылар құрамы мекемелердің, ұйымдардың және жеке тұлғалардың сұраныстары арқылы жасақталады. Тыңдаушылармен алдын ала диагностикалық тестілер өткізіліп, деңгейлеріне сәйкес топтар құрылады.Тілдік курстарға шақыру облыс әкімдігінің сайты, әлеуметтік желілер мен облыстық теледидар, газеттер арқылы жүзеге асады.

     «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші еліміздің  дамуы үшін өзге тілді тиімді қолданып, өз тілімізді басқа ұлттарға дәріптесек алға қойған мақсатқа бір табан жақындаймыз деп ойлаймын.

     Тілегіміз – ырыс болса,

     Тірлігіміз дұрыс болса,

     Тіліміздің де түтіні түзу ұшатыны анық!

Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ұмытпайық!

Июлия СЕЙТОВА,

Атырау облысы «Тіл» оқу-әдістемелік

орталығының тілдерді оқыту бөлімінің

басшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button