ТІЛ АЛЫСТЫ ЖАҚЫНДАТЫП, ЖАҚЫНДЫ БАУЫР ЕТЕДІ

Сан түрлі ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіріп отырған Қазақстан қазіргі таңда үлкен достық үйіне айналғандай. Жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

 1998 жылы Елбасының Жарлығымен «22і-нші қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні» болып белгіленді. Содан бері атаулы мереке республика көлемінде үлкен ұйымшылдықпен тойланып келеді. Соның ішінде, Атырау облысында да осы мерекеге орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Соның ең басты қорытынды шарасы болып саналатын «Тіл – татулық тірегі» атты облыс халқы тілдерінің фестивалі кеше облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтті.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау және өңірдегі түрлі этностардың өз ана тілдерін дамытуына қолдау көрсету, олардың мемлекеттік тілді білуге деген қызығушылығы мен құрметін арттыруға, ортақ Отаны – Қазақстанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу және қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына ықпал ету мақсаты алға қойылған фестивальға облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов, облыстық және қалалық мәслихаттарының депутаттары, облыстық басқарма басшылары, мекеме, ірі кәсіпорындар өкілдері, ардагерлер, тіл жанашырлары қатысты.
– Тіл – әр адамның жүрегіндегі үлкен құбылыс. Тіл тіпті ұлттарға да бөлінбейді, – деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы құттықтау сөзінде. – «Мен қазақпын, сондықтан, тек қазақша білуім керек» деген түсінікке бағынбайды. Жылдан-жылға ақпараттар ағыны көбейген сайын, мемлекеттер бір-бірімен жақындай түскен сайын тілді бір ұлтқа байлап қою принципі жоғалып барады. Себебі, әлемдік деңгейде мойындалған халықаралық тілдер бар. Бұл тілдердің барлығы да өзінің ақпаратымен және сол тілдерді меңгерген адамдарымен бай. Дәл сондай қарым-қатынас Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында елімізде де жүзеге асып жатыр. Қазір тілдің байлығы сөздік қормен өлшенбейді. Мәселен, қазақ тілінің сөз байлығы өзге тілдің сөз байлығынан кем емес. Бірақ, адамдардың бәрі қазақ тілінде сөйлеп жатыр ма? Сондықтан, қазіргі тілдің байлығын сол тілде сақталған ақпараттың байлығымен өлшеу керек. Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің қазақша білуі, қазақ тілінде сөйлеуі, ана тілінде шығармашылықпен айналысуы – мемлекеттік тілге әкелетін үлкен табыс деп білемін. Себебі, бір теңізге бір ғана өзен құятын болса, бұл теңіз тез көбеймейді. Ал, бірнеше өзен құятын болса, ол өз арнасынан тезірек асатыны сөзсіз. Тіл де осы құбылыс секілді.
Рухани құндылығымызды байыту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, этностар тіліне қамқорлық жасап, этносаралық келісімді нығайту тіл саясатының басым бағыты болып табылады. Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі қазіргі таңда еліміздегі барлық этностарды жақындастыра түсетін ортақ мерекеге айналды.
Шара барысында ел бірлігін ту еткен елдің бірқатар нағыз патриоттары облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Құрмет грамотасымен», облыстық тілдерді дамыту басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Жеміс Тілепқалиева, Атырау облысы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) бөлім басшысы Земфира Әмірова, «Ақберен-Құрылыс-Сәулет»ЖШС-нің директоры Әнуарбек Далбаев, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының әдіскері Нәзира Әшім, Қызылқоға ауданының №1 мектеп-гимназиясының оқытушысы Айжан Қамзина, облыс әкімі аппаратының «Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау және тілдерді оқыту өңірлік орталығының» бөлім меңгерушісі Лаура Ғазизова қоғамдағы тіл саясатын, соның ішінде мемлекеттік тілді насихаттаудағы еңбектері үшін облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сондай-ақ, облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тим Миллирге, «Қазақстан» РТРК Атырау облыстық филиалының редакторы, тележүргізуші Нұрлыбек Ғизатовқа, облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназияның мұғалімі Гүлмира Мұқашеваға, Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Нұрзада Сағынғалиеваға, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маман-заңгері Жанар Ғабдуллинаға облыстық мәслихат атынан «Алғыс хат» тапсырды.
Ал, Қазақстан халқы тілдерінің XV республикалық фестиваліне орай мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның магистралды газ құбырлары басқармасы филиалының директоры Байрам Тұрсынбаевты облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Қилымғали Қайненов ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Бірқатар тіл жанашырлары облыстық тіл басқармасының алғысына ие болды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп, достықтың нышанына айналған аталмыш шара облыс өнерпаздарының ұсынған концерттік бағдарламасына ұласты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз