ТЕҢІЗ КЕНІШІНДЕГІ ТАРИХИ КҮН

«Теңізшевройл» компаниясы ашық алаңдағы күкірттің соңғы қорын жөнелтті

Өткен жұма күні Теңіз кенішінің аумағында ұзақ жылдар бойы тау-тау болып үйілген күкірт іскірттерінің ең соңғы қорын тиеуге арналған салтанатты рәсім болды. Кеніште өндірілетін шикі мұнай мен ілеспе газ құрамында 13 пайыз күкіртті сутегі мен басқа да күкіртті қоспалар бар. Экологиялық жағынан залалды деп саналатын бұл күкірт қоры 2006 жылы мұндағы ашық алаңдарда 9 миллион тоннадан асып, жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызған еді. Сондықтан да, Қазақстан Республикасы Үкіметімен арадағы келісімге сәйкес, «Теңізшевройл» компаниясы оны 2017 жылға дейін толықтай  жоюға міндеттенген болатын. Міне, бұл үлкен жұмыс мерзімінен екі жыл бұрын орындалып отыр.  

Аймақ жұртшылығы асыға күткен осынау салтанатты рәсімге Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев, ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұ.Қарабалин, «КAZENERGY» Қауымдастығының бас директоры Ә.Мағауов, ҚР Парламентінің депутаттары, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және ТШО серіктестері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, сондай-ақ, ТШО мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері қатысты.                                 

«Шаңырақты» кернеген  шаттық

Біз, атыраулық және жылыойлық журналистер кеніштегі кезінде венгр ағайындар өз қолдарымен іргетасын қалап, «Мадьяруиварош» деп үкілеп ат қойып, айдар таққан мекенге, бүгінде ТШО және оның серіктес компаниялары жұмысшылары тұратын «Шаңырақ» қалашығына өзгелерден сәл ертерек келіп қалдық. Бәрімізді осы шараға күні бұрын ұйыстырып, көлік ұйымдастырып жүрген ауданның Теңіз кенішіндегі кәсіпорындармен байланыс бөлімінің меңгерушісі Сәрсен Ерболовтың әбжілдігі бұл. Сөйтсек, Жылыой ауданының әкімі Мақсым Шафихұлы Ізбасов мұнда бізден де бұрын жетіп үлгерген екен. Емен-жарқын мерекелік көңіл-күй. Қашанғыдай қай мәселеге де жетіктігін аңғартып, күкірт тану, оны сақтау, сату турасында алғашқы ой тамызығын тұтатып жатыр…

Біздің де есімізге ертеректе жазылған «Теңіздің тұңғыш күкірті – Отанға!» тақырыбындағы жолжазбамыз түсе кетті (Қаржау Оразбаев, «Ембі», 1991 жыл 12 мамыр). Сонда жазғанымыздай, Теңіз газ өңдеу зауытында елді елең еткізген елеулі оқиға болды. Алғашқы өнім: 3060 тонна сұйық күкірт. 45 вагон-цистерна болат жолдың бойында тұр. Бағыты – Чарджоу өңдеу зауыты. Бұл батыс Қазақстандағы аса перспективалы ірі Теңіз мұнай-газ кешенін игеру тарихына айшықты әріппен жазылып қалған күн болды.

Содан бері аттай жиырма төрт жыл өткен екен-ау! Осы уақыт аралығында, әсіресе, 1993 жылдан бері зауыттың қазіргі заманға сай жаңарып-жаңғырып, жетілдірілген техникалық-технологиялық қуат-мүмкіндігінің артқаны және өндіріс көлемінің ұлғайғаны соншалық, құрғатып түйіршіктелген күкірт тау-тау болып, соңыра құдды бір Мысыр (Египет) пирамидаларына ұқсап, көк тірей қалды. Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық жағдай тұрғысынан бұл көрініс кезінде өңір жұртшылығы арасында елеулі алаңдаушылық туғызған еді.

«Теңіз кенішінің игеріле бастауына байланысты тағы бір үлкен проблема күн тәртібіне қойылып отыр. Мұндағы мұнайдың құрамында күкірт қоспасы мол. Тіпті, ғалымдардың зерттеуінше, «күкірттің ара салмағы 25 пайызға тең» деген де мәлімет бар. Яғни, дәл мұндай күкіртті мұнай әлемде әлі күнге дейін кездеспепті…

…Рас, күкірттің аса бағалы, әрі сирек кездесетін шикізат екені мәлім. Бірақ, қауіптілігі де орасан. Тұрғындар оның залалы туралы қазірдің өзінде дабыл қаға бастады. «Каспий теңізінің жағалауында құстардың жаппай қырылуы орын алуда. Ембі ауданында жұқпалы сырқат, соның ішінде тыныс органдары аурулары өсіп барады» дейді олар. Қаратон поселкесінің байырғы тұрғыны, қарт мұнайшы Демеу Мұхамбетәлиев бізге:

– Ауаға таралған күкіртті ангидрид газы ылғалмен реакцияға түседі де, жерге қайта қонғанда күкірт қышқылына айналып, даладағы өсімдік түгілі, үй маңына жайып қойған жуулы киімдерімізді де тесіп тастайды, – деп ашына айтқан еді…» деп жазған екенбіз «Теңіз тақсіреті» атты сараптамалық очеркімізде (Исатай Балмағамбетов, «Лениншіл  жас», 1990 жылдың 11 наурызы).

«Теңізшевройл» компаниясының аймақ экономикасын дамытуға қосып келе жатқан қомақты үлесін мойындай отырып, өндіріс басындағы мұнай құрамынан бөлініп алынған, тау-тау болып үйілген күкірт пирамидаларын көргенде жүрегің сыздайды. Мамандардың мәліметінше, қазір үйілген күкірттердің көлемі 9 миллион тоннаға жеткен көрінеді…» деп те жазыппыз «Экология тақырыбындағы тәмсілдер» деген ой-толғауымызда (Исатай Құндызбайұлы, «Заң газеті», 2002 жылдың 22 қыркүйегі). Онда біз Жылыой ауданына ат басын тіреген Тито Сыздықов бастаған Парламент Мәжілісінің экология жөніндегі комитетінің бір топ депутаттарының да осы мәселеге баса назар аударғанына тоқталғанбыз. Ал, «… аудан аумағында бас ауыртатын басты мәселенің бірі – Теңіз кенішіне қатысты жайт. Кен орнында жинақталған күкіртті өткізу әлі толық шешімін таппай келеді. Бұл бағытта бірқатар шаралар алынғанымен, оларды қанағаттанарлық деу қиын. Сонда тау болып үйілген күкірт іскірттері қашан тұтынушыларына толық жөнелтіліп, оның залалынан құтыламыз?..» деп баспасөзде тағы да мәселе көтергеніміз бар (Исатай Құндызбайұлы, «Алтын Орда», 2006 жылдың 15 қазаны).

Бұл журналистік жазбаларымыздың бәрі де біздің ширек ғасырдан бергі жергілікті тұрғындармен бірге алаң күй кешкен жан толқынысымызды білдіретіндіктен, бүгінгі күннің көптен күткен, аңсай жеткен тарихи сәт екендігі қапысыз. Бұл турасында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұ.Қарабалин Теңіз кенішіне аяқ басқан сәтінде-ақ: «Тоғыз жыл бұрын біз бұл жерлерде күкірт тауының қалыптасқанын көрген болатынбыз, сол кезде біз үшін осы жинақталған орасан зор қорды шығару мүмкін емес сияқты болып көрінді. Алайда, ТШО-ның және мердігер ұйымдардың үйлестірілген жұмысының және сәтті іске асырылған жобаларының арқасында біз бүгін күкірт карталарынан осы өнімнің соңғы жөнелту сәтінің куәсі болып отырмыз», – деп мәлімдеп, ТШО кәсіпорны ұжымын тамаша жетістігімен құттықтады.          

Күкірт пирамидасының күйреуі

Бір сәт назарымыз залдағы экранға ауды. Теңіз кенішіндегі соңғы күкіртті жөнелтіп жатқан көрініс. Сап тізілген «сары таулар», етегінде ыңыранған қуатты техникалар легі. Күкірттің әр жылдардағы көрсеткіштер сипаты беріліп жатыр: 2006 ж. – 9,5 млн. тонна, 2007 ж. – 9 млн. тонна, 2011 ж. – 6,2 млн. тонна, 2013 ж. – 1,69 млн. тонна, 2014 ж. – 0,26 млн. тонна. Ал, 2015 ж – 0.

Кешегі алынбас қамалдай көрінген орасан зор күкірт қоры қайда кетті десек, ол осынау өнімді тұтынуға ділгір әлемнің қырыққа жуық еліне жөнелтілген екен.      Бүгінде Қазақстан күкіртті сатып алушы көптеген елдер, басым бөлігін айтқанда, Жерорта теңізі бассейні мен Орта Азия елдері, оған Қазақстан, Ресей, Украина және Қытайды қосқанда, жоғары сапалы күкірттің төрт түрімен (сұйық, түйіршіктелген, қабыршақталған және кесектелген) қамтамасыз ететін әлемдік деңгейдегі ірі елдердің бірі болып табылады.

Жалпы, «Теңізшевройл» кәсіпорны өндіретін шикі мұнай мен ілеспе газ құрамында күкіртті газ бар, оның 13 пайызы көмірсутегінен, басқа да күкіртті қоспалардан тұрады. ТШО жүйесінде күкіртті газ өндірілетін шикі мұнайдан айырылып, содан соң алынған газдан көмірсутек ажыратылады. Осылайша, түпкі өнім – мұнай, табиғи және сұйытылған газ дайын болады. Сөйтіп, бұл өнімдер сауда және экологиялық талаптарға сай келеді. Ал, шикі мұнайдан алынып тасталған көмірсутегі технологиялық қондырғыға жіберіліп, ол жерде ауамен, жылумен және катализаторлармен реакцияға түседі, осының нәтижесінде сұйық күкірт түзіледі.

Мамандар дерегіне сүйенсек, мұндай технология көмірсутегі өнімдерінің экономикалық құндылығын арттыруға және күкірт түрінде қосымша тауарлы өнім алуға мүмкіндік береді, нақтылай түссек, күкірт 30 мыңнан астам басқа өнім түрлерін шығару кезінде пайдаланылатын құнды өнім болып табылады екен.

…Міне, соңғы күкірт тиелетін карта алаңы. Автобустан түсісімен қолдарына күрек алған басшы буын мәртебелі қонақтар трактор шөмішіне ақырғы күкірт кесектерін салып, символикалық рәсім жасады. Топтанып фотосуретке түсу – осынау тарихи сәтті есте қалдырарлық нышан болды. Журналистермен брифинг өтті.

Жылыой ауданының басшысы Мақсым Ізбасов өз сұхбатында «Теңізшевройл» кәсіпорны мұнай өнімдерін өндіру, оның көлемін арттырумен қатар, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға үнемі көңіл бөліп отырғанын айтты. Олардың ықпалымен Құлсары қаласында, Жаңа Қаратон кентінде және Қосшағыл ауылында жаңадан саябақтар ашылды. Енді қоршаған ортаны қорғауға қатысты іс-шаралар жүргізу үшін де орайлы да, ортақ шешімге келіп отыр.

Бұның жалғасы «Шаңырақ» жұмысшылар қалашығында салтанатты жиынға ұласып, оны ТШО-ның үкіметпен және жергілікті жұмысшылармен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев жүргізді. 

«Қазақстан – әлемдегі күкірт экспорттаушы ең ірі он елдің қатарында»

Салтанатты жиында кіріспе сөз сөйлеген «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим  Миллер осылай деп мәлімдеп, одан әрі:

– Естеріңізде болар, мен сіздерді Теңіз кешені алаңынан соңғы кесек күкіртті тиеу рәсіміне шақыруға уәде беріп едім. Бүгін сіздер осы мерейлі сәтке куә болып отырсыздар. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Оның үстіне біз алған міндеттемемізді екі жыл бұрын орындадық, – деді көтеріңкі көңіл-күйде.

Тим мырзаның қуанышының орны ерекше. Шынында да, бұл өзі қалай болған еді? 1993 жылдан бері ТШО мұнай және газ өндірісі көлемін ұдайы арттырып келеді. Сәйкесінше, күкіртті өндіру ауқымы өсіп, оны өңдеу мен тиеу мүмкіндіктерінің шектеулілігі және сату нарығының жоқтығы себебінен оны сақтау көлемі де артты. Соның нәтижесінде 2006 жылы ашық күкірт алаңдарында 9 млн. тоннадан астам көлемде күкірт қоры жинақталған еді. Осыдан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметімен жасалған келісімге сәйкес, ТШО күкірт қорын 2017 жылға дейін толықтай арылту бойынша міндеттеме алған.

Бас директор жобаның сәтті жүзеге асырылуын қамтамасыз еткен ТШО-ның маркетинг және тасымалдау бөлімі, өндіріс бөлімі және «Ариадна» мен «Денхолм Жолдас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері секілді мердігерлердің еңбегін айрықша атап өтті. Олардың бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан әлемдегі күкірт экспорттаушы ең ірі он елдің қатарына енді.

Осы айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік берген жобалардың бірі – құрамында күкіртті қайта еріту мен түйіршіктеу нысандарының құрылысы бар Күкірт өңдеу қуаттылығын кеңейту жобасы.  Тим Миллердің айтуынша, ТШО-ға күкіртке қатысты жұмыс деңгейін сақтауға тура келетініне қарамастан, оның қоры ешқашан 2006 жылдың деңгейіне дейін өспейді. Белсенді сату жоспары, күкіртті өңдеудің жаңа нысандары мен үрдістері, сонымен қатар, барлық шикі газды кері айдауды қарастыратын өндірісті кеңейту жобасының арқасында күкірт қоры аталмыш жылдың деңгейінен әлдеқайда төмен болып қала береді. Ол осы жоғары нәтижеге қол жеткізуге қомақты үлес қосқандардың барлығына «Теңізшевройл» компаниясы басшылығы атынан алғыс айта отырып, Үкіметпен, серіктестерімен және мердігерлермен үнемі бірлесе жұмыс атқарып, әрі өндірісте жаңа табыстарға қол жеткізіп, Қазақстан Республикасына бұдан да көп пайда әкеле беретіндеріне сенім білдірді. 

«Елімізде  өндірілетін мұнайдың

 47 пайыздан астамы – ТШО үлесінде»

Айтулы шараға қатысушыларды аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетовтің және өзінің атынан құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев өз сөзін осылай бастап, «Теңізшевройл» компаниясының аймақ және бүкіл Қазақстан экономикасына айтарлықтай үлес қосып отырғанын атап өтті.

– ТШО өндіретін мұнай мен ілеспе газдың құрамында 13 пайызға дейін күкіртті сутегінің болуы, Теңіздің күкірт картасында ұзақ уақыт бойы 9 млн. тоннадан астам құрғақ күкірттің ашық күйінде сақталуын, оның қаншалықты залалдылығын, сонымен қатар,  әлемдік нарықтағы тұтынушылық деңгейі турасындағы мағлұматтарды жан-жақты зерттеу арқылы, бұл өнімді кәдеге жарату жөнінде облыстық әкімдікпен ұсыныс енгізілді, – деді ол. – Осыдан кейін кәсіпорында басқа шаралар жиынтығымен бірге, күкіртті ұсақтайтын жаңа өнеркәсіптік қондырғы орнатылып, нәтижесінде аталмыш өнімді сатуды көлемі жағынан ұлғайтуға мүмкіндік  туды.

Күкірт қорын сатуды жеделдету мақсатында ТШО қатты түйіршіктелген  күкірт шығаратын арнаулы жабдықтар қондырғысына 50 млн. доллар қаржы салды. Бұл өндірістік қуат 2003 жылы іске қосылды.

Күкірт қолданылатын отыз мыңнан астам атаулы өнім түрлерінің ішінде фосфатты тыңайтқыш, қағаз, резеңке, асфальт, бояу, тоқыма мата, косметика және пластмасса, т.б. бар екенін айта кетсек, жеткілікті болар.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсарту және бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына кіру міндетін алға қойып отырған шақта бұл аса маңызды оқиға да – сол мақсатты межеге жетудің бір көрінісі .

ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қараманов құттықтау сөзінде және журналистерге берген сұхбатында былай деді:

– Жалпы алғанда, «Теңізшевройлдың» жұмысы бұл мәселеде аса нәтижелі болды. Әрине, кен орны міндеттер ауқымына кіретін болған соң жылына 2,5 млн. тонна күкірт өндіруге мүдделі. Бірақ, бұл өнім бұрынғыдай үлкен көлемде сақталмақ емес. Өйткені, күкірт бірден ұсақталып-түйіршіктеліп, шет елдерге сатуға жөнелтіледі. Бұл – үлкен жетістік. Қазақстанның бұл өнімі дүниежүзілік нарықта сапалылығымен ерекшеленеді. Сондықтан, өзімізден артылған орасан зор көлемдегі күкіртті ТМД елдерінен басқа, Жерорта теңізі бассейні, Қытай, Америка секілді алпауыт елдер көп көлемде сатып алуға ұмтылып отыр. Өйткені, бұл өнім уран өндірісі, химия өнеркәсібі үшін өте қажет.

Көздеріңіз жетіп отырғанындай, болашақта басқа кен орындарынан осындай сапалы, әрі құрамы күрделі өнім шығып жатса, бізде енді оны тез, әрі жылдам игеретіндей тәжірибе бар. Әсіресе, қазіргідей жағдайда енді оның жергілікті тұрғындарға, қоршаған ортаға залалы  болмайды  деп айтуға толық негіз бар.

Жиында, сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитеттің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов сөйлеп, Кеңес Одағы кезінде Теңізде жинақталған күкірттің үлкен қоры ғалымдардың да назарын аударып, олар «өнімнің құрамында меркаптан көп» деген болжам айтқанын, оны кәдеге жаратудың жолдарын іздестіргенін, күкірттен біржола арылу мәселесі жұртшылық тарапынан да көтерілгенін еске салды. «Тек 2008 жылдан бастап бұл маңызды шаруамен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Алайда, аса ауқымды күкірт қорын жою жөнінде алдыңғы кезекте алынған шаралар жүзеге аспады да, оның мерзімі 2017 жылға белгіленді. Міне, енді Атырау, Жылыой халқының көптен күткен армандары мерзімінен бұрын орындалып отыр. Қуаныш құтты болсын, ағайын!» деді сенатор.

Бір нәрсе айқын, «Теңізшевройл» компаниясы алдағы уақытта да өндіріс көлемін ұлғайтып, мол өнім көзіне жол аша бермек. Демек, күкірт қарасы да молая түседі. Сондықтан, оны кәдеге жаратуға, әлемдік нарықтағы сатылымына кең жол ашыла беретініне де сеніміміз кәміл.

Жиын соңында компания басшысы Тим Миллер осынау оқиғаны тездетуге орасан зор үлес қосқан «Ариадна» және «Денхолм Жолдас» серіктестіктерінің жетекші буынына, жекелеген мамандарға «Алғыс хат» тапсырды.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

Атырау-Теңіз кеніші-Атырау.

P.S. Бүгінде Теңіз кенішінде тәулігіне алты мың тоннадан астам күкірт түйіршіктейтін бес қондырғы жұмыс істеу үстінде. Олар кешенді технологиялық желі мен екінші буын зауытынан шыққан күкіртті толық өңдеуден өткізеді. Содан кейін дайын өнім оны тұтынушы әлемнің 38 мемлекетіне (Қытай, АҚШ, Бразилия, Тунес, Израиль, т.б.) сатымға жөнелтіледі.

Баршаға белгілі, «Теңізшевройл» ЖШС – шикі мұнайды, газ бен күкіртті барлау, шығару, өндіру және өткізумен айналысатын қазақстандық серіктестік. Барлық жұмыстар қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. Сайып келгенде, ТШО компаниясы 1993 жылдың сәуір айындағы Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» корпорациясы арасындағы келісімге адалдық танытып, көрсетілген сенімді абыроймен ақтап отыр. «Теңізшевройл» ЖШС-ның қазіргі серіктестері: «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 20%, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» – 25%  және  «ЛукАрко» – 5%.

Күкіртті өндірудің, тасымалдау мен сақтаудың, сондай-ақ, оның қоршаған орта мен адам денсаулығына әсерін жоюдың барлық мәселесі шешіліп жатқан ТШО-да жауапкершілік пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қанағаттануға толық негіз бар.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз