ТЕҢІЗ КҮЗЕТКЕН ТАРЛАНДАР

Биыл  еліміздің  құрыш  қамал  қорғаны, тәуелсіздігіміздің қалқаны – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 22 жыл толады. Ол құрылғаннан бері еліміз өз дамуының күрделі кезеңдерінен өтіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қабілетті екендігін көрсете білді. Шекарашылар туралы сөз қозғағанда, осы әскери саланың ішінде бірегейі болып келетін теңізшілер туралы айрықша атауға тура келеді. Кәсіби мерекеге орай Атырау қаласындағы Жағалау күзеті өңірлік басқармасының 2201«Г» әскери бөлімінде болып, теңізші-шекарашылардың қызметімен танысып қайтқанбыз.


Шекарашылар 
ӘРқашан  да  сапта!

Мемлекеттің тыныштығын сақтауда, өжеттілік, төзімділік және қайраттылықты талап ететін бұл қызметтің орны ерекше. Аталған бөлімше командирі Талғат Төребаев бүгін шекара қызметіне баса көңіл бөлініп отырғандығын, соның нәтижесінде бұрын аяқ баспаған жерлерде шекара бөлімшелері бой көтеріп келе жатқандығына тоқталып, мәртебесі зор мамандық иелерін айтулы мерекемен құттықтады. Оның айтуынша, бұл күнде теңізші-шекарашылар қызметтеріне батылдықпен кірісіп, өз істерін абыроймен атқарып келеді. Атырау өңірінде осыдан он екі жыл бұрын құрылған әскери бөлімшеде бүгінгі күні барлығы 200-ге жуық әскери қызметші еңбек етуде. Мұнда шекара шебін бұзушылардың алдына тосқауыл болу үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті техникамен қамтылып, қару-жарақ, оқ-дәрі сақтайтын бөлмелері толық жабдықталған. Тәуліктік қызметшілер кезекшілікке тұрып, өз істерін адал атқаруда.

– Осы жерде Отанымның тыныштығы үшін тынбай еңбек етемін. Бұл – біздің ең басты азаматтық парызымыз. Бізге бүкіл қазақстандықтар сенім артып отыр. Сол сенімді ақтауда бұл саланың қиындығына мойымай келеміз, – дейді әскердегі борышын өтеп жатқан жас матрос Марат Дауанов. Бұл пікірді оның әскери серігі, матрос Иса Мадияр да қостап:

Отан қорғауда шекарашылардың қызметі оңай емес. Құрлықтағы шекарашылардың өмірі бізден бөлек. Олар полигонда, далалық жаттығуларға қатысатындықтан шаң-тозаңның арасында жүреді. Олар кез келген қиындыққа шыдағанымен, теңізге шыдай алмауы мүмкін. Себебі, теңізде тулаған толқындар арасында жүріп, тыныштықты күзетесің. Бұл жағдайда асқан жүректілік қажет, – дейді.

АҚЖаЛ  толқынМЕН АРПАЛЫСЫП…

Бірнеше тәулік бойы теңіз үстінде болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған асқан төзімділік пен жауапкершілік қажет. Осындай міндетті мойнына жүктеген теңізшілер жауынгерлік тапсырманы орындауда барлық уақытта сақадай сай тұрады. Біз барғанда шекарашылар бөлім командирі Талғат Төребаевтың бұйрығын алып, Каспий теңізінің солтүстік аумағының шекара шебін күзетуге аттанды. Командирдің бірінші орынбасары Асхат Палтушев бастаған теңізші-шекарашылар тобы өз кезекшілігін үш тәулік бойы теңіз үстінде атқармақ. Су үстінде  олар шекараны күзетумен бірге заңсыз балық аулауға да тыйым салады.

Біз үнемі тәуекелдік жағдайға түсеміз. Жылдамдықтың, катердің ептілігі мен экипаждың ауызбірлігі арқасында теңіз үстінде ұсталғандардың 80 пайызы бізге тиесілі. Тұтқынға алу барысында неше түрлі жағдайлар орын алады. Мәселен, заң бұзушы байданы кері бұрып, біздің катерді зақымдауға тырысуы да мүмкін және маған командир ретінде өз жігіттеріме сенімді болуым өте маңызды, – дейді катер капитаны Василий Калимуллин.

Расымен де, асқан жауапкершілікті қажет ететін бұл мамандық иелерінің Отан қорғаудағы жұмыстары орасан. Өз қызметіне әбден төселген теңізші-шекарашылар тіпті отбасына көңіл бөле алмай да жатады.

«Жергілікті тұрғын болсам да, өз ағайын-туыстарыма көп қатынай бермеймін. Олар, әрине, сағынады және күтеді. Бірақ, жұмыстың талабына қарай бос уақытымыз бола бермейді. Мен үшін теңіз шекара әскері – жай қызмет емес, бұл Отан алдындағы борышым. Бір айта кетерлігі, әскери теңізші болу менің бала кезгі арманым болатын. Қол жетпейтін еш нәрсе жоқ, тек қана оған ұмтылу қажет деп есептеймін. Қызмет бабында маған қатты ұнайтыны – экипаждың татулығы, бүкіл сұрақтар мен мәселелерді бірігіп шешетіндігі. Осындай жағдайда нағыз достық туындайды. Сөйтіп, өмірім теңізбен ұласып, онысыз  өмір сүре алмайтын болдым» дейді он жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан бас кеме старшинасы Мақсот Құрманғалиев. Белгілі болғанындай, мұнда бұйрықтар мен рапорттар кеме және базаның арасындағы ішкі байланыс жолдары арқылы беріліп отырады. Бір катерге үш арнайы топ жауынгері, бір кинолог қоса беріледі. Сөйтіп, тулаған теңіз толқынымен алысып, қиындықтарға дес бермеген теңізшілер өз қызметтерін абыройлы атқаруда. 

ҚЫРАҒЫЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ

Бұл ретте шекарашылардың әскери және қызметтік салада қол жеткізген табыстары да қомақты. «Еліміздің аумағына заңсыз жолмен өтуге талпыныс жасаған мемлекеттік шекара бұзушыларды дереу ұстағанымызға мысалдарды көптеп келтіруге болады» дейді бөлімше командирі Т.Төребаев. Оның айтуынша, сала қызметкерлерінің қатысуымен жыл басынан бері біріккен жедел алдын алу іс-шаралары кезінде шекара қызметін бұзған екі кеме ұсталған. Сондай-ақ, үш қос моторлы қайықпен Ресей азаматтары қолға түскен. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бөлім командирінің айтуынша, мұндай қылмыспен соңғы екі-үш жыл көлемінде 16 адам ұсталыпты.

Ал, былтыр шекара қызметін бұзған 13 адам қолға түскен. Оның бесеуі қазақстандық болса, сегізі – шетел тұрғындары. Ал, браконьерлікке қатысты өткен жылы бір қазақстандықтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Айта берсек, теңізде мұндай қылмыстар жыл сайын артып отырғаны байқалады. Мәселен, өткен жылы браконьерлікке қатысты әкімшілік-құқықтық жазаға 9 адам тартылса, биыл 12 адам  болып отыр.

Сөйтіп, шекара қызметіне қарасты теңізші-шекарашылар жыл сайын заңсыз балық аулау операцияларына да үзбей қатысып, су маржандарының сақталуына, олардың лайықты қорғалуына атсалысуда. 

Шекара қызметінің құрылымдарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету оң шешімін табуда. Бұл ретте Елбасының тапсырмасымен мемлекет бюджетінен ҰҚК Шекара қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жылма-жыл қомақты қаржы бөлініп келеді. Ол алдыңғы шептегі шекара құрылымдары мен бөлімдерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге, ғимараттарды жөндеу мен шекарашы сарбаздарды жасақтап-жарақтандыруға жұмсалады.

Осы тұста айта кету керек, сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында әскери теңізшілер «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық филиалының қолдауымен бір тәулік бойы жан-жаққа тегін сөйлесуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, Қазақстанның әр түкпірінен жиналған теңізші-шекарашылар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барып, мұнайлы өңір тарихымен де таныспақ.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз