ТЕҢБІЛ ДОП – СТУДЕНТТЕР ЕНШІСІ

Футбол – әлемге танымал спорт. Оның қазақ даласына келгеніне ғасырдан астам уақыт өтті. Бүгінде жасыл алаңға қыздар да шыға бастады.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 2013 жылы қыздар және ұлдар футбол командалары қайтадан жасақталды. Ал, өткен жылы олар жеңіс биігінен көріне білді. Жалпы, университет футбол құрамасының құрылу тарихы тереңде жатыр. Сонау 1989 жылы Гурьев педагогикалық институты дене шынықтыру мамандығының студент қыздарынан «Шағала» футбол командасы жасақталған-ды. Сол кезде ол КСРО, кейін ТМД елдері чемпионаттарына қатыса бастады. Халықаралық жарыстарда, соның ішінде, Азия мемлекеттері арасында көршілес республика командаларымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Бұл команданы белгілі спорт маманы Асқар Құсманов құрып, Артур Шибалаев жаттықтырған еді.

Сол кездегі команда капитаны Ғалия Салменова – қазір университеттегі дене шынықтыру кафедрасында аға оқытушы. Ол 2013 жылдан бастап қыздар командасын қайта құрып, жаттығу жүргізді. Команда қатарына университеттің ғана емес, қаладағы басқа да оқу орындарының студент қыздарын тартып, қызығушылықтарын оятты. Сөйтіп, облыстық футбол федерациясымен тығыз байланыс орнатылып, бірнеше жарыстар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта бұл командаға облыс бойынша тең келетін ешкім жоқ десек, артық айтқандығымыз емес. Болашақта қыздар құрамасы шеберліктерін шыңдап, ел біріншілігіне қатысуға тырысып жатыр.

Ал, ерлер футбол командасына келсек, ол да 2013 жылы қайта жасақталып, белсенділік танытып та үлгерді. Атап айтқанда, «Kazenergy», «Жас Отан» турнирлерінде бірінші орын иеленді. Жалпы, Атырау облыстық чемпионатында барлығы 66 команда өнер көрсетеді. Олардың ішінде университет командасы 2013 жылы екінші орын алып, бірінші лигаға көтерілді. Кейін 2014-2015 жылдары бірінші лигада тағы күміс жүлдені қанжығасына байлады. Биыл да сонда өнер көрсетуде. «Премьер-Лига», негізінен, алпауыт мұнай компанияларының командаларынан тұрады. Олардың қатарында, тіпті, Ресейден келген кәсіпқой футболшылар да бар. «Университет» футбол командасының капитаны – дене шынықтыру мамандығының студенті Мерей Бертаев. Ол былтыр «Ең үздік футболшы» атанды.

Талапты жастарға университет басшылығы зор қолдау көрсетуде. Айталық, команда капитанының оқу ақысына жеңілдік берілген. Жаңа ойын формасы, доптар мен басқа да құрал-жабдықтар алынды. Биыл «Университет» командасы Қазақстан Ұлттық студенттер лигасына қатысуға дайындалу үстінде. Университет тарихында тұңғыш рет «Университет-Ардагер» командасы жасақталып, биыл қалалық біріншілікке қатыспақ.

Түйіндей келгенде, университетіміздің футбол құрамасы тек біздің ғана емес, барша аймақтың да мақтанышы деуге толық негіз бар. Біздің мақсат – алаштың атын әлемге танытатын, ұлттық құрама үшін адал тер төгетін шебер ойыншылар тәрбиелеу.  Қазір қазақ футболының шын жанашырлары мен жанкүйерлерін жинаудың маңызы зор.

Амантай МҰХАМБЕТӘЛІ,

Атырау мемлекеттік университеті

«Жайық» мәдени-спорт кешенінің директоры.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз