ТАТУЛЫҚ ТОПТАСТЫРҒАН ЕЛМІЗ

Ынтымағы жарасқан ел озады. Демек, халқымыз бір мүдденің, бір идеяның маңайына топтаса түсуі қажет. Сонда ғана біз ғаламдық жаһандану жағдайында табиғи болмысымыз бен бірлігімізді сақтап қала аламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Ассамблеяның кезекті сессиясының  түйіні осы болды. 

Кезекті сессия барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев татулық тұтқасына айналған институттың алдына жаңа міндеттер жүктеді. Бүгінгі мақаламызда біз еліміздің тарихи қалыптасқан тағдырына тоқталғалы отырмыз. Тарихқа көз жүгіртсек, өткен ХХ ғасыр бойына Қазақстан аумағына көп этносты халықтың орналасу үрдісінің үзіліссіз жүргізілгенін көреміз. «Столыпиндік реформа» деп аталған күрделі кезеңде шаруалардың қоныс аударуы барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтан бір миллион 150 мың адам қоныс аударған екен. Арада жиырма жыл өткен кезде, яғни отызыншы жылдардағы ұжымдастыру барысында бұрынғы КСРО-ның орталық аудандарынан Қазақстанға мүліктері тәркіленген 250 мың шаруа келді.

Дәл сол уақыттарда өнеркәсіп нысандарын салуға елдің барлық түкпірлерінен шамамен 1,2 миллион адам қоныс аударды. Сталиндік режим кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халық – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасы қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді.  Міне,  осы кезде шеттен келген түрлі ұлттар қазақ халқының дархандығына, кеңпейілділігіне куә болды. Қазақ халқы сол кездегі саяси-әлеуметтік, экономикалық тұрғыда қыспақта қалғанына қарамастан, жат жұрттықтарды туған бауырындай қабылдады. Діні, тілі, ұстанымы басқа ұлттардың жаңа өмірге икемделуіне жол ашты.

Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған көп ұлтты Қазақ елі осылайша дамудың жаңа жолына түсті. Жүз отыздан астам ұлт өкілдерін біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемге елімізді бейбітшілік моделі ретінде танытты. Түрлі этномәдени бірлестіктер өз ұлттарының дәстүрін дамытумен шектелген жоқ, керісінше қазақтың мәдениетін, болмысын дәріптеп, барша диаспораның бір ұлттың маңайына топтасуына ықпал етті. Сондықтан, Ассамблея сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және қиын кезеңде мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту туралы ұсыныс тастауы – әділетті шешім болды деп ойлаймын.  Бұл ұсынысты Атырау өңірінде өмір сүріп жатқан барлық этномәдени орталықтардың толық қуаттайтынын атап өткім келеді. Себебі, жақсылық артық етпейді. Ендігі жерде біз бұл датаны мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі деңгейіне көтеруіміз қажет.

Биылғы жылдың Ассамблеяға арналуының астарында да үлкен мән жатыр. Олай дейтініміз, сонау жылдары «араб көктемінен» басталған толқулар әлемдегі түрлі келеңсіз қақтығыстармен жалғасын табуда. Жалған идеологияға уланған кей елдің азаматтары өз мемлекетіндегі қоғамдық, саяси тұрақтылыққа кері әсерін тигізуде. Мұндай жағдайлар баршамызды ойландыруы тиіс. Сол себептен де бұл жылды бірлігімізді бекемдей түсу кезеңі деп қабылдауымыз керек.

Ассамблея әлеумет  әлеуеті үшін қызмет етеді. Ассамблея жылы аясында қарапайым ауыл азаматтарына жол тартқан «Менің Қазақстаным», «Саламатты Қазақстан», «Жәрдем» және «Денсаулық» пойыздарының мұқтаж жандарға үлкен демеу болғаны, «Ассамблея – 20 ізгі іс» акциясының әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға, көп балалы отбасыларға, соғыс және тыл ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылай, материалдық тұрғыда көмек көрсеткені белгілі. Бұл бірлігі жарасқан Қазақ елі азаматтарының бір-бірінің тағдырына бей-жай қарамайтындығын көрсетеді. Ендігі жерде біз татулықты ту еткен еліміздің Ассамблея институты сынды ізгі моделін келешек ұрпаққа аманат етіп қалдыра білуге тиіспіз.

Таяуда британдық «Ипсос МОРИ» социологиялық қызметі бүкіл Қазақстан бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізді, соған сәйкес қазақстандықтардың 93 пайыздан астамы елдегі жағдайды жоғары бағалайтынын атап көрсеткен. Бұл – біздің Конституциямыздың кіріспесінде толымды бейнеленген «Біз, Қазақстан халқы!» атты басты қағидаттың салтанат құруы.

Мен де, өздеріңіз сайлаған Ассамблея Төрағасы ретінде бұл жетістікті бағалаймын. Мен жаңа Қазақстанның жасампаз жылдары ішінде бізге жүзеге асыруға сәті түскендерді мақтан тұтамын. Ассамблея жаңа Конституцияны қабылдау бойынша бүкілхалықтық референдумға бастамашы болған еді, биыл біз оның да 20 жылдығын атап өтетін боламыз.

Қазақстанға келгендердің барлығы Ассамблеямызға таң-тамаша қалады, біздің халық достығына қаншалықты үлкен маңыз беретінімізді көреді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Сталиндік режим кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халық – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасы қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді.  Міне,  осы кезде шеттен келген түрлі ұлттар қазақ халқының дархандығына, кеңпейілділігіне куә болды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз