Жарнама
Қоғам

Тарихи шешімнің жеңісі

Күздің алтын шуағына бөленген қазан айының 25-ші жұлдызы – әрбір қазақстандық үшін ерекше мәнге ие. Бұл – азаттықтың ақ таңындай, ел еркіндігінің елеулі нышанына айналған Республика күні. Бұл күн – халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің, тәуелсіз мемлекет болуға ұмтылған ұлы кезеңнің бастауы. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ КСР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданды. Бұл құжат қазақ елінің ғасырлар бойғы арманын жүзеге асыруға жол ашқан тарихи белес еді. Арадағы біраз үзілістен кейін Республика күні  мемлекеттік көлемде атап өтілетін ұлттық мерекелер қатарына қосылып, ұлт мерейі одан әрі асқақтай түсті.

Алғашқы қадам

Иә, бүгінгі бейбіт өмір – Республика күнінен бастау алған тарихи шешімнің жеңісі. Ал қазіргі Қазақстан халықаралық аренада маңызды мәселелерді көтеріп қана қоймай, сонымен бірге түйінді мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысып келеді. Еліміздің бітімгерлік бастамалары мен елдің ішкі дамуына қызмет етіп жатқан бағдарламалары Орталық Азияда көшбасшы болуымызға да септігін тигізуде.  

Тәуелсіздік алған тұстағы маңызды қадамдардың бірі – бүкілодақтық маңызға ие Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім. Одақтың іргесі сөгіле бастаған кезде, 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонын жабу туралы аса маңызды мемлекеттік актіге қол қойылды. Ол Атырау өңіріндегі Тайсойған және Азғыр әскери-стратегиялық сынақ алаңдарының жұмысына да тыйым салуға мүмкіндік берді. Ел басшылығының қиын ахуалды бейбіт жолмен реттей отырып, әлемдік ахуалға ықпал ететін батыл қадамдарға баруы саясаттағы көрегендігін байқатты. Ядролық қарудан бас тарту еліміздің ең алдымен халықаралық бейбіт саясатты ұстанғанын көрсетті.

Семей жеріндегі ядролық полигон жабылған соң, 1992 жылы Кеңестер Одағынан қалған үлкен ядролық арсеналдан бас тартқан еліміз бейбітшілік саясатты ұстануды басты мақсат етті. Дегенмен декларация қабылданды, тәуелсіздік алдық әйтсе де, бұл қарудан айрылмауға кеңес бергендер де табылған. Десек те ел басшылығы Қазақстанның ғана тыныштығын ойлап қана қоймай, Азия құрлығының, оның ішінде Орталық Азия елдерінің болашағына да бейжай қарамай оңды да дұрыс шешім қабылдады.

Дінаралық татулық – бейбітшілік кепілі

Бүгінде елордамыздың атауы биік мінберлерден саяси-экономикалық форумдарға қатысты ғана емес, дін саласындағы түйткілді тақырыптардың түйінін тарқату ісіне байланысты да жиі айтылады. Қазақстан бұл жылдары әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басын қосатын бейбітшілік алаңына да айналып үлгерді. 2003 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткен әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің алғашқы съезі, онда қабылданған декларациясының маңызы өте жоғары болды.

 Себебі бұл басты құжат әлемдік және дәстүрлі діндердің өзара тоғысу нүктелерін анықтап, ортақ құндылықты айқындады. Онда «Діни нанымдар мен уағыздардың түрлілігі күмәндануға, кемсітуге және жәбірлеуге емес, дін мен мәдениеттің бірегейлігін көрсететін өзара түсіністік пен үйлесімділікке әкелуі керек. Діндер төзімділік пен өзара түсіністікті барлық халықтардың бейбіт қатар өмір сүруінің елеулі тетігі ретінде танып, үлкен ынтымақтастыққа ұмтылулары керек» деп көрсетілген.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруы және диалогы бүкіл адамзатқа қазіргі текетірестерден шығу жолын көрсететінін атап айтқан болатын.

– Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты, —  деген болатын Президент.

 Ғаламдық рухани дағдарыстарға бірігіп қарсы тұруға осындай қадамдар жасап отырған еліміз бұл бағыттағы әлі талай шараларға ұйытқы болары анық.

Астана – диалог алаңы

Қазақстан «көпвекторлы саясатты» барынша бекем ұстанып келді. Мұны еліміздің сыртқы саясатта жеткен жетістіктерінің бірі деп айтуға әбден болар. Мәселен, Астана экономикалық форумының өзі ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңына айналды.

2008 жылы өткен алғашқы форум сол кезде басталып жатқан әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелерін талқылады. Жыл сайын өтіп келе жатқан экономикалық сұхбат алаңында әлемдік өзекті экономикалық және қаржылық проблемалар талқыланып қана қоймай, онда қабылданған нақты шешімдер мәртебелі халықаралық ұйымдардың назарына ұсынылуда.

Астана халықаралық форумы да осыдан жиырма жылға жуық бұрын басталған  Астана экономикалық форумының жаңа сипаттағы жалғасы. Алқалы жиында дүниежүзінің экономикалық және аймақтың ынтымақтастық мәселелері ғана емес, климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік секілді өзекті тақырыптар да талқыланған болатын. Форум өткізудің мақсаты – мемлекеттердің арасын алшақтатып жатқан геосаяси шиеленіс кезеңінде бірігуге, ынтымақтасуға, ықпалдасуға ұмтылу.

Тәй-тәй тірлік

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде ақша, азық-түлік таба алмай ашынған аналардың құзырлы орындардың табалдырығын тоздырғаны тарихи шындық. Бірақ бұл  жас мемлекет үшін кешірімді еді. Халық басындағы қиындық бұлты елде қабылданған стратегиялық реформалар нәтижесінде біртіндеп сейілді. Халық ертеңіне сеніп, ештеңеге қарамастан жұмыс жасады. Мәселен, 1994 жылы өңірде белсенді жұмыс күші 175 мың адам болса, осы жылдарда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі бірнеше пайызға төмендеген. Осылайша, басты міндет – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсаты нәтижелі жүзеге асты.

Жол мұратқа жеткізер

Көлік-коммуникация кешенінің маңызды салаларының бірі – автокөлік жолдары да жыл санап жаңғырып, жаңарды. Ауданаралық, қалаішілік автокөлік жолдардан бөлек, республикалық маңызға ие автобандар  да қолға алынды.

Облыс көлеміндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 047 шақырым болса, мыңдаған шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөндеуден өтті. Бүгінде республикалық маңызы бар Ақтөбе – Атырау – Астрахан, Ресей шекарасы автомобиль жолының облыс аумағына қарасты бөлігінде жөндеу жұмыстары аяқтала келді. Бұған дейін Жайық өзені арқылы өтетін Атырау қаласында 4 көпір құрылысы тұрғызылса, Махамбет пен Индер аудандарында бір-бірден,  барлығы 6 автокөлік көпірі салынды. Халқымыз «жол мұратқа жеткізеді» дейді. Әлеуметтік әлеуеттің жарқын көрінісі, жолдардың жаңаруы аймақтың ахуалына да оң бетбұрыс әкелді.

Түйін:  

Өңірде әр сала қарқынды дамып, ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Қазақстанға алғашқы ірі инвестор Теңіз кен орнына келіп, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылды. Аталған келісім теңдессіз бірлескен жоба саналды. Бұл өзге де инвесторларға себепші болып, толағай табыстарға жол ашты. Аймақта Қашаған кен орнының ашылуы да соңғы 50 жылда әлемдегі ең елеулі оқиғаның бірі болды. Осылайша, уақыт сынына қарамастан Атырауда ауқымды істер атқарылды.

Иә, бәлкім бұрынғы кезді көрмеген,  білмейтін бүгінгі ұрпақ «Атырау қаласы о бастан осылай болған» деп ойлар. Бірақ  өткен ғасырларда бүгінгідей көрікті қала мен ажарлы ауыл болмаған еді. Автобандарда шетелдік маркалы көліктер жүрмеді. Сандық технология ұғымы санада да болмай, ұшақтар сағат сайын самғамады…

Тәубе, саған тәуелсіз таңым!..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button