
Тамырымыздан ажырап барамыз!..
Бүгінгі қоғамға сырттай көз тастасаңыз, бәрі орнында сияқты. Ата-ана – жұмыста, бала – мектепте, кешке бәрі бір шаңырақтың астына жиналады. Бірақ сол шаңырақта үнсіздік орнаған. Бұрынғыдай кешкі ас кезінде шүйіркелесіп әңгіме айтатын дастархан қайда қалды? Шәй үстінде бала сабақтан алған әсерін бөлісіп, ата-анасына сыр ашатын кездер ше?
Отбасында жылылық жоқ
Қазіргі көрініс мүлдем басқа, үйге кірген бала сөмкесін тастай сала, смартфонын құшақтап, “өз әлеміне” еніп кетеді. Экранның арғы жағында досы бар, ойын бар, арманы бар – бәрі сол жерде. Шын өмірде жанында жүрген ата-анасына айтар сөз азайған. Байқасақ, тек бала емес, ата-ана да өз әңгімесіне, өз уайымына шомып кеткен. Бірі жұмыстағы есеп пен жоспардың жетегінде, бірі күнкөріс қамымен жүйкесі жұқарған. Осындай күйде отбасы мүшелері бір үйде болса да, бір-бірінен алыстап кеткендей.
Көз көріп, құлақ естіп жүр, ана мен бала арасында бұрынғыдай жылылық сезілмейді. Әке мен баланың арасында үнсіздік орнаған. Құндылықтың тіні үзіліп бара жатқандай. Ал отбасы құндылығы үзіле бастаса, қоғамның тірегі де шайқалады. Психологтар айтып жүргендей, бала тәрбиесі бірге өткізген сапалы уақытпен өлшенеді. Тек «не істедің, қандай баға алдың?» деген сұрақтармен емес, «қалай сезіндің, не ойладың?» деген ашық әңгімемен басталуы керек. Мұны смартфон алмастыра алмайды.
Одан қалса, қоғамда ажырасу саны артты, жалғызбасты аналар көбейді, әкесіз өскен ұрпақ саны артып келеді. Бұл – өмірдің шындығы. Алайда одан бұрын ең қауіптісі толыққанды отбасылардың ішінде рухани жалғыздықтың көбеюі. Не істеу керек? Ең алдымен, ата-ана баласымен уақыт өткізуді міндет емес, мейірім мен махаббат деп түсінуі қажет. Кешке 10 минут баламен бірге отырып, әңгімесін тыңдау, мектеп туралы, арманы туралы сұрау соншалықты қиын ба? Смартфонды сөреде қалдырып, бір күнді бірге серуендеп өткізу бала үшін ең қымбат сыйлық болар еді. Отбасы құндылығын сақтау үшін үйдегі әр жан өзінің рөлін ұмытпауы керек. Әке – тірек, ана – жүрек, бала – үміт. Осы үшеуі біріккенде ғана шаңырақ биік болады.
Өйтпегенде… қазір қоғамда балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауы ең алдымен отбасындағы үнсіздік пен салқындықтың, сенімсіздіктің трагедиясы. Мұндай оқиғалар отбасындағы байланыс үзіліп, бала өз ойын, қорқынышын айтуға батылдық таба алмаған кезде орын алады.
Зорлықтың түп-тамыры қайда жатыр?
Қоғамда балаларға қатысты зорлық-зомбылық деректері жайлы жаңалық жиі кездеседі. Әсіресе, бала күнінде өз туысының, жақын адамының қолынан осындай қылмысқа тап болған жасөспірімдер туралы естігенде жүрек сыздайды. Мұндай отбасы ішіндегі сенімнің күйреуі, жанның жалғыздығы, үнсіздіктің азабы емей немене?!
Бала ата-анасына сенбесе, сырын ашпаса сол сәтте ол қорғансыз болып қалады. Ал қорғансыз бала кез-келген жыртқыштың нысанасына айналуы мүмкін. Көп жағдайда зорлыққа ұшыраған бала ешкімге ештеңе айтпайды. Өйткені ол қорқады, ұялады, кінәні өзінен іздейді. Ал ата-анасы баласының бойындағы өзгерісті байқамайды, өйткені олардың арасында тығыз байланыс жоқ, ашық әңгіме айтылмайды, жүректен жүрекке жол жоқ.
– Көп ата-ана балаға тек «оқы, тәртіпті бол, жаман балалармен жүрме» деп ақыл айтқанмен, оның ішкі әлемін, сезімін түсінуге ұмтылмайды. Сол себепті балада бір қиындық туындаса, ол оны ешкімге айта алмайды. Анасына немесе әкесіне айтуға батпайды. Себебі олардың реакциясы қандай боларын білмейді… ұрыса ма, жазалай ма, сенбейді ме – белгісіз.
Балаға алғашқы жастан бастап «сенің сөзің маңызды», «мен сені тыңдаймын», «не айтсаң да, мен сенің жағыңдамын» деген сенім берілмесе, бала өмір бойы тұйық болып қалады, — дейді «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам университеті PhD, қауымдастырылған профессоры, психолог, «Talim.tv» арнасындағы бағдарламалардың авторы Әлия Төлегенова. Ал бұл педофилдер мен зорлықшылдарға ең қолайлы орта.
Бүгінгі қоғамдағы әйел үйдің де берекесін кіргізіп, отбасы қам-қарекеті, балалар тәрбиесімен қоса ел игілігін арттыруда берекелі ісімен ел болашағын баянды етуге телегей-теңіз үлес қосып отырғанын айтуға тиіспіз. Көзі ашық, көкірегі ояу аналарымыз отбасында да салиқалы саясат ұстанып, ұл мен қыздың тәрбиесін мығым тізгіндей алуымен парасатты келешекті қалыптастырады емес пе?
Расында, отбасы психологы Мөлдір Тоқжанова бала табиғатын тану, оны түсіну, ретімен еркелету, шынайы, ашық қарым-қатынас құру, бойындағы бар ерекшелікті көре біліп, қабілетін дамыту, жол көрсету, ынталандыру – бауыр етінің, ұрпағының ертеңі үшін алаңдайтын парасатты ата-ананың игілікті әрекеті екенін жиі айтып жүр.
– Мен өзімнің тәжірибемде әскери адамдардың балаларының қатал тәрбиеде болатындығын байқадым. Яғни, өздеріңіз білесіздер, әскери адамдар қатал болады, арнайы бір тәртіппен жүріп-тұрғанды қалайды. Өйткені олардың жұмысы соны талап етеді. Дәл сол секілді үйге барған кезде кейбір ата-ана бейсаналы түрде өзінің баласына сол жұмыстағы іс-әрекетті, мінезді көрсетеді. Алайда балаға ата-ананың мамандығының ешқандай маңызы жоқ. Сондықтан әр ата-ана үйге кірген кезде жұмыстағы образын сол жерде қалдырып, ата-ана ретінде баласына жылулық пен мейірім бере білуі қажет, — дейді ол.
«Қазақ қызы: болмысы мен бейнесі»
Қазақ қашан да даналығымен дара халық. Отбасында ұл тәрбиелей отырып болашақта жердің иесін тәрбиелейтінін, ал қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтінін болжаған, сезінген. Халқымыздың ғасырларға созылған азаттық жолындағы көтерілістерде өр де өжет әйел-аналардың, қаракөз қыздардың қатысқандығы тарихтан белгілі. Аналық тұлғасы мен іскерлік көрегендігімен көзге түскен Бопай, Назым, Айғанымдар бүгінгі жаһандану заманында да үлгі болатын тұлғалар. Қыз бала тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесі десек, қазақ қызының тәрбиесі туралы сөз қозғағанда тарихтағы әйел, ана тұлғаларды ұлықтап, насихаттаған артық емес болар. «Қазақ қызы: болмысы мен бейнесі» туралы сөз қозғаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Айгүл Тұрсынбаева қыз тәрбиесінің тәлімді болуына ата-ана ғана емес, бүкіл ауыл, ел-жұрт жауапты екенін алға тартады.
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген.
«Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға қол көтермеген. Тіпті, отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені «еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз» деп ұққан. Сондықтан да ұлттық болмысымызды сақтағымыз келсе, қыз тәрбиесі қашан да алғы кезекте болуы маңызды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
*Сіз не дейсіз?
Роза Қожамбергенова, көпбалалы ана:
– Отбасы деген – ең қымбат ошағымыз. Бізде кейбір жағдайларда ата-аналар бірін-бірі түсінбей жатады, ортақ тіл табысу қиынға соғады. Бұл да жұмыстанатын мәселе. Балаларды тәрбиелеуден бұрын өзіңді тәрбиелеу керек деп санаймын, өйткені бала сенен көргенін істейді. Сондықтан қай істе де балаларға үлгі болуы — бірінші міндет. Ер мен әйелдің өзара келісімінің негізінде дені сау, көзі ашық, үлгілі ұрпақ дүниеге келеді.
Қоғамда отбасы туралы әңгімелер жиі көбейсе, жастар арасында да бұл тақырып жайлы диалог ашылса жақсы болар еді. Ал біз отбасы құндылығын балаға күн сайын көрсетсек, ұрпақта да сезім, құрмет, жауапкершілік туады. Қазіргі заманда дәстүр мен жаңашылдық арасында тепетеңдікті табу – басты міндет. Отбасы құрған адамдарға қоғам тарапынан моральдық және заңдық қолдау қажет.
*Сіз не дейсіз?
Гүлайнаш Мұратқызы, Америкадағы қазақ, көпбалалы ана:
– Отбасы құндылықтары кез-келген адамның өмірі құрылатын маңызды іргетас. Жеке тұлғаны қалыптастыру отбасынан басталады. Қазіргі интернет заманында еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін әлеуметтік желіден алыстай алмайды, бірақ отбасылық байланыс пен дәнекер – экран сыртында болады.
Балаларымызға қазақ екендігін, ата-бабаларының мәдениетін, тамырымызды сақтау керектігін ұмыттырмауды мақсат етеміз. Біз Америкада болсақ та, баламызға мәдени кодын жеткізуге ұмтыламыз. Әркім өз күшімен табысқа жетуі керек екенін еске саламыз. «Еңбек түбі – береке» дейді халқымыз, отбасылық өмір туралы әңгімелерді әлеуметтік желіде бөлісуден қорықпайтын адамдар көп болғаны жақсы. Бұл жастардың отбасы институтына сенімін арттырар еді. Жастар арасында отбасы туралы ашық пікірталастар көбеюі керек. Мұндай диалог мәдени сананы қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді.


