ТАЛАНТТЫЛАР ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында осындай атаумен ұйымдастырылған мүмкiндiгi шектеулi жандар арасындағы республикалық байқаудың марапаттау рәсімі өткізілді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, бұл байқаудың өңірімізде жоғары дәрежеде өткенін айтты.
- Аудандарда, ауылдарда өткізілген конкурстардан іріктелгендер облыс бойынша іріктеу кезеңіне өтті. Облыста 13 мыңдай мүгедек жан бар. Олардың арасынан конкурсқа екі жүздің үстінде өнерлі жан қатысты. Мемлекет және қоғам тарапынан бұл конкурс жылы қабылданды. Қазір әр облыстың үздіктері анықталуда. Іріктелген ең мықтылар күз айында республикалық сайысқа қатысып, бағын сынайтын болады, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Байқауда әр саланың үздіктері он номинация бойынша марапатталды. Алдыңғы күндері өткен байқаудан іріктелген «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік авторлық жоба», «Үздік бизнес жоба», «Кәсібінің үздігі», «Алтын қауырсын», «Ең тату отбасы», «Ақылдылар» номинациясы бойынша өткен байқаудың жеңімпаздарын салтанатты түрде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Атырау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Темір Естебаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева марапаттады. 
Соңғы күні өткізілген іріктеу байқауының үздіктері де бұл күні белгілі болып, марапатталды. Олардың қатарында «Үздік орындаушы» номинациясымен Нұрхан Көбеев, Смадияр Мырзағалиев, Әмір Үмбетов, «Үздік би» номинациясынан Ақерке Боран, Есен Сатқынов, «Үздік жасампаз» номинациясы бойынша Жанболат Молдағалиев, Амангелді Мұхтаров, Бақыт Салихов лайық деп танылып, алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
«Жасампаз» номинациясы бойынша үздік атанған құрманғазылық он жастағы суретші Жанболат Молдағалиевке ақыл ойының дамуында ақау бар деген диагноз қойылған екен. Бірақ, оның салған он бір суретінде де өзі туған ауылы, өскен ортасы бейнеленген. Бұл суреттерімен ол республикалық байқауға жолдама алып отыр. Шарада Жанболат секілді талайды талантымен тамсандырған өнерлі жандар көп болды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз