
Талантты жастар ел болашағын қалай өзгертеді?
Креативті индустрияларды дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін», – деп атап өткен болатын. Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі ретінде Мәжіліс депутаттары креативті индустрияны қолдау және дамыту мәселелері жөніндегі Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оны Сенат қарауына жіберді. Бұл туралы «Respublica» партиясы фракциясының депутаты Нұргүл Тау Атырау облысына жасаған іссапары барысында өткен жастармен кездесуінде кеңінен баяндады. Халық қалаулысы бүгінде креативті индустрия мүддесін қорғап жүрген белсенді депутаттардың бірі ретінде танылып отыр.

Кездесу барысында Нұргүл Тау шығармашылық еркіндікке, кәсіби дамуға жағдай жасауға және креативті салаға арналған білім беру бағдарламаларын қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазір экономикалық өсім тек табиғи ресурстарға емес, ең алдымен азаматтардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталына сүйенуі тиіс.
–Креативті индустрия ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болуы қажет. Біз талантты жастар өз әлеуетін Қазақстанда жүзеге асыра алатындай мүмкіндік қалыптастыруымыз керек. Креативті экономика инклюзивті дамудың маңызды көзіне айналып отыр. Бұл сала дарынды, шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына да серпін береді, — деді депутат.

Сонымен қатар ол Қазақстанда креативті индустрия әлі де бастапқы даму кезеңінде тұрғанын атап өтті. Бүгінде бұл саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, ал жұмыспен қамтудағы көрсеткіші өте төмен. Дегенмен әлемге танылып жүрген отандық таланттардың аз еместігі бұл бағыттың әлеуеті зор екенін көрсетеді. Осы орайда зияткерлік меншікті қорғау тетіктерін күшейту аса маңызды мәселе ретінде аталды.

Кездесу аясында Атырауда үш мәрте өткен «Saraishyq Upgrade – 2025» халықаралық жастар форумы да сөз болды. “Жастар таңдауы – Атырау” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәурен Сейітқалиевтің айтуынша, үшінші рет ұйымдастырылған форумға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан және Өзбекстан елдерінен келген 14 пен 35 жас аралығындағы 300-ден астам жас қатысқан.
Нұргүл Тау мұндай жобалардың өңірде көбейе беруі керектігін атап өтті. Жастар өздерін толғандырған шығармашылыққа қатысты сұрақтарын қойып, халық қалаулысынан тұшымды жауаптар алды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ


