ТАЙСОЙҒАНДА – ТАҒЫ ДА ҚУАНЫШ!

Жаңа жыл тайсойғандықтарға жақсы жаңалығымен келді. Өткен аптада округ орталығында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Мерейлі сәтті халықпен бөліскен Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов Тайсойған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түзгенбай Өрбісіновпен бірге жаңа нысанның тұсауын кесті.

Денсаулық сақтау саласын нығайту күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі десек, Тайсойған халқы жыл сайын өтетін түрлі кездесулерде, округ әкімінің есеп беру жиналысында бұрынғы дәрігерлік емхана ғимаратының тозығы жеткенін, қыс айларында жылынбайтынын айтып, осы ғимаратты, мүмкіндік болса, күрделі жөндеуден өткізіп немесе жаңасын тұрғызып беруді сұрайтын. Осылайша ауыл халқының ұзақ жылғы арманына айналған нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан   Назарбаевтың елге деген қамқорлығының көрінісі екендігін атап өтті. Ал, Атырау облыстық құрылыс басқармасының бөлім бастығы Шаманбай Нәренов ендігі мәселе кәсіби білікті мамандарды көбейтуде екендігіне баса назар аударды.

Әлеуметтік маңызы зор бұл нысан науқастарды қабылдау бөлімі, акушерлік, зертхана, фельдшерлік бөлмелерден тұрады. Барлық кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

– Фельдшерлік-акушерлік пунктте екі фельдшер, екі медбике және бір акушер жұмыс жасайды. Бұдан басқа аудандағы екі округке жаңа үлгідегі дәрігерлік амбулаториялық пункттер салынуда, – деді бізбен әңгімесінде аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Самат Тайшыбай.

Аталмыш пункт меңгерушісі Аманбай Нығыметовтің айтуынша, мұндағы барлық құрал-жабдықтар жаңа әрі заманауи талаптарға сай екен. Ауырып келген науқастарға алғашқы жәрдем көрсету басталып кетіпті.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ,

Суретті түсірген автор.

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз