ТҰРСЫН, ПЕРІНІҢ ҚЫЗЫ ЖӘНЕ МЕН

Түнімен үзіліп-жалғанып түс еніп, ұйқым қашады. Көретінім қоздап жанып, қоламтасы қалған балалық шағым-дағы. Шығар күннің шуағына шомылып, баяғы қызыл алтындай балқитын иен шағылдың ішінде жүремін. Алдымды әлдебір елестер кес-кестейді. Жөн таппай адасамын кеп. Жоқ жерден бойымды ұят буады. Алқымым іседі. Даусым қарлығады. Құлағыма алыстан талып жеткен сыбызғы үні келеді. Сыңсып жылаған қыз екен деймін.

 ***

Қыр жайлап қонған үш үй едік. Қырымыз шағыр мен жусанға бөккен қоңырлық. Ара-арасында шөккен нардай боп сұлап жататын аспа-түспе шағылдар. Таңғы шық қалың түссе беті жол-жол боп жентектеледі. Оқушының сия тамбаған жазу дәптеріндей еді.

Шағылдың орта шеніндегі тақырлау  тұсты көздеп кеп құдық қазылатын. Асып кетсе кісі бойы қол созым.Тұс-тұстан күміс инедей жылтырап аққан судың мөлдірлігі керім. Сімірсең көкірегіңді ашады. Таңғы ауасы тынысы бардың бәріне дәру-тін.

Иә, бар-жоғы үш үй едік. Дайыр шал мен Уәсила кемпір және бойжеткен қызы Тұрсын. Шал момындықтан шөккен түйеге міне алмас. Басындағы жиегі ақжем тақиясына қос құлағының ұшын қыстыра киіп отыратын. Уәсила – адуын қара кемпір. Секпіл бет сары қыз оған өгей. Шалдың бұрынғы кемпірінен қалған қарға.

Адуын қара кемпірді долылық қысса Тұрсынға күн жоқ. Қашан көрсең де нан жабарда ұн елеп, елек көзінен өтпей қалған ақбас құртты домалатып отырғаны. Ал, қолтығына қап қыстырып, тезек тере шықса өз-өзінен нұрланып қайтатын.

Әке-шешем ылғи да алыс сапарда. Ерік өзімде. Ертеңді-кеш екі көршіні еркін жағалаймын. Әсіресе, Зәйдаш шешеме үйірмін. Кіндігінен жарылған толық кейуана. Теңселе басып жүргенде кішкене киіз үйі қалшылдап кететіндей көрінетін. Оның да үкілеп отырғаны – жалғыз қыз. Айдар таққыш жұрт-Перуша десетін. Шын атын ұмытыппын. Қиылған қасы, әдемі қыр мұрыны. Жаңа жауған жас қардай ақтығы. Ал, дөңгелене біткен қара көзде … Үнемі балқып, маздап жатар бір тылсым бар-ды.Әй, бұл адам нәсілі емес деген қаңқу рас та шығар.

Зәйдаш шешем қызының төбесінен құс ұшырмайды.

– Өзім таптым. Семіз қатынның бойына бала біткені біліне ме? Әрі толғағым жоқ. Осы жұрт та.., – деп сөз аяғын жұта қоятын.

Жұрт көңілі – таразы. Есе жібере ме?

– Байдан жастай қалған. Осы маңда ұшқан қарғадан басқа жан иесі жоқ. Еркек мекіренбеген байғұс қайдан жерік бола қойсын. Перінің қызы да, – деген сөз айналаны желді күндей ұйтқытады.

Десе дегендей. Қаншама сұлу болса да тілсіз әрі құлақсыз еді. Тек анда-санда қылдай нәзік дауыспен уілдеп қана жылайды десетін. Сол кемістігін өзі де елең қылмайтын сынды. Жүздескен жерде алдымен жымиятын. Сосын басын оң иығына сәл құлатып, көзін ашып-жұмар-ды. Үнемі балқып, маздап жатар әлгі тылсым күллі сұрағыңа үнсіз жауап беретін.

– Зәйдаш кешкі ақ пен қызылдың арасында құдықтан су тартыпты. Қараса жанындағы шағылдың етегінде осы қыз шашы жалбырап ойнап жүр дейді. Тілін кәлимаға келтіріп, шелегін тастай қашқан екен. Ізінен еріп, соңынан қалмапты. Үйіне бірге келіпті. Пері көшетін кез ғой. Үйірінен адасып қалған да,-деп отыратын Дайыр шал әуес көрген келім-кетімге.

– Таза перінікі емес, – дер еді Уәсила кемпір шалына көзін оқтап. – Әкесі қазақ шығар. Перінің қыз-қатыны біздің еркектерден тұқым алуға құмар десетін. Содан туған да. Баға алмаған соң тастап кеткен.

– Пәлесінен аулақ! – дейді осы әңгіме айтылған сайын момын байғұс өзінің ол  іске қатысы жоқтығын қайта-қайта сездіріп.

Екі бойжеткен жақын құрбы да емес, бір-бірін жат та көрмейтін. Тұрсын қолы қалт етсе ескі матаның жібін сабақтап суырып, кесте тоқыр. Кестені қолға алса баяу ән бастайтын. Ондайда Перуша жанына кеп алдымен жымиятын. Сосын басын оң иығына сәл құлатып көзін ашып-жұмар-ды.

Көре қалса Уәсила  кемпір: – Өнбес істі өнеге қылуын! Осылар қатын боп, қазан ұстап жарытпас. Кеше тезек қораның аузын жаппапты. Бүгін бұзауды жамыратты. Саууға барсам енесін қақтап еміп тұр. Қой, бұл қаншықты, қой, – деп қаралай тұлан тұтар. Соны күткендей кішкене киіз үйін қалшылдатып Зәйдаш шешем де шығар.

– Әй, қарғанба! Шәй қатықсыз қалған күнің бар ма осы? Ертеңді-кеш сүтті бұлақтай ағызып отырсың. Кім ішіп жатыр соны? Бұзау емсе – несібесі. О, несі-ай! – деп қайырар. Көрші кемпірдің көңіліне келер демейді. Теңселе басып сол үйге беттейді. – Қуырдағың пісті ме? Таң атқалы нәр сызбадым. Ыстылай әкеле ғой. Әлгі Дайыр қайда?

Кешкі шәй баппен ұзақ ішіледі. Тасқұман жыңғыл шоғына бауыр төсеп, түкірік атып тұрар. Қойны-қоныштарын қуалаған ағыл-тегіл тер алуан әңгімені айдап шығарар. Күндізгі томаға-тұйықтық жайына қалар. Әйтеуір бір аталары он екі қанат киіз үй тігіпті. Уығын ат үстінде жүріп байлапты. Әйтеуір бір аталары бәстесіп самаурынды қағаз ақшамен қайнатыпты. Әйтеуір бір аталары… Шығандап кеткен әуезе ақыры былтыр қайымай қалған сары інгенге де жетіп әреңдеп жығылар. Ондайда Дайыр шал: – Баяғы заман болса. Орынбор мен Тұзтөбенің жылқысын үйірлеп айдап әкелетін. Жері шүйгін. Көк майса. Сойса қазысы табан шығар ма еді?- деп бір желпініп қалар.

– Ибай, барымта неңді алған. Былтыр сиырдың шикі жапасына тайып жығылып, тобығыңды шығарып алғансың. Қой, тыныш отыр, – деген кемпірі түскірдің сөзін естіп барып есін жияр.

Ай табағы аспанда дөңгеленіп, тас төбеде тұрып алар. Суық сәулесін себелер. Ондайда шөккен нардай боп сұлап жататын аспа-түспе шағылдар да байыз табар. Лүп еткен жел де тыншып, айналаны ұйыған жым-жырт тыныштық басар. Аннан-мұннан секек қағып қосаяқ қана жүгіретін. Түнгі салқынмен екі бойжеткен шағыл басына көтеріледі. Қосаяқ қуып жарысады. Жәй ермек үшін. Секек қаққан неме жеткізе қоя ма? Сынық сүйем құйрығымен алдап жөңкиді кеп. Борпылдақ құмға тобықтан батып алдымен Тұрсын алқынады. Қиқулап шауып мен де болдырамын. Тек Перуша ғана табаны құм баспай көз алдымызда есіп бара жатады. Көрініп-жоғалып тұңғиыққа бата береді. Содан зім-қайым!Үміт үздіріп барып ай астында еркін қалқып, қанатсыз қалықтап оралатын.

Бір күні таңертең:

– Ибай, мынау әлгі Сандыбайдың жүгірмегі ме? Кәдімгі сиыршы, – деген Зәйдаш шешемнің самбырлаған даусынан ояндым. – Әрмиден келдім дейсің бе? Киімін қарай гөр. Сымдай тартылып тұр. Әскер мұндайларды адам қылмай жібере ме?

Әлдекім қымсына күледі. Есік көзіне жүгіре шықтым. Кәдімгі – Жігер. Өңірін-дегі өңшең жез көз ұялтады. Тіпті, жез түймесі де жарқырап тұр. Екі бойжеткен де соларды қызықтап әлек. Қыр адамына бәрі таңсық. Алақан жүгіртіп сипай ма-ау. Жұрттың соңынан басындағы жиегі ақжем тақиясына қос құлағының ұшын қыстыра киіп Дайыр шал да жетеді.

– Балама батамды берем, – деп жете бере алақанын кең жаяды.

– Қайдағы бата? Жұрт кетерде берер еді. Бұл әскерден келіп тұр. Алжымасаң ішкен асың бойыңа жұқпай ма? – деп Уәсила кемпір қаралай шаршап қалады.

– Е, аман-есен жүрсін де…

Жігер шыжыған шілдеде де әскер киімін тастар болмады. Картузы қоқырайып құдық басынан шықпайды. Аңдығаны екі апам. Алма-кезек су алуға келгенде жұғысып қалуға құмар. Сосын үлкендерге қарасын көрсетпей шөккен нардай боп сұлап жатқан шағылдардың ара-арасына сіңіп жоғалар.

Перушаның маған дегенде ықыласы бөлек-тін. Жапан даладағы жалғыздығын менімен толтырғандай еді. Тілсіз сөйлесер ек. Ол да көп сырын айтатын. Үнсіз жымиысымен. Үнемі балқып, маздап жатар көзқарасымен. Мен де біраз әңгіменің бұрау басын шалатынмын. Ойша. Кей тұсын ыммен. Дауыстап айтсам кемістігін әшкерелеп тұрғандай көрінетін…

– Қай апаң жақсы? – дер келесі жолы келгенінде менен сол Сандыбайдың жүгірмегі.

– Екеуі де, – деймін бойым аттың тебінгісіне жетпей тұрып.

– Сонда да.

– Перуша.

Сосын қолыма бір сом ақша қыстырады.

– Менен сәлем де!

Айта алмадым. Бірақ ол бәрін сезді. Жымиып кеп құшағына ап, бетімнен сүйген. Ерні тиген жер өртеніп бара жатты.

 Апта айналмай жатып Жігер қолыма тағы бір сарықұлақты қыстырады.

– Перушаға сәлем айт. Мына тәпішкіні апарып берші. Сыйлығым. – Оралған қағазды қойныма тыққыштайды.

Жылжып кішкене киіз үйге беттеймін. Алдымнан иінағашқа екі шелегін іліп Тұрсын шығады. Бәрін көріп-білген де. Жүзі қызарып, секпілі бетінде қалқып тұр.

– Жігер не деді?

– Ештеңе.

– Шыныңды айт. Қойныңа тыққан не нәрсе?

– Тәпішкі.

– Маған ба?

– Жоқ.

– Бере ғой. Перуша бәрібір ондайды түсінбейді. Мә, мынаны ал, – деп бір уыс кәмпит ұсынады. – Жеп көрші, дәмі керемет…

Сол күні Перушаға жоламай қойдым.

Келесі де Тұрсынға деп берген күміс сырғасын Перушаға ұсындым. Ықылассыз ал-ған.

Сөйтіп, көрші апаларымды алма-кезек сата бердім. Сандыбайдың жүгірмегі біреуін алып кетсе, оңай олжадан қағылатынымды білдім. Маған деген екі жақтың да зәрулігі мектепте сабақ басталғанша жалғаса берсе дейм. Арғы жағын көрер өздері…

Күміс сырғаны Зәйдаш шешем құлағына тақты. Күмістелген шашымен кереметтей үйлесіп тұрды.

Перуша содан бастап өзгере берді. Шашы жалбырап ойнап жүрді дейтін шағылға кеп, батар күннің бояқ сәулесіне қарап мұңға шоматын. Әлдекімдерді күткендей… Әлдекімдердің елесіне зарыққандай…

 Тұрсын сол тәпішкісі түскірді тезек қораның түкпіріне тыққан. Уәсила кемпір тауып алыпты.

– Қаншық мұны кім берді?! Неге жасырасың? – деп қызын құдық басына дейін қуып жүріп сабаған. – Байға қашқалы жүрмін де? Зар күйіңе жеткен екенсің. Көрсетейін саған!

– Әй, тоқтат! Жетімекті неге сонша басынасың, – деп алдарынан теңселе басып Зәйдаш шешем шыққан. – Осыдан бар ғой…

– Азғырып жүрген әлгі Сандыбайдың жүгірмегі. Оңбаған неме! Құтыла алмай отырсаң бер өз періңді!

– Тіліңді тарта сөйле! Ал, берем. Алтын асықтай бала. О, несі-ай!

Құдық басындағы даудың мәнін ұқпаған Дайыр шал:- Батамды берем, – деп жатты.

Сол түні Тұрсын апам Жігердің атының артына мінгесіп кетіпті. Көрші ауылға келін боп түсіпті. Тақасы қисайған ескі төплиін құдық басына лақтырып кеткен. Ішіне құм толтырып, қайық қып шағылда жүздіріп ойнап жүрдім. Кешқұрым Перуша су алуға шыққан. Бос шелегі иығында тербеледі. Әдеттегідей жымимады. Басын оң иығына сәл құлатып көзін ашып-жұмбады да. Тек үнемі балқып, маздап жататын жанарын маған тіктеп аз тұрды да, жанымнан өтіп жүре берді.

Тілі барлардың қулық-сұмдығын түсінбей қойды-ау, жазған.

***

Түнімен үзіліп-жалғанып түс еніп, ұйқым қашады. Көретінім қоздап жанып, қоламтасы қалған балалық шағым-дағы. Шығар күннің шуағына шомылып, баяғы қызыл алтындай балқитын иен шағылдың ішінде жүремін. Алдымды әлдебір елестер кес-кестейді. Жөн таппай адасамын кеп. Жоқ жерден бойымды ұят буады. Алқымым іседі. Даусым қарлығады. Құлағыма алыстан талып жеткен сыбызғы үні келеді. Сыңсып жылаған қыз екен деймін… Жыласа жылаған шығар…

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз