ТҰМАР ХАНША, АЙБИКЕ АРУ ЖӘНЕ АЙҒАНША

олар туралы бүгінгі ұрпақ не біледі?

Қилы-қилы замандарды бастан кешірген қазақ тарихының талай парақтарын артына өшпес із қалдырған әйел-аналар толықтырып жатыр. Қиын-қыстау кезеңдерде қол бастап, тұтас елге басшы бола білген  әйел-аналар талай толағайларды дүниеге әкеліп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды да ұмытқан жоқ. Ерлік істері дәуірден-дәуірге аңыз болып жеткен қазақ қыздары да жетерлік. 

 Сондай аналардың бірі, байырғы заманда сақ халықтарын билеген атақты әйел патша – Томирис немесе Тұмар ханша. Ержүрек батыр, әділ ел билеуші ретінде әлем тарихында қалған Тұмар ханшаның есімі өз заманында «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған парсы патшасы Кирдің Орта Азияға жасаған басқыншылық жорығымен тікелей байланысты. Тарихи деректерде қанқұмар Кирдің соғыс ашу мақсатында жесір қалған Томирис патшайымға өзіне әйел болу туралы ұсынысты елшілер арқылы әдейі жібергендігі баяндалады. Кирдің өзіне емес, елі мен жеріне «құда түскелі отырғанын» жақсы түсінген патшайым оның ұсынысын қабылдамайды. Осылайша, қулығын іске асыра алмаған Кир массагеттерге ашық соғыс жариялайды. Алғашқыда айла-шарғымен массагет әскерлерін уландырып, қолға түсірген Кир жеңіске жеткендей болады. Бірақ,  негізгі әскери күшінен, оған қоса ұлы Спаргапестен айрылғанына қарамастан,  Томирис дереу басқыншыларға қарсы қол жинап, шабуылға шығады. Нәтижесінде массагеттер жеңіске жетіп, Кирдің өзі өлтіріледі де, әскерінің көпшілігі қаза табады. 

Тарихи жеңістен кейін де өз елінде ұзақ жылдар әділ билік құрып, данышпандығымен, көрегендігімен танылған Томирис патшайым туралы халқы жыр толғап, оның атын аңызға айналдырған деседі. «Осындай кішкене ғана деректің өзінен әйел басшыға тән даналықты, мықты әскербасының озық тактикасын көруге болады. Тұмар патшайым туралы біз біле бермейтін деректер әлі де көп. Сондықтан, оны тұтас елді бастаушы ретінде де, қолбасшылық қырынан да, әйел-ана, қоғам тәрбиелеуші тұлға ретінде де зерттеп, насихаттау артық етпейді» деп есептейді біз пікірлескен Қызылқоға ауданындағы Кенбай орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Жайық Темірболатов.  

Тарихшының пікірінше, жетік насихатталмай жатқан қазақ қыздарының бірі – Айбике Ару. «Айбике Ару туралы аса көп айтыла бермейді. Ол – атақты Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған қыз. Қол астына бірнеше тыңшы, барлаушы ұстаған Айбике жаугершілікте «қолға түскен күң» түріндегі бейнеге еніп, ұзақ жылдар бойына қалмақ Қоңтайшысының ордасында күтуші болған деседі. Сондай-ақ, ол Тарбағатай мен Алтай бойындағы, Ертістегі жаудың күші мен қару-жарағы, олардың орналасқан жері, алдағы шапқыншылық жоспарлары туралы Абылай ханға, Қабанбай мен Бөгенбай батырларға және басқа да қолбасшыларға дер кезінде астыртын құпия хабарлар мен құнды ақпараттар жеткізіп отырған» дейді пікірлесіміз. Тағы бір ерекше айта кетерлігі, қалмақ тілін жетік меңгерген арудың кезінде жер шолғыштығымен де даңқы шыққан екен. Тарбағатай мен Алтай тауларының өңірінде, Зайсан, Марқакөл алабында күндіз де, түнде де тұманды, боранды күндері адаспай жол тауып, қазақ әскерлерін талай қатерлерден аман алып шыққан Айбике Ару қазақ қыздарына тән өжеттіктің, қайсарлықтың жинақталған образы десек те болатындай.

Тарихта ерекше қолтаңбасы қалған әйел-аналардың бірі – көпшілікке Шоқан Уәлихановтың әжесі ретінде белгілі Айғаным Сарғалдаққызы, Уәли сұлтанның кіші әйелі. «Патша үкіметі Қазақ еліндегі хандық билікті жойған уақытта Уәлиханның барлық мұрасы балалары арасында бөліске түсіп, «Хан Ордасының қызыл ағашы» – үлкен ұлы Ғұбайдолла ұрпақтарына, ал Сырымбет кіші әйелі – Айғанымнан туған балалардың иелігіне қалады. Түрлі себептермен Уәли әулетінде ел басқару ісі оның жесірі Айғанымның қолына тиеді. Айғаным бірнеше шығыс тілдерін меңгерген өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болған. Петербордағы Сібір комитетімен, Ресей патшалығының Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен дипломатиялық хат жазысып тұрған оның жергілікті халық арасындағы ерекше абырой-беделін байқаған Патша үкіметі қазақтарға қатысты мәселелерді шешу ісінде Айғаныммен ақылдасып, пікірлерімен санасып отырған деседі. Бұл хаттар Ресей архивтерінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр» дейді тарихшы Жайық Темірболатов. Айтуынша, Александр І кезінде Айғанымның өтініші бойынша Сырымбетте қыстау да салдырып берген екен. Оның ішіндегі мешіт, қонақ үй,  бес бөлмелі мектеп пен монша, диірмен сынды әлеуметтік нысандар ұзақ жылдар бойы ел игілігіне қызмет еткен. Сондай-ақ, ол Шоқан Уәлихановтың көрнекті ғалым, қоғам қайраткері болып қалыптасуына тікелей ықпал еткен тұлға ретінде де белгілі.

Қазақ қыздары деген уақытта мақтанышпен еске алатын Мәншүк Мәмбетова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды батыр тұлғаларымыздың қай-қайсысы да өз алдына бөлек тарих. Олар салған іздің өшпей, ұрпақтан-ұрпаққа ұлы аманат ретінде жалғасып келе жатқаны да сондықтан. Қазақ әйелдерінен жеткен тағылымды тарихтың бір парасы осындай…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз