
Суды қалай сақтай аламыз?
Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Осы орайда республика Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті табиғи монополия субъектілерінің жұмысын жүйелі түрде бақылап, қоғамдық мониторинг жүргізе бастады. Шара тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасы мен сенімділігін арттыруға, инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйін жақсартуға және саладағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Соның айқын мысалы ретінде «Магистральды су құбыры» ЖШС-нің Құлсары су тазарту құрылғыларында өткен қоғамдық бақылауды атауға болады.
Қоғамдық мониторинг барысында арнайы топ инвестициялық бағдарламаның орындалу барысына талдау жасап, нысандарды көзбен көруді мақсат тұтты. Көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігіне қатысты құжаттар да зерттеліп, топ мүшелері тиімділік көрсеткіштері бойынша қорытындылар жасауды көздеді. Мұндай талдау тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің ашықтығын арттырып қана қоймай, халық мүддесін қорғауға және саланың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
«Магистральды су құбыры» ЖШС бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Данияр Нағашыбаев қоғамдық мониторинг барысында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Оның айтуынша, қолданыстағы инвестициялық бағдарлама 2024-2029 жылдарға арналған және арнайы бекітілген құжаттарға сәйкес жүзеге асып жатыр.
Бағдарлама кәсіпорын үшін алдағы бес жылға 6 негізгі көрсеткішті айқындапты. Олардың қатарында энергия тұтынуды азайту, судың нормативтік шығынын төмендету, жөндеу жұмысын уақтылы орындау, апаттар санын қысқарту, жаңа технологияларды енгізу және негізгі құралдардың тозуын азайту міндеттері бар.
Компания өкілі атап көрсеткендей, 2024 жылғы 1 шілдеден 2025 жылдың 30 маусымына дейінгі бірінші тарифтік кезеңде құны 4 миллиард 469 миллион теңгеден астам инвестиция қарастырылған. Қаржының бір бөлігі Құлсары мен №8 су құбыры сорғы станциясы нысандарындағы ескірген резервуарларды бөлшектеу және жаңасын орнату, электр тарату жүйелерін алмастыру, сорғы станцияларындағы басқару қондырғыларын жаңарту және арнайы техникалар сатып алуға жұмсалды.
– Құлсары қаласындағы көлемі 5000 текше метр болатын №7 және №2 резервуарлар мен №8 су құбыры сорғы станциясындағы №3 резервуар толықтай жаңартылды. Бұл жұмыстар су қоймаларының техникалық жағдайын жақсартуға әрі олардың сенімділігін арттыруға бағытталған. Сосын 1987 жылдан бері қолданыста болған жабық тарату құрылғысы мен Қиғаш сорғы станциясындағы басқару жүйелері ауыстырылды. Магистральды су құбырларының учаскелерін күрделі жөндеуден өткізу, жаңа автокөлік пен өндірістік техника сатып алу жұмыстары іске асты. Бұл шаралар апаттық жағдайларды азайтып қана қоймай, электр қуатын тұтынуды төмендетуге мүмкіндік берген, — деді Данияр Асылбекұлы.
Келешекте де кәсіпорын инвестициялық бағдарламаны жүйелі жалғастырып, су инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жобаларды іске асырмақшы. 2025-2026 жылдардағы екінші тарифтік кезеңге сәйкес 4 миллиард 823 миллион теңгеден астам қаржы құбырларды ауыстырып, жаңа технологияны енгізуге және өндірістік қуаттылықты арттыруға жұмсалмақ.
Қазір «Магистральды су құбырының» мамандары В-40 технологиялық құбырын алмастыруды бастап кеткен. Жаңа құбыр жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Д.Нағашыбаевтың айтуынша, бұл жұмыс өңір халқын тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтуға, апаттық тәуекелдердің төмендеуі мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.

Қоғамдық бақылау тобының мүшесі Балжан Досмұхамбетова тарифтік саясатты тек бір жылдық шеңберде емес, ұзақ мерзімді кезеңге қарастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, тек биылғы тарифтік сметамен шектеліп қалмай, кемінде бес жылға арналған сметаны ұсыну қажет.
– Себебі, серіктестік тарифтік сметаны бекітпес бұрын негізгі алты көрсеткішті төмендету жөнінде міндеттеме алды. Сондықтан бұл көрсеткіштердің төмендеуі болжамды түрде тарифтік сметада көрініс табуы тиіс, — деді Балжан Ибатқызы.
Бұл салада тәжірибесі мол маман ретінде ол тұтыну көлемін азайтуға бағытталған іс-шаралардың тиімділігін де атап көрсетті. Оның айтуынша, бұл – өте маңызды әрі шығындарды азайтуға ықпал ететін шара.
– Негізгі мақсат – тұтыну көлемін қысқарту арқылы шығындарды төмендету. Бұл – тарифтік саясаттағы ең өзекті әрі қажетті қадамдардың бірі, — деп түйіндеді ол сөзін.
Қоғамдық бақылау барысында су саласының маманы Айгүл Арыстанова да су саласындағы маманның тапшылығы ең басты қиындық екеніне тоқталды.
– Бүгінде резервте кадр жоқтың қасы, жас маман тапшы. Президент Жолдауында суды стратегиялық ресурс ретінде атап көрсетіп, инфрақұрылымды жаңғырту, бірыңғай цифрлық платформа құрумен айналысатын кәсіби мамандарды дайындау қажет екенін нақтылап айтты. Бұл сөздер біздің саладағы түйінді проблемаларды дөп басып отыр. Шын мәнінде, бізге суды үнемдейтін технология да, құрал да, қаржы да керек, бірақ әуелі адам капиталы қажет. Біздің салада ең басты қиындық – маман тапшылығы. Кейбір каналдарда судың тең жартысынан астамы бу болып ауаға ұшып кетіп жатыр, себебі оны есепке алу технологиясы ескірген. Осындайда білікті инженер мен гидротехник болмаса, ең қымбат жобаның өзі нәтижесіз қалады. Сондықтан кәсіби кадрлар дайындау мемлекеттің су саясатының өзегі болуы тиіс, — деді Айгүл Жолдасқызы.
Рас, су ресурстарын үнемдеу, тиімді пайдалану және басқару мәселесінің Жолдауда арнайы көрсетілуінің Атырау өңірі үшін айрықша маңызды. Себебі, Жайық, Қиғаш өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі экожүйеге, балық қорының азаюына және болашақта халықтың тұрмысына кесірін тигізеді. Егер бүгін нақты шара қабылдамасақ, келешекте кеш болады. Сондықтан, мамандар айтқандай суды үнемдеу технологиясын енгізу, ауыз сумен қамтитын барлық мекемелердің жұмысын толықтай цифрландыру болашақта су шығындарын азайтып, үнемдеуге және апатты жағдайдың алдын алуға көмектеседі.

Мекеме аумағындағы жұмыстармен таныстырған «Құлсары» су тазарту құрылыстарының басшысы Жандос Саркетов мекемедегі 7 су қоймасының бесеуі ғана таза ауыз су жинайтынын, қалған екеуі тазаланбаған суды қабылдайтынын айтты.
Қоғамдық мониторинг барысында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар су саласының болашақтағы даму бағыттарын айқындап берді. Инвестициялық бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыру, инфрақұрылымды жаңғырту, шығындарды азайту және жаңа технологияларды енгізу – өңір халқын тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің кепілі.
Сонымен қатар, кәсіби кадр даярлау, суды есепке алу жүйесін жаңарту және цифрландыру ісі алдағы жылдардағы басты міндеттердің қатарында болуы тиіс. Бұл жұмыстардың табысты атқарылуы тек тұрғындардың тұрмысын жақсартып қоймай, елдің су қауіпсіздігін нығайтуға да елеулі үлес қосады.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттер автордікі



