СӨЗБЕН МҮСІН ТҰРҒЫЗҒАН

Құрманғазы аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті суреткерлерінің бірі, жазушы-драматург Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті.

 

Байқауға  Атырау қаласынан, Құрманғазы, Мақат, Махамбет, Жылыой, Исатай, Қызылқоға, Индер аудандарынан 16-22 жас аралығындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

Шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров облыстан, аудандардан келген қонақтарға қош келдіңізін айтып, байқауға қатысушы талантты да талапты жастарға сәттілік тіледі.

– Оралхан Бөкейді қазақ әдебиетіндегі классик жазушылардың бірі де бірегейі деп айтуымызға болады. Оның ерекшелігі – әдеби тілінің байлығы. Ол өзінің шығармаларында қазақтың ұмыт қалған сөздерін жаңғыртып отырды. Оның шығармашылығының көркемдігін бүкіл әлем мойындады. Мұның бір ғана дәлелі жазушы Кеңес одағында аса мәртебелі болған Н.Островский атындағы әдеби сыйлықтың иегері болды.

– Біз жастардың тіл мәдениетін дамыту, төл әдебиетке деген құлшынысын арттыру мақсатында байқау  өткізгелі отырмыз, – деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі  басқарма басшысының міндетін атқарушы Ғабдібек Хабиров.

Прозалық, драмалық шығарма және мәнерлеп өлең оқу кезеңдері бойынша сынға түскен қатысушылардың өнерін Халықаралық қазақ тілі қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішев бастаған қазылар алқасы бағалады.

Байқау нәтижесінде өзінің үздік өнерімен ерекшеленген Сүйіндік орта мектебінің оқушысы Ернұр Кінамаев Бас жүлдеге ие болып, республикалық байқауға жолдама алды. Бірінші орынды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Рақымжан Орынбасаров қанжығасына байласа, ІІ орынды жылыойлық Айбақыт Бисенова мен индерлік Жібек Занелова өзара бөлісті. Жүлделі ІІІ орынды колледждер студенттері  Данагүл Жұмаш пен Саягүл Айтжанова және қызылқоғалық Бекарыс Закария еншіледі.

Жеңімпаздар дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

А.Шакупова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз