Шыңғыс ханның көз жасы

sungushanРахымжан ОТАРБАЕВ,
Халықаралық Шыңғыс Айтматов
атындағы сыйлықтың лауреаты.

Шыңғыс хан жайлы әлемде 2700-дей кітап жарық көріпті. Көбі – зерттеу еңбек, біразы – көркем туынды. Көкелетіп мақтайтыны, жер табандатып даттайтыны да аз емес. Мен осы жұмбағы мол тұлғаны тиран емес, қарапайым пенде қалпында көргім келді. Және оның өлімін, сосын ұлы Жошының қазасын өзімше пайымдадым. Бұл құр қиял емес, қисыны келер болжам-ау, деймін. Төрелік сөз өздеріңізде, қадірлі «Атырау» газетінің оқырмандары!
Автор.

 

Тағы бір таң атты. Кімдерді
қуантады екен?..
* * *
Күн де ұясынан шарасына симай балқып көтерілген. Шашырап жүрген шарбы бұлттар бауыры қанқызыл түске боянып көшті. Тау қуалап ескен жел де ішін тартып тынши қалды. Алыстан байғыз шақырды. Күн мен түнді алмастырып алған ба, атаңа нәлет!
Есік көзінде қалғып-мүлгіп отырған күзетшілер орнынан сілкініп тұрысқан. Алшая қонған ақ орданың қаусырма есігі екі жаққа кеңінен ашылып, іштен ұлы хаһан шықты. Жібек шапанын желбегей жамылыпты. Аққұба жүзіне, келісті маңдайына күн сәулесі сырғанай түскен. Кіндік қаққан жез сақалын ойнама салқын самал сыпайы сауып тұрды.
Аз қолмен шығып аң қағуға ынтасы ауған. Құс салып, құмай тазы жүгіртіп сергіп қайтпақ-ты. Ақ ордасынан адым оздырмай құйрық тоздырыпты. Есігінен сығалап иіліп-бүгілген елшілер мен дәргейіне бас ұрған жұрттан қажып бітпеді ме? Түгесілер түрі көрінбейді. Қызылсирақ боп қыр кезген жиһанкездер де аз емес. Аузына түскен алуан сауалын қойып бағады. Алжып жүргендер де. Әне бір қурайдай қалт-құлт еткен ханзу іргеден сығалап қоймай жүріп мұның бет-ажарын бейнелепті. Сусыған жібек матаға. Аумаған өзі. Қолына тайтұяқ алтын ұстатқан. Қуанғаннан ба, қорыққаннан ба, жазған неме баж етіп талып түскен. Е, қайсыбірін тізерсің. Түмендері дүниенің төрт тарабын үңгіп барады. Жеңіс буына қаралай піскен нояндарының алыс өлкеден ат шаптырып сұраған кеңесінің өзі мігір таптырмаған. Ақыл мен айланы қат-қабат жолдайды да жатады. Бірінсіз-бірі жетім. Қылпылдатып екеуін тең ұстар болар. Қанжардың жүзіндей. Жеңісті сапардың желбіреген жалауындай боп қайда жүрсе де осы ақша бұлт бүлкілдеп көшіп, самалмен сырғып төбесінен қалмаған. Көк тәңірінің бұған көрсеткен қуаты, жолдаған сәлемі де.
Аңтарылып аспанға тағы бір мәрте қараған. Ақ бураның шұбатылған шудасындай болуын. Бәз-баяғы қалпы. Міні құрасайшы. Ол – мәңгілік. Өзі ше? Шаш ағарып, көп нәрсеге көңілі қарайып шау тартты. Жас кездегі ашулы қайраты бара-бара сап-сап сабырға ұласқан. Тіпті иі жұмсарып көңілшек болып бара ма? Заманында табалдырықта тұрып тепсінген жауының басын… ойын баласының сиыр жүнінен ұйыстырып алған добындай домалатқан Темучин… Жә, қашаннан бері жаушы жоқ, келетіні келімсек елшілер емес пе, жә! Ашулы қайрат – алмас қылыш. Шапса – турайды. Айналасына алтын шуақ үйіріліп жүретін мейірімнің де одан кем түспесін кеш аңдады. Тағдырына тауфих айтып, тәубаға келгені сосын да шығар?.. Ой қуып аңдамапты. Бұрхан-Халдун тауымен иықтасып тұрған биік жотаға келіп қалған екен. Арттағы бүлк-бүлк желген қосыннан қиқу естілді. Алдында бұлтақтап бір түлкі қашып барады. Қарашаның кешегі жауған қарына аунап түлеген-ау. Жоны өрттей болып құбылуын. Жемтігін көріп шаңқылдаған қыранның томағасын сыпыртпады. Қуғынға құмай тазыларды қосты. Өзара мойын оздырысып, суырыла жүгірген құмайлар түлкіні әп дегенде қиялай шалып, құйрық тістескен. Қу неменің бұғып қап тазыларды талай жерге оздырып жібергенін қарашы. Жайдақ жерде жан беру оңай. Енді оң қол тұстағы қалың шеңгелге қарай салсын. Тұс-тұстан қиқу көтерген қосын да енді түлкінің алдын орай шапқан. Қарсы беттен құмайлар да қосылды. Бұйырмағанға ем жоқ. Қос жақтан қуғын салғандар мұның даусын естір емес. Қалың шеңгелдің ішінде іні бар. Енді әуре болмаңдар, құйрығын да көрсетпейді, дегісі келген. Әне, айтпады ма, тазылардың тілі салақтап, жыныс арасынан бос шығып келеді. Шеңгел жырып, жүнін түтіп жіберген.
Әкесі Есеукейден қалған өнеге-тін.
– Жастықтың буы шыдатпай жүрген шағым. Бір күні аңға шықтым,- деген әкесі бұған оңаша сәтінде ой қозғап. – Желе жортып Бұрхан-Халдун тауының етегін сүзіп келе жаттым. Түс әлетінде алыстан бір аңның сұлбасы қараң етті де көз алдымда ғайып болды. Құсымның томағасын да сыпырып үлгермедім. Шоқ-шоқ бұта мен шеңгелді аралап із кестім. Кенет алдымнан апан кездесті. Көкжал бөрі көп бұлтаққа салмай апанға жасырынған. Тал кесіп әкеліп, таяқ жүгіртіп едім, терең емес екен. Түбінде былқылдап әлдене жатыр. Көкжалым, өлген жерің осы деп ала кеп апанды қазайын. Түс ауды. Түбі жеткізер емес. Аузы біреу болғанмен бара-бара ін үшке бөлінді. Күн кешкіріп, орнына отыруға асықты. Қаза-қаза бел шойырылды, алақан ойылды! Енді не айла қылармын? Сәл тыныс алып ем, атым елеңдеп пысқырды. Жартасқа қонып отырған томағалы құсым талпынды. Қарасам, анадай жерде көкжал бөрі қашып барады. Түлкіні аңдап қалдым. Бір қарсақ жаны қысылып биік жотаның басына қарай зыта жөнелді. Аң-таңмын. Үшеуі де әлгі апанның қосалқы үш тарам аузынан шыққан болды.
– Сіз қай аңның соңынан түстіңіз? – деген бұл қаралай елегізіп.
– Балам, менің дәуренім өтіп барады. Сен қайсысын ұстар едің? – деп Есукей Темучинге сынай қараған.
– Қолымнан келсе біріне- бірін ұстатар ем!
Сонда Есукей өзінің үзік-үзік үмітін осы ұлы жалғардай көңіліне тоқтық бітіп, шүкірлік қайырған.
Мұның болашағын болжағысы кеп айтылған әдемі ертегі екен-ау.
Аң қағып… Ұлы жорық жолында осы жүгірген аң, ұшқан құсты талай азық еткен. Қалың түмен аш өзегін жалғаған. Кезіккенін қынадай қыруға рұқсат жоқ. Шыңғыс ханның пәрмені сондай. Жылт еткен көктемнен қара күзге дейін қару көтертпейді. Аң төлін, құс балапанын өргізер шақ. Тұқымы үзілмесін, алаңсыз аяқтансын, түбітін түсірсін деген тілек. Ал, қарашаның қатқағынан өгіздің өзін өкірткен ақпанның аяғына дейін қалай ауласаң да еркің. Қолын қақпайды.
Ұлы жорық жолында… Азыққа деп айдаған қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиырдың сойып жеген сайын басы жүдеген. Таңғы асты Тәңірден күтіп отырар ма? Ондайда ұлы хаһан жанына нояндарын ертіп, қалың қолына дабыл қақтырып, дауылпаз соқтырып, тау-тас, кең жазық, қалың орманға қанатын жаятын. Арасынан аң тұмсығы өте алмас шеп құрғызатын. Алыстан сермеп айдалған аңның өрісі бірте-бірте тарылады. Құлақ тұнған қиқуға шыдамаған бұғы мен елік, киіктер жосып, олардың жолын жолбарыс пен қасқыр, қабылан тосып азуласып алады. Ақыры, қалың қосын кең ашылған құшағын қаусырар. Сол құшақ жаннан безген жануарларды топ-тобымен бір жазыққа жинар. Ежелгі салт бойынша ұлы хаһан Көк Тәңіріне сиынып, жолбарысқа не құйрығын теуіп ойнаған құланға алғашқы оғын жолдайды. Келесі кезек нояндары мен ұлдарына тиеді. Соңында тықыршып тұрған қалың түменге де ерік берілер. Қорамсақтағы оқ тұс-тұстан қарашаның қарындай борар. Қан-қасап басталар. Жайшылықта бір-бірін алқымдап жататын аң атаулы мына жойқын қырғында бір-бірін пана тұтар. Ұшпа жүрек қоянның секек қағып қу түлкінің бауырынан шықпай қойғанын да көрген. Әкесі Есеукейдің қой қуған итті сол қойға қосақтап сабағаны бар-ды. Кейін әлгі қой-ешкінің маңын көрмейтін болды. Ырылдап ызғар шақырған өзге тұқымдасын да уақ малға жолатпай жүрді. Шын достық әр жерде емес, тар жерде туса керек.
Шыңғыс хан астындағы ақбоз тұлпарын тебінген. Бір шетте үйіріліп тұрған шағын қосын да қамшы көтерісті. Қолға қонған құмай құс шабыт тіледі. Алқабел құмай тазылар ақерен күйге енді. Қыр асып бара жатып ұлы хаһан аспанға көз тіккен. Ғұмыры төбесінен қалмай төңкеріліп жүретін ақша бұлт қоса көшіп келеді екен. Ақша бұлт… Алғаш қолына алты кез найза ұстап атқа қонғанда байқаған. Сол жолы таңғұттарды шапқан. Ата жаумен арпалысқан. Бұл желсе де, ат бауырын төсеп аламанға салса да жөңки көшкен. Көтерілген қол шатырдай көлеңкесін себелеген. Салқын самалымен аялаған. Одан бері де қолға тұрмас құмдай сусып елу жыл өтіпті-ау. Ұлы хаһан әлемнің әр түкпірінде ат тұяғын ойнатқан. Астамсыған небір жауының мысын басқан, қияметтің қыл көпірінен өткізген.
Тағы да қиқу естілген. Қосын қатарласа шапты. Қыранның томағасы сыпырылды. Тағы да қия беткейге өрлеп түлкі кетіп барады. Шабыт тілеген қыран шаңқ ете қалып ерге бекітілген тұғырын теуіп ұмтылған. Қайқаң етіп аспанға бір-ақ шықты. Тырнағы жез, қандыкөздің өзі. Былтыр ақпанда ғой, үш күнде төрт қасқыр, тоғыз түлкіні ілгені. Қанжығасын қандап қайтқан. Ұлы хаһан жортқан аң терісіне зәру ме еді? Жо-жоқ, айта көрмеңіз. Тері-терсек тұрмақ басы артық алтын, күміс, ақығыңды да ақ ордасына жолатпай қойған. Есесіне ел-елден тауарихты тәптештейтін, өсиет-үлгісі көп жазбаларды жинатқан. Өзі де монғол шежіресін хатқа салдырып жүр. Мұның соңында ақтарылған алтын, күміс емес, аспанды жарған атағы қалар. Көрген азабы мен тозағын, жеңісі мен жемісін шертіп жазған шежіресі қалар…
Қиқуға қосылып ақбоз тұлпармен ағызып келе жатқанын енді байқады. Қошеметтеп шапқан қосын да қалысар емес. Түлкі бұлтақ сап, тау бөктеріне ілініпті. Қыран қос қанатын қусырып шүйілгенімен жемтігіне дөп түсе алмады. Көкке қайта көтерілді. Түлкі айласын асырып баққан. Бұл тұлпарының тізгінін тартып, қосынға қол сілтеген. Тау бөктерінен түлкіні қуалап шығыңдар дегені. Әне, қыран атқан тастай боп көктен тағы құлдилады. Иә, сәт! Тау-тасты кезген қосын қабағы түсіп қабарып оралған. Қыранды бірі ер алдына өңгеріп алыпты. Бір қанаты салбырап аттың бауырын сызады. Топшысы сынған. Қайран, қандыкөз…
Ұлы хаһан іштей апшыды. Жолбарыс жығар айбатын алпыс айлалы түлкіге қор еткені ме? Құмайын қаңғыртты. Қыранын тасқа түсіріп талқандап кетті. Ат тізгінін тартып тұрып аспанға қараған. Ақша бұлт та аялдаған екен. Бұрхан-Халдун тауын өрлей көшкен қара бұлтқа зер салды. Арыстан жалданып, алуан мүсінге түсіп өршіп келеді. Қар жаумаса қайтсін. Ілгері жүрерін не ат басын Қарақорымға кері бұрарын білмей іркілген. Қосын да мұның қабағын бағып пұшайман күйде еді. Тазылар қыңсылап тызақтап кетті. Қыран сау қанатын сабалап шаңқылдады. Ақбоз тұлпар ішін тартып, пысқырынып жүріс тіледі.
Желге қарсы көшкен түйдек-түйдек қара бұлт та бұл кезде тас төбеге келген-ді. Қар жауған қарашада күн күркірегені несі? Жаңбыр жетектеп келген бұлт па? Әлде нар түйенің құмалағындай бұршақ соға ма? Ақ бураның шудасындай боп қалқып тұрған ақша бұлтқа жанасуы мұң екен, айбат шеккендей күркіл күшейді. Сарылы молайды. Ақ бұлт пен қара бұлт кешікпеді, жағаласа жөнелді. Шыңғыс хан мына тосын көрініске таң-тамаша қалып, көз айырар емес. Соңындағы қосын да тілден қалған. Аспанның төл перзенті бұлттар да сиыспауға айналған ба? Бір-бірінен өріс қызғана ма? Қарашаның қара суығына таласа ма? Не ғажап? Шудадай қалқып, қорғасындай балқып көшкен оларға дүние тарлық еткенде адамдарға не ғып кеңи қойсын?! Жаға жыртысып, жақ айырысып жататыны содан да. Сол сойқанның басында өзі тұрмап па еді?..
Қара бұлт өктемдік алыпты. Ақ бұлт есін жинай алмай шашырады. Төмендеп көшкен, жолын кесті. Шырқау биікке ұмтылған, төбесінен төнді. Алғаш алты кез найза ұстап атқа қонғаннан жебеп-желеген Көк Тәңірінің сыйына бір нәубеттің төнгенін ұлы хаһан анық сезді. Ала сап аспанға садағын кезеген. Қорамсақтағы жолбарыс жығар бір оқты таңдаған. Ауаны тіліп оқжыландай ысқырып ұшқан оқ қара бұлтқа қарай зымыраған. Жетпей жығылды. Алау-далау болған ақша бұлт аударылып- төңкерілген. Бетінде жазу тұрды. «Әлем әміршісі Шыңғыс хан». Мұны кім өрнектеп жүр? Сол-ақ екен, құлақ кескен күркіл естіліп, найзағай ойнады. Күміс бұтақтар шашырай сынды. Жазуды талқандап салды. Ақша бұлт түйдек-түйдек боп пышырай қашқан. Ақбоз тұлпар қалш-қалш етіп қалтырап, қан сиіп жіберді. Бас берер емес. Қарақорымға маңдай түзеп иесін ала кеп қашқан. Ұзатпады. Қайта тірілген найзағайдың бір бұтағы ұлы хаһанды ту сырттан кеп ұрған. Көз алдына қызылды-жасылды сақиналар қаптап кеткені несі? Құлағына күмбірлеп Есукей баһадүрдің даусы келді. «…Ұлым, ат ерді, ер үстіндегі иесін ұстайды». Ұстатпады, қара бұлт, қағынған найзағай…
Шыр айналған ақбоз тұлпардан ауып түскен. Тұла бойын жалын шарпып, күйіп-жанып барады. Сексеуіл өртеп жатырған кімдер? Сөндір, отты сөндір!
Найзағай боп ұрған дерт ес жиғызар емес. Тілден дәрмен жоқ. Тілегі үзік-үзік. Тіні үзілмеген соң ғана тірі жатыр. Тек сана түкпірінде жанып-өшіп елес қашады. Өткен күндер елесі. Өмірі түскірдің алқұлым шақта өкініші көбейіп кете ме, немене?
Қамсау қараңғылық төніп келеді. Айналасына қараң-құраң қаптап кеткендер кімдер? Тобанаяқтанып тыпыр-тыпыр басады. Үні көмейіне тығылып күбірлейді. Түрлері неткен қорқынышты. Көздері жаңа сойған еттей қып-қызыл ғой. Не іздеп жүр бұлар? Күзетші қайда қараған? Жанторсықтай қалмайтын ақсүйектерін не қара басты? Әншейінде ұшқан шыбынды ұстап алар еді. Хаһанның алшая қонған ақ ордасының қаусырма есігі қорғаусыз қалған ба?
– Ұстаңдар тез! Әкеліңдер алдыма! – дегісі келген. Елең еткен жан, естір құлақ болмады.
Осыдан оянып кетейін!
* * *
Жылнамашы түрік қайда жүр? Әлі де айтары көп. Аманаты аз емес.
Есукей баһадүр өмірден озып, анасы үш ұлмен жесір қалған шақ-ты. Ата дәстүрмен ағайынның бірінің етегін ұстамадың деп тайпа түгел дүрліге көшіп бұларды жалғыз қаңғыртып кетті. Әкесінен қалған бар мал-мүлік солардың талауына түскен. Жоқтықтың қамытын киген анасы күні бойы тышқан аулап, шөптің тамырын теретін.
Анасы ертемен үш ұлының алдына күзем жүні қырқылмаған қойдың қара терісін жаятын. Қайдан тапқанын, сол терінің үстіне ылғи бір уыс тары себетін. Титтей тары пышырап қалың жүннің арасына сіңіп жоғалатын. Екі інісі Хасар мен Кашигунды жанына ап бұл сонда күн батқанға дейін сол тарыны жалғыз талдап теріп жейтін. Қараңғы түсе қолына іліккен аз олжасын көптей ғып анасы да оралар-ды.
Сол тері алтын жабағы екен. Сол тары асыл нәр екен. Әлі күнге таң алды түсінен шықпайды.
Ұрпағым, алдымен байлықтың емес, жоқтықтың қадіріне жет.
* * *
Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді…
Таразы айының таң суыған аяқ кезі екен-ау. Жаңбыр жасанып алған ғой. Әншейінде әр жерден шоқиып түп-түп ақселеуі ғана көрінетін даланың реңін бермеуін қарашы. Сол сағым қыдырған жалпақ жонның белін майыстырып шөге қалған Ұлытау ғой мынау.
Батар күннің бағытына беттеп бара жатып бел жазып аялдағаны бар. Жабайы құланы тұрмақ, қыр кезген киігіне дейін тоқ баса алмай жүр екен. Санасында саңылауы аз жабайы аң мұның ұлы хаһан екенін қайтсін? Оң қапталдан кісінеп, сол қолдан қиқулап қашады. Ұрынарға қара таппай келе жатқан қалың әскер аран қазғызы келген. Қанатымызды керіп, дауылпаз даңғырлатып айдап әкеліп, қан-қасап қып қызығына кенелейік дескен. Митыңдаған алты өгіз сүйреген ақ ордасын тастап, әйгілі күрең тұлпарына мініп бой жазып келе жатқан-ды. Ойқас қаққандарға оң қолын көтерген. Мұның ойын айттырмай-ақ ұғып, өрекпігендері өшіп сала берді.
Қасына ұлы Жошыны ертіп сонда осы Ұлытауға беттеген. Астындағы күрең тұлпар сауыры жылт-жылт етіп билей басып, ең биігіне алып шыққан. Сонда көз қарашығына сиятын жердің бәрі тамыз таңымен толқыған. Көмкеріліп жатқан көкжиекке дейін көңілмен өлшеген. Жасанған жауға, жабысқан дауға қимайтын, құты қашпайтын өлкені таныған. Керіліп жатқан кербез жонға алшайта тігіп ақ орданы қондырса жарасар. Ұлары шулаған Ұлытаудың басына күндіз-түні кірпік қақтырмай дабылшы қойса. Ол лүп еткен қауіп-қатерді сезсе-ақ лаулатып ұран от жақпай ма? Жалын жылт етсе бітті, ойдан-қырдан дауылпаз ұрылып, дабыра қағылып, даңғаза күшейер. Найзамның ұшын тот басады-ау, қылышымның жүзін кір шалады-ау деп қайғы алып жүрген қалың қол өз-өзінен түлеп сала берер. Олжа салар қоржынын ердің оң жағына байлар. Әленкедей жаланып сап түзер. Сойқан күтер. Сабырын сарқар.
Күн көзін бұлт шалмай батысқа домалап бара жатты.
– Ұлым Жошы,– деген сонда бұл күміс ерден құйрық көтеріп. – Ертеңді-кеш енші алар жерің осы өлке. Ордаңды оңтайлы жерге тік.
– Ордам қонар тұсты өзіңіз белгілеңіз, әке.
Жез сақалын желге таратып, қалың ойға шомған әкесіне сонда Жошысы артық тіл қата алмай жаутаңдап қарай берген.
Сонда бұл қос бұғының мүйізінен иіліп, әр сақинасы асыл таспен апталып, ойма тұсы күміспен көмкерілген садағын салтанатты сабырмен қолына алған. Жас тобылғыдан қиылған қып-қызыл жебені құбыла бетке шірене тартқан. Жебенің алтын ұшы күн сәулесіне жарқ етіп шағылып, аспанға әуелей көтерілді де, ауаны жарып ысқыра жөнелді. Тартар сағаға қадалған қырғидың сынық сүйем қауырсынына жан бітіп, қанат қағып бара жатқандай көлбеңдей ұшып көзден ғайып асты.
– Әне, сол жер! Ұлысыңды ұста. Маңдайыңды Қарақорымнан айырма!
(Жалғасы бар)

Мынау Жошы ғой. Тірі екен-ау, жарығым! Осы бәтуасыз жұрт не деп сыпсыңдап еді? Кетбұғаның қобызы не деп сұңқылдап еді? «Балаң өлді Жошы хан, сенесің бе осыған, сенбейсің бе осыған?» Оттапты! Сексеуілдің шоғына балқытып шор еткізіп көмейлеріне қорғасын құяр ма еді, бәлем?!
Е, аң қағуға шыққан да. Жошыны айтады. Жанына жарақты топ ертпей он қаралы жігіт-желең алыпты. Ақбөкен лағы отығып, еті уылжып тұрған кез ғой. Даланың дәрі шөбін теріп жейтін жануардың жаратылысы бөлек. Дүркірей қашқанының өзі қиқу сап қуғанның қаралай құмарын қандырады.
Тоқтай қал, шығыс беттегі жақпар тасты таса ғып сай қуалап жортып кетіп бара жатқан мына жүздіктің иесі, кім-әй? Мортық пен ебелекке тойынған аттарының жылтыраған сауырынан бит домалап түсердей екен. Сауыт- сайманы ала бұлттың арасынан сығалаған күн сәулесімен шағылысып, көзді арбауын. Жошы әскері дағы, азулы билерінің аузын бағып қышынған аз ауылды тәубасына түсіргелі бара жатқан. Ара-тұра теңіз бетіндей толқып, тепсінбесе, тебіспесе тыныш отыра ала ма, бұ жұрт? Бұл далада толғатқан он қатынның бірі көзі аларып, мұрты едірейген батыр ұлан табар. Бірақ, онысы өз әулетінің, әрісі бір тайпаның ауқымынан асып қайрат көрсетсе, кәне? Қозыкөш жерге шапқаны мен аз нәпақа тапқанына күпті боп аптығы басылар. Ауына симай алшаңдаған арғымағының аяғына жем түсер. Керегеде сүйеулі тұра-тұра қос құлаш найзасының ұшын тот басар. Азды күнгі атақ, абыройын малданып, сен жақсысың деген жәдігөй сөзге алданып тоқ басар.Тоқ басар да тобығы қисайған көп можантопайдың біріне айналар.
Әп дегенде жұдырығының қышуы қанғанша ұрғылаған түркі жұртының осы бойкүйездігін бұл о баста-ақ аңғарған. Аңғарған да әскерін суыт жүріске, төбеңде шатырлаған тосын найзағайдай сойқан қимылға баулып баққан. Жалғыз тал ащы құртты азық қып алты күндік жолда алшаңдап өткен. Аптап сауып тұрған аспанның астында, ала қаншық ақпанның аязында қабақтарына кірбің іліп, қыңқ етпес. Жігерін жану аз, жанын қақтау қажет! Соның арқасында жат жұрттың алтын айдарлы шаһарының майға бөккен бөденедей былқылдаған игі жақсысын табанына салып таптаған жоқ па? Олжа бөліске келгенде әр найза иесінің қоржыны алтын, күміске толып мелтектеп жүргенін қайда қоясың? Қабағымен жасқамаған. Қолдарын қақпаған. Алтын, күміс қатын, бала қызығар әшекей дағы. Арандары ашылып кетсе алсыншы деген. Онсыз да қираған әр шаһардың күл-көмешінің астында қалатын жылтырақ. Көз алдаған көп жылтыраққа құнықса бұл жаһанды тегіс жайлай алар ма еді? Мұның ойы тым әріде, әріде жатты ғой…
Жақпар тасты таса ғып жортқан мына жүздік Жошының қолы емес. Ат ізіне ұлпа шаң ертіп кетіп бара жатқан кімдер сонда? Әй, анау топ алдындағы есік пен төрдей қара қасқа ат мінгені таныс мүскін ғой. Құлан Қыпшақ Асқақ батыр болмасын. Сол, соның нақ өзі. Соңына айғырдың тезегіндей топ ерткен бе? Е, бұл әлгі мұның тепкісінен қорқып, жанына үркердей қосынын алып Карпат тауына тығылған Көтен ханның ағайыны емес пе еді? Құйрығын түйіп қашқан қалпы ақыры Хунгар ханы Беланың аяғына жығылды дескен. Құлдық ұрып жүріп оймақтай жер алыпты, күні үшін дінін сатыпты дескен.
Ұлы мақсаттың үстінде жүрген мұның үркіп жоғалған үркердей топтың ізіне шөп салып түсер мұршасы болды ма? Әп, бәлем, қара жерге сіңіп кетпей аспан асты, шөп үстінде жүрсең қолыма мықтап бір түсерсің деген де қойған. Сол, соның көлеңкесін көріп ерсініп жүрген нәсілі ғой бұл. Көтеннің бізде кеткен өшін өндіргелі жүрген жоқ па? Шамасына қарасын! Көк бөріні көргенде ауылдың көпек итінің арты құрғамаушы еді. Жусаннан аласа жұрт бел алып бетегеден биік бола бастаған-ау. Жошының жуан жұдырығын көрмей жүрген де. Әйтпесе…
Жошы аңдамай аң қызығына түсіп кеткен-ау. Киік те көз құрты. Ақселеулі жалпақ жонда дүркірей қашқанда қызғылт толқын батып-шығып, батып-шығып… Арнасынан асып төгілердей. Дабыл қағып, даңғыра ұрып атқа қалай қамшы басқаныңды білмей қаласың. Бірмойындай шауып алдыңды орап өткенде аждаһаның аузындай боп аран әзір тұрса ше? Әне, қан-қасап сонда басталар.
Жошының сәйгүлігі созыла шауып жалғыз кетіп барады. Қорамсаққа қайта-қайта қол салады. Е, оның жаратқан оғы тегін кетуші ме еді. Торғайкөз темір сауыттың өзін тозған бөздей сөгетін сұр жебесіне үлпілдеп ұшып-қонған киік деген бүйім боп па, тәйірі?
Киік ізінен көтерілген шаңның көз бермей кетуін. Бұқпантайлап келіп Асқақ құлан бас салмаса қайтсін? Жошы, қайда жүр мұның Жошысы? Неге жасанған жауды аңдамайды? Қалайша қаһарын шашып ұмтылмайды? Ащы айқай шықты, Қан жұттырып құлатқан екен жауын. Тағы, аямай ұр, тағы! Е, әне, соңында қалған Жошының жасағы да көрінді. Жапатармағай ат қойыпты. Салсын сойқанды! Бұл даланың ендігі иесі кім екенін есінен шығарған ғой өңшең есалаң! Жошысы аман болса, Ұлытау орнында тұрса тентіреген тентекке теңдік бермес. Қалың шаңның қапталынан ойнап шыққан мына ат кімдікі? Иесін жоғалтып шырқырап кісінеуін. Жошының әйгілі Ақжалы ғой, Жошының! Өзі қайда? Қайда мұның арқа сүйер арысы? Қалың шаңның ортасында көміліп қалды ма? Асыл текті бекзаданы ат үстінен қыпшақ нәсілі аударып түсіргені ме? Көз көріп, құлақ естімеген сұмдық!
Екі топ бетпе-бет кеп найза салысып жатыр. Бірі өліп, бірі қалсын. Қайда мұның Жошысы? Ерте толған Айдай толықсып тұрған толағай ұлы не халде?
Дүниенің құлағын толтырған мынау не ызың? Қаңғып жүрген әлдекім күй шала ма? Кім көрінген мұның ордасына кіруші ме еді? Найманның Кетбұғасы екен ғой. Көзінен аққан сорасы екі айыр сақалына құйылып, иығы селкілдейді. Қолындағы қу томар бебеу қағып кеп, соңы зарға ұласады. Жансыз, жақсыз ағаш та сөйлейді екен-ау. Жәй сөз емес, өзегіңді өртер отты леп. Бойын қуалап, сүйегін үгіп барады.
Асқақ құлан, Жошы хан,
Жүрегім жаман шошыған
Балаң өлді-Жошы хан…Балаң өлді! Балаң өлді! Не дейд? Мына қақбас қоя ма, жоқ па? Жалған! Менің Жошыма көктегі Тәңірдің тезі жетсе де, қаңғыған телі мен тентектің әлі жетпес! Ендігі сөзді естімеймін. Аулақ, менен, аулақ! Әлгі сексеуілдің шоғына балқып тұрған қорғасын қайда? Құйсын мына заржақ шалдың көмейіне! Сайдың сауысқанындай сұңқылдап жаманат шақырудың соңы не екенін білсін, бәлем!
Осыдан оянып кетейін.
* * *
Жылнамашы түрік қайда жүр? Әлі де айтарым көп. Аманаты аз емес.
Мен ағаш уықты, киіз туырлықты киіз үйден шығып, күллі әлемге кеттім. Монғолдың қисық бас қылышымен жер шарының келбетін өзімше сыздым. Тірі жан иесінің қожасы – мен. Баһи кешкені – Көк Тәңірінікі. Жоқты – бар қылдым, барды – нар қылдым. Жанымдағы нөкердің бәрі ақсүйек атанды. Есіктегі басы төрге жетті.
Алтын тақтың төрт бұтының астында әманда аярлық пен іштарлық, жағымпаздық пен жәреукелік, қызғаныш пен қылмыс жатады.
Сатқындықты көп көрдім. Жаттан да, жақыннан да. Иттің дос болғаны жақсы, бірақ, достың ит болғаны жаман.
Арыстан әлсіреген кезде айналасында қорқаулар қаптап кетеді. Қайратың тасып, айбатың асып тұрғанда тілін көрсетіп, тісін жасырғандар, әне, солар.
Қарқылдаған қырық қарғаға бір тас жарайды. Сол тасты уыстарыңнан тастамағайсыңдар!
Ұрпағым, мен кедейді – бай қылдым, қорқаққа қылыш ұстаттым, сараңды – сахи еттім, өлмешіге – өмір бердім. Бірақ, туабітті топас боп жаратылған адамға ақыл кіргізе алмадым. Топас жаннан және сақтаныңдар.
* * *
Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді…
Қалың әскер күндік жерде кетіп бара жатты. Ұлы жорық үлесіне тиген ерлерінің түмен-түмен боп батысқа жөңкілуін көрдің бе? Азық болар ірі қара мен уақ мал жанамалай бөлек айдалуда. Жылдың төрт маусымы екі айналып келгенше жан-жақты дайындық көрген. Әкесі Есукейден қалған ескі жау ауыл арасының таңғұты мен меркіті емес, батысты жайлаған алуан елдің қойнына қол салу оңай іс пе? Баспалап барып қайтқан жансыздары олардың да шаһар түзеп, ой мен орманды пана ғып, өзара қырқысып жатқан жұрт екенін жеткізген. Әр түрлі дінді ұстанып, әр құбылаға қарап жығылады деседі. Тіршілігі де, түсінігі де әр алуан. Бірі ат мініп, арындап жүрсе, екіншісі жермен-жексен есегі түскірді желкелейді деседі. Енді бірі доңыз бағып, шошала баптап жатқан сарысақалдылар көрінеді. Көк Тәңірінің жетелеуімен Шыңғыс ханның өзі келе жатқанын сезіп отыр ма, жоқ па, қайдам? Білсін, білмесін шаһарын шашар, орманын өртер. Құлдық ұрып алдына құласа бұл да мейірімін төгер. Ал, айдалаға шапшып асқақтап бақса… Жақсы көрінсе төре ғып төрінде, кесірлік сезсе құлақкесті құл ғып есігінде ұстар. Басқа таңдау жоқ.

Алты өгіз жеккен арба үстіндегі ақ орда баяу шайқалады. Қорғап, қоршап келе жатқан аз қол ақ ордадан аулақтау жерде жортады. Өңшең тұяқтары сыртылдаған өгіз сүйреген ақ орданың жүрісі анау-мынау аттың желісіне дес бере ме? Аяқ жағында әдеттегідей нақсүйері Райхано отыр. Парсы сұлуының қараторы өңі бал-бұл жанып, көз моншағы төгіліп түсердей жәудіреп бұдан көз айырса ше? Осының өзі көз шырымын алмайды білем. Әлде әлденеден секем ала ма? Түн ортасында оянып кетсе де, жұлдыз сөніп, таң мезгілінде басын жастықтан көтеріп алса да осы отырысы. Үнсіз, шуақ шашып қарайды да, сәл жымияды. Екі бетінің ұшындағы сүт шұңқыры бармақ батқандай ойылып, қос құлағындағы қоңыраулы сырға күмбір ете қалады. Қаралай желігін көтереді… Жә, жә!
Мына әлемтапырық дауыс кімдікі? Е, оң тізесінен орын берген Сарынжап екен ғой. Бұл не деп тантып тұр? Отырардың жанында мұның алты жүз түйеге артқан керуені тоналды. Керуенбасы қаза тапты дей ме, әй?! Басын шапқан. Қалғаны бақырып қашып құтылған?.. Жан иесінен кім мұның мүлкіне батылы жетіп қол салып жүрген? Қайсысы мұның қарауындағы халықты лақша бауыздаған? Алысқа адым созған керуен мен жағын сауған елші бар қатерден бейбіт емес пе?
Қоқанның ханы Мұхам-мед сұм дей ме, кінәлі. Жо-жоқ, Отырардың шаһарбасы Қайыр хан? Табыңдар ендеше тез, кісәпірді! Қайсысы болса да қосақтап құртар. Шабыңдар шаһарын! Өртке орансын, күлге көмілсін! Құзғын шұқыған кәлләні тау ғып үйіңдер. Көрсін қаймана халық. Бұратана ел-жұрт. Жайсын жаһанға мұның қаһары мен әскерінің қуатын. Әкетсін желмен ілестіріп аңыз ғып. Мұның атының әлі тұяғы тимеген тау мен тас, орман мен ойпат қаралай тетіреніп, қашсын дегбірі. Орнынан ошарыла тұрған. Әншейіндегі ой тұнған жанары жасын ойнатып жарқыл қаққан. Беймарал бидай өңі күреңітіп, кеңірдегін қытықтап тұрған жез сақалының әр талы сабаудай боп көтерілген. Қос күнәһардың татар дәмін тауыспай қапелімде хаһанның арыны басылмас.
Алдымен Отырарды ойрандаңдар, деген. Қайыр хан Иналшықты аяғыма әкеп жығыңдар. Жанын жапырақтай қалтыратып жұлып алайын. Мұхаммед сұм ба? Оның сыбағасы кейін. Сүйегін жіліктеп тергізермін.
Жердің апшысын қуыр-ған қалың әскер келе Отырарды қоршаған. Шаһар айнала кісі бойы қол созым терең орланыпты. Қақпасына құрсау салынған. Зәулім ғып қаланған берік қабырғалары тас атқыш құралмен күндіз-түні соққылағанда былқ етсе-ші. Төбеден жаңбырдай жауған оқ пен лақтырылған кесек іргедегі әскердің берекетін алуда. Ақ ордасын оңаша жазыққа тіктірген бұл не әрекет жасап еді сонда? Қалың әскерін екіге бөлген. Бірін Қоқанға аттандырған. Мұхаммед сұмның басқан ізіне шөп салып түсіңдер. Шаһарын талқандап, тұрғындарының кәлләсінен тау тұрғызыңдар. Мен барғанда ағараңдап түстік жерден көзіме шалынсын. Тоналған керуеннің кегі сонда қайтады, деген. Ал, екінші топ Отырарды қоршап жатып алған. Әрі ат тынықсын, ертеңді-кеш жортуылдап, тақымнан тозған әскерінің ажары кірсін деп шешкен. Алты ай өтті аштан қырылады, ішер нәрден тарығады деген шаһар әлі күнге қыңқ етер емес. Суды құбырмен жанындағы өзеннен тартып отыр дескен. Ал, тартсын. Қара сумен қашанғы жүрек жалғайды. Демек, бұлардың жер асты жолы болғаны. Одан бәрі бірдей сыпырылып шығып кете алмайды. Күндіз шеп құрып, түнімен лапылдатып жыңғыл мен сексеуіл өртеп құрсап жатқан қолдың көзіне түспей аман құтылу жоқ. Бірақ, ас-ауқатты сол жер асты жолымен сыңараяқтап тасып отырғаны анық. Оның шығар аузы қайда? Қай ойпаттың астында, қай сайдың етегінде? Тышқан інінен бастап тінтіңдер, табыңдар тез деп пәрмен қылған. Дорба арқалаған қайыршыдан есіттік, жер асты жолы барып-барып сонау Сайрамнан шығады екен деп келген бір саққұлақ. Жо-жоқ, тезек терген қатын Қарнақты нұсқады. Апан аузын көріпті. Әлгіге қоралы қойды айдап кіреді екен дескен бір желөкпе.
Сөйтіп, ойы онға бөлініп тұрғанда «Қайыр ханның бас уәзірі «жанымды өзіме олжа қылсаңдар шаһардың қақпасын өз қолыммен ашып беремін» депті» деген хабар да жеткен. «Ашсын» деген хаһан сонда. Артық лебізін шығын етпеді. Онымен де қоймай әлгі бас уәзір мұның оң тізесінен орын дәмете ме, еу. Қоржын басын толтырып қолүздік алғысы келе ме, еу. Бұл хабар келгенде биіктеу қыр басында тұр еді. Жез сақалын самал желге таратып ойға шомған. Жүзіне таңданыс, көзіне мысқыл қонған. Мұның аузынан шығар адал ләмін аңдып тұрған Сүбедей баһадүрге бас изеген. «Ашсын тез! Әкеліңдер өзін алдыма. Қайыр ханмен қосып… Кесімді сөзімді сосын естір».
Түн жамылып құрсаулы қақпа айқара ашылған. Лап берген қалың әскер көше қуалап қырғын салған. Алтын айшықты мұнара, күміс шыршықты керуен сарай тып-типыл тоналған. Көсеу ұстауға қауқары бар еркек кіндік ат тұяғының астына түскен. Бетінің ажары таймаған қыз, қатын… Қылығы қашса да, қызығын қашырмай тыпырлап жатты…
Таң атып, торғай әнге бас-қанда мұның ақ ордасына Қайыр хан мен бас уәзір бұғауланып әкелінген. Қайыр хан қапсағай бойлы, қараторының әдемісі екен. Дөңгелек жүзіне қырма сақалы сән үстейді. Алдына келгенмен кеудесіне құлатып не басын имеді, не тізе бүкпеді. Қарағайдай сірескен қалпы бұған бір қырындай қарап тұра берген. Қолыңнан келгенін қылып ал дейтіндей. Алты ай аш-жалаңаш мұнымен арпалыстырған осы қайсарлығы дағы. Жарайсың, ер екенсің! Бірақ, хаһанның алдында ерлік көрсетудің өзі ерсілік екенін сезбей тұрсың-ау…
Бұл жүзіне зер салуы мұң екен, екі бетінің ұшы қызарып, дөңгелетіп қарын байлаған бас уәзірдің онсыз да мыртық бойы жерге сіңіп бара жатты. Жаутаң қағып, шөкелеп жерге жығыла кеткен. Жығылып жатып әлденені айтып қыңсылай ма? Шаһар қақпасын ашқан мен, хан ием, сіздің салтанатпен осылай келуіңізді ғұмыр бойы зарығып күттім дегені екен ғой. Ә, солай де, жазған. Сайра, сатқыным. Сайра. Осы сәт Қайыр хан аһ ұрып, жерге жабысып қалған бас уәзірін май құйрықтан қайқайта тепкен.
– Әй, Қайыр хан,-деген бұл сонда саңқыл қағып. – Қасыңа өмір бойы опасызды ұстапсың. Ол бүгін сені сатты. Ертең мені сатады. Дүниеде сатылмайтын нәрселердің бар екенін бұл неме ұқпас. Арманда кеттім деме. Мә, садақ. Қорамсақтағы қырғи қауырсын оқтың бірін өзің таңда. Жібер жанын жаһаннамға өз қолыңмен. Мұның арам қаны ақ ордамды былғамасын. Анау қыр басына шығар да…
Таңғы тұнық ауаны тіліп, ысқырып ұшқан оқ бас уәзірдің жұдырықтай жүрегін жұлып әкетіпті дескен. Келесі оқ Қайыр ханға бағытталған. Әттең!.. Тәтті өтірік пен ащы шындықтың арасында босқа кеткен екен, есіл ер!
Бұхараны шапқан. Шапты деген аты ғана. Аттап басқан сайын бір мешіт. Аспанға қарасаң, көретінің – алып мұнара. Дінмен демалып тұрған шаһардың шаңын көтермеді. Ат тұяғын абайлап басты. Әмірі кеп күнде құлдық ұрғанмен бас мүфтиі Нәжімеден Күбіра қарасын көрсетер емес. Басына алты орам сәлде ораған ғұлама десті. Оқумен отты өшіреді, қара суды теріс ағызады десті. Десін-ақ. Ұлы хаһан оның ұлықтауына татымаған ба? Әлде оның Алласынан менің сиынар Көк Тәңірім олқы соққан ба? Бұл не астамдық? Мұның иек көтеруі мұң екен, өкшесін жерге тигізбей жеткізген. Маңдайы кере қарыс, жүзіне уайым ұялапты. Айыр сақалының басы бірікпей тұр. Басын имеді. Тізесін бүкпеді. Түгі сынық сүйем қалы кілемнің үстін кебісімен басып келеді. Ерін ұшымен күбір етті де тынды. Бар білген аман-саулығы сол.
– И басыңды! – деген ұлы хаһан сонда қатайып.
– Аллаға иер басты адам алдында имеспін.
– Шеш шәркейіңді.
– Алланың үйі емес қой.
Тартынар болмады. Қолыңнан келгенді қылып ал дегендей қасқайып қарайды. Тіпті езуінде мысқыл тұр. Енді сынап көргісі келген. Сауал жүгірткен.
– Қатты-қатты сөйлесең мұсылман діннен шығады деген не сөз?
– Тәтті-тәтті сөйлесең жылан іннен шығады. Алдымен іннен сіз шығыңыз.
Мынау не дейді, әй? Кіммен сөз таластырып отыр. Қиғыр қылыш бір жарқ етсе. Сәлде қайда, басы қайда қалар.
– Бақ пен сорды жаратқан Алла. Өмір мен өлімді де берген сол,- десін мұның ойын оқып алғандай.
– Пенденің бағы да, соры да менің қолымда. Өмірі мен өлімі де ұлы хаһанның ырқында. Алжаспа, ғұлама!
– Тфу!- деді Күбіра солға иек бұрып қалы кілем үстіне.
Бұл сонда жанындағы Сүбедейге назар тіктеген. Жалғыз көзі жалын шашқан баһадүр нөкерлерге жарқ еткізіп найзасын көтерген. Кесім үнсіз шықты. Өзі айтқан бақ пен сордың, өмір мен өлімнің кімнің құзырында екенін көрсін. Обалы өзіне!
– Әй, Шыңғыс хан, ажалың оттан не судан келер. Көр де тұр!
Қанын бекер жүктепті. Қасиетті жан екен. Шексіз биліктің шектірер бейнеті де аз емес-ау. Әттең…
Аппақ киіздей сақалы өңірін жапқан мынау кім еді? Жүзі нұрланып қол соза ма? Әлдене айтқысы келеді-ау. Ей, бұл Ақбура әулие ғой. Қашан кезігіп еді? Қайда жоғалып еді? Алдымен Отырарды шапқанда. Сосын…
Ойраны шығып Отырар қалды. Қыз-қыз қайнаған қызығы қашып ол да бір төбеге айналды. Құзғын қаптады. Қорқау тіміскіледі. Кімнің кәлләсін кім мүжімей жатыр. Мықтымен тіреспе. Ажал оғына байланып кеткендерді айтады да. Ал, жай халқына кеңшілік берген. Дән іздеген құмырсқаға тимеңдер, деген өзі емес пе.
Аттанар сәтінде жалғыз көзді Сүбедей баһадүр шаһар ортасына барлық кітап пен қолжазбаны үйдіріпті. «Саны қисапсыз көп. Бөзбен тысталғаны, терімен қапталғаны бар – бәрі-бәрін өртеткелі жатыр» деген суыт хабар жеткен.
Сонда осы Ақбура «Ұлы хаһан, бұл мұралар тек мұсылманға ғана тән емес, әлемнің ақыл-ойының жинақталған қазынасы. Ұлы шайырлар мен ғұлама ғалымдардың көз нұрын тамызған қолтаңбасы. Кітап сізбен қарсыласқан жоқ еді ғой. Жазығы не? Сауға беріңіз, сауға!»- деп аппақ киіздей сақалынан жас саулап тізерлей кеткен.
Тілегін берді. Жалғыз көзі жалын шашқан Сүбедей баһадүрдің қолынан оттығын қағып жіберген. Қарақорымға алып кетер-ді. Текшелеп төріне қояр-ды. Тәлімін теріп алар еді. Әттең, ат басы әзірге кері бұрылар емес.
Тоқсан арбамен тоғыз күн тасып әрең тауыстық. Сайрамға шығар жолдағы биік төбенің басына жеткіздік. Қойма жасадық. Қаз-қатар салып көмдік. Су шаймас. Жел тимес. Топырақ үкпес, дескен.

Сосын Ақбураны Қазығұрт тауында көріп еді-ау. Мұнда да алдынан шыққан.
– Қарға адым жер мұң болды, қартайдым, – деген қария батар күннен көз алмай. – Ұлы хаһан, бұл Қазығұрт – қасиетті тау. Соқтыға көрме. Басында Нұқтың кемесі жатыр. Апат тасқыннан адамзатты құтқарған осы жер…
Ақ көбігін аспанға атқан мына тасқын мені қайда алып барады?
Осыдан оянып кетейін.

Бұл да болса әкесі Есукейден қалған өнеге-тін.
Мал жайғап, малта езіліп жатқан қызыліңір кезі. Анасы төрге шүберек дастархан жайып әлек. Әкесі он екі өрім дойыр қамшысын тобылғы сабымен қоса қойдың шикі құйрығымен майлап, ер қаруын мейірлендіріп отырған. Бес-алты жасар баланың ермегі не? Бір дорба қой асығын үйіреді де. Оңтай түскенін бір-біріне жақыннан көздеп, алыстан атып, ұпай үстеп мәре-сәре. Сондай сәтте анасының: – Ойбай!-деген ащы даусы шыққан. – Анаң қара, ойбай!
Қараша үйдің түндігі ашық. Үй ортасында қойылған үш аяқты мосыда қазан тұр. Астындағы жалпылдақ от айналаға алакөлеңке айналдырады. Анасы сұқ саусағын түндік көзінен алар емес. Жүзінде сескену де, таңдану да тұр. Жалт қараған. Кере құлаш қара жылан түндіктен өтіп, уыққа жармасып қалыпты.
– Өлтір, ойбай!
Әкесі орнынан үнсіз тұрып жыланға жүз тікті де жымиды. Сосын он екі өрім дойыр қамшының тобылғы сабына салбыратып іліп алған.
– Оулу, сүт әкел!
Бір тостаған қой сүтін әлгі кере құлаш қара жыланның басына сыздықтатып құйды. Сөйтті де сынай қарап қалды. Жылан айыр тілін шығарғанмен айбат шегіп ысылдамады. Сүттің дәмін алды да табалдырыққа беттеген. Артынша қараңғыға сіңіп жоғалды.
– Паһ, жыланның ордабасы екен. Сынап келген ғой. Дәм татып риза боп кетті. Енді ұрпағына өсиет қалдырады. Есукейдің тұқымына зиян жасамаңдар, деп, әне, көрдің бе?

Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді…
Қалың түмен қаптатып Саудакентке беттеп бара жатқан өзі ғой бұл. Кезінде қойнын ашып қарсылықсыз бас иген шаһар оқыс мінез көрсетті. Қытайдан адым оздырып шыққан керуенді қайта-қайта тонапты. Дүние-мүлігін бөліске салыпты. Керуенбасын құлағын кесіп, құл етіпті. Өңгесін қаша алмасын деп табанын тіліпті. Жарасына жылқының ұнтақталған қылын сеуіпті. Тобанаяқ қылып тастапты деген жаманат дүңкілдеді де жатты.
Батыстағы әскерінің алды Киевті шауып, Еуропаны еркін кезіп жүрген шақ-ты. Білінер-білінбес сыздауықтай иек астындағы Саудакенттің шәлкестігін ескермес те еді. Ұлы хаһан өз төріндей жайлаған жердің күллісіне орнатқан өз пәрмені бар. Соның бір парасы – ел мен елді жалғап сауда жасаған, жұртқа зәру қазына артқан керуеннің жолын тоспау, дұшпандық танытпау. Бұл – тіршілік нәрі дарияны бөгегенмен бірдей. Кім де кім бұл құзырды қасақана бұзса – жазасы өлім!
Қалың түмен шартарап-тан шаң көтеріп жетіп шаһарды қоршаған. Өзі аулақтау қыр басына ақ ордасын қондырған. Мұны көрісімен шаһар дүрлігісіпті. Кекірігі азған бектері, майға бөккен үйректей байпаң қаққан бай-бағландары өз етегін өзі басыпты. Сүт пісірімге жетпей шаһар қақпасы айқара ашылған. Басына дағарадай сәлде ораған бірі ақбоз атымен алқына шапты. Соңынан айғырдың тезегіндей топтанып өзгелері ілесті. Қозы жайым жерге кеп ұйлығысты. Қыр басына тігілген ақ орда үкікөздендіріп үрейін ұшырған. Қалшыл қағып қаралай жүрістерінен жаңылған. Ықыласын бермеді. Томаға тұйық жатып алған. Өндіршек созғанмен оларға өңмендеу қайда? Үш күн нәр татырмай ұстаған. Шыжыған шілде ыстығында үйткен терідей күйіп қалсын деген. Дүниеқоңыз дүбәралардың сөйтіп төзімін сарыққан. Өңшең санасыз еді. Сәуле түсе ме деп ойлаған…
Саудакент, жо-жоқ, Сарайшықта екен-ау. Елбең қаққан бұл не елес? Сана түкпірінде сапырылуын. Сансыз көрініс кимелеуін. Иә, Сарайшық, иә. Жайпап аққан Жайықтың жарлауытына құйрық баса қонған шаһар-тын. Салтанатты сарайы көп. Байлыққа бөгіп отырған жұрт. Төскейі толған төрт түлік. Күндіз балығы тайдай тулап жатты. Түн баласы бақасы қойдай шулап жатты. Күндік жерден көрісіп, түстік жерден тәу етіп, жақсысы мен жайсаңы алдынан шықты. Шаһарын шаппады. Көзі қимады. Түмен әскерін ауыл аралатып таратып, тынықтырды. Арып жеткен ат тойынсын деді. Құйрығын теуіп тұрмаса алашапқын сала алмас. Алда алар асу-асу бел жатыр. Айдыны терең көл жатыр. Қайшы қылыштай жаланған қырандарын қынынан шығарып жүзін сылап ұстар болар.
Ашуға пісіп, асығыс аттанар алдында шаһардың әлгі жақсысы мен жайсаңын жиып алып, мойындарына тас байлатып Жайыққа аттырған. Шыңырау тереңіне шым батырған. Айыбы асты. Кешірімсіз кісәпірліктерін сезген. Жанды ерітіп, жайнаң қаққандардың жаналғыш екенін көрген.
Не үшін? Не үшін дерің бар ма? Бұл беймарал жатқанында Жайық жағасындағылар іргедегі башқұртпен сыбырласыпты. Үстірт жайлаған түркіменге ат шаптырыпты. Қажы Тархан мен Қырымда көшіп-қонған қандастарына хат шаптырыпты. Монғолға қарсы тізе қосайық депті. Білек біріктірейік депті. Өңшең қаймана. Сүт бетіндегі қаймақпын деп жүр ғой. Қара қазанның түбіндегі қаспақ екенін қайдан білсін.
Жанына немересі Батуды ерткен. Ілкі күдікті сол бозбала байқапты. Қаперіне алмады. Қалың түмен қоршауында жатқан қаймана құрық үзіп қайда барсын. Қабағынан қар жауса, қазан ұрғызса қайтер. Әне, солай.
Алдарына дәм келген. Аста-төк дастархан басында ой меңдеп отырып байқамапты. Сусын толы кесесіне қол созыпты. Тамағын жібіткісі келіпті. Бату сонда шырқырап білегіне жармасқан. Жан даусы шыққан. Қытай шеберлерінің қолынан шыққан ақ мәрмәрдай ыдыс-ты. У салынса түсі өзгеріп шыға келеді. Қорған соғып, құрт-құмырсқа жеп жүріп, бұлардың таппайтын қулығы болса ше. Әлгі ақ мәрмәр ыдыстың іші көгілдір түске еніпті. Ішіндегі сусын мың құбылып тұр. Тәңірдің өзі маңдайынан сипаған бұған теперіш көрсетпек. Көкке тапсырар жанын көлденең көк атты қимақ. Мейірімге шөлдеп отырған жұрт қой деген. Жо-жоқ, мейманасы тасыпты. Мұның жазық қабағын, жайдары көңілін кішіктік деп ұғыпты. Өңшең кісілігі жоқ күнәкар.
Сусынды қарсы алдында тұқшиып отырған шаһар басшысының бетіне шашып жіберген. Дүрк көтерілген. Ақырған даусы ат шаптырым жерді алты айналдырған.
Сансыз түмен сап түзе-ген. Болашақ Батуды ие қылам деген Сарайшықты өртетпеді. Әлгі жақсысы мен жайсаңын түгел жидырды. Әрбірінің салмағындай бір-бір қара тас таптырды. Қыл арқанды талша мойындарына ілдірді. Биік жардан күмп құлаған күнәкарларды жайпап аққан Жайық суы талғамай жұтып жатты. Арам денеге өзеннің адал суы тояр емес. Мұны көрген исі мұсылман «Шыңғыс хан Алланың қылышы!» деп азан шақырғандай аспан астын жаңғырықтырған. Алдарына жайнамаз төсеулі тұрғандай ұлы хаһанның аяғының астына маңдайын төсей құлаған.
Саудакент ше? Бұл Шығыс пен Батыстың арасына жібек арқан керіп жалғағалы жүрсе… Жүргіншінің жолына қасқыр қақпан құруын. Төртінші тәулікте қабылдап, шаһардың ақбоз ат міне шапқан арысын құлағын кестіріп құл қылып жіберген. Өңгесінің табанын тілдіріп, жарасына жылқының ұнтақталған қылын септірген. Қой құрттап, қойыртпақ ұрттап жүрген жерінен керуенбасын таптырып, шаһар кілтін соның алақанына салдырған. Алланың қылышына адам баласы қарсы тұра ма?
Әкесі Есеукейдің мұның бала құлағына арнап айтқан ертегісі есінде қалыпты.Қалай басталатын еді? Е, осылай. Көз жауын алған оймақтай көлдердің бірінен бір топ үйрек пыр етіп ұшып, әуеге көтеріледі. Өзге жаққа бет түзейді. Жолай сұңқар кездесіп жөн сұрайды. Сонда үйректер: «Құрсын, мына көл сасып кетті. Анау алыстағының суы таза, мөлдір. Соған барамыз»,-депті. Сонда сұңқар тұрып: «Мына көтендерің аман болса, оны да сасытарсыңдар»,- деген екен.

Жылнамашы түрік қайда жүр? Әлі де айтары көп. Аманаты аз емес.
Мұхаммед Хорезмшах-ты іннен інге қуып тығып, сартауылдарды бағындырған кез-ді. Көне Үргенішке кеп ұлы хаһан дем басқан. Жанына ақсүйектерін жинап ақыл қорытқан. Аста-төк той берген. Ат үстінде шаба-шаба тақымы қажалған нөкерлері сауық-сайрандатып жатты. Кесер басы мұның қылышына ілікпеген сартауылдықтар монғолдардың көңілін көтереміз десіп асыр сап, алуан амал ойын көрсеткен. Соның бірі еді. Ортаға қытайдың тұт жібегінен лыпа киген аялы көз ару шыққан. Тек шықпады, қолында салақұлаш әбжылан. Жуандығы баһадүрдің білегіндей. Әлгі әбжылан қыл арқандай он бұратылып, жүз ширатылып кеп қызды аймалап жатты. Төстен өрлей-өрлей мойнына доға болып оратылған. Аялы көз ару мұның алдына кеп бас иіп, тәу еткен. Бұл ырзалық білдірген. Тайтұяқ алтын ұсынған. Бұрын мұндай қызықты көрмеген нөкерлер шуласып кетті. Ұлы хаһан пейілденген соң өзгесіне не жорық. Бірі қызға қырын кеп әбжыланға қол созған. Алақан жүгіртіп сипаған. Көзді ашып-жұмғанша әбжылан оқтай атылсын. Нөкердің мойнына ілініп, қыл арқандай қылғындырсын. Жазғанның қос жанары ұясынан шығып барады. Аузы-мұрнынан қан атты. Жансыз дене сылқ етіп құлаған.
Ұрпағым, билік те сол қыздың қолындағы әбжыландай қауіпті. Байқап ұстамасаң, ажалың аяқ астында жүр. Ай астында әлі де көп нәрсе өзгере қоймас.

Сол  Сарайшықта, оймақтай ғана Секер көлін көрген. Көк жасыл жазираның ортасында мөлдіреп жатыр. Алақанға салғандай әдемі. Айналасына әдеттегідей қамыс, қоға өспепті. Балтырын жағадағы суға малған ақ қайыңдар баяу жапырақ тербейді. Суына набат салып, тәттілеп қойған десті. Аққу қанатын төсеп, бірі қонып, бірі сыңсып ұшып жатты. Көргеннен көзақы алса тұрарлық көрініс. Жаға жайлап кешқұрым сейіл құрған. О, ғажап? Жібектің бетіндей жыбырлап жатқан көлдің бір мүйісінен алтын қайық еркін жүзіп шыға келсін. Аққудың шоғырына қарай беттеді. Батар күннің бояқ сәулесінен көз қарықтырған қайықта қара жамылып бір ару отыр. Жан-жағына жаутаң қақпады. Жүз салар емес. Ескегін еріне еседі. Аққуларға қарай. Қос-қостан  кербездік құрып жүрген көл еркесі жатсынар емес. Қарсы жүзіп, қанатымен сабалап, қуанышын білдіріп жатты.

Бұдан бір жыл бұрын сүйген жігіті осы көлге батып өлген. Өзі бектің қызы екен. Қабағына татау қонбай еркетотай боп өсіпті. Әкесі тірлігінде жалғыз қарғасының тілегін орындап, көлге арбалап набат төктірген. Татып алғандай тәтті қылған. Қаз, үйректі үркітіп, орнына аққу қондырған. Ерке қыз бен табиғаттың еркесі осылай табысыпты.  

Содан соң қара жамылыпты. Тілден қалыпты. Дүниенің қызығынан безініпті. Сыр ашып сөйлескісі келгендерге сырт беріпті. Бар сөзін кешқұрым аққуларға арнапты. Солармен мұңдасыпты. Секер көліне екеуі де көз жастарын дәрідей тамызатын көрінеді.

Ұлы хаһанға алма мойын бұрып та қарамады. Мына еркіндік ұнамаған түмен басы бұған жаутаң қаққан. Қабағымен тыйып тастады.

Сұңқыл қағып аққулармен бірге қыз да ұшып бара ма? Көкке қайығымен қоса көтеріліп кетті. Қос ескегін қанат қып алыпты. Жер беті тар болғанмен, аспан асты кең. Алаңдама, әуелей бер.

Бұлар Қырымнан шығып Судакқа келіп қалған ба? Бұдан бұрын шапқан. Шаһарын талқандаған. Халқын қанға бөктірген. Кері баққан князын әтек қып жіберген. Қайта бас көтерген бе? Салықтан қашқан ба? Шағатай қайда жүр? Соғысқа алдымен пілді салсын. Құлақтары қара зәңгінің желпуішіндей желпілдеп, дұшпанның иманын ұшырсын, бәлем! Е, баяғы көрініс те. Көз алдыма тықпалана беруін. Қалай болып еді өзі?

Қорғанысы мықты көне шаһарға кезіккен. Темір қақпасы тегеуірінді. Қорғаны айбарлы. Енінің өзі үш құлаш десті. Ұшар басына қарасаң, төбеңдегі бөрік жерге топ-топ түсердей. Саларда түбі жау келер деп жасақтанғаны көрініп тұр. Қорғанды айналдыра атыс құралына арнап араның ұясындай қаптатып, көз тастапты. Сол алақандай көзден оқ жауды. Бел алдырмады. Бет қаратпады. Іргесіне  таяп келген түмен әскерінің талайының аты иесін тастап ойнап шығып жатты. Бұл сабырын сарықты. Ашуға нарттай боп піскен.

Тас атқыш құрал күндіз-түні солқылдата соққылады. Садақ оғының ұшына пілте байлатты. Оған от қойғызып қорғаннан асыра аттырған. Үй шатырының төбесіндегі қарағай, қамсау қою түтін сап лап етіп жанады да өше қалады. Тұрғындар сабылып, су сеуіп сөндірген дағы. Ойлана-ойлана елші салды. «Мен Көк Тәңірінің құйрықты жұлдызымын. Тәубаға келіңдер. Әміріме құлдық ұрыңдар. Шатақ ашпаңдар. Шапағатыма бөленіңдер. Сонда шаһарыңды аман сақтаймын. Жандарыңды өздеріңе олжа қылам. Бұл – соңғы сөзім. Көнбесеңдер,  қара аспанды төңкерем. Қара суды теріс ағызам. Күлмен көмем. Батпаққа батырам. Ойың өлікке толады. Орманыңнан сырықтай ағаш қалдырмаймын…»

Ақ байрақ көтерген елшілер қорған іргесіне келген. Оқ атылмады. Биік-биік баспалдақ қойысқан. Төбеден тас домаламады. Он бесі бірдей өрмелеп қорған басына таянған сәтте… Бақырған дауыс бар маңайды өре тұрғызған. Қара майды шоқта қайнатыпты. Бөшке-бөшке ғып елшілердің үстіне ақтарыпты. Тірілей пісіріп тастапты. Он бесінің өлі денесі қара тастай домалап аяқ астында жатты.

Сол сол-ақ екен, қара дауыл қаптатқан. Қара майы таусылғанша құйсын, қарамаңдар деген. Шаһардың жан-жағынан айналдыра баспалдақ қойылған. Түмен әскер өршелене өрмелеген. От ала жүгірген пілтелі оқ қарашаның қарындай бораған. Алып піл темір қақпаға қарай азынап ұмтылған.

Тек Тәңір ие жолын бөгемесе болғаны да. Екі аяқты, жұмыр басты пенденің тосқауылын қайтсін. Талқан сап кірген. Орам-орамның бойымен шырқырап қашқан қатын-балаға қару кезетпеді. Еркектананың бәрі… Бұларға оқтың өзі обал. Шығын етпеңдер. Ежелгі моңғол әдісімен өлтіріңдер деген.

Ол қандай тәсіл еді? Сан тарапқа шапқан сана осы тұсқа келгенде тұсаулана берді. Мұны қандастары қуаты қайтып, жағы босаған әке-шешесін… Жерден бауыр көтерген бала кезі-тін. Бала болса да сол оқиға жадында өшпестей таңбаланып қалған. Қою қараңғылық етегін еркін жайған кезде дүбірлей шапқан ат тұяғы естілген. Артынша әлдекімнің «Есукей, бармысың? Құтқар мені!» деген жан дауысы шықты. Киіз үйдің сықырлауық есігі серпе ашылған. Әкесінің немере ағасы екен. Келе алқынып аяқ астына құлай кетті. Есукей жүзі күреңітіп тілден қалды. Ұзақ ойға шомды. Ағасы шөкелеп, жатқан қалпы бас көтеріп, қайта-қайта жалынышты көзбен қарайды. Мұрын астынан түсініксіз күбірлейді. Бұл аң-таң боп шешесінің қолтығына тығылған. Қият тайпасының бас иесі әйгілі Есукей баһадүрдің немере ағасына кім көзеттік жасағандай? Қай антұрған теперіш көрсеткендей? Есукей үнсіз отырып-отырып ақыры Олуэнге иек қаққан. Бұл сусын ұсын, төсек сал деген белгі…

Кейін шешесі сол түннің құпия сырын жылап отырып бұған баян еткен. Иә, ержеткен балалары қуаты қайтып, жағы босаған әке-шешесін… Арпаның ашыған суы мен ақырған қымызды қосып әзірлейтін арк* беріп, алдымен асты-үстіне түсіп сыйлайды. Еселей құйып әбден мас етеді. Есін білмей құлатады. Сосын… Сосын белден теуіп жұлынын үзеді. Бұл–перзенттік борыш. Ата-бабадан қалған қасиетті дәстүр. Орындамасаң айналаңа әй, кәпір атанасың. Ағайынның арасында алакөз боласың. Ортаңнан безесің. Жантәсілім еткен әке-шеше өлігін тау етегіне, қыр басына сүйреп тастайды. Қиқу сап құс қонып, еттен арылып, ақсүңке сүйектері қалса қуанысады. Сүйінші сұрасады. Көк Тәңірінің қарауына өтті. Жаны жәннатта деседі.

Бұл бала болса да соны естіп түршіккен. Қызуы көтерілген. Ұйқыдан қалған. «Есукей, бармысың? Құтқар мені!» деген жандауыс құлағында әлсін-әлсін жаңғырыққан. Ата дәстүрге іштей қарғыс айтқан. Лағнет жаудырған.

Әкесі жаумен жағаласып жүріп ерте жан тапсырды. Шешесінің жүзіне жел тигізбей бақты. Ажалынан өлген.

Судактың еркектанасы…Түгелдей белден шойырылған. Жұлыны үзілген. Өлігі тау-тау болып үйілген. Шаһар шарпып жанған оттың астында жатты. Князі сонда да бас имей қойды. Кекірейіп бақты. Кердең қақты. Бұл іштей сүйсінген. Жауыңның діні мықты болғанға не жетсін. Халқына сатқындық жасап жанын бақса, қақпасын өз қолымен ашса, бәрібір тірі қалмас еді. Өзі де келбеті келіскен ер екен. Қолыңнан келгенін жаса деп қасқая қарсы тұрды.  Ақырына дейін арпалысты. Жан алысты, жан берісті. Жыл бұрын қатыны өліпті. Қайғы жұтып, қара басы жүріпті. Қатынсыз князьға не жаза лайық деп ойлаған. Жез сақалын тарағыштаған. Жалаңдаған түмен басын жанына шақырып, белден бір тептіруге қимады. Ерлігін сыйлады. Тірі жіберер еді. Қара майға пісіп өлген он бес елшісінің, шаһид кешкен әскерінің құны қайда? Өтеусіз кете ме? Князь қартайған екен, енді қатын алып көктетпес деген. Ақта ғып, әтек атандырып жіберіңдер деген. Орыстың тыраштанғысы келген өзге князьдарына сабақ болсын…

Иә, Секер көлі, иә. Алақанға салғандай әдемі еді. Жібектің бетіндей жыбырлап жатқан көлдің бір мүйісінен алтын қайық еркін жүзіп шыға келген. Кейін сұлу мен су еркесі көз жастарын көлге дәрідей тамызып жүргенде… Қайық аударылып, қыз суға тұншығып өлген. Бектің еркетотайын алтын қайыққа бөлеп, жер қойнына беріпті десті. Соны естігенде ішінде бір ой кеткен.

Осыдан оянып кетейін!

Құйрық жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді….

Е, бұл өзінің Қарақорымы, қара шаңырағы екен де. Мысырға ат басын бұрған Құлағудан не ғып хабар болмай кетті? Қайда әлгі бармағы майысқан жылнамашысы? Сүбедейге жіберген үшбу сәлеміндей ғып оған да неге хат әзірлемейді? Сыртына өзінің қызғылт таңбасы басылған жібек матаға бұл не деп жаздырып еді? «Сенің құдіретіңнің шексіздігіне сеніп, билеп, төстеуге шыққан күн мен батқан күннің ортасын тегістей бердім. Кімде-кім дәргейіңе құлдық ұрып, адалдығына ант беріп жатса жанын өзіне олжа қыл. Мейіріміңмен алғыста. Ал, кімде-кім бетіңе жел болып тиемін десе оның жазасы біреу-ақ. Өз қолыңмен татар дәм, алар демін тауыс. Көк Тәңірінің қарауына жібер» деп өрнектеткен. Қиналған шақта қос қолтығынан демейді. Жазыңдар хатты Құлағуға! Әкеліңдер қызғылт таңбамды! Басайын өшпестей қып айқыртып! Әкел, тез, әкел!..

Мынау қарамағындағы халыққа Хорезмшах атанған Мұхаммед сұм ғой. Абыройын ит құйрығына байлап, Ауған тауларына қарай қашып бара ма? Самархан мен Бұхараны қорғаған мұның мұсылман әскері моңғолдың жиырма соғыс пілі өздеріне тапырақтай шауып ұмтылғанда, әне, тап осылай жөңкіп еді, әне. Жо-жоқ, Парсыға бет алған-ау. Олар енді мұны сұлтан деп мойындар ма? Есалаң күйге еніпті. Сүбедей түмендерінің соққысына шыдамай соңынан шаң боратып қашты дегені қайда? Иен жайылып жатқан Хазар теңізінің ортасындағы алақандай құрлықты паналапты. Ақыры, ажалды жыланнан тауыпты. Сүйегі итбалықтың аузында кетіпті дескен. Қайтадан тіріліп кеткен бе? Қуыңдар қос атпен артынан. Салыңдар қос аяғына кісенді. Толқыған теңіз үстінен гөрі қара жердің бетінде шаһид кешкен жақсы. Соңғы жасаған кеңшілігі болсын.

 

Қашты-қудының орта-сында Бөрте не ғып жүр? Қара торы өңі күлім қағады. Әкесі Есукей баһадүрдің көзі тірісінде айттырған қалыңдығы. Шешесі Оэлун екеуінің жүдеу шаңырағына келін боп аттағалы тұр. Одан бері жер бетін қанша қар басты. Бұл да шашына ақселеу жүгіріп қартайған. Әйел уақытқа көніп, өңін бермейді ме? Тұрысын қарашы. Именіп, сәл-пәл иіледі. Е, қолына ұстағаны қара бұлғынның терісінен тіккен тон екен ғой. Болашақ күйеуіме деп өз қолыммен пішіп, тіктім, деген. Әлі күнге жер сызған зілдей сыйлығын көтеріп жүр ме? Бұл бозбала үшін сол кезде иен байлық, Тәңірдің тартуындай көрінген. Кейін айбарынан аспандағы Ай ығысты, әлемнің Әміршісі атанды. Аяғының астына алтын, күміс, көз жауын алар небір гауһар тас шашылған. Салтанаты асқан сарайлар мен сансыз халық ләппайлап пәрменіне бас ұрған. Бірақ, соның бәрі шешесі екеуі күнелткен қара лашықта жаурағанда жанын жылытқан қара бұлғын тондай көрінді ме? Жоқ. Барлық баптаған шақтағы бейқам байлық жоқтық таптап жатқанда көрген тырнақтай жақсылыққа татымайды екен. Әлгі бармағы майысқан жылнамашысы түскір қайда? Ұрпағына қалдырар өсиетінің бірі осы емес пе? Неге түртіп алмайды.
Бірінің өкшесін басып бірі келуін. Қалың мұнардың ішіне сіңіп кетіп қайта шығып жатыр. Мынау қырма сақал қара қай елдің биі, анау жорға торғайдай тыпың қаққан кімнің елшісі, бұғағы жиған көрпедей текшеленіп кеткен бұл қайдан жүрген бай-бағлан… Әрі, лебіз дәметіп өңмеңдеуін, әрі. Қимас құдасы, сыйлас құрдасы болса бір жөн. Тәңірім, мына тұрған орыс сұлуы Ольга ма? Тірі екен. Татар дәмі, көрер жарығы таусылмапты. Мұны жер соқтырып алдаған ғой. Өлсе қайтып оралар ма? Осыдан оянып кетейін. Әлгі өңшең желтабан қырттың жанын бидайдың бір қауызына сиғызармын. Көртышқанмен көрші етейін. Қырық құлаш зынданды сағынып жүр ғой, шамасы.
Сұңғақ бойы сәмбіталдай майысады. Аспан түстес көгілдір көзінің нұр шашуын. Алтындай ақсары шашын самал тарап еркелетуін. Ептеп алға ұмсынады. Қол созады. Әкелші салалы саусақтарыңды ұстайын. Сағынышымды басайын. Тіл қатқанмен үні көмейінен шықпайтыны несі? Айта ғой. Сөйле енді. Ал, түсінейін…
Осы Ольга Қарақорымға қашан нұр-сипатын көрсетіп еді? Өткен дәуреннің бәрі көрген түстей екен-ау. Таң алдындағы.
Калка князы Юрий Алек-сеевич хаһанға барып қол тапсырамын, айтатын арзуым бар, қош алса, анд-анд боламын, шапағатынан дәм етемін деп жолға шығыпты. Алты айлық азапты сапарда аман өтіп, тарту-таралғысымен жеткен. Бас-аяғы жинақы үркердей топ. Сән-салтанатымен қарсы алдырды. Оңаша шатыр тіктірді. Княздың өзіне арнап алты қанат ақ боз үйдің шаңырағын көтертті. Бағыныштымын, одан да асып бауыр атанамын деп көкірегін ашып келген кім-кімге де Шыңғыс ханның көңілі кіршіксіз. Құшағы кең, пейілі үстем.
Юрий Алексеевич анд атанып, адалдығына ант берген. Тарту- таралғысын ұсынған. Көз алдаған қызыл-жасыл алдамшы дүниеден бойын аулақ ұстайтын бұған тең-тең жүк таңсық болып па, тәйірі. Емеурін танытқан да қойған. Тек сұңғақ бойлы сәмбіталдай майысқан Ольга сұлуды көргенде елең еткен. Княздың қарындасы бұған аспан түстес көгілдір көзімен күлімдей қарап қалыпты.
Алтындай ақсары шашы… Қара жер теңселсе де құйрық қозғалтпайтын бұл сонда сұлуға ұмтылып қолын созыпты. Княздың үркердей тобы сонда мейманасы тасып, дүрлігіп сала берген.
Бір-бірінің қалтасына білдіртпей шоқ салатын күндеске сенбеген. Сұлуды Бөрте бәйбішеге аманаттады. Иіс алып үйреніскен төсекте көп бұлқынып, төккен тердің төлемін артығымен қайтарды. Қылшылдап тұрғанда кездеспегені. Тұқым алып қалса қайтсін. Нәсілі басқа демесең, тал бойында қылаудай кінәрат болса ше…
Сол сүйкімді сұлу бір түнде жоқ болып шықты. Бөрте де, бөтен көз де көрмепті. Бұл сонда арасынан сығалап жел өтпейтін қарауылын қырып жібере жаздаған. Көп күндесті күңірентіп ат құйрығына байлай жаздаған. Тап та тап, деген мұның зәрлі дауысынан тал құлап шөп майысқан, бәйтерек құлап, қара жер қайысқан. Шеп құрып тау мен тасты кезген. Орман мен ойпатты сүзген. Таптырар емес. Жын иектеді ме? Пері көтерді ме? Туған жерін сағынып қашып шықты деуге тағы қисын жоқ. Ат тұяғы мұқалып, арып-ашпай жетер жер емес. Ұшқан құс, жүгірген аңның өзі тәуекел етпес. Ұлы хаһаннан жеріп шықты дейтін… Айта көрме! Небір бойын сылаған ханша мұның көлеңкесінің өзіне зар. Берсе қолынан, бермесе жолынан алған. Талай күлімкөздің қанын ерітіп, сүйегін балқытып бауырына басқан. Қайсысы есінде қалды дейсің. Ал, мына орыс сұлуы… Тәтті қылығының өзі қалған ғұмырда тамсантып өтер ме екен?
Ескі Ай мүжіліп, жаңасы жылтиып туған кез-ді. Андағайлап шапқан аттылылар асығыс айтып, қаралы хабарды жеткізген. Алыс аңғардан князь қарындасының сүйегін тауыпты. Алтындай ақсары шашын самал жел тарап жатыр екен дейді. Содан таныпты. Қасқыр тартты ма? Аю азық етті ме? Бар еттен арылып, ақ сүңке боп қалған. Әзәзіл айналдырып әкетіпті дескеннің тілін қырықты. Қасқыр атаулыны қуалап жүріп қырғызған. Аю баласын атып тауыстырған. Сүйегін жерге бергенде алтындай ақсары шашын қидырып алған. Құпия сақтауға берген. Содан өзі оңала алмай қойды. Көзіне жан ілінбей, жападан жалғыз қап ой қуған. Көкірек жара күрсінген. Шер де сыртқа шықпаса ішке кір боп байлана беретін көрінеді…
Тірі екен. Татар дәмі, көрер жарығы таусылмапты. Мұны жер соқтырып алдаған ғой. Өлсе қайтып орала ма? Кел, таяшы жаныма. Сағынышымды басайын. Табалдырықта тұрып қол созатының не? Жүр менімен дейсің бе? Дүние қалт-құлт етіп менің қабағымды бағып тұр. Тастап кете алмаймын.

Жылнамашы түрік қайда жүр? Әлі де айтары көп. Аманаты аз емес.
Байлыққа үйір болмаңдар. Одан ашкөздік балалайды. Қызғаныштың қызыл шоғын көсейді. Басыңа төнер қауіп-қатер содан.
Сүбедей баһадүр мұсыл-манның, Мұқылай Қытайдың көз арбаған құрал-жабдығына, жібегі мен шынысына қызыққаннан не пайда тапты? Ата дәстүрден алшақтап барады. Аналарыңнан жалаңаш монғол болып туған жоқ па едіңдер? О дүниеге не алып кетейін деп жүрсіңдер? Маған қарамайсыңдар ма? Артық дәулет жинадым ба? Иығыма жаттың киімін ілдім бе? Қолыма солар соққан қару ұстадым ба? Опасыз дүниенің құлы болдым ба? Жоқ! Көздерің көрді ғой.
Бұлай кете берсеңдер, сендерді жат ел құшағына алар. Тәңір дінімізді тәрк етерсіңдер. Дүниенің құлағына сіңіп қалған монғол сөзін ұмытарсыңдар. Әр тілде маңқа төбеттей үрерсіңдер. Сонда сенің кім болғаның?
Ұрпағым, қай қиырда жүрсеңдер де маңдайларыңды қасиетті Қарақорымнан ажыратпаңдар. Бұрхан-Халдун тауы қаңырап қалмасын. Сендерді таба алмай Онон өзені аңырап жатпасын. Онда сенің алтын бесігің тербетулі тұр.

Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді…
Өрмекші талтақтап шауып тор құрып жатыр екен. Екі қу бұтаның арасын соншама ептілікпен жалғайды. Мынау Бұрхан-Халдунның қыраты ғой. Мұнда өрмекші неғып жүр. Бала кезде талайын көрген. Қой соңында келе жатып. Шыркөбелек шырмап тастаған жібек торын тас атып талқандап жіберуші еді. Зыр жүгіруін көрдің бе? Ой-буй, бұтаның арасы неткен алшақ. Торы неткен мықты. Қыл арқандай ғой. Шапқан ат омыраулап үзе алмас. Қап, қолына ештеңенің ілікпеуін.
Ызың қаққан бұл не дауыс? Құлағын көшіріп барады. Жаннан безген бұл кім? Кішкене ғана қара шыбын. Өрмекшінің торына ілініпті. Шырқырап жанталасады кеп. Бұлқынып жатыр. Бұта бүркеніп бағып отырған өрмекші талтақтап шабады. Көзі тесірейіп қуануын. Жібек жібімен айналдыра орауын. Қамауға түскен қара шыбын әлсіз арпалысады. Қап, тастың жоғын…
Ұлы жорықтың алдында сәуегейін шақырған. Айға қаратқан. Жұлдыз санатқан. Шапаны тобық қаққан сәуегейі бір көзін қысып алып көп ойланған. «Екі үлкен елді шауып, бағындырмақшы екенсіз»,- деген ақыры. «Әзірше ерте деп тұр аспан әлемі. Алдыңызда құрылған мықты тор бар. Бірі – өткел бермес ағынды су, екіншісі – асу бермес қорған. Ежелден кектенген жауыңыз бар. Әп дегенде соны құртыңыз. Иелігіңізге алыңыз. Содан соң қалғанына жол ашық. Көк Тәңірі қолдаймын деп тұр».
Бұл жез сақалын тарағыш-тап ойға шомған. Ежелден кектенген жау! Бұл – Таңғұт елі. Көздегені ұлы қорғанның ығында жатып алған Қытай еді. Қытайдың өзі Солтүстік Цзинь мен Оңтүстік Сун болып екіге бөлініп кеткен. Бірде тату, бірде қату. Бұл әсіресе Солтүстік Цзиньге тісін қайраулы еді. Ертеде өткен монғол хандары Хабул мен Хатылдың түбіне жеткен солар. Қулықтарына құрық бойласа-шы. Жымысқы ісінің жымын білдірсе-ші. Өздері бастап соғыс ашпапты. Шабуыл салмапты. Көрші отырған көшпенді тайпалардың көсемдерінің көңілін алдырыпты. Алдарына тай-тай жібегін төгіпті. Күкірт жалап атылатын отты қаруын ұсыныпты. Шылдырмақ моншағы мен жылтырап қалған ыдысын сыйлапты. Ат жалын тартып мінген әумесер тұқымға осыдан соң жел бітіпті. Қаралай желпініпті. Іңір жамылып іргелес көршісіне қол салыпты. Тұрымтайдай тоздырыпты. Ұлын құлақкесті құл етіпті. Қызының бұрымын кесіп күң етіпті. Ел елу жыл ес жия алмапты.
Амбағай ханның тұсында ғана монғолдар ашылған етегін жапқан екен. Қауіп қайдан деп құлағын жерге төсеп тың тыңдап отырған Солтүстік Цзинь императоры көшпенді тайпалардың көсемімен тағы да төс түйістіріпті. Сілекей алмасыпты. Қайтадан қанды қырғын басталған. Ел азған. Атажұрт тұяқкесті боп тозған. Арпалыса-арпалыса Амбағай хан әлгілердің қолына түсіпті. Тұтқынға айналыпты. Қытай императорына табысталыпты. Қырық құлаш зынданға салыныпты. Күн сайын етінен ет кесіпті. Көзін ойыпты. Тілін жұлыпты. Азаппен өліпті.

 

Енді бас бармағы майыс-қан шебер дейді? Парсы мен орыстан, Кавказ бен Қырымнан алтынның буына, күмістің суына сұғын қадаған зергерлер табаны жерге бір тиіп, бір тимей Қарақорымға жеткізілген. Ұлы хаһан алдарына алтын шашып, алдымен Будданың бейнесін жасатып сынады. Күмістен өз келбетін көркемдетіп мінеді. Қай-қайсысының да осы қалайы жоқ. Бірінен-бірі озып тұр. Ақыры Кавказдан келген қауға сақалдыларды таңдаған. Алтынға күмістен бағдар жүгіртіп, сөз өрнектейді екен. Мұның күткені де осы еді…

 

Бұрхан-Халдунның таңдап жүріп тар қолтығын үңгіткен. Онысы қаза-қаза кеңейіп, кең сарайға айналған. Қауға сақал зергерлерді қауымымен сонда кіргізген. Бір кісі қырындап қана сиятын үңгір аузына  күндіз-түні күзет қойғызған. Жолап кеткен жолаушы, қаңғып ұшқан қара қарғаға дейін қарауылға ілінген.  Өзі аң қаққан, сейілдеп серуен құрған боп сынамалап келіп тұрды.

 

Туған Ай кемеріне келіп, күміс кеседей төңкерілген кезде үңгірдегілер үдеден шықты. Ойындағысын орындады. Ұзыны үш құлаш, ені қос құлаш алтын табыт алдында тұрды. Бес жерден топсаға қондырылған қақпағын ашып ішіне ұзақ үңілді. Табыттың төрт бұрышын тінткілей қарады. Ат үстінде тақымын қыздырып, дүниенің төрт тарабын шолған ұлы хаһан… Әуелей ұшып қонар жерің осы болғаны ма? Жә, жетті!

 

Сосын табыттың қос бүйіріндегі жазуға зер салған. «Көк Тәңірі қолдаған әлем билеушісі Шыңғыс хан». Әп, бәрекелді! «Алтын табытымды қозғасаңдар, ақырзаман орнайды». Алтын мен оның бетіне түскен күмістің қара көлеңке үңгірде жарық сәуле шашып құбылуын. Сол суық сәуледен бес күндік баянсыз өмірдің салқын сызы есіп жүре берді. Тітіркеніп кетті. Дариға дәурен ескен желдей боп мұның ғазиз басынан да өтіп бара ма?

 

Ұлы хаһан жан иесі білмес бұл құпия сырын данагөй Коко-Цосқа ғана астарлап ұқтырған…

 

Иә, таңғұт талқандалды. Бірақ, осымен желді күндей іргеден ұйытқыған жау таусылып па? Алаөкпе болып жүрген алакөз дұшпан аз ба? Соның бірі – Күшік хан. Найман Таян ханның нәсілі. Меркіт көсемі Тоқта бекті өзіне жақтас ғып алып дөңайбаттан жазар емес. Әскер құрап, Қытайдан қайта-қайта отты қару алып мұрнынан ақ құрт ыршиды дейді. Меркіт – ел болмас ежелгі қарсылас. Қапысын тауып қосақтап ұрудың сәті түсті де. Іңірде ақ ордасына қос нояны Сүбедей мен Жебені алдырған. Араға аз күн салып екі түмен әскер шығар күнге маңдай түзеген. Анау-мынау емес, дабыл қағып, дауылпаз ұрып, салтанатпен аттанды. Кейде қарсыластың пысын басу үшін бұл тәсіл де керек. Сенімен соғысқаным той-домалаққа барғанмен тең деген астам көңіл. Алқымыңа алаңсыз барып қол салам дегені. Оның сыры өзіне ғана мәлім. Жау жеріне қос түмен етектен түре кірген. Бет қаратпады. Бездіре қуды. Қорғанын қопарды. Қыстағын құртты. Жайлауын таптады. Мал-жанын олжа етті. Тоқта бектің басы шабылып, дорбаға түсіп домалап кеп мұның алдында жатты. Күшік хан құйрығын түйіп қашып Қытайға өтіпті.

 

Ұлы хаһанның ойлағаны да осы емес пе? Дереу Солтүстік Цзиньға жаушы аттандырған. Қол-аяғын буып Күшік ханды қолыма бер деген. Бермесең… «Монғол – балық, біз – теңізбіз. Балық теңізден шығып қайда барады?» – деп шалқақтап бақты. Күшік хан біздің құдайы көршіміз, қиянатқа қолымыз көтерілмейді депті. Бұлардың қашаннан бері алысқан қол, айтқан антына берік болып жүргенін? Жіберген жаушылары саудырап бос қайтқан соң төрт ұлына тегіс ат шаптырды. Жанындағы Үгедей мен Төле кешікпей жетті. Ауған жерінен Шағатай, Жайық беттен Жошы көтерілген. Жалайырдың жолбарысы Мұқылай батырдың найзасы Айға шағылысып тұрды. Жан-жақтан ағылған қалың түмен аспан астын шаңға бөктірді.

 

Бұл сапар астына ақбоз тұлпар мініп, жорықты өзі бастаған. Бөрі басты туды Төлеге көтерткен. Көтертіп тұрып соңындағыларға аз сөз арнаған. «Ата-бабаның көз жасы әлі кепкен жоқ. Аруақ алқалады. Көк Тәңірі қолдады. Алға!» деген.

 

Солтүстік Цзинь императоры да қамсыз қарап жатпаған. Осыдан аттай елу жыл бұрын аспан баққан, жұлдыз санаған сәуегейі не деп еді? «Көрші елдің бірінде кешікпей бір қатын толғатады. Құрсағында қан уыстаған еркек бала жатыр. Жарық дүниеге шықса, түбі жарты әлемді жаулайды. Қытайға төнер қауіп-қатер содан. Көз аштырмай, жер бастырмай құртайық» деп зар қаққан. Еркегінің иісіне тойып, жерік болған қай қатынның жатырын сипап жүреді. Жарық дүниеге шыққан қай баланың бетіне үңіліп бал ашып бітеді. Өзгенің қолымен от көседі. Меркітті моңғолға, таңғұтты манчижурға айдап салып қызығына қараған. Бір-бірін көзге шұқып жатқандарға қай жеңгенің менікі деп қолтықтарына су бүріккен. Іргедегі төрт көшпенді тайпаның сөйтіп бірінің өңеші бірінің қолында кеткен. Есукей баһадүрдің де өлетіні сол тұс.

 

Ұлы хаһан талқандалған таңғұттың жерін басып өткен. Сары өзенге кеп ат басын іріккен. Жойқын дария ат жалдап өткізер емес. Түбіндегі сазын көтеріп, қоймалжыңданып бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Дереу Еділден өткендегі әдісті қолданыңдар деген. Ол қандай әдіс еді? Жан-жағын жайпап орыс жеріне аяқ басқан қалың түмен о жағалауына көз жетпес өзенге кеп ошарылған. Аттың өзі жайдақ жүзіп өтер. Сауыт-сайманды иесін қайтпек? Тау-тасты басып өскендер су қадірін біле ме? Бірден жұтып қойғалы тұр. Аузын ашқан аран осы!

 

Ат сүрінген жерде ақыл табатын бұл сонда айналасына көз сүзген. Жағалауда сыңсып өскен қамыс, қоғаны, тербеліп тұрған шыбық-талды көрген.  Көргенде бәрін отатқан. Рет-ретімен үйдірген. Артынша аттың жал-құйрығын күзеткен. Қамыс пен қоғаны,шыбық пен талды қос орам ғып қылмен тоқытқан. Сал жасаттырған. Жайдақ мінгізіп, жиырма жігітін Еділдің суына түсірген. Ат жүзіп, иесі салды сүйреп, қылтиған кесер бастары батып-шығып діттеген жерге табан тіреген. Сол сал бойымен сыңараяқтап қалың түмен өтіп еді-ау.  Қапелімде қапы қалған орыс княздары «Бұл жабайылар шайтан шатыс» деп аңыз ғып әкетіскен…

 

Сал жалдап Сары өзеннен өткен әскер әлеңкедей жаланып жау сұраған. Қанды қырғын бастаған. Атқа міне алмайтын бостақым қытай қолын бөрі тигендей бөрліктірген. Табан тіреген қос шаһарына қиямет күнін туғызған. Чжундуға басшы ғып  Жалайырдың жолбарысы Мұқылайды отырғызды. Ляоянды Жебенің иелігіне берді. Сүбедей ноян сол екпінмен Корей түбегіне аттанған.

 

Қырғынның қызығына түсіп жүргенде өзі абайсыз жарақат алған. Қоң етін жаралапты. Елең етпеді. Бөрі басты туын желбіретіп, жеңіс күйін тарттырып елге беттеген…

 

Ағыспен арпалысып алтын қайық жүзіп келе ме? Ескегі жоқ. Қайықтың бір басында баяғы Секер көлінде көрген бектің еркетотай қызы. Екінші жағында мұны өкіндіріп өлген орыс сұлуы Ольга… Екі ару алма-кезек сыр бүгіп, сынық жымиысады. Ортасында отырған өзі ғой. Қайыққа қашан мініп жүр? Қайда алып барады мұны? Тоқтат, мен түсіп қаламын!..     

 

Алтын қайық ұлы хаһанның әміріне құлақ аспай ағыс қуалап алысқа жүзе берді.

 

Осыдан оянып кетейін!

 

*  *  *

 

Жылнамашы түрік қайда жүр? Әлі де айтары көп. Аманаты аз емес.

 

     Мен, ұлы хаһан, жер бетінде тұтас мемлекет құрсам дедім. Осы мақсатта қаншама қайратымды сарықтым. Төзімімді тауыстым. Дінді сыйладым. Еш пенденің сеніміне қиянат қылмадым. Бағынғанның басын қадірледім. Шаһарын қиратпадым. Мал өсірсін, бақша салсын, аң ауласын дедім. Менің әскерімнің ат тұяғы тиген жерде қатыгездік қалды ма? Әлде ізгіліктің дәнін септім бе?

 

Дүниені болашақта қара күш емес, асылы ақыл билер.

 

Шығыс – даналық кітабы. Оқып алыңдар. Отырардың кітап қазынасын өртетпей, кейінгілерге тастап кеткенім содан емес пе? Батыстан үлгі  алмаңдар. Олар іштерінен іріп-шіріп барады. Көк темірді игергенмен,  ауыз бірлігі жоқ. Сол себепті бізден жеңілді.

 

Ұрпағым, менің атағымды малданып ат арқасында қашанға дейін жүрер екенсің?

 

Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді… 

 

Онон өзені толқын тула-тып, жағаны қарс-қарс кеміріп ағушы еді. Шағалалар шаңқылдасып балыққа таласатын.  Көкқұтандар мойнын қайыстай созып, балдыр арасынан бақа аулап тұратын. Өңшең көкөрім бала көйлек-дамбалын кергілеп жағалауда шабақ сүзетін. Көкорайы қандай! Жығылсаң да, тұрсаң да түбіттей жұмсақ-тын. Ақ ордасынан қашан шығып еді? Жар басында жалғыз тұр ғой. Өз өзенін сағынған да. Ала қашқан алыс жолдар мұны кейінге мойын бұрғызды ма? Үсті толқынды, асты ағысты алуан тірлік тертесінен босатты ма? Жайпап аққан жылдарға жастығын берген. Енді жез сақалы желмен ойнап келіп тұр. Танымай қалмаған шығар? Мен баяғы жағалауыңда шабақ сүзетін Темучинмын ғой. Есукей баһадүрдің ұлы, деген. Бар дауыспен жар салған. Дүниенің құлағы тас керең бітіп қалған ба? Әлде көмейінен үн ұшпады ма? Селт етпейтіні несі? Толқындар ғана бір-бірін желкелеп жатты.

 

Арғы бетте ағараңдаған кім? Ақ жамылып алған ба? Қол бұлғайды. Шақырып тұр. Анасы ғой. Ол қайдан жүр? Сүйегі сарытап болып жатқан жоқ па? Қайтып оралған ба? О дүние мен бұ дүниенің арасы бір-ақ аттам жер деген, ұлы Будда. Рас екен. Анасы мейір төге қарап «Көк Тәңірінен көз жазба,ұлым» дейді. Қайдан көз жазсын. Ғұмыр бойы сол аспан асты әміршісінің қолдауымен келеді. Суға салып шыдамдығын, отқа салып беріктігін сынады. Майыстырды – сынбады, қайыстырды – үзілмеді. Жарты әлемді қабағымен өргізді, көңілімен жусатты. «Қазір өзенді кешіп өтіп сізге жетемін» деп алға ұмсынған. «Асықпа, ұлым. Соңыңды сайлап кел» дей ме?

 

Соңыңды сайлап кел!..

 

Биік жал басына шығып, арқасын шымшыған шуаққа маужырап отырып төрт тарапқа көз тіксе ғой. Көңілдің көк дөненін шаптырып, өткен күннің салауаты мен келер күндердің қанағатын таразы басына тастаса. Баяғыдай жер жаһанның тағдырына қиялмен қайтадан қақпақыл ойнатса, шіркін! 

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз