
Шала істеген іс жаман
Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірдің экологиялық жағдайы тағы да талқыланды. Көтерілген мәселелер бұрыннан белгілі, шешімі кешеуілдеп келе жатқан түйткілдер. Миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, нақты нәтижесі көрінбейді. Су тапшылығы, өзендердің тартылуы, құм көшкіндері мен көгалдандыру сапасының төмендігі жиынның басты тақырыбына айналды. Кеңес төрағасы Берікқали Сәрсенғалиев атап өткендей, экология тақырыбы жергілікті биліктің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналуы қажет.

Коллажды жасаған: Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА
Қағазда бәрі қатып тұр
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Зарина Төребаеваның айтуынша, соңғы жылдары облыста экологиялық саясат нақты қаржылық және техникалық негізде жүйелі жүзеге асып келеді.
Былтыр облыс бойынша қоршаған ортаны қорғауға 19,5 млрд. теңге бөлініп, оның 17,4 млрд. теңгесі игерілген. Ал биыл бұл көрсеткіш 25,8 млрд. теңгеге дейін ұлғайып отыр. Бұл қаражат ауаның сапасын жақсартуға, өзен арналары мен су жүйелерін қалпына келтіруге, сондай-ақ қалдықтарды өңдеу және көгалдандыру жұмыстарына бағытталған.
Атырау – экологиялық жүктемесі жоғары аймақтардың бірі. Мұнда 83 ірі өндіріс орны жұмыс істейді, оның басым бөлігі мұнай-газ және мұнай өңдеу салаларына тиесілі.
Басқарма өкілі атап өткендей, АМӨЗ, ТШО, НКОК, KPI және АЖЭО компанияларында ауаны бақылау жүйелері орнатылып, деректер Ұлттық деректер банкіне жіберілуде. Алдағы уақытта бұл кәсіпорындар үздік технологияларға көшуі тиіс.
Айналаны құм басып барады
Экологиялық қауіптің бірі – құм көшкіндерімен күрес. Исатай, Қызылқоға, Жылыой және Құрманғазы аудандарында соңғы бес жылда 76 гектардан астам аумақта құм тоқтату жұмыстары жүргізілді.
– Көгалдандыру ісі де ерекше назарда. 2021 жылдан бері облыс аумағында 4,7 миллионнан астам ағаш егілді, ал 2025 жылы тағы жарты миллионға жуық жас көшет отырғызу жоспарланған. Ірі мұнай компаниялары бұл іске үлес қосып, өткен жылы 300 мыңнан астам ағаш екті. Қоршаған ортаны қорғау – мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, әрбір адамның міндеті болса керек. Экологиялық жағдайды жақсарту үшін қоғамдық бақылау мен тұрғындардың белсенділігі аса маңызды, — деді басқарма басшысының орынбасары.
Кеңес мүшелерінің айтуынша, Қызылқоға ауданының бірнеше ауылдық округі арқылы өтетін Ойыл өзенінің кейбір бөліктерін қайтадан құм басып жатыр. Бұл жағдай экологиялық тепе-теңдікке және ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізетіні айтылды.
Мәселеге жауап берген басқарма өкілі құм тоқтату және өзен арнасын сақтау жұмыстары барлық ауылдық округ әкімдері мен тұрғындарының ұсыныстары негізінде жоспарланатынын жеткізді. Бүгінде Қызылқоға ауданының бес ауылдық округінде аталған бағытта жұмыстар жүргізілуде екен.
Қоғамдық кеңес мүшелері қағаз жүзінде жоспарланған іс-шаралардың нәтижесі көңіл көншітпейтінін атап айтты. Олардың пікірінше, өзен арнасын қалпына келтіру ісі нақты әрі тиімді шараларды қажет етеді.
– Біз осы жұмыстардың барысын жыл сайын тыңдап келеміз. Бірақ оның нақты нәтижесі болмай отыр. Мәселен, Қызылқоға мен өзге де аудандарда құм басу мәселесі өзекті күйінде қалуда. Құм көшкінінен қорғау бағытында қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Ағаш егу, орман жолақтарын қалыптастыру жұмыстары қай жерде жүруде? — деп сұрады кеңес мүшелері.
Басқарма өкілі бұл бағыттағы жұмыстар Исатай және Қызылқоға аудандарында жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Исатай ауданындағы Нарын ауылдық округінде қорғаныш белдеулерін қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Исатай селолық округінде де бірқатар шаралар қолға алынған. Қызылқоға ауданында осындай жұмыстар бар, — деп жауап берді басқарма өкілі.
Суды сақтай аламыз ба?
Бүгінгі таңда еліміздің батыс өңірлерінде су тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі. Кеше ғана суы шалқып жатқан арналар мен теңіздердің табаны бүгінде құрғап, тұз басып жатыр.
Қоғамдық кеңестің мүшесі Дидар Хамзин Жайық пен Қиғаш өзендерінің арналарының жағдайы күрделі күйге жеткенін атап өтті. Бұрын теңіз болған жерлер тартылып, өзен арналарындағы су деңгейі күрт төмендеп кеткен. Арналар мен көлдердің кебуі – табиғи құбылыс емес, бұл экологиялық апаттың бастамасы.
Дидар Хамзиннің пікірінше, ең басты міндет – судың табиғи айналымын қалпына келтіру. Ол үшін өзен мен каналдардың деңгейін көтеріп, су бөгеттерін дұрыс жасау қажет. Егер бұл жұмыстар жүйелі түрде атқарылса, арналар өздігінен суға толар еді, ауыл шаруашылығы да су тапшылығын сезінбес еді. Қазіргі уақытта жаз мезгілінде егістікке де, ауылдарға да су жетпей жатыр. Бұл жағдай каналдар мен теңіздерге дер кезінде күтім жасалмауының, тереңдету жұмыстарының жүйесіз жүргізілуінің салдары.
Кеңес мүшесі қоғамдық тыңдауларда бөгеттер мен арналарды жөндеу, тереңдету және су деңгейін көтеру өңірді құтқаратын маңызды шара екенін бірнеше рет атап өткен.
– Су болмаса халықтың жағдайы мүшкіл болады. Екі облыстың миллион жарым халқының өмірі осы суға тәуелді. Сусыз өмір жоқ, — деді ол.
Сапасы оның күмәнді
Дидар Хамзин жергілікті жерлерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына да күмән келтірді. Ол «техника жалдауға миллиондап ақша жұмсалғанымен, нақты нәтиже көрінбейді. Егер бөлінген қаражат тиімді жұмсалса, көптеген арналар мен бөгеттер жөнделер еді» деген пікірін білдірді.
Ол сондай-ақ қаланың айналасындағы кәріз жүйелері мен су тазарту құрылыстарының да мәселесін көтерді.
– Қаншама қаражат бөлінеді, бірақ нәтиже жоқ. Жобалар жылдап созылып, қаржы далаға кетіп жатыр. Сол жағалаудағы кәріз тазарту стансасы іске қосылып, тазаланған суды сатудың орнына далаға төгіп отыр. Төгілген судың құны шамамен 1,5 млрд. теңгеден асады. Егер сол суды пайдаланса, «Атырау Су арнасы» кәсіпорны тарифті көтермес еді, — деді кеңес мүшесі.
Оның айтуынша, оң жағалаудағы су тазарту станциясының құрылысына қажетті қаражат 17,5 млрд. теңгеден аспауы керек еді. Өйткені елдің басқа өңірлерінде осындай жобалар сондай көлемдегі сомаға салынған. Алайда Атырауда бұл жоба 40 млрд. теңгеден асып кетіпті. Ең сорақысы – құрылыс аяқталған соң тазаланған судың қайда жіберілетіні туралы нақты шешім жоқ. Осы уақытта зауыттар мен кәсіпорындар суды сұрап отыр.
– Неге олармен келісімшарт жасалмайды? Неге дайын суды сатып, қаржы айналымын іске қоспаймыз? Су – алтыннан да қымбат ресурс. Оны сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз. Егер бүгін суды қорғау шараларын қолға алмасақ, ертең құрғақ жер мен тұзды шаң ғана қалады. Онда ешқандай жоба да, техника да көмектеспейді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар мен экологиялық құрылымдар бірлесе отырып, нақты әрі тиімді бағдарлама қабылдауы қажет, — деп мәселе көтерді Д.Хамзин.
Қоғамдық кеңес мүшесі Үкімет пен жергілікті әкімдіктер халықтың ақшасын тиімді пайдалануы керектігін жеткізіп, судың тапшылығы экологиялық ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен халық денсаулығына тікелей әсер ететін стратегиялық мәселе екенін атап өтті.
Табиғаттың тынысы тарылды
Қоғамдық кеңесте сөз алған кеңес мүшесі Ерлан Күмісқалиев Президент Жолдауында айтылған экологиялық бағыттағы тапсырмаларды мұқият зерделеп, сараптама жүргізгенін, әсіресе Атырау облысына тікелей қатысы бар өзекті мәселелерді қоғамдық кеңестің қарауына енгізуді мақсат еткенін айтты. Кеңес мүшесі Президенттің тапсырмалары негізінде облыстық қоғамдық кеңес нақты ұсыныстар әзірлеп, оларды хаттамалық шешім жобасына енгізіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, ең өзекті мәселелердің бірі – Құрманғазы ауданындағы төтенше жағдай. Кеңес мүшесі сол ауданға барып, жергілікті әкімдікпен кездесіп, жағдайды көзбен көріп қайтқан. Ол бұл көріністі «экологиялық апат» деп сипаттап, өзен арналарының кеуіп, көпір астында малдардың жатуы, судың тартылуы халықтың өміріне үлкен қауіп төндіріп отырғанын айтты. Бұл аймақтағы жағдайға байланысты шұғыл, орта мерзімді және ұзақ мерзімді шаралар топтамасы дайындалғанын және ол тиісті органдарға ұсынылатынын мәлімдеді.
Ерлан Күмісқалиев су тапшылығы мәселесін көтере отырып, Президенттің су ресурстарын үнемдеу және тамшылатып суару жүйесін енгізу туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді. Алайда іс жүзінде бұл талаптардың орындалмай отырғанын, кей жерлерде ескі канавалық жүйе арқылы судың ысырап болып жатқанын сынға алды. Бюджеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалмауы мен бақылаудың әлсіздігі қоғамның сеніміне кері әсер етуде.
Кеңес мүшесі көгалдандыру жұмыстары мен қаладағы ағаш отырғызу тәжірибесіне де тоқталды. Оның айтуынша, климатқа бейімсіз ағаш түрлері отырғызылғандықтан, олардың көпшілігі қурап қалып жатыр. «Бұл қаржының желге ұшуымен тең» деп бағалады. Ерлан Күмісқалиев жергілікті билік пен мердігер ұйымдарға мемлекеттік тапсырыстарды орындау кезінде аймақтың табиғи ерекшеліктерін ескеруді, бейімделген өсімдіктерді пайдалануды ұсынды.
Ол сондай-ақ экологиялық жобаларды іске асырудағы жұмыстар ашық жүргізілмейтінін айтып, қоғам тарапынан бақылау тетіктерін күшейтуді талап етті.
– Кейбір компаниялар меморандумға қол қойғанымен, олардың нақты жұмысы мен нәтижесін ешкім қадағаламайды. Біз, қоғамдық кеңес мүшелері, мұндай жобалардың орындалу барысын тексеруге дайынбыз, — деді ол.
Ерлан Күмісқалиев «Жасыл белдеу» бағдарламасы мен резерват құру бастамаларына қатысты да пікір білдіріп, бұл жобаларға бөлінген қаржының тиімділігіне күмән келтірді. Оның пікірінше, халықаралық ұйымдар мен жеке компаниялардың қаржысы жұмсалғанымен, халық оның нақты нәтижесін көріп отырған жоқ. Ол экологиялық ахуалдың ушығуы халық денсаулығына тікелей қауіп төндіріп отырғанын, ал ресми органдардың бұл жөнінде нақты түсініктеме бермейтінін сынға алды.
Кеңес мүшесі экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін қоғамдық кеңес, әкімдік және өндіріс орындары арасында тығыз байланыс орнату қажет екенін айтты.
– Халық не болып жатқанын білмей отыр. Кімге сеніп, ақпаратты қайдан алатынымыз белгісіз. Бұл – жүйелі коммуникацияның жоқтығын көрсетеді. Біздің мақсатымыз – билікпен бірге жұмыс істеп, халыққа нақты пайда әкелетін шешімдер қабылдау, — деді Е.Күмісқалиев.
Ол соңында экологиялық ахуалды жақсарту, халықтың сенімін арттыру және бюджет қаражатының ашық әрі әділ жұмсалуын қамтамасыз ету – барша мемлекеттік құрылымдар мен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Есеп емес, әрекет қажет
Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қоғамдық кеңестің отырысында өңірдегі экологиялық ахуалға қатысты өз ойын білдіріп, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде экологиялық жағдай – облыстың ең маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе атмосфералық ауаның ластануы, су сапасының төмендеуі және табиғатты пайдаланудың жүйелі қадағаланбауы өңір тұрғындарын алаңдатып отыр. Бұл бағыт табиғатты реттеу басқармасына ғана емес, экология департаментіне, санитарлық-эпидемиологиялық қызметке, сондай-ақ ірі табиғат пайдаланушыларға да ортақ міндет екенін атап өтті.
Сонымен қатар облыста көгалдандыру және табиғатты қалпына келтіру бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Былтырғы су тасқынынан зардап шеккен көшеттер қайта отырғызылып, жаңа технологияларды пайдалану арқылы қалалық және аудандық аумақтарда экологиялық жобалар іске асуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде де бірқатар бастамалар қолға алынған.
Марат Мурзиев экологиялық жауапкершілік тек мемлекеттік органдармен шектелмеуі керек екенін айтып, бұл іске қоғамдық ұйымдар мен тұрғындардың белсенді қатысуы қажет екенін ерекше атап өтті.
– Табиғатты қорғау – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Экологиялық мәселелерді шешу үшін мемлекет, қоғам және бизнес бірігіп әрекет етуі тиіс, — деді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.
Жиын соңында облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Атырау өңірінің экологиялық ахуалына байланысты мәселелерді қарастырып, нақты бақылау мен жауапкершілікті күшейтуді, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын талап етті.
Алмас ҚАБДОЛ
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



