
«Шайтан судың» зардабы
Елімізде ішімдік ішетіндердің қатары жылдан-жылға көбейіп барады. Соның ішінде жастар мен әйелдер арасындағы көрсеткіштің өсуі үрей туғызатын жағдай. Себебі ішімдік ұрпақтың саулығына, ұлттық болмыстың тұтастығына тікелей әсер ететін фактор.
Облыстық психикалық денсаулық орталығы басшысының орынбасары, нарколог-дәрігер Жеңіс Мухлисов маскүнемдіктің адам ағзасын қалай улайтынын түсіндіріп, уытқұмарлықтың жіктелуіне тоқталды.
– Ішімдікті көп әрі жүйелі тұтыну кезінде адамның бойында үш түрлі тәуелділік қалыптасады: психологиялық, физикалық және әлеуметтік. Алғашқыда адам ішімдікті өзін жақсы сезіну үшін ішсе, кейін онсыз өмір сүре алмайтын күйге жетеді. Ағзаның бүкіл биохимиялық жүйесі ішімдіктің уына бейімделіп, бойға сіңіп кетеді. Бұл физикалық тәуелділік. Ал әлеуметтік тәуелділік дегеніміз адамның арақ ішетін ортадан шыға алмауы, соның бір бөлшегіне айналуы, — дейді сұхбаттасушымыз.
Дәрігердің айтуынша, маскүнемдік бір күнде емес, жылдар бойы тамырын тереңге жаяды. «Бір рюмкадан ештеңе етпейді» деп бастаған көп адамның тағдыры ақыры бөтелке түбінен орын табады.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша облыста ішімдікке тәуелді 1946 адам ресми түрде диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде 1674 ер адам (арасында 1 жасөспірім ұл бала бар), 272 әйел адам бар. Бұл мамандар тіркеген нақты сан ғана. Ал өз дертімен дәрігерге жүгінбей жүрген, «мен маскүнем емеспін» деп өзін өзі алдап жүргендер саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін.
Мамандар өңірдегі ішімдіктің кең таралуына бірнеше әлеуметтік фактор әсер етіп отырғанын айтады. Соның бастылары – жұмыссыздық, уақытша маусымдық жұмыс, әлеуметтік жауапкершіліктің төмендеуі, отбасылық тұрақсыздық және қалалық өмірдің күйзелісі.
– Жасөспірімдер арасында да ішімдікке бейімділік бар. Бұл ең қауіпті тенденция. Егер бала 15-16 жасында ішімдікпен танысса, оның болашақта маскүнемге айналу қаупі 80 пайызға дейін артады. Біз бүгінде ескерту жасап, алдын алмасақ, ертең кеш болады, — дейді маман.
Жан жарасын жазатын «дәрі» ме?..
«Арақ күйзелісті кетіреді» деген қате түсінік қоғамды жайлаған қасіретке айналды. Көңіл көтеру үшін көтерілген бір ғана бокал соңында бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының тағдырын өзгертіп жатады. Өйткені маскүнемдік – тәннің ғана емес, жанның да дерті.
Миға жеткен алкоголь нерв клеткаларын уландырып, адамды рухани дағдарысқа, кейде тіпті психикалық бұзылысқа ұрындырады. Жүрек талмасы, инсульт, суицид – мұның бәрінің төркіні арақтан басталады. Дәрігерлердің айтуынша, ішімдік ішетіндердің 45 пайызы жүрек талмасынан қайтыс болады. Қаншама адамның өмірі ащы судың салдарынан қиылды…
Алкогольге тәуелді адамдардың басым бөлігі диспансерге өз еркімен келмейді. Себебі олар есепке тіркелуден қорқады. Бұлай болған жағдайда жұмысқа орналасу, көлік жүргізу құқығынан айырылу мәселелері туындайды. Сондықтан облыстық психикалық денсаулық орталығында ақылы анонимді бөлім жұмыс істейді. Көп жағдайда ішімдіктен шаршағандар емес, отбасы ықпал етіп, немесе полицияға арыз жазған туыстарының талабымен сот шешімі арқылы келіп жатады.
Қазір облыстық психикалық денсаулық орталығының мәжбүрлі емдеу бөлімшесінде 25 науқас ем қабылдап жатыр. Ал наркологиялық есепте тұрған науқастар учаскелік дәрігер-наркологтың жолдамасымен жоспарлы түрде ем алады. Жедел улану кезінде «жедел жәрдеммен» жеткізілетіндер де бар.
Жеңіс Кеңесұлы «облыс бойынша психикалық денсаулықты қорғауға, маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған ауқымды түсіндіру жұмыстары күн тәртібінен түспейді» дейді.
– Мектеп, лицей, колледждерде, университеттерде дәрістер, дөңгелек үстелдер, конференциялар өткізілді. Еңбек ұжымдары мен мемлекеттік қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, «Ашық есік» күндері ұйымдастырылды. Мұның бәрі тек нашақорлықпен күреске емес, алкогольдің зиянына қарсы да бағытталған, — деді ол.
Алкоголизмге шалдыққан жанға отбасының қолдауы ауадай қажет. Ол адамға кінә артып, шеттету емес, қайта көңіл бөліп, жанынан табылу маңызды. Жай ғана кеңес емес, жүйелі психотерапиялық көмек, мотивациялық қолдау, кәсіби дәрігерлермен жұмыс қажет.
Сыра ішіп, сырын айтып…
Облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігері кейбір пациенттердің емделіп шыққан соң араға жылдар салып, қайта ішімдікке оралып жататынын жоққа шығармайды. Деректерге сүйенсек, емделгендердің шамамен 30 пайызы қайтадан ішімдікке салынады екен. Бұл жағдай тіпті екі-үш жылдан кейін де қайталануы мүмкін. Өйткені тәуелділікке әкелетін себеп көп. Оның үстіне ешкімді күштеп толық курс ем алуға мәжбүрлей алмайсыз.
– Соңғы жылдары қала тұрғындары арасында бір үрдіс пайда болды. Кешқұрым жұмыстан кейін шаршағанын басу үшін кафе мен барларға барып, сыра ішу «дәстүрге» айналып барады. Ал аптасына екі-үш рет сыра ішу – маскүнемдіктің алғашқы сатысы. Әсіресе, сыраның зияны елеусіз көрінгенімен, ол да адамның жүйке жүйесін бұзады, ойлау қабілетін төмендетеді. Адам өзін еркін сезіне алмай, эмоциялық тұрақсыздыққа ұрынады, — дейді орталықтың нарколог-дәрігері.
Оның айтуынша, ішімдікті үнемі тұтыну, тіпті «жеңіл» деп саналатын сыраның өзі адамды тәуелділікке жетелейді. Бірақ көпшілік мұны маскүнемдік деп қабылдамай жатады. Алайда уақыт өте келе адамның таңертең ұйқыдан оянғанда «бас жазуға» мұқтаждығы арта түседі. Жауапкершіліктен жалтарып, жұмысқа бармайды, отбасына көңіл бөлмейді. Соның салдарынан үйдегі ұрыс-керіс көбейіп, оның соңы ажырасуға дейін апарып соғуы мүмкін.
Бүгінде осы орталықта емделіп жатқан Самат (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді) ішімдіктен арылуға бел буғандардың бірі. Бір кездері тепсе темір үзетін жігіттің соңғы 20 жылғы өмірі бөтелкенің жетегінде өтіп кетіпті.
– Барлығы мектеп бітірер жылдары басталды. 2005 жылдары достарыммен бірге сыра, шарап ішуге әуестендік. Кейін бұл әдетке, ал бірте-бірте тәуелділікке айналды. Көзім тұманданғаны сонша әйел, бала-шағамды елеп-ескермей кеттім. Үш балам бар. Бірақ олармен сөйлесуді қойдым. Жұмысқа сирек барып, ақырында мүлде шығып кеттім. Әйелім мені тастап кетуге толық құқылы еді, бірақ соңына дейін қолдау білдірді. Емделу үшін бармаған жеріміз қалмады. Молда, бақсы, балгер бәрінің табалдырығын тоздырдық. «Кодировканың» салдары жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарды. Ақыры шешімді өзім қабылдап, орталыққа келдім. Емнің бірінші кезеңі алты айға созылды. Ішкілікке бейімділігім тұқым қуалайды екен. Әкем де кезінде «жақсы ішкен» адам болған. Қазір ішімдікті қойғаныма бір жылға жуықтады. Балаларым қасымда, отбасыммен қайта қауыштым. Ортамды түгел ауыстырдым, — дейді ол.
Самат бұрынғы достарынан «ішіп алсақ қайтеді?» деген ұсыныстар айтылатынын жасырмайды. Бірақ ол енді бұл жолға қайтып оралғысы жоқ.
– Бөтелкелес достармен араны үзу оңай болмады. Бірақ шын мәнінде, мен оларды емес, сол ортаны қимай жүре беріппін. Ең қиыны «олар мені қалай қабылдайды?» деген үрей. Енді сол ортадан мүлде алыстадым. Ауылдан көшіп кеттім. Қазір емнің екінші кезеңін өтіп жатырмын. Жаңа өмірге бет бұрдым, — дейді Самат.
Иә, арақтан алыстап, өмірін жаңа парақтан бастаған кейіпкер бүгінде өткеніне өкінеді. Себебі ұзақ жылдық ішімдіктің салдары денсаулығына ауыр соққы болған. Қазір ол қосымша ем қабылдап, ағзасын қалпына келтіруге күш салып жүр.
– Қазір мен рухани жағынан еркін адаммын. Денсаулық жағынан да, моральдық тұрғыдан да алға жылжып келемін. Өткен өмірден сабақ алдым, оған қайта оралғым келмейді. Ішімдіктің шынайы бет-бейнесін тек өзің бастан өткергенде ғана түсінесің. Бұл жауыңа да тілемейтін жағдай, — дейді ол.
Көлеңкелі айналым
Тәртіп сақшылары мен сот орындаушылардың бірлескен рейдтері кезінде қала дүкендерінен жарамсыз, құжатсыз алкоголь өнімдері тәркіленген. Кейбір кәсіп иелері салық органдарының ескертуінен кейін де заң бұзушылықты тоқтатпаған. Бұл жай ғана әкімшілік ереже бұзу емес, сондай-ақ мемлекетке тікелей материалдық зиян келтіру.
Статистика бойынша Қазақстандағы әрбір үшінші шөлмек арақ контрафактілік жолмен дайындалады. Бұл туралы Алкоголь және темекі өнімдерінің адал өндірушілері, импорттаушылары мен сатушылары қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев мәлімдеген. Оның айтуынша, соңғы жылдары жоғары акциздік салықтың өсуі мен бағаның шарықтауы халықты көлеңкелі нарықтың арзан өнімдеріне итермелеуде.
Иә, арзан өнім үшін денсаулығын саудаға салғандар көбейіп отыр. Бұл тікелей уытты улануға, бауыр мен жүйке жүйесінің бұзылуына әкеледі. Тіпті, ажал құшқан талай адам осы қолдан жасалған, контрафактілік арақтың құрбандары.
Қазір елімізде темекі мен алкоголь өнімдерінің жарнамасына толық тыйым салынған. Бұл заң жастарды азғыратын жарнамалардың жолын кесіп, қызығушылықты азайтуға бағытталған маңызды қадам. Өйткені көз көрмегенді көңіл іздемейді ғой. Сауда нүктелерінде де өнімді көзге ұрып тұратындай етіп көрсетуге тыйым салынған.
Былтыр Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде ажырасудың ең басты себебі – маскүнемдік пен нашақорлық екенін атап өткен болатын. Екінші орында ерлі-зайыптылардың бірінің құмар ойынға тәуелділігі. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық үшінші орында тұр. Сондай-ақ түрмеге түсетіндердің 80 пайызы мастықпен қылмыс жасайды екен. Айналып келгенде, бәріне кінәлі – бір ішімдік. Демек, болашағымыздың бөтелке түбінде қалуына жол бермеу керек.
Майра ЕРҒАЛИ
«Чекушка» үшін айыппұл
Қоғамда ішімдікті «мәдени демалыстың бір түрі» деп қарайтын жаңсақ көзқарас орныққан. Той-жиын, мереке, туған күн… бәрінің төрінде ішімдік тұр. Ал соны ішпей-ақ, отбасымен, сабырмен, салиқалы дастарқан басында атап өтуді ұсынсаңыз, біртүрлі көрінеді. Біз бұрынғы сананы жаулаған таптаурын әдеттен арыла алмай келеміз.
Әрине, мемлекет бұл мәселеге мүлдем бейжай қарап отырған жоқ. Соңғы жылдары Қазақстанда ішімдіктің заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтілді. Мас күйінде көлік жүргізгендерге қатаң жаза қолданылуда. Ішімдіктің жарнамасына тыйым салу, сатылымын шектеу, жасөспірімдер арасындағы ішімдіктің алдын алу – мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларға айналды.
Алайда бұл бағыттағы жұмыс әлі де жүйелі түрде жалғасуы тиіс. Әсіресе, мектеп қабырғасынан бастап салауатты өмір салтының мәнін, зиянды әрекеттердің зардабын түсіндіру күн тәртібінен түспеуі керек.
Атырау облысында жыл басынан бері қоғамдық орындарда ішімдік ішкені немесе мас күйде жүргені үшін 4964 құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Бұл күніне орта есеппен 18-20 адам қоғамдық тәртіпті мас күйінде бұзады деген сөз. Бұдан бөлек, алкоголь өнімдерін белгіленбеген уақытта сатқаны үшін 208 дүкен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Облыстық полиция департаменті ұйымдастырған түнгі рейдтердің бірінде сағат 21:00-ден кейін алкоголь сатқан дүкендер анықталған. Қазақстан заңнамасына сәйкес, сағат 21:00-ден кейін этил спиртінің көлемі 30 пайыздан асатын ішімдіктерді сатуға қатаң тыйым салынған. Яғни ел ішінде айтылатын «чекушка үшін де айыппұл арқалайсың» деген әңгіме бос сөз емес.


