ШҰҒЫЛАЛЫ ШУАҚ

Елбасымыз қай кезеңде болмасын адал еңбек етіп, ұрпаққа өнеге болған жандарды кеңірек көрсетуді, оларды үлгі етуді үнемі айтып келеді. Зымыран уақыт алдымызды жетпістің ортасына жетелеп әкелсе, соңғыларымызды сол жетпістің табалдырығынан кезек-кезек енді аттатып жатыр. Бірақ, қара ормандай қалың қол емеспіз. Еліміздің ұлан-ғайыр жалпақ өңірінде сиреген емендей қадау-қадаумыз. Бұған, әрине, бәрінен бұрын соғыс кінәлі. Көкөрім кезде көрген қиындық қатарластарымыздың көбін шалғыдай орып, ажал аранына тым ерте салса, біразын ауру-сырқаудың шырмауына тым ерте түсірді. Бұған да соғыс кінәлі.

Әлгі қадау-қадау еменнің бірі – Марат Шайхиев. Бүгінгі күннің биігінен оның жетпіске келгенін, немен, қалай келгенін айту оңай да, көз алдыңа елестету ерекше қиын. Себебі, оның өмірі мен еңбек жолы аудан медицинасындағы, ондағы елеулі бір сала – стоматологиядағы қырық жылдық қарбалас қарекетпен қатар өрледі, бұлтарысы көп бұралаң жолдардан тұрады.

Марат Мағауұлы Теңіз (Құрманғазы) ауданының Тәтерке деп аталатын елді мекенінде 1944 жылы, соғыс өрті әлі де түтеп тұрған, өмір мен өлім белдесуіндегі шешуші сәт әлі де анықтала қоймаған тұста өмірге келді. Оның өмірге келуі әкесі Мағаудың1942 жылы ұрыс даласында қатты жараланып, елге аман-есен оралуымен тікелей байланысты бақытты сәттің бірі еді. Бақытты сәт дегеніміздің өзі ол кезде бақыттылықты білдіре қоймайтын…  Атасы мен әжесінің Маратқа айтуынша, тірлік иесі қол жеткенді жамап-жасқап киді. Тамаққа да талдау болған жоқ. Су жағасынан теңізден қалқып келген шилім, борық деп аталатын қамыс пен қоғаның тамыры, ат-шоңқай деп аталатын өзен мен көл жағасында өсетін сабақты, бүршікті өсімдік бүкіл елдің жанын сақтаған талғажау болды. «Әжемнің шағылдан құмаршық жинап, қағып-қуырып, көже мен талқан жасап беретіні есімде. Бұл өмір 1950 жылға дейін жалғасты. Мен алты жасымнан бастап Котяевкадағы Н.Крупская атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, бірінші және екінші сыныпты орысша оқыдым. Әкем Шайхиев Мағау ауданның төрт елді мекенінің төрт сегіз жылдық мектебінде директорлық қызмет атқарды. Сол орын ауыстырған жерлерде орыс сыныбы болмай, мен оқуымды қазақша жалғастырып, 1960 жылы кәмелеттік аттестатты Ленин атындағы мектептен алдым. Сол жылы құжатымды Астрахан мединститутына тапсырып едім, бірақ қабылдау комиссиясы оны Алматы мединститутының стоматология факультетіне ауыстырып, 1965 жылы аталмыш оқу орнын республика стоматологтарының екінші легі сапында бітіріп, еңбек жолымды облыстың Ембі ауданында бастауға тура келді», – дейді Марат Мағауұлы өткен күндерін еске алған сәтте.

Мараттың осы іс барысындағы алғашқы сәтті ұмтылысын жақыннан сезіп, қабілетін алыстан танып, жөн сілтеген дүние біткенге сын көзбен қарайтын ағасы, ол да дәрігер, Рахым Шайхиев десек, еш қателеспейміз. Біз бір ауданның, бір поселкенің тұрғыны болғандықтан ағалы-інілі Шайхиевтерді жиі көретінбіз, жиі дидарласатынбыз. Сонда көз алдымызға Рекеңнің сом да байсалды тұлғасы қырағы қыранды, Мараттың жұқалтақ бітімі мен лып еткен қағылез қимылы тұғырында тыпыршыған тұйғынды елестететін. Ол әзілге де шебер еді. Оның емделушілеріне: «хадисте әр адамның жеке тіс тазалағышы болсын деген, сіз соны неге ескермей жүрсіз?» деген ескертпесін, «Тісі ауырғанның көңілін сұрамайды», «Күрек тісің сынса, күлкің бұзылады», «Тіс бүлінді дегенше, іш бүлінді десеңші, іш бүлінді дегенше, іс бүлінді десеңші» деген мақал-мәтелге татырлық сөзін талай естідік.

Бұл кез біздің кейіпкеріміздің Қадыр ақынның: «Уақыт өтіп барады-ау, оны қойшы, сәттер өтіп барады, осы жаман» деген жырын оқып, жанына шұғылалы шуақ іздеген, Жарасқан ақынның «О, махаббат, сегіз әріп бір арман, бір қыз болып жолығасың сен қашан» деп қиялды шындыққа айналдыруға асыққан кезі-тін. Ақыры жолықты. Ол Ақтөбе медицина институтын үздік бітірген, жанары балғын бөбектей сүйкімді, бүкіл жаратылысынан шынайылық пен тазалық көрініс тапқан Тыныштық Мәтешқызы еді. Екеуі көп кешікпей шаңырақ көтерді. Содан бергі жылдарда бірін-бірі тағдырдың сыйындай көріп, өмірдің ұзақ жолында сенімді сапарлас жандардай бірге адымдап келеді. Тыныштық та өзге әріптестері секілді еңбектен зор абырой тапты. Бірінші дәрежелі дәрігер акушер-гинеколог, перзентхана бөлімінің меңгерушісі, аудан бас дәрігерінің ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымдарында жемісті жұмыс істеп, омырауына 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденін тақты.

Сонымен, қырық жылдық еңбек өтілі қай қырынан алып қарасақ та Марат үшін сәтті, оның әрі маман, әрі азамат ретінде толық танылуына мол мүмкіндік берген кезең еді. Алғашқыда қатардағы стоматолог болған ол кейін аудан стоматологы қызметіне, стоматология емханасының меңгерушілігіне тағайындалды. Аудандық емханада кәсіподақ ұйымының жетекшілігіне сайланды. Республикада стоматологияны денсаулық сақтау ісіндегі жай бір елеусіз сала деп қарамай, сала қызметкерлері съезінің өткізілуін ерекше құбылыс деп санасақ, Мараттың сол үлкен жиынға және одан кейінгі конференцияларға бірнеше рет делегат болып қатысуын қуанышты жай және жоғары сенім деп бағалағанымыз жөн. Мараттың абыройлы да адал еңбегіне орай алған марапаты да қомақты. Ол  «Кеңес Одағының үздік дәрігері» белгісінің, «Еңбек ардагері» медалінің, көптеген грамоталардың иегері.

Бұл өмір дегенің алды сай-ран, арты ойран дүние емес пе?! 1986 жылдың 14 наурызында әкесі Мағау Шайхиев көз жұмды. Небәрі алпыс алты жаста еді. Оған мәңгілік мекен ұлы Мараттың еңбек жолы басталған, азаматтық тағдыры қалыптасқан Кең Жылыойдан бұйырды. Мәкең әуелі педагогикалық училищені, кейін сырттай Орал педагогикалық институтын бітіріп, Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданының білім ұяларында ұстаз  болып, бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан-ды. Сол жас ұрпақтың бірі зайыбы Мағзом екеуінің көз қуанышы, өбектеп өсірген жалғыз ұлы Марат болатын. Бақытын баладан іздеген әке, заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқандай, ұлының өзгелерді не өліп-өшіп күйінуге, не өліп-өшіп сүйінуге мәжбүр етпей қоймайтын шідер үзген шын сүлей болуын іштей тілек ететін. Мараты сүлей атанбаса да, сүліктей азамат, абыройлы маман дәрежесіне жетіп, әке тілегін орындады, анасының ақ сүтін ақтауды биік парыз санап, қолынан келгеннің бәрін жасады.

Тыныштық екеуі алдынан кесе-көлденең өтпей, бетіне бір жел болып тимей, аялап, ардақтаған Мағзом ана да ақтық демі таусылып, 1991 жылдың 16 маусымында бүкіл жан дүниесі, болмыс-бітімі жарасқан жұбайының қасына келіп байыз тапты. Ол да шәкірттерін даналық әлеміне жетелеген ізгі жүректі, игі тілекті ұстаздар қауымының үздік өкілі еді.

Осы жерде тағы бір шынайы шындықтың шымылдығын ашып, әлгіндей жандары жауһар жандардан бірі өмір, бірі өнеге алған бала-келіннің, яки Марат пен Тыныштық кеуделеріндегі қанағат сандығындағы жабыққанды жебейтін, тарыққанды демейтін өзіміз куә жан жомарттығын жолай сөз ете кетсек, артық болмас. Олар Сырым ағалары мен Күнсұлу жеңгелері өмірден ерте өтіп, бесігінде бебеулеп қалған Айнұрды бауырларына басып, білім беріп, бұл күндері өкініш-мұңсыз тотыдай таранып өсуіне шексіз қамқорлық жасап жатса, тағы бір туысқандарында әлгіндегідей тағдыр тәлкегіне ұшыраған Жаннаны қанаттарының астына алып, білім беріп, бойжеткізіп, ақыры ұлан-асыр той жасап, ұзатып салғаны, жақын-жуық, жегжат-жұрағат өз алдына, өзегі өзгелерді де таңғалдырған, қайырымдыдан қасиетті іс қалатынын дәлелдеген, нағыз қазақы мінездің үлгісі дерлік ғибратты оқиғаның біріне айналғаны есімізде.

Марат қазір сәті түскенде  ат басын бірде кіндік қаны тамған Құрманғазысына, бірде ғұмырлық бақытын тауып, тұтастай еңбек жолын арнаған Кең Жылыойына бұрып, ел азаматтарымен емен-жарқын кездесуді дәстүрге айналдырған. Өмірден өткендерге бата қылып, алақанын жайып, дұғасын оқиды. Той салтанатына шақырылса, төрінен орын алып, ақ тілегін айтып, ықылас пен пейілге дән риза күйде Атырауына оралады. Көрген өнегесін, ойға түйген үлгісін ұрпағының зердесіне құю үшін жыр ете баяндап беруден де жалықпайды. Осының бәрін ол қамшының сабындай қысқа тіршіліктің өтелуге тиіс қарызы мен парызы санайды.

Марат құрдасымызды жас озған сайын буыны босап, болдыра бастағандар санатына қоса алмаймыз. Жүрісі ширақ. Сана терезесі ашық. Жұмыр жердің әр шалғайындағы ұлы өзгерістерді де, күнделікті өмірде болып жатқан ірілі-ұсақты жаңалықтарды да, теледидары бар, баспасөзі мен интернеті бар, қалт жібермей өзінше саралап-сараптап отырады. Пікір-ұсынысын ішіне бүкпей, өз тұрғыластарымен байыппен бөліседі.

Ол «жетпіске толдым, ақсақал болдым» деп кез-келген дастарханның шетіне емініп, өсек-аяңды судай сапыратын, еңбегін асыра мақтап, рушылдық пен жершілдіктің отын көсейтін дүбәра шалдардың тобынан да әрдайым алыс жүреді. Әлгілердің есесіне кейінгі ұрпаққа керек кезінде ақы алмай ақыл айтып, бұлданбай бата беруді жөн көреді.

Иә, перзент сүймей, оның тәтті қылығын көрмей, адам біткеннің мейірі қанған ба?! Олардың өз шаңырағында Әсет, Айбек және Әлібек есімді үш ұл дүниеге келді. Тұңғыштары, Әсет Мағауов Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай және газ академиясын бітіргеннен бері тәуелсіз еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінде біраз жауапты лауазымның тізгінін ұстап, елі мен халқының игілігін молайтуға зор үлес қосып-ақ келеді. Інілері – оның жолын қуушылар, текті ортаның талапты, тәрбиелі, білімді, еңбекқор жастары.

Сондықтан да, Марат пен Тыныштықтың: «балаларым балдан тәтті, немерелерім жаннан тәтті» деп, Әсет пен Раузадан, Айбек пен Гүлбанудан, Әлібек пен Шынардан он бір немере, өрістерін кеңейткен Жанна-Арыстанбектен екі жиен сүйіп, құдай қосқан құда-құдағайларымен құрдасындай сыйласып, құрбысындай сырласып, бұл кезеңді де бір қымбат дәурен санап отырған жайлары бар. Бірі – бақытты ата, бірі – бақытты әже! Екеуін бұл дәрежеге көтерген сенім мен сезім, ақыл мен төзім секілді киелі қасиеттерден тараған шұғылалы шуақ ұлан-асыр елді, ұлағатты ұрпақты риза етіп, ұзақ-ұзақ тұрсын-дағы!..

 

Қаржаубай СҰЛТАНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз