
Сенім орнаған жерде үміт бар
Атырау облыстық білім беру басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» қамқорлығындағы жасөспірімдермен қарым-қатынас орнатуда қиындықтарға тап болған азаматтарға арналған арнайы кеңес беру отырысын өткізді.
Кездесуге бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Айжан Сәрсембаева қатысып, қамқоршылық жүйесін жетілдіру және жасөспірімдерге көрсетілетін психологиялық қолдауды күшейту бағытындағы маңызды мәселелер талқыланды.
— Қамқорлығындағы жасөспірімдермен жұмыс жасау – нәзік әрі жауапты процесс. Бұл жерде ең бастысы – сенім, ашықтық және түсіністік. Жасөспірімнің пікірін шынайы тыңдау, өз ойыңды адал жеткізу, әділ шекараларды белгілеу – табысты қарым-қатынастың кілті, – деді Психологиялық қолдау орталығының басшысы Шынар Төкенова.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары психологиялық көмек шараларының нәтижесінде өңірде жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғалары азайған. Мәселен, 2024 жылдың 9 айында 23 ұмтылыс тіркелсе, 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 13-ке дейін төмендеген. Бұл – жүйелі профилактикалық жұмыстар мен психологиялық қолдаудың нақты нәтижесі екенін көрсетеді.
Жасөспіріммен сенімді байланыс орнату оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өмірлік қиындықтарды еңсеруіне және қоғамға бейімделуіне зор ықпал етеді. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту – елдің әлеуметтік дамуы мен болашағы үшін маңызды.
Алдағы уақытта Атырау облыстық «Психологиялық қолдау орталығы» мен бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл бірлесіп, қамқоршыларға арналған арнайы тренингтер мен консультациялық кездесулерді жалғастыратын болады.
Бұл шаралар жасөспірімдердің сенімді және тұрақты ортада өсуіне жағдай жасауға бағытталған.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА


