СӘТТІ ҚАДАМ

Ағымдағы жылдың 22 маусымынан бастап жастардың жұмыс тәжірибесінен өтуін ұйымдастыратын «Сәтті қадам» партиялық жобасының жаңа кезеңіне құжаттарды қабылдау басталды.

 

Жобаның басты мақсаты – жоғары және арнаулы орта оқу орындарының түлектерінің жұмысқа орналасуына жағдайлар жасау. Сонымен қатар, бұл жоба жастар арасында талантты және жас мамандарды табуға, олардың кәсіби әлеуетін жүзеге асырып, дамытуға мүмкіндік беруге, жастарды жұмысқа жұмылдыру және оның еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Жас  Отан» жастар қанаты қолында дипломы бар жастардың тәжірибеден өтіп, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл жоба арқылы қабылданатын құжаттар санында шектеу жоқ. Қазіргі таңда «Жас Отан» жастар қанатының Атырау облыстық филиалы мен мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың арасында өзара қызметтестік туралы меморандумға қол қойылды. Атап өтсек, «Сәтті қадам» жобасына қатысуға «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Қазақстан  темір жолы Ұлттық компаниясы» Атырау жол бөлімі АҚ Атырау филиалы, «Каспиймұнайгаз» ҒЗЖИ АҚ, «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық филиалы, «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы, Атырау облыстық Әділет департаменті, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Білім беру басқармасы, Ішкі саясат басқармасы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы және Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы келісім берді.

 «Сәтті қадам» жобасы екі кезеңнен тұрады. Алғашқысында үміткерлер түйіндемелерін толтырып, оқудағы жетістіктерін көрсетуі тиіс болса, екінші кезеңде ең үздік деген түйіндемелер іріктеліп алынады. Мұнан соң жастар тікелей сұхбаттасуға шақырылады. Бетпе-бет сұхбатты арнайы комиссия жүргізеді.

Жастар арасында жұмысқа орналасу мәселесі ең өзекті тақырыпқа айналғаны жасырын емес. Жас мамандар қолына диплом тиген соң біраз уақыт жұмыс іздеп, уақыт жоғалтады. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» ЖҚ жоғары және арнаулы орта оқу орындары түлектерінің тәжірибеден өтуін ұйымдастыратын «Сәтті қадам» жобасының маңыздылығы өте жоғары. Аталған жобаның қатысушылары болашақта жақсы маман атану үшін аса қажетті тәжірибелік білім алуға үлкен мүмкіндік алады.

«Сәтті қадам» жобасы бойынша толық ақпаратты «Жас Отан» ЖҚ Атырау облыстық филиалы,

8 (7122) 27-64-43 байланыс телефоны арқылы біле аласыздар.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз