САРЫТОҒАЙДА ТҰРАДЫ САН ТҮРЛІ ҰЛТ ӨКІЛІ…

Ел басына күн туған сын кезеңде еліміздің майдан шебінде қалған елді мекендерінің халқы Қазақстанға көшірілді. Тарихи деректер бойынша сол кезде Қазақстанға 1 млн. 200 мың адам қоныс аударыпты.

Олардың арасында корей, шешен, ингуш, түрік, болгар, Қырым татарлары және басқа этникалық топтар өкілдері бар. Сол бір қиын-қыстау заманда қазақтар  өздері қиналып жүрсе де мойымай талай отбасын бауырларына тартып, үйлерінің бір бұрышына паналатқан. Адамдардың ұлттарын да сұрамаған. Бір кесе ыстық суы, бір үзім нанымен бөліскен.

Содан бері талай белесті артқа қалдырды. Көшіп келген ұлттың өкілдері соғыс кезінде және одан кейінгі жылдары халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етіп, елдің өркендеуіне өз үлестерін қосты. Еңірегенде етектері толып, туған елдерін қимай, ағайын-туыстан жырақ еріксіз бөтен елді мекендеуге мәжбүр болғандар Атырау өңіріне де көптеп келген болатын. Жайықтың екі жағалауын қоныстанған әр ұлттың өкілдері тағдыр тауқыметінің ортақтығын біліп, бір-бірімен де, жергілікті халықпен де тонның ішкі бауындай араласып, дүние тірліктің легіне ілесіп жүре берген. Сөйтіп, байтақ Қазақстан, соның ішінде Атырау талай адамның екінші Отанына, тамыры тереңге кеткен үлкен әулеттің қасиетті мекендеріне айналды.

Махамбет ауданындағы  Сарытоғай селолық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәли Рақымжанов өз ойын бізбен былайша бөлісті: «Сарытоғай – сан түрлі ұлттың өкілдері тізе қосқан берекелі ауыл. Сонау ел басына күн туған заманда орыс, кәріс, поляк, башқұрт, шешен ұлтының адамдары осы жерге келіп пана тапты. Ежелден дархан көңіл, қонақжай қазақ халқы олардың қай-қайсысын да бауырларына тартқан. Бір-бірінен бөлінбей, бір атаның баласындай бірігіп, қиыншылықты жеңіп шыққан…»

Сарытоғайда бүгінгі күні солардың ұрпақтары тұрып жатыр. Жергілікті халықпен құдалы-құдандалы болып, ағайын-туысқа айналып кеткендіктері сондайлық, олардың ұлттарын сұраудың өзі ыңғайсыздау көрінеді.

Сарытоғайлықтар кәріс Лев Нигайлар отбасына да үлкен сыйластықтарын білдіреді. Қазақшаға судай  дәрігер Люба Нигай – ауылдағы көптеген ұл-қыздың кіндік шешесі. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, қашанда кісілік қасиеттерімен ерекшеленетін Любаны сарытоғайлықтар құрмет тұтады.

Индер ауданының тұрғыны Виталий Анатольевич Гебель неміс жігіті. «Біздің аталарымызды соғыс кезінде алғашқыда Доссор кентіне әкеліпті. Кейін осы ауданға көшіп келіппіз. Менің туған жерім – осы Индер ауданы. Отбасында бес баламыз. Мен кенжемін. Бүгінгі күні жолдасым Ирина екеуіміздің үш баламыз бар. Елмен бірге бақытты өмір сүріп жатырмыз» дейді ол.

Сұхбаттас болғандардың бірі индерлік Всеволод  Дмитриевич Милотинов ақсақалдың жасы 74-те. «Атам Тимофейдің әңгімесін үнемі ден қойып тыңдайтынмын. «Бір түнде опыр-топыр вагонға тиеп, беймәлім жаққа ала жөнелді. Қайда бара жатырмыз, не себеп, бұл туралы сұрап,  болмаса жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Сөйтіп, аталарымыз Украинадан әкелініп, алғашында Ақтөбеге орналастырылады. Кейін Индер ауданына көшіп келеді. Ол кездегі қиыншылықты, жергілікті халықтың кеңдігін атам марқұм жыр қылып айтып отыратын» деп бастады ол әңгімесін. Всеволод Дмитриевичтің барлық саналы өмірі осы топырақта өтті. Жары Люба екеуі еңбек етті. Дүниеге ұл-қыз әкелді. Бүгінгі күні ұл ұяға, қыз қияға қонған. Екеуі немере, шөберелерінің қуанышына бөленіп отырған бақытты қариялар. «Осы бақыттың барлығы еліміздің тыныштығы мен халқымыздың бірлігінің, бауырмал  достығының арқасы. Лайым, көп ұлтты мемлекетіміздің іргесі биік, мерейі асқақ бола берсін деп тілейміз» деді ерлі-зайыпты Милотиновтар.

Қашанда ел бірлігін көздеген қазақта «бақ қайда бара жатырсың?» десе, «ынтымағы жарасқан елге бара жатырмын депті» деген қанатты сөз бар. Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын, келешегі кемел. Ел тыныштығы бұзылмасын, бауырластығымыз бен достығымызға қылау түспесін!

Ағиба Қатешова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз