САРБАЗДАР СЫНДА ШЫҢДАЛАДЫ

Мемлекет тұрақтылығын,  оның мызғымас тыныштығы мен бейбіт күн кешуі жолында, еліміздің Қарулы күштерінің имиджін көтеруде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының орны бір бөлек.

 

Осыдан 14 жыл бұрын құрылған «Батыс» өңірлік қолбасшылығы  Батыс  Қазақстан,  Ақтөбе,  Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімшілік шекараларында орналасқан. Ол Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына, аумақтық тұтастығына, егемендігі мен экономикалық мүдделеріне қол сұғылмауын қамтамасыз етеді. Қолбасшылықтың негізгі штабы – Атырау қаласында.

Өңірлік қолбасшылықтың құрамына әуе қорғанысы күштерінің орталық бағыныстағы бөлімдері мен әскерлерін қоспағанда, аумақтық бөлініс шегінде орналасқан әскери бөлімдер кіреді. Атап айтқанда, Атырау қаласындағы 41321, 41433, Ақтөбедегі 30238 және Ақтаудағы 25744 әскери бөлімшелері жатады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары-бөлім бастығы, полковник Ерболат Шерімбетовтің айтуынша, аталған қолбасшылыққа бағынышты барлық әскери бөлім асхана, казарма, ұйықтайтын бөлмелері, кітапхана, жаттығу залдарымен, демалыс бөлмелерімен қамтылған. Қару-жарақпен, заманауи түрлі техникамен жабдықталған. Белгіленген жоспарға сәйкес әскери құрал-жабдықтар, техникалар жыл сайын жаңартылып отырады.

Тәуелсіз ел алдындағы азаматтық борышын өтеп жатқан сақшылардың жауапкершілігі жеңіл емес. Сол себепті, әскердегі сарбаздардың беделін арттыруда мұнда жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Соған сәйкес, бүгінде Отан алдындағы абыройлы осы міндеттің орындалысы, әскер қатарына алынып жатқан жастардың белсенділігі де артып келеді. Олардың өзіндік көзқарастары жоғарылап, азаматтық позициялары да қалыптасқан.

– Бүгінгі күні жастар өз еріктерімен әскер қатарына баруға  белсенді. Әскерге шақырылушылардың бойы, білімі мен денсаулығына жоғары талап қойылады. Бүгінде жастар Отанды сүю, патриотизмді сезіну секілді адами қасиеттерді отбасынан, одан кейін мектептен алуда. Әсіресе, бұл бағытта мектептегі «Алғашқы әскери дайындық» сабағының рөлі ерекше. Сондай-ақ, жыл сайын оқу бітіретін мектеп түлектеріне таңдау жасалып, әскери жоғары оқу орындарына қабылдануда, – деді ол. Ол сонымен бірге арнайы талаптарға сай іріктеуден өткен жасөспірімдердің Индия, Ресей, Корея, Түркия секілді шетелдерде жоғары білім алуларына мүмкіндік бар екенін  де айтты.

Сондай-ақ, әскер қатарында жүріп, өздерін жоғары көрсете білген сарбаз үш, бес және он жыл мерзімде келісім-шарт арқылы жұмысқа алынады.

Осы тұста айта кеткен жөн, келісім-шарт арқылы қызмет ететіндер үшін барлық жағдай қарастырылған. Мемлекет өз тарапынан әскердегі қызмет етушілерге қамқорлықты арттырып, әскери қызметті одан әрі жоғары көтеруді қолға алып отыр. Белгіленген заң шеңберінде әскери қызметшілер мен оның отбасы мүшелеріне көмектер қарастырылған.

Дәлірек айтқанда, олар тұрғын үймен қамтылады. Коммуналдық қызметтер мен пәтер жалдауға төленетін шығындар ақшалай беріледі. Олардың балалары тұрғылықты жеріне қарай балабақшаға кезексіз өте алады. Әскери атағы үшін де жалақы төленеді. Жақсы қызмет етсе немесе басқалай жағдайларда үстемақы беріледі. Медициналық қызмет көрсету де мемлекеттің қарауында болады. Жарақаттанып немесе науқастанып қалған жағдайда Қарулы күштер есебінен емдеу-сауықтыру орындарына жіберіледі.

Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде мерзімді әскерге жарамсыз деп танылған азаматтардың өз борыштарын өтеп, әскери билет алуларына мүмкіндік жасалып отыр. Бұл ретте елімізде бірқатар жағдайлар қарастырылған, тіпті, жоғары оқу орындарында арнайы әскери кафедралар бар, көп жастарға сол жерлерден ақылы оқып, әскери билет алуға мүмкіндік туды. Мұнда әскери дайындықтар, жауынгерлік жаттығулар жасалады.

Бүгінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығында Қазақстан Қарулы күштерінің имиджін көтеруде сарбаздармен атқарылатын күнделікті жұмыстармен қатар, болашақ Отан қорғаушылармен жұмыс жасау да жолға қойылған. Болашақ Отан қорғаушылардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруда әскери-патриоттық тәрбие аясында мектеп оқушылары арасында ерлік сабақтары, «Ашық есік» күндері өткізіледі. Ұлы Отан соғысы, сала ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, Отан қорғауда олардың жүріп өткен жолдары туралы көбірек айтылады.

Сондай-ақ, Елбасымыздың тапсырмасына байланысты қазіргі таңда запастағы офицерлерді  қызметке шақыру мақсатында әр өңірде үгіт-насихат жұмыстары да жүргізілуде.

– Бүгінде ер азаматтармен қатар, әйел адамдардың да әскерге бару құлшынысы артып отыр. Мұның өзі кім-кімнің де Отанының болашағына бейжай қарамайтынын аңғартады. Сөйтіп, жастардың белсенділігін арттырып, еліміздің Қарулы күштері қатарын толықтыруда  бірқатар жұмыстар атқарылуда, – дейді Е.Шерімбетов. 

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз