СӘНТАЙ АНАНЫҢ БАҚЫТЫ

Отбасықоғамның іргетасы. Ал, сол отбасының, шаңырақтың берекесі, ұйытқысы, жанұяның жарасымды бірлігі мен тату тірлігіне дәнекер болар әйел заты, отанасы екені аян. Солардың санатында бүгінгі әңгімемізге арқау еткелі отырған Сәнтай Жөкесқызының да есімін атағанымыз ләзім.

1944 жылдың шілде айында Қызылқоға өңірінде өмірге келген ол осында оқып, орта білім алады. Кіндік қаны тамған Жангелдин ауылында еңбекке араласады. Он сегізінде ауылдасы Оқас атты азаматпен отау құрады. Босаға аттап келген елінде де  жастары ұлғайып қалған қайын атаенесі, жұбайының бауырларыбір үйлі жан бартұғын. Қашан да қарттардың алдынан кесе өтпей, үлкенкішінің бабын табуға тырысқан, мінезі жайлы, өзінің өскен ұясынан ұлағатты тәрбие алған қыз бұл әулетте де ибалы келін, сыйлы жеңге, тату абысын танылды, көпшіліктен бата алдыОтбасында тоғыз перзентті өмірге әкеліпөзі де «Алтын алқалы» ана атанды.

Содан бері де ондаған жылдар жылжып өтіп, Сәнтай апамыздың Оқас ағамызбен отасып, жұптары жазылмай келе жатқандарына жарты ғасырдан асыпты. Айтуға ғана оңай осынау уақыт бедерінде тірліктің ащытұщы дәмін бірге татты. Ел қатарлы еңбек етіп, одан бақытын тапты. Кішкентайынанақ ісмерлікке икемі бар, техникаға да үйірсектігі байқалатын Сәнтай қыз басына орамал байлап, келіншек болған шағында еразаматтармен қатар жүріп шаруашылықтың түрлі науқанды жұмыстарына қатысты. Жігіттерден кем түспей, алып техниканы да тізгіндеп, трактор руліне де отырды.

Кейіннен үй-ішімен аудан орталығы Миялы селосына көшіп, қоныс аударғанда тұрмыс қажетін өтеу комбинатына ауысты. Осында ұзақ уақыт халыққа  қызмет көрсетіп, міндетін мінсіз атқарды. Бір шаруамен шектеліп қалмай, тапсырыс берілген бұйымды өзі кесіп-пішіп, үйлестіріп тіге беретін шебердің қолынан өздерінің балаларынан бастап, талай қыз жасауы дайындалып шыққан. Кәсіпорын тарап, мемлекет меншігі жекенің қолына беріліп кеткен кезде де апамыз тосылып қалмады. Ауылдағы балабақшалардың біріне орналасып, тәрбиешілерге көмекші болды. Жұмыстамын ғой демей, үйдің шаруасын қатар алып жүрді. Балаларын баққаны өз алдына, жастайынан қолына түсіп, анасындай болып кеткен енесіне де балаша қарайтын. Ол кісі де қызындай көретін келініне алғысын жаудырып, батасын беріп жататын.

Ағамыз да еңбек жолын кеңшардан бастап, соңынан апамызбен бір ұжымда жалғастырды, жауапты жұмыстарды атқарды. Зейнеткерлікке шыққасын да қол қусырып отырмады. Сапаржайда диспетчер болып жұмыс жасады. Басты міндеті – осыннан облыс орталығы Атырау қаласына жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің қозғалысын реттеп отыру. Мұны да ағамыз абыроймен атқарып, көптің ризашылығын алып жүрді. Бір қиыны, түн ортасында тұрып, жұмысқа кететін. Осындай кезеңде де апамыз ағамыздың бар жағдайын жасайтын. Екеуінің де еңбектері еш кетпеді. Ұжымының үлгілісі, мақтаулысы, қоғамдық жұмыстың да белсендісі танылды. Талай марапатты да иеленді. Алайда, бұлар үшін ең қымбаттысы ауылдастарының құрметі мен халықтан алған алғысы, жақсылығына тілеулес боп жүретін ізгі ниеті еді.

Көптің бата-тілегі қабыл болды ма, отанасы Сәнтай апа отағасы Оқас ағамызбен бірге мағыналы да ғибратты ғұмыр кешіп, көрінген ұл-қыздарын да аман-есен өсіріп, тәрбиелеп, теңіне қосты. Қуанышы мен шаттығына бөленіп, ұрпақтарының қызығына кенелді. Бірнеше рулы елмен құда-жекжат, ағайын-туыс болып, өрістері кеңіді.

Шаңырақтың тұңғышы Галя қыздары отбасымен Жетісайда тұрақтаса, ұлдардың бас көтергені Бауыржан мен кенжесі Жәнібек әке-шешесімен бірге қарашаңырақта. Апа-ағаларының соңынан ерген Бағытжан, Асхат, Мария, Надя, Жанарбек, Үміт бауырлары да өз алдарына түтін түтетіп, ауылда, Атырауда тұрып жатыр. Босағасы бекіген, керегесі кеңіген базарлы шаңырақтың төл перзенттеріндей болып кеткен күйеу балалары Амангелді, Ілияс, Асылбек, келіндері Мәншүк, Марал, Нұржамал, Самал, Айша да бұлар үшін өз балаларынан кем емес. Барлығы да таңдаған мамандықтары мен игерген кәсіптерінің игілігін көруде. Бірі денсаулық сақшысы, бірі ұрпақ тәрбиешісі – ұстаз, енді бірі есепші, құрылысшы, спортшы дегендей, түрлі салада халыққа қызмет көрсетіп, ел мүддесі үшін еңбек етуде. Соның ішінде, бес ұлдың үлкені – Бауыржан бізбен әріптес, аудандық «Қызылқоға» газеті редакциясында жауапты жұмыста.

«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» демей ме дана халқымыз. Өзара түсіністік пен татулық, сыйластық пен құрмет үйлесім тапқан, жанұя жылылығы сақталған, құт-береке дарыған, базары тарқамаған  шаңырақтың балалары бұл күнде өз алдарына бөлек отау тігіп, шаңырақ көтерсе де алысқа ұзамай, үлкен үйде жиірек жиналып, бас қосып тұрады. Немере-жиен, шөберелерінің қызығы мен қылығына тоймайтын, көрмесе сағынатын атасы мен әжесі де осылар.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерде: «Алтын алқа» иегері Сәнтай Жөкесқызы. Отанасы отбасының

ортасында.

Қызылқоға ауданы.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз